ТҚЖБ ТҮСІНДІРЕДІ: «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына кімдер қатысады?
«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы екі бағыт бойынша жүзеге асырылып, оған барлық азаматтар қатыса алады.
Соның ішінде: 1.Жергілікті атқарушы органдары тарапынан (ЖАО) баспана құрылысы жүргізіліп, оны тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы барлық топтардағы азаматтарға сату, соның ішінде баспананы ұзақ мерзімдік жалға беру және жалға алушылар үшін сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. 2.Жергілікті атқарушы органдары тарапынан тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, оны жалға бергеннен кейін жас отбасыларына жеке меншікке сатып алуға мүмкіндік беру.
Бірінші бағыт бойынша, ЖАО салынған баспананы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің салымшылары тарапынан банктен алынған зайымдар есебінен сатып алынады (тұрғын үй, аралық, алдын ала зайымдары). Салымшының төлеу қабілеті жеткіліксіз болса, онда тұрғызылған баспана ұзақ мерзімдік жалға беріледі (8 жылға дейін). 8 жылға жалға берілетін үйде тұрып жатқан Бағдарлама қатысушысы болашақта баспананы меншікке сатып алу үшін, төмен пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй зайымына қол жеткізу үшін 8 жылдың ішінде тұрғын үй құрылыс жинақтарын жинайтын болады.
Аталған бағыт бойынша жалға берілетін баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі 2013 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады.
Екінші бағыт бойынша ЖАО тарапынан жас отбасыларға жалға берілетін үйлер салынып (екеуінің жасы 29-дан аспауы шарт), оларды жас отбасыларына ұзақ мерзімдік жалға беру және артынша олардың жеке меншігіне сату көзделген. Жалға алған баспанада тұратын жас отбасылар 8 жылда тұрғын үй құрылыс жинақтарын жинауы тиіс. Себебі бұл арқылы олар, болашақта үйді жеке- меншікке сатып алуға қажетті тұрғын үй зайымын ала алады.
Айта кететін жайт, тұрғын үй құрылыс жинақтарын белгіленген мөлшерде жинау үйді жалға алған жеке азаматтың міндеті болып табылады. Егер тиісті тәртіппен салымдар жинақталмайтын болса, онда жалға алынған үйдің тұрғындары ол баспананы босатуы тиіс. Себебі егер салымдар жинақ шотына жинақталмайтын болса, онда тұрғын үй жинақ несиесін алу мүмкіндігі де болмайды. Жалға берілген баспанаға қоныстану үшін, жалға алушы өзінің тұрғын үй құрылыс жинақтау есеп шотына 6 айлық салым көлемінде кепілдендірілген салым салуы тиіс. Жалға алу шарттары бірінші бағыттың қатысушыларына да тиесілі.
Жалға 8 жылға берілетін баспанада тұрып жататын уақыт ішінде жас отбасыларының бюджетіне салмақ түсірмеу үшін, олар жалдық ақыдан босатылады. Шығыстары тек коммуналдық төлемдерге ғана жұмсалады (жылуға, суға т.с.с.).