Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Мәйекті 9493 0 пікір 24 Қараша, 2014 сағат 11:10

СЕРІК ЕРҒАЛИ: АРНАДА АШЫҚ АЙТАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

1-арнаның «Ашығын айтқанда» жобасының жетекшісі, публицист Серік Ерғали мырзамен сұхбатымыз аталған бағдарламаның эфирге қалай жол тартқанынан бастап бүгінгі ток-шоулардың көрерменге берері мен бермегі туралы жайттарды қамтыды.

- Ток-шоу - шығармашылық пен өмірдің бірігуінен тұратын телеөнім. Қиындығы да осында.Оның үстіне біз мәселені ашық айтумен ашқымыз келеді. Осыны игере алмаған ұжымдар көбіне ток-шоу шығармашылығын сахна ойынына, болмаса студияны өсек айтысқа айналдырып алады, - деді Ерғали мырза бізбен сұхбатында.   

-  Секе, «Ашығын айтқанда» ток-шоуы алғашқы күннен көрерменін селт еткізген жоба. Бұл жоба қалай және қашан дүниеге келді? Сіз оған қалай бардыңыз?

-  Бұл жоба Қазақстанның 1-арнасында биылғы жазда басталды. Шамасы қазақтілді мазмұнды молайту мақсатынан туындаса керек.  Мен басқа салада жұмыста болатынмын. Фейсбукте арнаның қазақтілді редакциясының жетекшісі Маралбек Сағынғановтың жаңа жобаға қызметшілер қабылданатыны жөніндегі хабарламасын көзім шалды. Ток-шоу екенін біліп бүйрегім бүлк ете қалса да, бірақ мән бермедім, хабарласа қоймадым. Себебі, кәзіргі телеарналар біз секілді «қарттарды» қабылдамайтынын білетіндіктен, шалабымды шайқағым келген жоқ. Бір айдай өткесін Маралбек хабарламасын тағы қайталады және «өмір көрген кісілерге басымдықпен қараймыз» дегенін байқап қалдым. Соңғы кезде қаптаған ток-шоуларды қарап, іштей қомсынып жүретінім рас-ты. Маралбектің жеке бетіне хабарласа салып едім, ол таң қалды: «Шынын айтсам, сіздей кісілердің келгісі келетініне күмәнмен қарап едім» - деп. Содан көп ұзамай, келісіп, жұмысқа кірістік.

«Қазақстанның бірінші арнасы» бұрын «Евразияның бірінші арнасы» аталмайтын ба еді?

-  Иә, енді қазақстандық атау да, мазмұн да молаймақ. Бұған жуырда бас директордың орынбасары болып экс-сенатор, харизмалық ханым Светлана Жалмағамбетованың тағайындалуын қосыңыз. Өйткені, бұл шынында да қазақстандық арна. Алайда, бұл арнаны көбіне орыстілді көрермендер қызықтайтындықтан біздің алдымызда өз көрерменімізді қалыптастыру міндеті тұр.

 

-  Қай істі де бастау қиын. Қандай қиындықпен беттестіңіздер?

- Ток-шоу - шығармашылық пен өмірдің бірігуінен тұратын телеөнім. Қиындығы да осында.Оның үстіне біз мәселені ашық айтумен ашқымыз келеді. Осыны игере алмаған ұжымдар көбіне ток-шоу шығармашылығын сахна ойынына, болмаса студияны өсек айтысқа айналдырып алады. Біз осыған ұрынбауға бас қатырудамыз. Ең қиыны адамдармен жұмыс істей алатын продюсерлерді іріктеу болды. Бұл үдеріс бізде үш айға созылды және ток-шоу ұжымының қалыптасуы осынша мерзімді қамтыды. Қиындық әлі біткен жоқ, енді алдымызға даму мақсатын, кәсіби біліктілікті арттыру мұратын қойып отырмыз. Аптаның төрт күнінде  эфирге шығатын бағадарламаны бар-жоғы 9 адамдық ұжыммен қамту оңай емес. Эра ТВ арнасында «Замана» ток-шоуын жүргізгенімде қазақтілді адам таппай қиналатынбыз, қазір шүкір, қазақшасы тәуір адам жетеді. Бірақ бүгінгі ток-шоу талабына сәйкес кейіпкер мен сарапшы табу өз алдына мәселе. Дегенмен, ток-шоуға реалити сипат берген «Сезімді тежеу мүмкін бе?» - http://1tv.kz/kk/projects/ashygyn/watch/271014_k,  «Қызғаныш» - http://1tv.kz/kk/projects/ashygyn/watch/051114_k    секілді түсірімдер өзімізге де, көрерменге де қанат бітірді.

-  Сіздердің бұл жобаларыңыз Ресейдің «Пусть говорятының» көшірмесі емес пе?

-  Шынын айтқанда, біздің арнаның негізгі шығармашылық тізгінін ресейлік мамандар ұстап отырғаны жасырын емес және соның пайдасы да бар. Үйрене білген адамға біліктілікті өз бойына сіңіре білу басты парыз, көшіру емес. Бүгінде телекеңістікте бірдеңені ойлап табу мүмкін емес, бәрі бар, сол барды әркім өз ұлтының рухани сұранысына икемдей алуы керек. Икемделмеген нәрсе көшірме секілденеді де тұрады. Біздің жоба да әлеуметтік ток-шоуға жатады. Көрерменіміз - түс кезінде үйінде теледидарға үңілетін қарапайым жандар. Біздің «Пусть говоряттан»  айырмамыз Жер мен Көктей: жүзге тарта адамнан тұратын ұжым жоқ, прайм-таймда емес, жұмыс кезінде жұрт түскі ас ішетін мезгілде ғана эфирдеміз. Осының бәрін ескеріп, қазақтілді көрерменге қалай жағатыныңды мықтап ойласаң, соның ойы мен көзқарасына сай телеөнімді беруге күш салсаң, көрерменді мойындатсаң, ол көшірме болуы мүмкін емес – қазақстандық төл өнім. Бүгінде опера мен балетті, эстраданы көшірме демейміз ғой, бұл да сол секілді дүние.

Алғашқы қандай нәтижені айтар едіңіз?

-  Алғашқы нәтижеміз – талтүсте эфирге шықсақ та, сол уақыттағы эфирлік телеөнімдермен тайталаса бастадық. Мысалы, эфирге шыққан бір ай ішіндегі апталық рейтингіміз – 1,5 көрсеткіштен түскен емес. Кейбір жекелеген көрсетім,тіпті түстегі әрбір көрерменнің үштен бірін, яғни 30 пайызын тартқан. Бұны тәуелсіз компаниялардың рейтингісі көрсетіп отыр. Біз апта сайын рейтингпен жұмыс жасаймыз. Қай жерімізді күшейту, қай жерімізді нығайту керектігіне назар аударумен отырамыз.

Ток-шоу жүргізуші Алмас Алтай қалай таңдалды?

- Алмас сыртқы тұлғасымен де, шығармашылық болмысымен де барынша ерекше әрі лайық жігіт ретінде таңдалды. Әрине, орталық телеарналардағы тәжірибесі аз, сондықтан өңірлік дағды мен деңгейден әлі арыла қойған жоқ. Онымен осы бағытта жұмыс істеп жүрміз. Дегенмен, ол әр тақырыпқа кіріп, шынайы жүргізуге тырысады. Болашақта міндетті түрде білігін көтеру мен дамыту қолға алынбақ.

Шығармашылық жағын кімдер қолға алуда?

- Екі шығарушы редакторымыз – Әлия Текенова мен Зарина Қозыбаева атқаруда. Бұлар - ток-шоудың екі қанаты. Біздің продюсерлер де шығармашыл жастар – кез келген адамды шақыра салмайды, олар алдын ала жоспарланған, сценарийге орны белгіленген адамдарды тауып, шығарымның басталуы мен өрбуін, шешім табуын қамтитын түрлі ресурстарды әзірлейді. Бәріміз де бірге өсіп-өрбіп келеміз. Жалпы бұл ток-шоу арқылы халқымыздың бойында осы кезеңде өтіп жатқан әлеуметтік үдерістер мен жайттарды, оқиғаларды сараптай алатын мамандарды түсірімге тартумен ұлттың құндылығын дәріптеуді қолға алып отырғанымызды көрерменіміз бағалай бастады.

Секе, кейбір тақырыптарыңыз ұшқары емес пе? Мәселен, жынысын ауыстырушыларды көрсету насихат секілді...?

- Дәл осылай деп хабарласқан зиялы адамдар да болды. Бірақ дүниедегі болып жатқан үдерісті назарға алу насихат деп кім айтты? Насихат деп соған бүйрегіміз бұрған жағдайда айтуға болар, ал біз соны барынша жиренішті етіп көрсетудеміз. Біз көрсетпесек те, көрермен басқа экраннан басқа тілде көріп-біліп отыр және басқаша интерпретациямен сіңіруде. Нағыз насихат сол. Ал біз ұлттық көзқарас тұрғысынан қай жеріміз осал, оған не істеу керектігіне халықты ойландырғымыз келеді, бастысы – қоғамға оң ықпал ету түпкі мақсатымыз.

Ток-шоулар қаптап кетті, сіздер солардың ішінен жарып шығатындарыңызға сенімдісіздер ме?

- Ток-шоулардың көптігі рас,тіпті, аздап даму да байқалады. Бұл ресейлік немесе өгей телеөнімдерден өз көрерменімізді арашалаудың бір жолы. Оның үстіне ортамызда  бәсеке болғаны да жақсы. Кімнің кім екенін уақыт пен көрермен көрсетеді. Біз өзімізге сенімдіміз, себебі, көрерменге бір қайнауы ішінде емес, оларды шынайы шығарымға қанықтыруға барымызды салудамыз. Өйткені, арнада ашық айтатын кез келді. Бұның түбінде бір нәтижесі болады деп сенемін.

Пікіріңіз бен пайымыңызға рахмет. Сәттілік тілейміз!

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052