Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2454 0 пікір 17 Мамыр, 2010 сағат 04:06

Мұхтар Мағауин. Ұлтсыздану ұраны (Жалғасы)

«Сені шақырған мен емес!..»

«Сені шақырған мен емес!..»

Көптік - ырыс екенін, елдің баянды тіршілігінің кепілі екендігін ата қазақ тым жақсы білген. Соған орай, өзі қатарлас ешбір халықта болмаған аса ұтымды демографиялық саясат қалыптастырған. Бірнеше қатын алу, қыздың - некесіз, жесірдің - байсыз қалмауы, көп балалы шаңыраққа ұмтылу - ішкі мүмкіндікті сарқа пайдаланудың көрінісі. Бұдан басқа, төтенше амалдар да әдет-ғұрыпқа енген. Атап айтқанда, жорық, соғыс күндерінде жат жұрттан қыз, келіншек - жас әйелдерді көптеп әкелумен қатар, ес біле қоймаған кішкентай балаларды олжалау және алаламай, туған ұл ретінде өсіріп бағу, тиесілі еншісін беріп, тең қатарға жеткізу дәстүрі кеңінен етек алған. Сонымен қоса, шабындыдан келген, ауыл-үй ішінде күнделікті шаруа, мал бағуға жегілген қайратты жігіттер де мәңгі-бақи құл болып қалмаған, белгілі бір уақытта үй тігіп, отау көтеріп, қатарға қосылған, одан туған балалар рудың толық дәрежелі мүшесі саналған. Ендігі бір өнімді тәсіл - жеңілген жұрттың жекелеген шаңырағын ғана емес,  тұтас ауылдарын көшіріп әкеліп, біржола сіңіру. Немесе арғы беттегі дұшпаннан күшпен ығысып, пана сұрай келген топтар тұтас рулар. Арада екі-үш ата өтпей-ақ бұлардың бәрі де қатардағы қазаққа ьайналып, белгілі үлкен  бір рудың құрамына еніп отырған. Ресей бодандығына өткеннен соңғы жерде патша қысымынан қашқан, әртүрлі тағдыр жетелеп әкелген, арғы тегі туыс қаншама жан қазақ арасына орнығып, өзінің ғана емес, болашақ ұрпақтарының да тағдырын қазақтандырған. Қайран қазақ, дарқан қазақ, кең қазақ бәрін де риясыз қабылдап, өзіне сіңіріп ала берген. Соның арқасында көбейіп қана қоймаған, генетикалық қорын да байыта түскен. Өстіп әлденеше ғасыр қазақ байдың көл-дариясына сан салалы бұлақтар тараптан келіп қосылып жатқан.

ХХ ғасыр, советтік қыспақ заманында ата қазақ тәубасынан жаңылды. Бөтенді баурамақ түгілі, өзінің барынан айрыла бастады.Бұрын бір пұшпағы ғана Қытайға кетсе, енді Ресей шегіндегі ағайынның өзі бірнеше республикаға бөлінді. Қазақ атымен қалған елдің өзі ту-талақай болып, халқының жарымынан астамы аштан қырылып, тағы біразы шет жұрттарға бас сауғалап, ортасынан ойылып, тақаудағы жүз жылда оңалмас ауыр апатқа ұшырады. Әйтеуір, орнында бар оңалар дегендей, ілдалдалар ес жиып, қайтадан өсіп-өніп, күнкөрістік, шүкірге тақау жағдайға жеткен екен. Ақыры қайыр болып, тәңірінің сыйы тәуелсіздік келіпті. Енді, шын мәнісіндегі іргелі ел болу үшін қайтадан құралу керек еді. Бүтін халқыңыздың үштен бірі жаңа ғана ту көтерген атаулы мемлекетіңіздің шегінен тысқары жатыр. Бұл жағдай тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ қазақ зиялыларының көкейінде, тіпті, өкіметіңіздің өзінің назарында тұрды. Өзінің бас ордасында басым көпшілікке айналу - ұлтымыз үшін өмірлік мәні бірінші кезекте тұрған, ең маңызды мәселе болатын.

Қайталап айтайық, советтік билік жылдарында қазақ әуелі аштық апатына ұшырады,  содан соң туған жерінен тобымен қоныс аударуға, жат жұртта бой жасыруға мәжбүр болды, атылды, айдалды, алты аласы жоқ жиһан соғысына тоғытылып, алғы шепте тағы да қырылды, аз-маз тьыныштық орнаған заманның өзінде жоқшылық жеңіп, ауру-сырқау жайлап, табиғи өсімнің өзі шектелді, осының бәрі аз болғандай, бас көтертпей, біржола отарлау үшін жетпіс жыл бойы қазақ жеріне славян нәсілді жұртты жүз мыңдап қоныс аудартып, ақыры әлденеше миллионға жеткізіп, оларға барлық жағдай жасалды, бұған қосымша, империяның еуропалық батыс бөлігін өктем ұлттың мәңгілік иелігіне айналдыру үшін мұсылман текті қаншама халық түп-тамырымен қопара көшіріліп, тағы да қазақ қонысына шашылды - нәтижесінде 1959 жылғы Бүкілодақтық санақта қазақтар өздерінің мың жылдық ата қонысы Қазақстан шегіндегі халықтың небәрі 29 пайызы, яғни үштен біріне де жетпей қалды. Сөйтіп қазақ өз елінде сан жағынан ғана емес, адамдық құқық, кісілік есеп тұрғысынан алғанның өзінде екінші емес, үшінші де емес, ең төменгі нәсіл - бесінші, алтыншы сұрыптағы, ең құнсыз халыққа айналды. Құнсыздығымыз соншалық, ұлттық қасиеттен айыру, отарлау саясаты жоғарғы, советтік, партиялық билік тұрғысынан айрықша арсыздықпен, ашықтан-ашық жүргізілді, ал бейресми жағдайда, күнделікті тұрмыста, қазақтың кемшін екендігі, қор, сорлы, ешқандай құқықсыз екендігі өктем, жаулаушы жұрт тарабынан аяқ аттаған сайын көзге шұқып, нұқып көрсетіліп отырды. Түбегейлі жеңіске жеткен өктем халық өкілдері, тіпті, басқа, түгелге жуық орыс жайлаған қалаларды айтпағанда, астана Алматының өзінде қазақтардың көшеде, қоғамдық көліктерде өз тілінде сөйлеуіне тыйым салуға тырысатын болды. Барлық келімсек атаулы күнделікті өмірдің барлық саласында қазақ текті нышандарды тапау, қазақ намысын қорлауды әдепкі қағидаға айналдырды. Және қит етсе, қазақтың аздығын бетіне басатын. Сондықтан да аз-маз намысы бар, ұрпағының қамын ойлаған, болашақ тіршіліктен үмітті қазақ атаулы туған халқөымыздың өз жерінде көпшілікке айналуы - барлық болмаса да, бірталай мәселенің өзінен-өзі шешіп береді деп білді.

Енді міне, тәуелсіздік орнағанда сол орманның тезінен жүзеге асуына барлық жағдай туғандай көрінді. Соған орай, республика басшылығы да бұл іске оң пейілмен қарады. Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы өткізілді. Сырт елдерде, оның ішінде кешегі советтер шегінде қалған ағайындар жекелеп қана емес, тобымен көшіп келе бастады. Ашық айтылмағанымен, сірә, белгілі бір деңгейдегі мемлекеттік бағдарлама жасалды. Оның айқын көрінісі - Моңғол ұлысындағы бауырларымызды ұйымдасқан түрде ата жұртқа қоныстандыру болды. Түркмендегі, қарақалпақтағы қазақтар жапырлап көшіп жатты. Өзбекстан шегінде де қозғалыс бар. Ресей қазақтары да қобалжи бастады. Қытайдағы қазақта да ұшарға қанат жоқ. Сөйтіп, сырттағы халқымыздың өз ата жұртына, нақтырақ айтсақ, бәрі де ата жұртта отыр, өзінің дербестік туын көтерген бас ордасына жаппай бет бұруы, үдере көшуі күн тәртібінде тұрды.

Міне, осы кезде... өздері де қаусап, біржола ыдырауға шақ отырған Ресейдегі империялық күштер, оның сыртқы көрінісі болып табылатын, бұрында «орталық» саналған газет, журнал, радио, теледидар - бір сөзбен айтқанда, отаршыл ақпарат көздері ойбай, аттанға толы қоқан-лоққыға көшті, ол аз болғандай, тәуелсіз аталатын елдің өз ішінде шығып жатқан орыс тілді баспасөз, әсіресе, дөкір шовинизм ғана емес, арсыз расизмнің жаршысына айналған «Караван», «Казахстанская правда» газеттері күш алды. «Қазақстан өкіметі республикада тарихи қалыптасқан демографиялық тепе-теңдікті бұзғысы келеді, көп ұлтты елді түгелдей қазақтандырғысы келеді, бұл не сұмдық!» деген айқай көтерді. Әлбетте, мұндағы жандайшаптардың, андағы өктемдердің артында тарихты кері бұрғысы келген империялық отаршыл күштер тұр еді және баспасөздегі ноқы мен дүбір - оның сыртқы, сыпайы ғана көрінісі болған тәрізді. Біз арғы, жоғарғы Ресейдегі жуан биліктің бергі, төменгі демейік, әлі буыны бекімеген жас билікке, жарлық, нұсқау демейік, қандай ағалық кеңес бергенін білмейміз. Мүмкін, ешкім доңайбат жасамай-ақ, күшігінен таланып, бәріне көндіккен сорлы басымыз, өз-өзімізден-ақ жаннан түңіліп, бұрынғы қожайынның ыңғайына жығыла берген шығармыз. Қайткенде де өкіметіміздің әуелгі арыны су сепкендей басылып қалды. Әрине, көші-қон тоқталсын деген пәрмен бере алмайды, басталып кеткен іс өз ағынымен жүре береді, тек енді бұл тарапта айтарлықтай жаны ауыра қоймайтынын байқатты.

Жаны ауырмайтыны, керек десеңіз, ашық қарсылығы қайта оралған қазақтарға басқаны былай қойғанда, азаматтық беру мәселесінен айқын аңдалды. Түптеп келгенде, қолда тұрған нәрсе ғой. Ал біз тоқсан түрлі, көбіне-көп қисынсыз анықтама сұрап, сергелдең азапқа салдық та қойдық. Ресейден қайтып келген текті нәсіл - орыс ағайындар үш ай ішінде паспорт алып үлгереді екен. Ал өз ата жұртына оралған, нәсілі төмен қазақ айлап емес, жылдап жүреді, өмірін тоздырып, өксумен шаршайды, міне,алды бір мүшел - он екі, он үш жыл болды, әлі күнге паспортқа жетпеген қазақтар бар. Ал жаңадан келе жатқандарды қияметтің қыл көпірі күтіп тұр. Қай мекемеге барса да, қаптаған шірет, қорлық сөз, дөкір қабылдау. Бұл - әйтіп-бүйтіп Қазақстанға жеткендері. Ал сырттағы ағайын... Өзбекстанның сұраусыз, құнсыз қазақтарды қорлайтын өз заңы бар. Қытай - әуелден әлемдік империя, күш-қуатына сенеді, саясаты берік, сондықтан да өзбектегі шолтаң өкіреш жоқ, жымия күліп отырса да шеңгелі берік. Бұл бағытта өкімет, низам тарабынан қойылған тосқауылды айтпағанда, біздің тиесілі консулдық мекемелерде бекіген өкілдеріміздің әрекеті, нақтылап айтсақ, ешкімге де құпия емес парақорлығы мен ешқандай адамгершілік мәдениетке сыймайтын жойдасыз дөкірлігі, қытай мен ұйғырға келгенде жібектей есіліп, қазақты көргенде атасының құнын қуғандай бетпақ астамшылығы ол жақтағы  жұртымызды біржола пұшайман,  мүсәпір кепке түсіріп отыр. Біздің елімізде қалыптасқан, кез келген қызмет орнын ақша сауатын кіріс көзі, жеке бас пайдасына арналған қазына кілті деп есептейтін, дертті санадан туған кембағал дәстүр дәл осы, шет елдегі қазақтарға қатысты мекемелерден сырт болса ғой. Жоқ. Ең тиімді жер деп, ең жігерлі жебірлерін жіберетін сияқты.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445