ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ҚҰТТЫҚТАУЫ
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарды Жаңа 2015 жылмен құттықтауы.
Құрметті қазақстандықтар!
Қымбатты отандастар!
Жаңа жыл - баршаға жан шуағын сыйлайтын жайдары мереке. Жыл сайын біз оны үкілі үмітпен, игі тілекпен қарсы алып, толайым табыспен шығарып саламыз. Әлемдік экономикадағы бүгінгі қиындыққа қарамастан биыл да әл-ауқатымыз арта түсті.
Өтіп бара жатқан жыл дамудың келесі кезеңіне бастайтын оқиғалармен айшықталды. Біз алдағы жылы күш-қуатымызды еселейтін ауқымды нарықтың есігін ашамыз. Бағдарымыз - белгілі, таңдауымыз - айқын, мақсатымыз - биік. Баршаға шұғыла шашатын «Нұрлы жол» бүкіл еліміздің күретамырына айналды.
Келер жыл - терең тарихымызға, құқықтық негізімізге, берекелі бірлігімізге құрмет көрсететін жыл. Ынтымағы жарасқан халқымыз осы айтулы оқиғаларды лайықты атап өтеді деп сенемін. Қазақ халқы қой түлігін ежелден құт-берекенің басы деп білген. Ендеше, алдағы Қой жылы молшылық пен ырысын ала келсін! Еліміздегі әр шаңырақтың дәулеті мен сәулеті артып, татулығымыз нығая берсін!
Жаңа жыл құтты болсын, ардақты ағайын!
(Дереккөз: http://www.inform.kz/kaz/article/2733100)