Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 10043 0 пікір 13 Қараша, 2014 сағат 15:26

Ұлықбек Есдәулет. «ШИКАЛАТ»

Менің кейде өлеңді қойып - жырға түсіп, ойдан қашып - қырға шығып, қара сөз қаузайтыным да бар. «ӘБІЛХАЯТ» атты кітабымды оқығандар болса біледі, - жанры көрсетілмеген «БЕС БИТ», «БҰЛТ ЗАУЫТЫ», «САБАНТОЙ» сияқты бірнеше әңгімем жүр. Қолымда ол кітапқа кірмегендері де бар. Соларды суырмада босқа сүрлей бермей, кейбіреуін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.

Өскемен әуежайында ығы-жығы халық. Сырттағы сақылдаған сары аяздың сумақай суық қолы қойны-қоншыңды аралап, шықарда сәл тұрсаң шап етіп беттен алады. Түу деген түкірігің жерге жетсе шынымен-ақ шыныдай шытырлап сынып түседі. 

Содан да болар, ызғырықтан ыққан жұрттың бәрі іште ұйлығып, аядай аэропортта ине шаншым орын жоқ. Алматыдан анталап түскен біз, сеңдей соғылыса жүріп, әупірімдеп бір бұрышты сағаладық. Аяғы ауыр әйелімді жүк үстіне жайғастырып, құрттай қызымды қарыма қондырып, билет алуға беттедім.
Кассаның алды ығы-жығы, қарағұрым халық. Кезек деуге келе ме, келмей ме, дөдегесіне «Касса» деп жазылған терезенің көзі құмырсқаның илеуіндей сапырылған жұрттан көрінбейді. Бірін-бірі кимелеп, бірін бірі баса-көктеп, енді біреулері етектен тартып, таласа-тармаса, кеуделеп ұмтылысқандарға қарап, қарадай шайлығасың. Көбінің көзі ағарып алған. Неше түрлі ұлттан құралған, негізі қазақ-орыс тілді қауым бір-біріне қарар емес. «Қайда барасың?», «Өткізбе!» дегендей бірді-екілі үзік-үзік сөздер мен пысылдаған дем ғана естіледі.
Бір жарым жасар қызымды барынша тік көтеріп алып, жасқаншақтай бір басып, екі басып, бүйірден жақындап келіп, анталаған топқа шет пұшпақтап, қыстырылып көріп едім, бір-екі лықсығанда сыртқа шығып қалдым. Алды-артына қарамай, бірін-бірі итеріп, шынтақтап, тықсырып, иінтіресіп тұрады да, билет алған алдыңғы адамды аңдып баққандай, ол бұрылар-бұрылмастан орнын басып қалуға лап қойып, жініге кіріседі. Иықпен сұғына итерісіп сәл тұрған соң мына топтың тегеурініне етім үйрене бастағандай болып, орысшалап: «Өткізіңдер!» деп бар дауысыммен ышқына айғай салдым.
Менің қылқына шыққан жарықшақ дауысым бірден әсер етіп, мойын бұрысып: «Сәбиі бар екен, өткізіңдер!» десіп, бағанадан қатайып, бөшкедегі тұздыққа бұқтырылған қиярдай сықасып, сірескен, ширыққан топтың арқауы бірден босаңсып сала берді, бір сәт ығысып, арасынан маған жол ашқандай болды. Сол әредікті пайдаланып, жан-дәрмен ұмтылып, әйнектің көзіне жақындап, «Зайсанға! Зайсанға! Екі билет!» деп дауыстап, бос қолыммен құжаттарды ұсына бердім. Билет толтырылып жатқан кезде рақымшылық (әрине, маған емес, балама) жасағандарға алғысымды айтып үлгірдім.
Биікке көтерген сәбиіме көзі түскен жұрттың бір сәтке болса да түнерген түндіктері ашылғандай болып, адамшылықтары оянды білем, кейбіреулері: «Қандай жақсы қыз!» «Жыламайды екен!», «Қандай ақылды!»-десіп, еркелетіп-алдарқатқысы келген сыңай танытып жатты. Үйде қалған өз тұқымдары естеріне түскен болар. Бейкүнә сәбиді көргенде бір сәтке болса да жұрттың жүзіне жаймашуақ орнап, жүрегіне мейірімі оралып, көзіне нұр жүгіргендей болды.
Елге баратын екі билет қолға тигесін, оңды-солды рахметімді жаудырып, қаумалаған құрсау-қыспақтан әрең-пәрең сытылып шығып, қызымды жерге түсіріп, үсті-басымызды түзеп алған соң, миықтан күліп, мардамсып, маң-маң басып зайыбыма келдім. Ол болса, қызымызға біреудің шынтағы тиіп кете ме, көп ішінде қысылып-жаншылып қала ма деп, қарадай қорқып, жаны мұрнының ұшында отыр екен, қатты қуанды. Құшақтап, бетінен сүйіп, сағынып қалғандай, жаңа көргендей өліп-өшіп жатыр.
Екеуміздің осындай мәре-сәре күйімізді көлденеңнен киліге кеткен біреу келіп бұзды. Үстінде қарағайдай қара тон. Аяғында барақ жүнді унты. Малақайын милықтата киген, көзі қитарлау. Әйтсе де өңі жылы, сәлемі түзу екен. Тершіген маңдайы мен қолағаштай мұрнын көлдей шытымен қисайта сүртіп тұрып, жақын тарта сөйледі:
-Бауырым, сені кезексіз өткіздік қой. Әлгі жерде елден бұрын «Баласы бар екен, өткізіңдер!» деп алдымен айғай салған менмін. Өзің көрдің. Енді сен де маған бір жақсылық жасап жіберсең қайтеді?
-Жақсы, аға, не көмек керек еді?- деп елп ете қалдым.
-Андағы балаңды бере тұршы, мен де кезексіз билет ала қояйын,- деді ол. Не айтарымды білмей, сасқанымнан әйеліме жалтақтай беріппін. Келген кісі менің былқылдаған сыңайымды бірден байқай қойып, әйеліме бұрылып:
-Келін шырақ, рұқсат етші, айналайын, зекетің кетейін, бір-екі минутқа балаңды бере тұршы, билет алып... шикалат әперейін,- деп бастырмалата жөнелді. Бізді сөйлетпей:.
-Келін айналайын, түктерің кетпейді, дүние кезек...барам да келем... алам да берем... көкешім, шикалат әперем дедім ғой, шикалат!..- деп, қос қолын ұмсына жайып еді, сасып қалған бар болғыр «келіні» құшағындағы сәбиді ұстата берді. Тосыннан табылған танысымыз көзі жаутаңдаған қызымызды қапсырып алды да жөнелді. «Әу» деуге әліміз, «мәу» деуге мұршамыз келмей, аузымыз ашылып қарап қалыппыз. Кетіп бара жатып, қайырылып:
-Аты кім?- деп сұрап барады. Әйелім алдымен тілге келіп:
-Бар, бар, ілес, соңынан қалма! Бар!- деп қалды. Мен болсам:
- Аты –Назым!- деп соңынан қуалай айғайлап келемін, «ағамыз» аршындаған қалпымен бара сала әлгі касса алдындағы қайнаған иірімге қойып кетті. Орысшалап, барқыраған дауысымен:
-Сәбимен кезексіз жіберіңдер! Сәбимен! Сәбимен! Кезексіз жіберіңдер! - деп үздіксіз сөйлеп, сығылысқан топты мұзжарғыштай жарып бара жатты. Қызымды көзіммен құшақтап, состиып топ сыртында қарақтап қала бердім. Біреудің баласына біреудің жаны аши ма, жұрт ішінде жаншылып қала ма деп, қорыққаннан ішім әлем-жәлем болып тұрмын. Қолдан келер қайран жоқ.
Сәлден кейін ол да билет алып шықты-ау!.. Екі езуі жиылмай сөйлеп келеді:
-Рахмет, айналайындар, мың болғырлар, өркендерің өссін... әйтпесе, билетсіз қалар едім, күннің мынау суығында... мынау қақаған қыста, мынау жау жегір қалада... барар жер де жоқ еді... сендердің арқаларыңда... Күршімге жетіп қалатын болдым, аржағында Маралдыға дейін жарты күн... Сендер болмағанда... күнім не болар еді... мына бопаларыңа рахмет... осының арқасы, «аты Назгүл» дедіңдер ме?.. әлде Нағима ма?.. «шикалат әперем» дедім ғой, айтқаным айтқан, енді тез шикалатқа барып келейін,- деп, бұрқырата сөйлеп келіп, баламызды қолымызға ұстата салып, жын қуғандай көптің ішіне сіңіп жоғалды.
-Керек емес! Керек емес!- десіп, дауысымыз құмығып қала бердік. Қызын құшырлана құшып-сүйіп жатқан зайыбыма қарап:
-Шикалатқа бір тоятын болдың...- деп қағыттым. Әйелім:
-Шоколады несі?! Аман қайтарғанына шүкір, -деді.
Көңіліміз жайлап сабасына түсті. Енді мен асықпай жағалап барып, билеттерімізді тіркеуден өткізіп келдім.
Сол сәтте әлгі ағамыз тағы да сап етіп, қасымызға қайта жетіп келді. Үрпиіп қарай қалдық. Келе сала:
-Құрысын! Буфетке барсам онда да шұбырған кезек! Қаптаған халық... Өте алмай... Шикалатқа қол жетпей... Ала алмай... Сендерге өтірікші болмайын... Одан да өлгенім артық... Андағы баланы бере тұрыңдаршы, кезексіз алып келе қояйын! Шикалат бар екен. Көрдім! Сөреде тұр! Кәне, қызыңды бере тұр... казір... жылдам әкелем...Кәне, Нағима, келе ғой!..- деп, енді тіпті билеп-төстеп, баламызға қолын соза бастады. Екеуміз жарыса:
-Жо-жоқ, аға, енді бере алмаймыз, шокалад та жемейміз... керек емес!- деп теріс бұрылып, ат-тонымызды ала қаштық.
-Бауырым, онда жүр, екеуміз жүз грамм ішейік! Өзім сыйлаймын! Келінге шикалат ала келеміз,- деп ол енді менің өзіме жармасты.
-Аға, рахмет. Ондайды татып алмаймын!- деп азар да безер болдым. Ол да қояр емес:
-Ештеңе етпейді, сендер ішпесеңдер - мен ішемін... Сендер жемесеңдер - андағы Назгүл жейді, қане, баланы беріңдер...- деп, түп етектен алып, баса-көктеп бара жатыр. Түріне қарасаң, тіпті, қызымызды әбден иемденіп алған сыңайлы.
-Жо-жо-жоқ, рахмет, аға! Ол да жемейді!.. Диотез!.. Болмайды!.. Диотез!- деп шыр-пырымыз шықты.
Қызымызды екеулеп құшақтап, балапанын қорғаштаған тауықтай құрқылдап, қанатымызбен күргейлей бастадық. Абырой болғанда, диктордың дауысы естіліп, Зайсанға ұшатын рейске отырғызу басталғанын хабарлай қойғаны... Қуанғаннан қос өкпемізді қолтығымызға қысып, ұшаққа өтетін қақпаға қарай баламыз бен жүгімізді сүйрелей қаштық.
Аяқ-астынан тауып алған танысымыз да бір нағыз кең қолтық қазақтың өзі екен:
-Сәл тұра тұрсаңдаршы... Шикалат әперем дедім ғой! Шикалат! Қазір барасыңдар ғой... Не болды сонша?.. Міне, қазір!.. Шикалат!..- деп қасымыздан қалмай, жүгімізді сүйресіп, қорбаңдай басып, қоңқылдай еріп келе жатты.
... Содан бері отыз жылдан асса да Өскеменнің әуежайына кірсем болды сол бір көзтаныс ағамыздың ебедейсіз бейнесі көз алдыма келеді. Касса алдында иінтірескен көптің ішінен шыға келіп, "шикалат" деп құшақ жайып, бас салатындай көрінеді. Міне, бүгін де туған жерге ат басын тіреп едім, есіме сол бір оқиға түсіп, қалай мырс еткенімді өзім де байқамай қалдым. Қасымдағы қарсы алған жиенім оны басқаша жорып:
-Иә, аға, «Әуежай» деген жазу шынында да қызық. Орыстар оны «Э, уезжай» деп қате оқитын көрінеді,- деп күлді...
Менің көзіме сөредегі «шикалат» елестеп күлгенімді ол қайдан білсін?..
Ұ.Е.2014

(Ұлықбек Есдәулеттің Фейсбуктегі жеке парақшасынан алынды)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377