Әбіш Кекілбаев. Тіл және Тәуелсіздік (Жалғасы)
Ең алдымен тілдер жазбаша, жазбаша емес деп екіге жіктеледі. Жазбаша тіл бала оқытуға жарамды, жазбаша емес тіл жарамсыз деп саналады. Ал, шын мәнінде, әлемде көп халықтар күні кешеге дейін ауызша әңгіме арқылы, қалыпты дәстүрлер арқылы тәрбиеленіп келгені белгілі. Көптеген халықтардың өз жазуына ие болғандары күні кеше ғана. Ежелден бар жазулар өте санаулы. Кейбірі тіпті кейін қолдан жасалды. Әсіресе, әріппен жазатын жазулар тым беріде шықты. Оларға тіпті ежелден жазуға ие елдер де әлі түгелдей көшіп үлгерген жоқ. Мәселен, Қытай, Жапонияны алайық. Сондай-ақ, ежелден бар және кейін жасалған жазулар тек өз елдерімен шектелмей, бұрын жазуы болмаған ауызша тілді халықтарға да кеңінен телініп жүргені аян.
Ең алдымен тілдер жазбаша, жазбаша емес деп екіге жіктеледі. Жазбаша тіл бала оқытуға жарамды, жазбаша емес тіл жарамсыз деп саналады. Ал, шын мәнінде, әлемде көп халықтар күні кешеге дейін ауызша әңгіме арқылы, қалыпты дәстүрлер арқылы тәрбиеленіп келгені белгілі. Көптеген халықтардың өз жазуына ие болғандары күні кеше ғана. Ежелден бар жазулар өте санаулы. Кейбірі тіпті кейін қолдан жасалды. Әсіресе, әріппен жазатын жазулар тым беріде шықты. Оларға тіпті ежелден жазуға ие елдер де әлі түгелдей көшіп үлгерген жоқ. Мәселен, Қытай, Жапонияны алайық. Сондай-ақ, ежелден бар және кейін жасалған жазулар тек өз елдерімен шектелмей, бұрын жазуы болмаған ауызша тілді халықтарға да кеңінен телініп жүргені аян.
Демек, барлық тілді де жазбаша тілдерге айналдыруға әбден болады деген сөз. Ғылымның қай тілде оқу және оқыту тілі бола алады дейтіні сондықтан. Ал оқыту тілі бола алған тіл әлеуметтік салада тіл атқарар қызметтің бәрін де атқара алады. Мемлекеттік тіл де, ақпарат тілі де бола алады. Хабар таратудың басым қызметі аудиовизуалды жолға көшкені аян. Бұл ауызша тілдің белсенді түрде пайдаланылуына жол ашып береді. Соған қарамастан, ауызша тіл тұрмыстық хабар алмасу болмаса, былайғы ақпарат майданынан әлі де тысқары қалып келеді. Отаршыл тіл саясаты ауызша тілдің жазбашаға ауысуына кедергі келтіру арқылы оның эволюциялық дамуын қолдан тежеп отырды. Отаршылдық осыны пайдаланып, бұратана үкіметтерді ел билеуді метрополия тілінде жүргізуге мәжбүрледі.
Отаршылдық социолингвистикасы бұл қитұрқы саясатын жазба тілдерге де жүргізеді. Көптеген елдерде байырғы тілдерде, асып кеткенде, тек мектеп көлемінде білім беріледі. Жоғары мектептерде ол тек пән ретінде ғана оқытылып, негізгі мамандық беру тілі ретінде пайдаланылмайды. Байырғы тіл сауат ашудан бастап, қай мамандық бойынша да жоғары білім алуға толықтай пайдаланылған күнде ғана, шын мәніндегі, білім алу тіліне айнала алады. Тек сондай жағдайда ғана ол толыққанды мемлекет тіліне, бүкіл мемлекеттік құрылыстың толықтай қызмет атқару құралына айнала алады. Өйткені, тек сауат ашу құралы деңгейінде қалған тіл толыққанды теңдікке ие бола алмайды. Ондай тілмен ғана пайдаланатын азаматтар да өз құқықтарын өз тілінде жүзеге асыра алмайды. Байырғы тілдерде жазуға ие етіп, дабыра түрде жоғары әлеуметтік статусқа ие қылумен шектелу оны дамытқандық та, қорғағандық та емес, жай әншейін көзбояушылық болып шығады.
Бұл арқылы бұрыннан да үстемдік құрып қалған күштер жаңа өзгерген жағдайда да тілдік үстемдікке жетіп, етене тілдердің қолданыс аясынан шығып қалуын тездетті немесе олардың пайдаланылуын әлеуметтік салада үйішілік, тұрмыстық қатынаспен, мәдениетте фольклор төңірегімен шектеді. Сөйтіп, оны білуге деген ынтаны көрер көзге әлсіретті. Оның есесіне, үстем тілдердің беделін арттырып, оны үйренуге деген ынтаны күшейтетін қосалқы амалдарды көптеп тауып бақты. Қолданыс аясы тарылғаннан көптеген тірі тілдер біртіндеп өлі тілге айнала бастады. Жергілікті тілдерді "тірілей өлтірудің" тағы бір жолы - сөздік қорын шұбарлау, етене сөздерден кірме сөздерді көбейту, екінші жолы - үстем тілмен будандастырып, өзіндік сипатынан айырып, үстем тіл де, бағынышты тіл де емес, болашағы жоқ дүбәра тілге, тіпті диалектіге айналдырып, мәдени тұрғыда керексіздендіру. Отаршылдық социолингвистика қолданған бұл тәсілдер тәуелсіздік алғаннан кейін де өзінің арандатушылық және ірітушілік қызметін жалғастыра береді.
Оның ең қауіптісі - байырғы тілді өз Отанында тікелей не жанама кемсітушілікке ұшыратып, бұратана құбылысқа айналғанға дейін құлдырата түсу. Ол үшін бодандық қоғамда болмай қоймайтын коллаборационистік психологияны мәдени салаға тіл арқылы сіңіріп бағады. Үстем халықтың бюрократиясы алдындағы жалпақшешейлік оның мәдениеті мен тұрмыс-салтына да жағымпазданушылықты дарытады. Ондай жағымпаздық тілде де көрінбей қалмайды. Үстем тілге әсіре жағыну мен әсіре табыну метрополиялық бюрократияның алдында жақсаттануды көрсетеді. Ұлттық элита өз мәдениетін, өз тілін өзі қомсынып, сол арқылы өз халқын өзі кемсітуге әдеттенеді.
Өзі болып өмір сүруге арланып, өзге болып көрінуге тырысатын сырты жылтырақ, іші қалтырақ рухани алып-сатарлық, міне, осылай қалыптасады. Бұл ұлттық элитаны ұлтқа қызмет етпейтін үстем мәдениеттің жағымпаз жандайшабына, неден де болса тайынбайтын тілалғыш қолбаласына айналдырады. Ұлттық үкімет пен ұлттық қауымды, элита мен бұқараны бір-біріне айдап салып, бір-бірімен өштестіріп, отаршылдық билікті елге ең қажет құбылыс немесе жалпыны жарылқайтын бірден бір жағымды күш қылып көрсетуге тырысу, отарлаушылар кетсе, оңбай ойсырап қаламыз деп байбаламдап қорқыту - баяғыдан бар әдет.
Мұның көпшілігін біздер бастан кешудей-ақ кештік. Патша өкіметі қыр қазақтарының бастарын біріктірмеуге тырысты. Саяси, аумақтық, этностық, мәдени тұтастықтан айыру үшін біріне-бірі бағынбайтын төрт губернияға төрт бөліп жіберді. Біртұтас дербес халықты шөкім-шөкім төрт диаспораға ыдыратты. Ол төрт диаспораны аталмыш төрт губерниядағы төрт резервацияға айналдыруды көздеді. Сөйтіп, бізде африкалық және солтүстік америкалық отарлау тәсілдері қосақтастырыла пайдаланылды. Мәселен, Азияны жаулап алған орыс әскери әкімшілігі Хиуа, Қоқан, Бұқардың тек өкілеттіктерін шектеп, тұрмыс-салттары мен салт-үрдістерін сол күйінде қалдырып, үш анклавқа, дәлірек айтқанда, саяси-мәдени, технологиялық жаңарыстан атымен аулақ үш мешеу резервацияға айналдырғысы келді.
М.Т.Черняевтің "Ортаазиялық шекаралық облыс туралы ережесінде" осы тақылеттес пиғыл байқалды. Соны негізге алған II Александр 1865 жылы 6 тамызда бекіткен "Уақытша ережеде" өлкені әскери губернатор бөлім басшылары арқылы басқарады, жергілікті халықтың мәселелерімен арнайы "туземное управление" айналысады, төмендегі билікшілік бұрынғы хандар тұсындағы қалпында қала береді деп көрсетеді ("Вопросы истории", 7/2001, 58-бет). 1865 жылы Ташкентке келген Орынбор генерал-губернаторы Н.АКрижановский жергілікті ақсақалдарға Ташкент хандығын құруды ұсынады. Облыстың әскери губернаторы Черняев шығыс моншасынан шықпай, қазы жеп, қымыз ішіп, адъютантына оңды-солды қайыр-садақа таратқызып жүреді (Бұл да сонда - Ә.К.) Бұл Ресейдің Түркістанды, сол кездегі канцлер Горчаков айтқандай, "цивилизацияны тағылардан құтқару" үшін де, "тағыларға цивилизация әкелу" үшін де емес, Орта Азияны ағылшындар алып кетпей тұрғанда қолға түсіріп, экономикасы мен мәдениетін дамытамыз деп әуре болмай, өз буларына өздерін тұншықтырып, тыныш ұстап, шекараны кеңейте беру үшін жаулап алғанын көрсетеді.
Шын мәнінде, XX ғасырдың басына дейін Қазақстанда да сол саясат жүргізілді. Ал Ресейдің ішкі тәртібіне жақындаттыру тек ондағы билікті қадағалауды күшейтуден басқа ешқандай өркениетшілдік мақсатты көздеген жоқ. Столыпин тұсындағы жер реформасы кезінде қазақтардың құнарлы жерлерін іштен келген шаруаларға тартып әперіп, өздерін шөл аймақтарға қуып салу да сол баяғы "өз буына өздерін тұншықтырудан" басқа ештеңе емес еді. Дәлірек айтқанда, бұратаналарды резервациялаудың ресейлік үлгісі еді. Әйтпесе, патшалы Ресейдің Халық ағарту министрлігінің 1917 жылдан аз-ақ бұрынғы болжамдауынша, Еуропа бөлігі тек 120 жылдан кейін, ал Орта Азия мен Кавказ тек 4600 жылдан кейін тегіс сауаттандырылады (А.В.Петровский. Быть ли школе в XXI веке? "Курьер ЮНЕСКО", сентябрь-октябрь 1982 г.) деуін басқа немен түсіндіруге болады?!
"Ақ патша" тұсындағы бұл саясат "қызыл революция" тұсында шетаймақтарды алдарқату мақсатында "автономияландыру", "егемендендіру" мезіреттеріне ұшырап, тілдік реформалар қолға алынды. Бұл да бірақ орталықтан шыққан өркениетшіл қамқорлықтан емес еді. Жергілікті ұлт-азаттық қозғалысының тікелей дүмпуі еді. Кеңестендіру мен ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеу ақ патша тұсындағы саяси қадағалауды күшейтетін жазалаушы саясаттың "табысты" жалғасы еді.
Ал екінші дүниежүзілік соғыстың басынан басталған өлке экономикасын "өркендету" былайғы классикалық империализмнің айла-амалдарын түгелге жуық қайталады. Соғыстан кейінгі қызыл тоталитаризм кемелденген отаршылдық жүргізетін ұлтсыздандыру саясатын толық қалпында ашық та, жасырып та жүзеге асырып бақты. Ол ұлттық дамуды атымен ұмытқан әсіре экономизмнен, асыра аккультурация мен асығыс ассимиляциядан, қолбала үкімет пен айтқанды екі етпейтін елпекбай элита түзуден, рухани космополитизм мен саяси басыбайлылықтан айқын көрініп тұрды. Мұндай жымысқы жаңа отаршылдықтан құтылу төбеңнен түйгіштеген төмпешбай көне отаршылдықтан құтылудан әлдеқайда қиын еді. Ол тілдік реформаларымыздың барысынан да анық сезіліп тұрды.
Тіл - отарланудың ахуалын қалай айқын бейнелесе, отарлықсызданудың ахуалын да сондай дәл ашып береді. Тілдік отарлану қандай күшті болса, тілдік отарлықсыздану да сондай күрделі болады. Тіл реформасы тәуелсіздік алған қай мемлекетке де оңай тимеген. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тәуелсіздік, негізінен, Балқан мен соған таяу, саяси дербестіктен дәм татқан, мәдени тәжірибесі де едәуір қордаланған елдерді, ал оның екінші, үшінші легі кіріптарлықты олардан да ұзақ шеккен елдерді көбірек қамтыды. Соның ішінде Африка мен Азия елдері тартқан тауқымет тіпті алабөтен еді.
Әсіресе, Африка елдері көп жағдайда отаршылдыққа қандай мешеу жағдайда енсе, отаршылықтан көбіне-көп одан да бетер күйзелген жағдайда шықты. Басқасын былай қойғанда оларға егемен ел болғанда мемлекеттік тіл таңдап алудың өзі айта қаларлықтай қиынға түсті. Өйткені, олардың отар болмай тұрғанда жақсы дамыған жазба тілдері жоқ еді. Көбі ауызша тіл, ауызша өркениеттің өкілдері еді. Оның үстіне, ұзақ уақыт тайпалық деңгейде қалып, кейінде ғана ұлттықтың дәмін татқан балауса мемлекеттер еді.
<!--pagebreak-->
Қай-қайсысының құрамы да көптайпалы, көптілді еді. Олардың біреуін мемлекеттік тіл ретінде таңдап алу орасан зор қиындықтар туғызды. Басқасын былай қойғанда, ұлттың тұтастығын сақтап қалуға үлкен қауіп төнгізетін. Сахараның оңтүстік жағындағы 48 африкалық мемлекеттің он бірі бұл мәселені әлі жабулы қазан жабулы күйінде ұстап келеді. Танзаниядан басқа елдердің мемлекеттік тілдері біреу емес, бірнешеу. Оның бәрін мемлекеттік статусына лайық жетілдіру әлі аяғына мініп кете алмай жатқан жас мемлекеттердің қабырғасына қатты батып отыр. Кейбір мемлекеттерде шағын этностар өте көп. Бірі-бірінің тіліне түсінбейді. Мәселен, Нигерияда 400 тіл бар. Содан ұлттық тіл ретінде үш тіл таңдалды. Оған қалғандарды үйретіп шығудың өзіне қанша уақыт, қанша қаражат керек екендігін өзіңіз есептей беріңіз.
Бұл мәселені оп-оңай шеше қойғылары келетіндер де аз емес. Оларға салсаңыз, бұрынғы отарлаушы тілдерді сол бұрынғы статусында қалдыра берген тиімді. Көптеген елдерде ағылшын, француз, португал тілдері не негізгі ресми тіл, не негізгі ресми тілдердің біреуі ретінде мұрттарын балта шаппастан бұрынғы қалыптарында қолданылып келеді. Тіпті оларға ондай статус бермеген елдердің өзінде олар мектептердегі негізгі оқыту тілі ретінде қалып отыр. Ол тілдерде берілмеген білімге сенбейтіндер көп. Бұл, әсіресе, үстем тілдерге бауыр басып қалған өгей ене бауырсақ жағымпаз элита мен жаңа іскер қауым тарапынан жиі ұшырасады. Бұл бұрынғы жергілікті тілдердің білім беру тіліне айналуына кедергі келтіруде. Ал ондай қызметке ие бола алмаған ұлттық тіл қандай биік статус берілгенімен, өзін де, елін де дамытып қарық қылмайтыны белгілі. Билікші және дәулетті элитаның мұндай лингвистикалық "талғампаздығы" жас Африка тәуелсіздіктері түгілі, талайды көрген тарланбоз Грекияның өзіне көп қиындық туғызғаны мәлім.
Қазіргі грек тілі Платонның тіліне қазіргі итальян тілінің Цицеронның тұсындағы латын тіліне қарағанда, әлдеқайда жақын тұр. Бүгінгі мектеп шәкірті Платонды түпнұсқасынан оқи алады. Алайда, бұл үшін ол мектепте кафаревусу тілінде оқуы керек. Солай етсе, ғылым мен саясатта да жолы болады. Өйткені, осы заманғы Грекияда екі тіл бар. Біреуі - дұрыс грек тілі. Ол - әлгі кафаревусу. Онымен тек элита пайдаланады, екіншісі - димотику. Онымен бүкіл халық сөйлеседі. Шіркеу тек кафаревусуді мойындайды. XVII ғасырда Інжілді димотику тіліне аударғысы келгендер грек шіркеуінің тарапынан қарғысқа ұшыраған-ды.
Міне, осылай миллиондар сөйлейтін тілді шетқақпайлап, аз ғана билікші топ сөйлейтін тілді арнайы статус беріп, әдейі оздыру - өз бастарындағы артықшылықтан өлсе де айырылғысы келмейтін үстемдікшіл күштердің қашаннан бергі айласы еді. Кемал Ататүрікке дейін қазіргі түрік тілі "қойшылардың тілі" саналып келген, ал ғасырлар бойы билік құрып қалған Осман әулеті сөйлеген бұрынғы қайы тілі ресми тіл "османлыша" деп аталғандығы мәлім. Бір кезде Орта Азия түріктері де өздерінің етене тілдерін әншейін ауыл арасының тілі көріп, ал шағатай тілін "кітаби тіл" санап, әз әулие көргені бар еді.
Кейінгі заманда мұндай "лингвистикалық лобби" тойтарылып, бүкіл жұртшылық білетін халық тіліне ұлттық статус берілу үрдісі енді. Алайда, тәуелсіздік алған кейбір мемлекеттер тарапынан тіл реформасы кезінде бұрынғы үстем тілдерді осындай "лобби жасау" арқылы құтқарып қалу жиі кездеседі. Бұл, әсіресе, Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы елдерінде айта қаларлықтай орын алған. Бұл індеттен, басқаны былай қойғанда, миллиардқа жеткен халқы бар Үндістан да аман қала алмаған. 1961 жылы жүргізілген санақ бойынша онда 1652 тіл мен диалектілер бар екені белгілі болған. Бір өзекті қағидалар бойынша жүргізілген басқа санақ бойынша, Индиядағы толыққанды тілдер 400-ден 700-ге дейінгі аралықта көрінеді. Соның әлдебір статустармен пайдаланылатындары: ең көп тараған осы заманғы 13 жергілікті тіл, ежелгі санскрит және бүкіл ел аясында қолданылатын ресми тілдердің бірі - ағылшын тілі. Бұлардың арасында синдхи, урду, санскрит, хинди төртеуінен басқасы бір-бір штаттың негізгі ресми тілі болып есептеледі. Индия республикасының хинди тілімен қатар пайдаланылатын негізгі ресми тілінің бірі ағылшын тілі деп саналады. Бұған кезінде Дж.Неру үзілді-кесілді қарсы болды. Бірақ, көпке топырақ шаша алмады. 1948 жылы Индияның білім жөніндегі комиссиясы бұлай ету адамдарды екі ұлтқа бөліп жібереді және олардың арасындағы кереғарлық күннен күнге алшақтай түседі деп ескертті. Ол айтқандары келді де қойды. Сырттай қарағанда, хинди мен ағылшын тең құқылы тілдер. Өйткені, статустары бірдей (С.Хантингтон. Столкновение цивилизации. М., 2003. 83, 87-беттер).
Алайда, қолданыс аясының деңгей-дәрежесі жағынан хинди тілі ағылшын тілінің қарасын да көре алмайтын көрінеді. Сонымен, ағылшын тілінде халықтың небары 2 пайыздайы сөйлейді деседі. Олар - ағылшынша білім алған үнді элитасы. Мемлекеттің тағдырын шешіп отырған саясат пен іскер топтың өкілдері, ғылыми зиялылар. АҚШ пен Индия тіл қоғамдарының мүшесі, Индия тілдерінің Орталық институтының директоры, ЮНЕСКО-ның беделді сарапшыларының бірі, көрнекті ғалым Дебипрасанна Паттанаяктың ойынша, ағылшын тілі бұрынғысынша ғылымның, коммерцияның, сондай-ақ белгілі бір мәртебе, артықшылық, дәулет алып беретін абыройлы лауазымға жеткізетін бірден бір тіл болып қалып отыр... "Бүйтіп білім беруді толып жатқан етене тілдерімізде жүргізуге көзапара құлықсыздық таныту, түптеп келгенде, халықпен билікті де, байлықты да бөліскісі келмейтін әлеуметтік іштарлық болып табылады. Қалың бұқара мен өз тамырынан айырылған жаңа өркениетке бауыр басып алған, өз мәдениетіне жаны ашымастықпен қарайтын жандайшап элитаның арасындағы бірін бірі жатырқаушылықтың күннен күнге өсіп бара жатуының басты себебі де осы - саяси-экономикалық эгоизм болып табылады" ("Курьер ЮНЕСКО", 1983 жылғы тамыз). Бұл - миллиардқа жуық үнді халқының тіл алуандығын зерттеп жүрген әйгілі маманның пікірі.
Ол бұрынғы метрополия тілінің өз статусында қалуына тек бір-ақ тұрғыдан - элита мен бұқараның арасына көрер көзге сына қағылуы тұрғысынан қарайды. Әйтпесе, ел тұрғындарының бір-екі пайызының отарлау тұсындағы ескі үрдістен шыға алмауынан миллиард халқы бар мемлекеттің тәуелсіздігі мен мәдени-рухани дербестігіне келіп тұрған ешқандай да қауіп жоқ екені белгілі. Ал Африка елдеріндегі бұрынғы үстем тілдерге бауыр басудың аталмыш екі мәселеде айта қаларлықтай қиындық келтіріп отырғаны айдан анық. Мұнда да ескеретін бір жағдай - негроидтарға да генетикалық немесе мәдени ассимиляция арқылы басқа этносқа айналып кету қаупі төніп тұрған жоқ. Сондай-ақ, олардың тілін өзгертіп те, рухани ассимиляцияға ұрындырып, өзіндік сипатынан тып-типыл айырып тастау оп-оңай шаруа емес. Африкадағы олар түгілі АҚШ пен Еуропадағы негрлер өздерінің өңдерінің қаралығын мақтаныш етіп, атамекендері Африкадан әкелген "қара мәдениетін" аспандата дәріптейді. Алайда, бұрынғы үстем тілдердің бұрынғыларынша артықшылық жағдайында қалуы бұл құрлықтағылар үшін ешқандай құпия емес, ұлттық дамудағы көпе-көрінеу артта қалушылықтың ғұмырын көрер көзге қолдан ұзартып отырғаны даусыз.
Оған қалың бұқараның өз тілінде білім ала алмауы негізгі себеп болып отыр. Ал үстем тілде еуропалықтармен тайталасардай білім алудың бұрын да оңай болмағаны, қазір де оңай емес екені белгілі. Ол қай заманда да, тек азын-аулақ ұлттық элитаның еншісіне тиген артықшылық еді. Ең бастысы, өз тілінде білім ала алмау көп ғасыр бодандықта болған елдің рухани азаттық алуына, өзінің табиғи және саяси бостандықтарын терең түсінуіне, рухани отарлаусыз дамушылықтың, шынайы елжандылық пен отаншылдықтың қалыптасуына ұмтылдыруға кедергі келтіріп бағады. Жүріп жатқан реформалардың бұқаралық сипат ала алмай, мардымсыз өрістеуіне ұрындырып отыр. Оған көптеген Африка елдерінде, жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік тіл таңдап алудың объективті қиындығы мен оларды дамытып, бүкіл жұрт түгел білетіндей қылып, кеңінен таратуға қаржылық жетімсіздік қол байлаушылық жасауда. Соның қырсығынан мемлекет ішінде жарастық орнату да, мемлекетаралық қатынасты нығайтып, бүкілафрикалық бірлік орнату да қазіргі таңда қыруар қиындыққа кездесіп бағуда. Сондықтан африкалық мемлекеттердің көпшілігі осы заманғы ұлттық дамуға жетілу үшін ауадай қажет шынайы азаматтық санаға, ұлттық өзіндік сипат пен рухани дербестікке жетілуді ең басты мақсат санап отыр.
Ал Латын Америкасына келсек, ондағылар бұл мәселенің өткірлігіне сонау Симон Боливар мен Хосе Марти заманының өзінде-ақ басты назар аударған-ды. Олар ұзақ уақытқа дейін өздерінің будан нәсіл екендіктеріне, көбіне-көп көлденең әке болып табылатын испандардың өз тілдерін зорлап үйретуі салдарынан туған аналары мен туған өлкелерінің тілі мен төл мәдениетінен мақұрым қалып, дүбәра болып кеткендеріне іштей қатты арланып келіп еді. Сондықтан да, оза дамып бара жатқан ағылшын, француз, солтүстік америкалықтардай болуға асыққан-ды. Бірақ, бұрын испандармен жарысып, кейін испандар иемденіп алған аумақтарды тартып алып, өз өктемдігін жүргізген өзге еуропалықтарға да өкпелері қара қазандай болды. Өйткені, олар Еуропада жасалған саяси, техникалық революциялардың жаңалықтары мен жетістіктерін тек өздері ғана иемденіп, бұларды менсінбей, шетке итеріп бақты.
Қысқасы, жаңа отаршылдардан да көңілдері қалып, қалай болғанда да, тарихи үдерістер нәтижесінде біртіндеп қалыптасып үлгерген латынамерикалық төл сипаттарын жаппай мойындай бастады. Сол арқылы өз бойларындағы этникалық және өркениеттік синкретизмнен қорланбай, қайта мақтаныш тұтуға көшті. Сонымен қоса, біреуге өкпелегеннен де, еліктегеннен де ештеңе өнбейтінін аңғарып, еуропалықтардың айтқандарын істемей, істегендерін істеп, ұлттық тәжірибемен ғана шектелмей, адамзат ақыл-ойының барлық жетістіктерін жатсынбай, оларды уақытылы меңгеру арқылы осы заманғы тарихи үдерістердің қақ ортасында жүруге бел байлады. Бұл үлкен жетістіктерге жеткізді.
Эквадорлық атақты суретші Освальдо Гуаясамин: "Еуропадан бізге христианшылдық, либерализм және социализм идеялары келді. Бірақ, біз соның арасынан өз зәруліктеріміз бен тарихи ерекшеліктерімізге сәйкестерін ғана таңдап алдық... Нәтижесінде, испандардың өнеріне еш ұқсамайтын, өзіндік ерекшеліктері мол төл өнеріміз туды", - дейді. Расында да, әдебиетте Сесар Вальехо, Хуан Рульфо, Мигель Анхел Астуриас, Алехо Карпентьер, Габриэль Гарсиа Маркес, Хулио Кортасар, Карлос Фуэнтос, бейнелеу өнерінде Хосе Клементий Ораско, Хоакин Торрес Гарема, Диего Ривера, Роберто Матта, Хасусо Сото, Ле Парк, Руфино Тамайо, музыкада Эйтор Виль Лобос, Карлос Чавес, Роберто Гинастера сынды әйгілі тұлғаларды берді.
Көрнекті мексикалық философ Леопольдо Сеа айтқан: "Адам қайткенде де адам болуы керек, мал немесе адамға ұқсас мақұлық болмауы керек... Адам атымен сыйыспайтын масқара құбылыс - тәуелділікті еңсере білуіміз қажет. Тарихтың мәніне тереңірек қанықсақ, біздің жағдайымыз түбегейлі өзгермей қалмайды", - деген қағиданы тек латынамерикалықтар ғана біліп қоймағаны лазым.
ЮНЕСКО-ның арнайы сарапшылар тобы 1981 жылы ғасырлар бойы отаршылдық езгіге ұшыраған латынамерикалық, африкалық және азиялық өркениеттер дамуының аймақтық тәжірибелеріне салыстырма талдау жасаған еді. Сонда олар африкалықтар үшін өз сәйкестілігін табу арқылы қайтадан ұлттық, өркениеттік тұтастыққа, латынамерикалықтар үшін тарихи қалыптасқан синкретизмді дамыта отырып, жаңа ықпалдастыққа, ал азиялықтар үшін өзіндік ерекшеліктері мол төл мәдениеттерінің шынайылығын сақтау мен былайғы дүниенің даму тәжірибесін ұтымды ұштастыра білудегі сергектік пен үйлесімділікке жетісе білу маңызды деп тауып еді. "Азияға ежелгі киелі орындарға тәу ететін соқпақтары мен байырғы керуен жолдарын қайтадан ашуға тура келеді. Бірақ бұл мақсатта осы күнгі қатынас құралдарымен пайдаланғандары жөн болады", - деп еді осы орайда қабылданған арнайы құжатта.
Бұл - бұрыннан бай мәдени дәстүрлерді қайта сараптап, қайта зерделеп, оны осы заманғы мүмкіндіктермен терең үйлестіріп, мейлінше байыта білу керек деген сөз еді. Бұл қағиданың бүгінгі қазақ қауымына да толықтай қатысы бар. Біздің ұлттық дамуымыз етене өркениетіміздің мүмкіндіктеріне сүйене отырып, замананың өскелең талаптарына орай мейлінше оңтайлана түсуді қажет етіп отыр. Бұл ретте біздің латынамерикалықтар мен африкалықтарға ұқсайтын да, ұқсамайтын да жерлеріміз өте көп. Ұқсастығымыз - біз де бүгінгі оза дамып бара жатқан дүниеде өз орнымызды дұрыстап таба алсақ қана, тәуелсіздігімізді тәрк етпей, келешек шебіне сеніммен аттай аламыз. Ұқсамайтынымыз - ондай ілгері қадам жасауға қажетті өзіндік ерекшеліктеріміз бен тиімді дәстүрлеріміз әлгілердікіне қарағанда әлдеқайда жеткілікті. Тек соны дұрыс бағамдай біліп, бүгінгі адамзаттың шапшаң қарқынмен дамып бара жатқан ақыл-ойының жетістіктерімен уақытылы орайластыра алатын ыждаһат пен оралымдылықты қамтамасыз ете білуге тиістіміз.
Ол үшін біз де санамызды тезірек тәуелсіздендіріп, ұлттық дамуымызды ойдағыдай жетілдіруіміз керек. Ол үшін өзімізді өзіміз жете танумен қоса, қалған дүниенің тәжірибесін де жіті зерделеуіміз қажет. Өзгелер тәжірибесіне, әсіресе, оза дамып бара жатқандар тәжірибесіне уақытылы қол соза білуіміз міндет. Ол үшін тек санаулыларымыз ғана емес, бәріміз әлгіндей өскелең талаппен өмір сүруге үйренісуіміз - басты шарт. Көп ғасырға созылған бодандық бізді, Құдай сақтағанда, ассимиляцияға түсіріп үлгере алмады. Ал өз мәдениетімізді өгейсініп, өзге мәдениетке бауыр бастыратын аккультурацияға ұшыраудай-ақ ұшырадық. Бірақ, соның көбінен бізді мыңжылдықтар бойы қалыптасып, дамып, өсіп-өрбіп келе жатқан лингвистикалық өміршеңдігіміз құтқарып қалып отырыпты. Олай болатыны, біздің Еуразия жазираларында ежелгі Америка мен бүгінгі Африкадағыдай шамадан көп тіл алуандығы болған жоқ. Көшпенді дүние көбіне-көп бір тілде сөйледі.
(Жалғасы бар)
25 маусым - 20 шілде, 2006 жыл.
АЛМАТЫ - АСТАНА.