Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 7342 0 пікір 13 Қараша, 2014 сағат 15:39

«Жүрегімді құлыптап, өлеңге орын қалдырмаған кездерім де болды»

Әлия Дәулетбаева, ақын: «Жүрегімді құлыптап, өлеңге орын қалдырмаған кездерім де болды»

 

Рейтинг: Қазір өте ұшқыр заман. «Хат-хабар жетпей қалады» дейтін уақыт емес. Ғаламтор арқылы достар табуға да, орта қалыптастыруға да болады. Бірақ, сіз қалада да емес, аудан орталығында да емес, алыстағы ауылда – Атырау облысы, Индер ауданының Өрлік ауылында тұрып-ақ ақындығыңызды паш етіп жүрсіз. Жырақта жыр жазу қиын емес пе?

Әлия Дәулетбаева: Ауыл десе, жұрттың көзіне құм арасында жатқан, әлеуметтік жағдайы төмен, дүние жаңалықтарынан хабарсыз бір түкпір елестейді. Менің ауылым осы түсініктердің ешбірімен қабыспайды, ақпаратқа уақытында қанығып жататын үлкен ауыл. Атырау-Орал күре жолының бойында жатыр. Қалада тұрмадым дегенім болмаса, сиыр сауып, мал ұстап отырған жоқпын, қазақ ауылындағы әйел кешетін бейнетті кешіп жүргенім жоқ. Мен жұмысымды білем, өзімді білем. Тіршілігіме, бостандығыма ешкім қол сұғып көрген жоқ. Жолдасым жеке өмірімді, шығармашылығымды сыйлайды. Балаларымыз өсіп жатыр. Сондықтан, «шығармашылығыма бір нәрсе кедергі келтіреді» деп ойлап көрген емеспін. Ауылда тұрғаннан еш қорлық көрген жоқпын. Ол жайт менің өлеңіме тұсау болған емес. Болашақта қалаға көшсем, балаларым үшін көшуім мүмкін.

Рейтинг: Ал орта ше? Оны қажетсінбейсіз бе?

Әлия Дәулетбаева: Қазіргі заманда ақын болу үшін Астанаға, я Алматыға бару міндетті емес. Әр облыста мықты қаламгерлер бар. Олар Астанада жүрген ақындардан бір де кем емес. Алыста жүріп те, ауылда тұрып та әдебиет жасауға болады. Өзім жақын араласатын жақсы құрбыларым бар, ақын достарым бар. Сүйіп оқитын үлкен ақындар бар.

Рейтинг: Олар сізді іздеп келіп тұра ма?

Әлия Дәулетбаева: Өзім ешкімді іздемейтіндіктен, мінезім сондай, олар да мені іздемейтін шығар. Саяқпын. Бір адам ұнамай ма, ол көршім болса да амандаспай жүре беремін. Фариза апай бала күнімнен ақ жол тілеп, қамқор көңіл танытты. Бірақ, «соны пайдаланып кетейін, әлеуметтік жағдайымды түзеп алайын» деп ойланып та көрген емен. «Ауылда қалып қойма» деп кетті кейінгі әңгімелескенімізде. Бірақ, қайда жүрсем де ақынмын деп ойлаймын.

Рейтинг: Фариза апай сізді қалай таныды?

Әлия Дәулетбаева: Мұрат Мөңкеұлының 150 жылдық тойында өлең оқыдым. Сол кезде таныстық. Содан кейінгі 21 жыл ішінде мені алыстан желеп-жебеп жүрді. Бірақ, мен Фариза апайдың өмірін қайталауға тырысқан емеспін. «Фариза боламын» деп, ақыр соңында не күйеу жоқ, не отбасы жоқ, ең бастысы, не өлең жоқ, қалғандар бар ғой. Сондай тағдыр жасағысы келеді, сол кісі болғысы келеді. Бірақ, Фаризаға ондай тұлғаны Алла берген ғой. Екінің бірі екінші Фариза бола алмайды, екінші Фариза тумайды. Күйеуге шыққалы жатқанымда: «Дұрыс адам ба?» – деп сұрады. «Білмеймін» деп жауап бердім. Апай жауабымды жақтыра қойған жоқ. Перзенттерім өмірге келген сайын өлеңіме алаңдады. «Балаға қарайлап, өлең жаза алмай қалмайсың ба?» деп қоңыраулатып тұрды. Апайдың алаңы орынды екен. Мен біраз уақыт бәрін ұмытып, бала тәрбиесіне ден қойдым. Өлең жазып жүрдім, бірақ, саябырсытып алдым. Кіші қызым дүниеге келгенде екі жыл бойы Фариза апайға айтпай жүрдім. Бір күні: «Сен кіші қызыңның атын Хиуаз қойыпсың ғой», – деп хабарласып тұр. «Аналық міндетің бе – оған да адал бол, өлең жазасың ба – оған да адал бол. Бірақ екеуін бірдей ұстап жүру қиын» деді апай. Мейлінше тырысып, аналық парызыма да, өлеңіме де адал болып жүрген сияқтымын.

Рейтинг: «Бақытты болып жүрген кезімде өлең жазбай кеттім» дегеніңізді оқыдым. Сосын қалай қайта табыстыңыз?

Әлия Дәулетбаева (күлді): Тұрмысқа шыққан соң, шынында да бақыт кештім. Балаларым өмірге келді, үйімізді көтердік. Бірақ, адам бір қалыпқа түсіп алғандай болады екен. Ал ақын адам толғаныссыз, толқыныссыз жүруі мүмкін емес. Әрине, әлеуметтік мәселелерді жазып, қоғамды жырлап та ақын атанып жүргендер бар ғой. Бірақ, күнделікті өмір, бірсарынды тіршілік адамның көңілін бақытты қылғанмен, жанын бақытқа бөлей алмайды екен. Өзімді қалыптап тастағанымды аңғардым. Жаныма әсер ететін нәрселерді азайтып алыппын. Жүрегімді жауып, құлыптап тастаппын. Осыны сезінгеннен кейін қайтадан сәуле құйыла бастады. Өлең қайта келді. Сонда байқағаным, менің жанымды тебірентіп, жүрегімді жарып шыққан өлеңдерімнің азабы өзім өмірге сәби әкелген сәттермен пара-пар екен. Ақын әйел осылайша өмір-бақи дүниеге сәби әкеле алады екен. Мен сол бақытты сезіндім.

Рейтинг: Қазіргі лирикалық қаһарманыңыз кім сонда?

Әлия Дәулетбаева: Бір адам деп айта алмаймын. Адам отыздан асқан соң бұрынғыдай емес, сирек себезгілейтін бір сәулені ұстап қалуға тырысады екен. Сондықтан менің жырыма қазір жаны ауырған адам да, мені бір рет те болса түсінген жан да арқау бола алады. «Бір адамға қолым жетпей жүр» деп айта алмаймын. Кейіпкерлерім әртүрлі.

Рейтинг: Бала күніңізде кітапты көп оқыпсыз. «Тіпті бас көтермейтін» деп еске алады анаңыз. Қазір ше?

Әлия Дәулетбаева: Кітапсыз өмір сүре алмаймын. Прозаны көбірек оқыдым. «Тынық Донға» ықыласым ерекше ауды. Төрт томдық романды 4-5 рет қайталап оқыған кезім болды. «20 жастан жаңа асқан Шолоховтың басына осынша өмір иірімдері қалай сыйды?» деген қызығушылықпен қайта-қайта оқыдым. «Қан мен тер» де жаныма қатты әсер етті. Әлі күнге ғаламтор дүкендерінен кітап алдырып тұрамын. Оқығым келсе, жаным қажет етсе, кез келген кітапты, кез келген авторды тауып алып оқуға тырысамын. Қайталап оқудан да қорықпаймын. Оқуды армандап жүрген кітаптарым да бар.

Рейтинг: Өзіңіздің алғашқы жыр жинағыңыз кешеуілдеп шықты. Ертерек шығаруға ұмтылмадыңыз ба?

Әлия Дәулетбаева: Жоқ. Кітабым Дәурен Берікқажыұлының идеясымен шықты. «Алтын қыран» қайырымдылық қоры шығарған 7 автордың тізіміне ендіріп жүрген де сол Дәурен досым. Бұрын да «кітабыңды шығарайық, мемлекеттік тапсырысқа енгізейік» деп ұсыныс жасаушылар болды, бірақ, өзім қызыға қойған жоқпын. Ол кезде кітап болатындай өлеңдерім де жоқ еді. Соңғы кездері ғой жазып жүргенім. Бірақ, «кітабым шықты» деп алабөтен сезімге бөлене қойған жоқпын. Кітап деген шарттылық қой. Ақын болған соң әдебиетте жүрген соң, кітабың шығуы шарт сияқты. Бірақ, жұрт көбірек қуанды. Хабарласып, құттықтап жатты.

Рейтинг: «Сол бір сәуле» атты бұл жинағыңыз осыған дейінгі ақындық өміріңіздің бір қайырылысы, яки қорытындысы деп қабылдайсың ба?

Әлия Дәулетбаева: Жоқ, өйткені, жақсы өлеңдерім енді дүниеге келетін сияқты сезімде жүрмін. «Ай астында бір көл бар» деген поэмамды жазуға үлкен ықыласпен отырдым. Кәдімгі жұмысқа кіріскендей жаздым. Оқып-танысқаннан кейін, Фариза апай атауын «Секеркөл хикаясы» деп өзгертті. Кітап менің арманыма, сезіміме өлшем бола алмайды. Кітапты шығарған, үлкен тұсаукесерін өткізген Дәурен бастаған азаматтарға алғысым шексіз. Алыста жатсам да ескеріп, ел алдына жарқ етіп шығарған Дәуреннің азаматтығы ғой.

Рейтинг: Ақындармен, әсіресе, ақын қыздармен жиі араласып тұрасыз ба?

Әлия Дәулетбаева: Поэзияны іздеп жүріп оқимын дей алмаймын. Бақытгүл Бабаштың поэзиясын мөлдірлігі үшін жақсы көремін. Танакөздің поэзиясында бір ақсүйектік бар. Соңғы кездері Жанар Әбсадықтың өлеңдерімен таныстым. Қатты ұнады. Қазіргі қазақ поэзиясында өлеңнің техникасын меңгеріп алған ақындар көп. Суық сұлулық бәрібір көрініп тұрады ғой. Бақытжан Алдиярды, Ерлан Жүністі жақсы көрем.

Рейтинг: Махамбетті ардақ тұтасыз.

Әлия Дәулетбаева: Махамбетпен бала кезден ауырдым. Күз сайын Махамбеттің басына, Қараойға барамын. Сол жерде керемет тазарып қайтам. Махамбет поэзиясы ешбір тілге аударылмайды. «Орай да борай қар жауса, қалыңға боран борар ма?» дегенді қай тіл сынын бұздырмай сөйлете алады? «Қабырғасын қаусатып, бір-біріндеп сөксе де, қабақ шытпас ер керек!» деген тіркестер басқа тілде дәл осылай құйылып түсе ала ма? Бала кезден Махамбетті жаттап өстік. Қазір де жатқа айтамын. Бәлкім, Махамбеттің қасіреті, рухы қатты әсер еткен шығар, әлі күнге күз келген сайын Қараой жаққа елеңдеп тұрамын. Махамбет осы ғасырда өмір сүрсе, қуып жүретін ғашық болатын сияқтымын (күлді). Арнаған жырларым да көп.

Рейтинг: Екінші кітабыңызды шығаруға асықпайтын сияқтысыз.

Әлия Дәулетбаева: Ол менің өмірімдегі өзгерістерге, көңіл-күйіме, сәттіліктерге байланысты болатын шығар. Кім біледі, екінші кітабыма қатты қуанатын болармын. Әдетте ата-ана тұңғыш баланың қуанышын онша сезіне алмай жатады ғой.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мен сізбенен дерттімін...
Сіз қалайсыз?
Жүз жаралап жанымды, жүз жамайсыз.
Жүрсем дегем жаурамай, жалындамай,
Бір сергелдең тап болды бізге абайсыз.
Мен сізбенен дерттімін... Сіз қалайсыз?..
Шыныменен жоқ па екен алаңыңыз,
О, несіне телміріп қарадыңыз?
Жылдам елтіп қалғаным содан шығар,
Мұңға дертіп тұрды ғой жанарыңыз.
Ырғағанда қурайдай құйын уақыт,
Шиыр-шиыр жолдардан миым қатып
жүргенімде бір көріп өзіңізді,
Өмірімді алдым-ау қиындатып.
 Ал өмірім сізсіз де күрделі еді,
Түсіндіре аламын кімге нені?
Биылғы күз суық па, қалай өзі?..
Бір үмітім кешігіп гүлдеп еді...
Бұл тыныштық әйтеуір қашты менен,
Ақылсызбын, ардағым, тапшы, неден?
Дәл осылай сандалып, сағым қуып,
Жақсы көргім келмейді!
Жақсы көрем!
Әлия Дәулетбаева 

Дереккөзі: http://rgmedia.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3239
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379