ТҚЖБ ТҮСІНДІРЕДІ: ЖАС ОТБАСЫЛАР НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК?
САУАЛ:
Біз жас отбасымыз. «Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасына қатысу үшін не істеу керек?
ЖАУАП:
Ең алдымен аталған бағдарлама жайлы аз-кем ақпарат. Ол Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес дүиеге келді. Сол жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бекітіліп, ол төмендегідей негізгі бағыттарды қамтыды:
1. Жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтар үшін тұрғын үй салу.
2. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша:
1) халықтың барлық санаттары үшін;
2) жас отбасылар үшін тұрғын үй салу.
3. «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» Акционерлік қоғамының тұрғын үй салуы.
Осы бағдарлама бойынша жас отбасыларға арналған тұрғын үйлерді алу мақсатында бағдарламаға қатысушыларды іріктеу және тұрғын үйді беру кезектілігінің тәртібін Жергілікті атқарушы орган белгілейді.
Мәселен, тұрғын үй қарыздарын алу үшін аталған бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
- Отбасының құрамына ерлі-зайыптылар, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балалар, ерлі-зайыптылардың еңбекке жарамсыз ата-аналары қосылады;
- Ерлі-зайыптылардың екеуінің де Бағдарламаға қатысуға өтініш берілген елді мекенде тіркелуі;
- Соңғы 5 жыл ішінде ерлі-зайыптылардың және олардың отбасы мүшелерінің тұрғын үй жағдайларын қасақана төмендету фактілерінің болмауы;
- Өтініш берердің алдындағы соңғы 6 ай үшін отбасының ай сайынғы жиынтық таза табысы (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және басқа да аударымдарды есептемегенде) мынадай шекте:
а) ең төменгі Алматы, Астана қалалары үшін төменгі күнкөріс деңгейінің 4 есе мөлшері, басқа қалалар үшін төменгі күнкөріс деңгейінің 3 есе мөлшері;
б) ең жоғарғы-төменгі күнкөріс деңгейінің 12 есе мөлшерінен артық емес.
Жергілікті атқарушы орган өтінішті қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру берген күннен бастап, бірақ жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы басталған күннен бастап 3 айдан кешіктірмей Бағдарламаға қатысу үшін өтініштерді қабылдауды бастайды және жалға берілетін тұрғын үйді іске қосуға 6 ай қалғанда аяқтайды.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер аз болған жағдайда атқарушы орган өтінішті қабылдау мерзімін ұзартуға құқылы.
Бағдарламаға қатысу үшін өтінішті қабылдаған кезде жергілікті атқарушы орган өтініш иелерінің жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізеді.
Абай-ақпарат.