АРДАГЕРДІ АРДАҚТА: БУРАБАЙДАҒЫ БАТА
Жаңа жыл қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда ардагерлерді қолдаудың Жалпыұлттық акциясы өтуде. Бұл бірегей шара және ТМД-ның бірде-бір елінде теңдесі жоқ. Акция ауқымында республиканың барлық облыстарының, қалалардың және аудандардың әкімдері ардагерлерге арнайы барып, Мемлекет басшысының атынан келе жатқан мерекемен құттықтап, жаңажылдық сыйлықтар тапсыруда. Сөйтіп, республикамызда тұратын Ұлы Отан соғысының 5 115 қатысушысының әрқайсысы Президенттің атаулы құттықтауына ие болады.
Ақмола облысы, Бурабай ауданы әкімі Төлеген Ташмағамбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Ұлы Отан соғысының ардагерлерін келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтап, гүл шоқтары мен сый-сияпаттарын табыс етті. Аудан әкімі бірінші болып, Щучье қаласының тұрғыны, ҰОС ардагері Василий Пазычты құттықтады.
«Кешегі қан майданда Отан үшін жаумен айқасқан батырларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Елбасымыз жаңа жыл қарсаңында сіздерге зор қолдау білдіріп отыр. Мемлекет тарапынан, әкімдік тарапынан сіздерге қолдан келгенше көмек көрсете беретін боламыз. Сіздерді Елбасы атынан келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен және ҰОС 70 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын»,- деді өз сөзінде аудан әкімі Төлеген Ташмағамбетов.
Василий Пазыч 1944 жылдың қыркүйегінен бастап, 1945 жылдың мамыры аралығында 32-ші әуе полкында, кейін 887 түнгі бомбалау полкінде неміс басқыншыларына қарсы соғысты. Майданда көрсеткен ерлігі үшін «Отан соғысының екінші дәрежелі ордені», «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді жаулап алғаны үшін» және «Праганы азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. Кейін бейбіт өмірде ұзақ уақыт елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып, түрлі басшылық қызметтер атқарды. Бертін Щучье қаласына қоныс аударып, осында тұрып жатыр.
Қарт майдангер Елбасы саясатын қолдап, оның әрдайым ардагерлерге қол ұшын беріп отыратынына қуанышты екенін жеткізді.
«Өз басым, Елбасына деген алғысым шексіз. Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегінің арқасында еліміз жылдан жылға гүлденіп келеді. Осындай біртұтас, татулығы мен ынтымағы жарасқан мемлекетте өмір сүріп жатқан қазақстандықтардың арманы жоқ. Бейбітшілік үшін еліміздің ертеңі үшін кеуделерін оққа төсеген біздердің ұмыт қалдырмай құрмет көрсету - бағасы жоқ игі қадам, келер ұрпақтың есінен мәңгі өшпесі анық», - деп ағынан жарылды Василий Пазыч.
Ал, Татьяна Красильникова майданға аттанарда он сегізге енді толған өрімдей қыз болыпты. Кеудесінде сол қасіретті жылдардағы батырлығы үшін алған Отан соғысының екінші дәрежелі ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кенигсбергті жаулап алғаны үшін» және бірқатар мерейтойлық медальдары көрініс тапқан. Ардагер Ұлы Отан соғысы жылдары қатты қиналғанын айтты. Ол қазіргі жастар сондай сұрапыл соғысты көрмей, оларды тәуелсіздіктің ақ таңын қадірлеуге шақырды.
«Тәуелсіздік - қасиетті ұғым. Сондықтан, еліміздің болашағы жастарды осы құндылығымызды бағалауға шақырамын. Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын бүгінгі күні бүкіл әлем мойындап отыр. Әсіресе, еліміздегі біз сияқты қариялар мемлекет тарапынан барынша көмек көріп келеді. Кешегі соғыс кезінде отан үшін, ел үшін жаумен алысқан еңбегіміз зая кеткен жоқ. Бүгін міне, Елбасымыз сонау Кеңестер Одағының құрамындағы мемлекеттер басшыларының ішінде бірінші болып, ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетіп отыр. Бұл өте есте қаларлық оқиға. Елбасымызға рахмет! Отанымыз гүлдене берсін», - деп қуаныштан көзіне жас алды қария.
Сонымен қатар, бұл күні Украина майданында болып, атқыштар полкінде соғысқан майдангер Шәкір Дүйсеновте ескерусіз қалмады. Ардагер Отан соғысының бірінші дәрежелі ордені мен «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және мерейтойлық медальдарының иегері. Ақсақалдың сегіз баласы бар. Олардан он сегіз немере, он сегіз шөбере сүйіп отыр екен. Майдангер Елбасына деген ризашылығын жасырмады.
Абай-ақпарат.
(Мақала «Қазақпарат» ХАА деректері негізінде әзірленді).