... ОЛАЙ БОЛСА, ӨЗГЕРТУ КЕРЕК
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауын «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жолдағаны ҚР Конституциясына қайшы деген пікір жазған едім. Бір бауырымыз «Ол жазғаның дұрыс емес, Конституцияда Президенттің белгілі бір жерде ғана Жолдау арнайтындығы нақты белгіленбеген» деді. Енді бір азамат «Президент қай кезде, қай жерде, қай уақытта Жолдау жолдаймын десе ерікті. Мен ешқандай заң бұзушылық көріп тұрған жоқпын» деді. Олай болса, нақты талқылап көрейік. ҚР Конституциясының 5-бабының 2-тармағында «Қоғамдық бірлестіктер заң алдында бірдей. Қоғамдық бірлестіктер ісіне мемлекеттің және мемлекет ісіне қоғамдық бірлестіктердің заңсыз араласуына, қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік органдардың қызметін жүктеуге жол берілмейді» деп жазылып тұр.
Біріншіден,саяси партия да қоғамдық ұйым. «Қоғамдық бірлестіктер заң алдында бірдей». Демек, бұл жерде Президенттің белгілі бір партияның жетекшісі болуының өзі барлық партиялардың тең құқықтығын қамтамасыз етпейді. Екіншіден, «қоғамдық бірлестіктер ісіне мемлекеттің және мемлекет ісіне қоғамдық бірлестіктердің заңсыз араласуына жол берілмейді» деп тұр. Конституцияның 40-бабы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті - мемлекеттің басшысы. Мемлекет басшысының белгілі бір партияның басшысы қызметін атқаруы қоғамдық бірлестік ісіне мемлекеттің араласуы болып саналады. Үшіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің жалпы жиналысына, яғни партияның ішкі жұмысына Мемлекет басшысы – Президент ретінде қатысуға тиіс емес. Партияның ішкі тәртібін реттейтін жиынға Президент ретінде қатысуы ҚР Конституциясының 5-бабына қайшы келеді. Ал егер, Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің жалпы жиналысына оның төрағасы ретінде қатысқан болса, онда халыққа Жолдауды сол жиналыста жасамауы керек еді. Партияның ішкі тәртібін реттейтін жиында халыққа Жолдау арнауы Конституцияның 44-бабына қайшы. Себебі, ол бапта «Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды» деп жазылып тұр. Бұдан шығатын қорытынды: Конституцияны өзгертіп, «Президент өзінің мемлекет басқару қызметін атқару уақытында қандай да бір партия жетекшісі де бола алады» деген сөз қосу керек. Не болмаса, Президент «Нұр Отан» партиясының басшылығынан бас тартуы тиіс.
Мақсат Ілиясұлы,
заңгер, Қазақ Ұлттық кеңесі төрағасының орынбасары
Abai.kz