Сенбі, 31 Шілде 2021
Қоғам 6259 0 пікір 8 Желтоқсан, 2014 сағат 00:04

ДАРА БИЛІК ДӘУІРІ ӨТІП БАРАДЫ

Парламенттің пәрменділігін арттыру үшін біртіндеп президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшетініміз жайында Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзі қоғамдық ортада қызу талқыланып жатыр. Жоғарғы палата басшысы негізінен саяси жаңғырудың елімізде жүзеге асырылатындығын меңзеген болса керек.

Шын мәнінде, 2007-2008 жылдардағы конституциялық реформалар жоғарғы заң шығару органының рөлін арттыруды көздеген.  Тәуелсіздік жылдарында «күшті Президент» ұстанымына басымдық берілді.  Енді, «ықпалды Парламент - есеп беруші Үкімет» формуласымен президенттік-парламенттік басқару түріне көшетініміз бұрыннан басы ашық әңгіме.

Жалпы, Назарбаевтан кейінгі президенттің екі реттен артық сайланбайтыны, дара билік құзіреті біршама шектелетіндігі Конституцияда тайға таңба басқандай көрсетілген. Оның жөні де бар. Еліміз тәуелсіздігін нығайту жолында өткен жиырма шақты жылда мықты президенттік басқару жүйесі қажет болған да шығар. Және бұл миссия өз рөлін атқарған да болса керек. Ендігі жерде бір адамның дара билігін асқақтату жолмен демократияны баянды ету мүмкін емес. Сондықтан, сенат спикері сөзінің жаны бар дегенді атап айтқымыз келеді.

Алайда, қоғамдық ортадағы әсіресе, әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарағанда, көптеген белсенділеріміз жеке тұлғаның дара билігін жақтайтын түрлері бар. Бұл екі түрлі ойға жетелейді. Біріншісі, демократия жайындағы біздің түсінігіміз тым аңғал немесе одан тіпті мүлде бейхабармыз. Келесі бір пайым, қоғамдағы әділетсіздіктер мен осыған дейін сайлау өткізудегі, дауыс санаудағы түрлі бұрмалаушылықтардан әбден мезі болған жұрт біздің елде шынайы демократияның орнығатындығына сенуден қалған.

Ең негізгі мәселе саяси монополияның мықтап орныққандығы секілді көріне беретіні де бар. Қазіргі парламентті үш партиядан құрылымдалған пікіралуандықтың  мінбері немесе демократияның озық үлгісі етіп көрсетсек, тым күлкілі болар еді.  Оған саяси сауаты бар, дені дұрыс адамның  сенбесі де анық. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен Владислав Косыревтің елдегі оппозициялық партияның  көшбасшылары екендігіне сендіру үшін әуреленудің қажеті шамалы. Сонда, іс жүзінде саяси плюрализм бар деп қалай айта аламыз?!

Олай болса, жаңа басқару жүйесіне көшу үшін ең алдымен жібі түзу саяси партиялар туып қалыптасуы керек шығар. Өзгелерді сөз етпегеннің өзінде «Нұр Отан» партиясының қатарынан жемқор атаулылардың өрбіп шығып жиі сотталатыны, тіпті, оны аз десеңіз арасынан халықаралық іздеу жарияланатын алпауыттардың да кездесетіні халықтың сенімінен гөрі күдігін көбірек тудыратын болды.

Әуелі, осы партия төрағасы ауысса алдағы сайлауларда қазіргідей зор дауыс жинап, өздерін билеуші күш етіп ұстап тұра ала ма, жоқ па, оның өзі болжауы қиын дүние.  

Қазір әлем өзгеріп, құндылықтар алмасқан заман. Батыс саясаткерлерінің өзі «демократиялық құндылық» туралы айтқанда, ең алдымен өз елдерінің мүддесін алға тартатындығы бүгінгі таңда құпия болудан қалған.

Дамушы елдер арасында кеңінен жүзеге асырылатын түрлі жобалар, пайыздық несиелер, өзара ынтымақтастық іс-шаралардың бәрінде «демократиялық нормалар мен стандарттардың» ере жүретіні экономиканы саясаттан бөліп қарауға болмайтынын айғақтап отыр. Олар өздеріне қажет кезде кейбір  стратегиялық мүдделес елдің антидемократиялық әрекеттеріне көз жұмып қарайтындары да бар. Соған қарағанда батыстық саясаткерлер трансұлттық корпорацияларының мүддесі үшін «шайтанмен де одақтасатын шығар» деген де күдікті ой туады.

Жалпы, әлемдік масштабтағы  ірі корпорациялары  мол қаржы-қаражат тапса, әскери-геосаяси тұрғыдан қолайлы болса, табиғи байлығы мен ресурстарын арзанға сатса ол елдің ішінде не болып жатқанын «ұрмайтын» түрлері бар ғой.

Соңғы жылдары әлем алпауыттарының белгілеген нормасына бағынбай өз жолымен дамығысы келген «тілазарларды» тезге салу үшін «қанқұйлы диктаторларға қарсы көтерілістерді» қолдап,  НАТО-ның бітімгерлік әскерилері бомбаның астынан алатын болды. Мұнай мен табиғи газды долларға айырбастау үшін «экспортталатын» ол өзі қандай демократия?!

Қарапайым халыққа керегі бәрінен бұрын тұрақты жұмыс орнының болуы, баспанамен қамтылуы, есен-сау, «қарын тоқ, көйлек көк» тыныш өмір сүруі, балаларының сапалы білім алуы. Қалғанын сосын, көре жатар. Әзірше, ешкім үкіметтен пент-хаус пен қымбат көлік талап етіп отырған жоқ.

Сонымен, Батыс демократиясы дамушы елдерден нені талап етеді дегенге келсек: қосымша құн жасауға қабілетті қоғамдық байлықтың бәрін жекешелендіруді; тәуелсіз дербес бұқаралық ақпараттық құралдарының болуын (мұнысы сөзсіз құптауға болатын жайт); үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың болуын; азаматтық қоғамның дамуын; елдегі барлық биліктің ара жігін ажыратуды; 4 жыл сайын еркін сайлау жүргізіп, үкіметті ауыстырып отыруды.

Әрине, мұның бәрі олар талап етпесе де, белгілі бір елдің өз мүддесі үшін қажет дүниелер. Бірақ, оны дәл солардың кеңесінсіз өзіміз жасай берсек болмайтын ба еді?!

Шетелдіктердің кеңесімен жүрілген жекешелендірудің халі нешік. Осыған дейін жасалған, күнкөрістің негізгі кепілдігі болып келген қоғамдық байлық өндіруге қабілетті жұмыс орындарын ат төбеліндей топ пышақ үстінен бөліп әкетті де көбісінің күлін көкке ұшырды. Одан гүлденіп кеткен ештеңені көрмедік. Керісінше, барымыздан айырылып тындық.

Жұмыс орындарынан айырылған жұрт ауылды, шағын қалаларды, аудан орталықтарын қаңыратып, ірі мегаполистерге ағылды. Онда да шекесі қызып жатқандары шамалы. Есесіне, қара базарда арба сүйреп, құл базардан нәпақа іздеп сандалды. Тапқанын пәтерге төлейтін, тамағын зорға табатын тақыр кедейлер шоғыры көбейді.  Алған білімі мен жинаған тәжірибесі ешкімге керек болмай, парақорлық пен сыбайлас-жемқорлық кәріне мінді. Жұмысы барлардың суырылып алға шығып кеткендері аз. Өздерінен біліктілігі әлде неше есе төмен шетелдік жұмысшының күреп алып жатқан ақшасының ширегіне де жетпейтін еңбекақыны талғажу етуге мәжбүр. Оны айтса, жұмыстан шығарылады. Топтасып наразылық білдірсе, өз сақшыларымыз өзімізді соңымыздан өкшелеп қуып жүріп соққының астына алады, тіпті, атып та тастайды. Осы ма, жекешелендіруден көріп отырған игілігіміз?

Қазір біздің ел өзінде ине мен түйме де өндірмейтінін, бар болғаны шетел фирмалары өнімдерінің тұтынушысы ғана екендігімізді ескерсек, кәсіпорындардың жекешелендірілуін жемісті болды деуге  негіз жоқ.

Ал, енді Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың басы-қасында неге өзге ұлт өкілдері қаптап жүреді де, неге қазақтардың қарасы тым аз деген мәселе де назар аударуға тұрарлық дегенді тағы айтпай кетуге болмайды.

Сыртқы әлем үшін  осы үкіметтік емес  ұйымдардың мейлінше көп болғаны және күшейгені тиімді. Мұндай ұйымдардың азаматтық белсенділікті арттыруға, демократиялық құндылықтарды қалыптастыруға қосатын өзіндік үлестері бар шығар. Бірақ, Қазақстанның жағдайында үкіметтің ең көп мейір шуағын төгетін өзге ұлт диапора өкілдерінің үкіметтік емес ұйымдардың ауласында тым көп шоғырланулары елдің байырғы иелері титулдық ұлттың мүддесіне қаншалықты үйлесетіндігін қазір ешкім айтып бере алмайды.

Аты да, заты да түсініксіз қаптаған ұйымдардың немен айналысып, қандай мақсат көздеп жүргенін білу үшін оны заңдық тіркеуден өткізумен ғана шектелу жеткілікті бола қоймас.  Кез келген үкіметтік емес ұйымдардың негізгі мақсаты елдің ішкі қоғамдық-саяси өміріне ықпал етуді көздейді.

Қоғамда әрекет ететін барлық ұйымдар үшін қаржы-қаражат ауадай ауадай қажет. Ал, үкіметтік емес ұйымдар өз мемлекетінің қазынасынан қаржы алмайды. Оған керек болса, заңмен тиым салынған. Ешбір үкіметтік емес ұйымға сіз бен біз жарна төлеп отырған жоқпыз. Ендеше, олар кімнен қаржы алып отыр? Әрине, теориялық тұрғыдан келгенде, қайдан аламын десе содан алады. Алып та жатыр.

Түрлі гранттарды бұрын көбінесе халықаралық ұйымдар беретін болса, соңғы жылдары біздің үкімет те тендер, мемлекеттік қызметті сатып алу деген атаумен белгілі деңгейде қаржыландырып жатыр. Оның тиімділігі мен қоғамға тигізіп жатқан пайдасы қайсы дегенді сарапқа салып жатқандар  жоқтың қасы деуге болады.  Бұл жерде тағы да «кімнің арбасына мінсең, соның әнін шырқайсың» деген қағиданы да естен шығармау керек секілді.

 Азаматтық қоғамның да озығымен қатар тозығы бар жанды организм екенін ұмытпағанымыз абзал. Адам құқығына еркіндік беру деген желеумен бір жыныстылардың некелесуіне мүмкіндік жасап қойсақ, онсыз да санымыз аз қазағымыз жер бетінен өшіп кетпесіне еш кепілдік жоқ. Бұл жерде біз қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан туысшылдық, бауырмалдық, отбасылық құндылықты қастерлейтін игі дәстүрімізді жоғалтпауымыз керек.

Билік тармақтары құзіреттілігінің өзара тепе-теңдіктерін сақтау, дербестігін қамтамасыз етудің қажеттілігін сырттан келген кеңесшілер құлағымызға құйып келеді. Осылай етсек, бір бірімізді жақсы бақылайтын көрінеміз. Солай-ақ болсыншы. Бірақ, оның Батыс үшін пайдасы не, «бөліп ал да билей бер» деген ұстаным үшін бе?

Сайып келгенде, бұл тетіктердің бәрі қосалқы сипаттағы дүниелер. Бұл жерде ең басты мәселе биліктің ауысып тұруында болып отыр. Жарайды, билік тізгінін өз потенциалын тауысқан азғана топтардың қолға алып, одан өмір бойы айырылмай қоюының салдары қандай болатынын бәріміз білеміз. Кеңес одағының түбіне жеткендер де айналып келгенде қаусаған шалдардың тоқыраушылыққа ұшырағанша билікті бермей жабысып отырып алуында болатын. Бірақ, солай екен деп сыртқы күштердің айтқанына көніп айдағанына жүретін тілалғыш билікті әкеліп, басқартып қоятын болсақ, онымыз ойыншық үкіметке айналары белгілі.

 Халық билігі – демократия деген зат дамушы елдер үшін өте қажет әрі маңызды құндылық. Дегенмен, оның ұлттық түпкілікті мүддемізге, халқымыздың молшылықта өмір сүруіне, болашағымыздың баянды болуына, діліміз бен озық дәстүрімізге сай келгенде ғана қабылдауға болатындығын естен шығармағанымыз абзал болмақ. Егер сыртқы күштер бізді өздерінің алдында дәрменсіз, пүшайман халде көргілері келетін тетіктерді әкеліп орнатпақ болса, оны оқ атпай отарлаудың тәсілі деп қана түсінуіміз қажет.

Айналып келгенде, қазаққа сырттан экспортталып әкелінетін трансұлттық корпорациялардың табысын көздеген жасанды демократия емес, өз дәстүріне адал қоғамдық құндылықтарға негізделген  дамудың жаңаша жолы қажет. Оны біреудің жасап бергені емес, өзіміздің жасағанымыз маңызды. 

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» - демократия дегеніміз біз үшін жеткілікті жұмыс орны, тіршіліктің молшылығы, қоғамдық ілгері дамушылық, жасампаздық игі әлеует, сыбайлас-жемқорлық пен қазына тонаушылардың тиісті жазасын алатыны, адал еңбектің лайықты бағалануы, әділдік пен теңдіктің салтанат құруы. Ел тәуелсіздігінің  жемісін сонда ғана сезіне аламыз.

Сол үшін азғана топтың дара билік құрып, ортақ қазаннан мол қарпып олигархқа айналғанынан гөрі ауыспалы әрі әділ сайланатын демократиялық шынайы үрдістің қалыптасқаны тиімді болмақ.

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

халықаралық журналист.

Абай.kz

0 пікір