Сенбі, 23 Қараша 2024
Жөн-ақ 4416 0 пікір 18 Желтоқсан, 2014 сағат 09:19

МӘСКЕУДЕ. «ЛОТТЕ» ҚОНАҚҮЙІНДЕ...

«Елдестірмек - елшіден» деген. Ресей Федерациясына Марат Тәжин елші болып барғалы екі ел арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынас мәдени байланыстармен жалғасын табуда. Әсіресе, ақын-жазушылардың арасында болған бұрынғы достық рәуіштегі жүздесулер, шығармашылық деңгейдегі әріптестік қайтадан жандана бастады. Руханият әлемінде табысу – тараптардың ортасындағы табыстың үлкеніне есеп. Әрине, саясат туралы әңгіме бөлек. Мысалы,  15 желтоқсанда Мәскеудегі «Лотте» қонақүйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай өткен салтанатты қабылдауда Марат Тәжин мырза «2014 жыл екі елдің қарым-қатынасы бірқатар олқылықты оқиғаларға толы болды» деді. Бірақ, елші әлгі олқылықтардың атын атап, түсін түстеген жоқ.  Бұл турасында редакциямызға Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

 

Ресейдегі Қазақстан Елшілігі әзірлеген ресми кешке Ресей Президенті Әкімшілігінің және Үкіметінің өкілдері, Мемлекеттік Дума және Федерация Кеңесінің депутаттары, Мәскеуде тіркелген шет елдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, жергілікті БАҚ басшылары, ресейлік тілшілер, қазақ диаспорасы қатысты.

Сөз бастаған Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Тәжин Қазақстан тәуелсіздікті алғаннан бері еліміз біраз заман қиындықтарынан өтіп, саяси тұрақтылығымен, белсенді экономикалық дамумен және беделді сыртқы саясатпен белгілі болған мемлекет ретінде толығымен қалыптасып үлгірді.

«Келесі жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында жариялағандай экономикалық модернизацияның жаңа кезеңі басталады, - деді Елші. – «Нұрлы Жол» деп аталған жаңа экономикалық саясат орта мерзімде еліміздің қарқынды дамуына жаңа мүмкіндіктер береді».

Марат Тәжиннің айтуынша, Ресеймен достық қарым-қатынас еліміздің сыртқы саясатының басты басымдығы болып қалуда. Қазақстан дипломаты екі ел арасындағы ынтымақстық әрқашанда достық пен одақтастық бағытымен дами беретініне нық сенім білдірді.

«2014 жыл бірқатар олқылықты оқиғаларға толы болды, - деді Елші. – 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап экономикалық даму, прагматизм, еріктілік және тең құқықтық қағидаттарына сүйенген Еуразия экономикалық одағы жұмыс істей бастайды».

РФ Статс-секретары – Сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздік Күнімен құттықтап, еліміздің дамуына жоғары баға берді және 2014 жылы қазақстандық-ресейлік   қарым-қатынастардың аса жемісті болғанын айтып өтті.

«Өткен жылдар ішінде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды табыстарға қол жеткізді, аймақтағы және әлемдегі беделін арттырды. Оның сыртқы саяси бағыты халықаралық қоғамдастық алдында үлкен құрметке ие болуда. Ресейлік-қазақстандық қатынастар стратегиялық серіктестік пен одақтастық бағытымен дамып келеді. Екіжақты қатынастарымыз - өзара түсінушілікпен, тараптар мүдделерін өзара құрметтеумен, ықпалдастықтың барлық бағыттары бойынша тығыз ынтымақтастықпен, саяси сұхбаттың жоғары қарқындылығы және нәтижелі болуымен ерекшеленуде», - деді Г.Карасин.

Оның пікірі бойынша, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайту Еуразия өңіріндегі қауіпсіздікті сақтаудың басым факторларының бірі болып табылады.

Салтанатты іс-шара барысында «Қазақстанның жаңа көріністері» атты фотокөрме ұсынылды және ЭТНО-ЭРАТО ұлттық киім көрмеcі ұйымдастырылды.

Қонақтар қазақтың ұлттық дәстүрлерімен танысып, «А-Студио» тобының және «Голос» шоу бағдарламасының қатысушысы Диана Шарапованың белгілі әндерін тамашалады және төмендегідей жылы лебіздерін білдірді.

Ресейлік юморист, әнші және тележүргізуші Владимир Винокур:

-         Мен үшін Қазақстан ерекше жақын ел. 1970-ші жылдардан бастап сіздердің республикаларыңызға гастрольмен жие барып тұрамын. Аз уақытта қазіргі заманға сай жаңа елордаларыңыздың - Астана қаласының бой көтергеніне және елдеріңіздің қарқынды дамып келе жатқандығына шын қуаныштымын.  

 

Бұрынғы Кеңес Одағының қаһарманы Руслан Аушев:

-         Қазақстан – менін екінші отаным, себебі Көкшетау облысында дүниеге келген едім. Жылдар бойы Қазақстан дамудың жоғары көрсеткіштерін көрсетуде.

Елдеріңіздің табыстарына өте ризамын және Қазақстан халқына барлық жақсылықтар тілегім келеді!

 Армен Джигарханян:

-         Барлық қазақстандықтарды осы тамаша мерекемен құттықтаймын! Өзім Қазақстанда жұмыс бабында және кино түсірумен бірнеше рет болдым. Сіздердің елдеріңізді шынайы сүйемін! Құдай сақтасын, еш нәрсе арамыздағы достықты бұзбасын – бұл ең маңыздысы! Ел басшыларыңыз Нұрсұлтан Назарбаевты аса құрметтеймін! 

РФ халық әртісі Лев Прыгунов:

-         Мен Алматыда туып өстім және Қазақстанмен мақтанамын! Сіздермен осы қуанышты мерекеде бірге болғаным үшін бақыттымын! Отаныңызды – Қазақстанды жақсы көріңіздер! Қазақстан халқына денсаулық, бақыт және өркендеуді тілеймін!

 

Abai.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385