Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 10066 0 пікір 6 Қараша, 2014 сағат 00:31

ЕСАҒАҢ ЕСКЕ ТҮСКЕНДЕ...

  Өмір болған соң бұл Жалғанға жұмырбасты пенделердің келіп-кетуі үйреншікті жағдай.  Оған адамзат баласы мойынұсынғаны қашан. Десек те, ұлы Қадыр ақын:  «Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып, Және жылап өледі, өзгені де жылатып. Жылайтыны туа сап, ─ жамандар бар қинайтын, Жылайтыны өлерде ─ жақсылар бар қимайтын»  деп жырлағанындай   өлімге қимайтын жандардың асыл бейнелері қайта-қайта көңіл түкпірінен бой көтеріп, сағыныш отын үрлейді екен.  Міне,  менің есіме халқымыздың аса талантты ақыны Есағаңның, Есенбай Дүйсенбаевтың  бейнесі елестей берді.  Көрнекті ақын ағам дүниеден өткенде сағынышты лебіз білдірген де жоқпын. Бәлкім, ақын ағамның өмірден өткеніне сенгім келмегендіктен болар. Шынында да солай. Мен үшін Есенбай ақын әлі күнге тірі жүргендей елестейді. Онсыз да тіршілігінде Есенбай ақын шулы да нулы ортадан жырақ жүретін. Тіпті кезінде өзім қызмет жасаған Қазақстан Жазушылар одағының поэзия кеңесінің отырысына да аса қажет жағдайда болмаса бас сұқпайтын. Қатыса  қалса бәз біреулерше өзеуреп, көсемси сөйлеп көрінуге тырыспайтын. Өзі мәңгілік жырлап өткен «бозала таң Бозторғайындай» келгені де кеткені елеусіз болатын.

     Есағаммен таныстығым, ол редакторлық жұмыс істейтін «Жалын» баспасында жатқан «Қарлығаш» атты жас ақындардың топтама жыр жинағында бір топ өлеңдерім жарық көргеннен кейін басталды.  Бұл 1995 жыл болатын.  Бұл өлеңдер содан тура 10 жыл бұрын 80-жылдардың орта тұсында «жабық рецезиялардан» «аман-есен» өткенімен баспа қоржынында ұзақ уақыт жатып қалды. Есағаң осы баспаға келгенге дейін талай редакторлар уәде бергенімен,  әйтеуір «көзі» ашылмай-ақ қойған болатын.

Тіпті оның жарық көруінен де күдерімді үзіп қойғанмын. Алайда, Есағам баспада «сүрленіп» жатқан қолжазбамды қайдан тапқанын білмеймін, кітап боп жарық көргенде бір-ақ білдім.  Маған деген жанашырлығын кейін де «Жазушы» баспасынан «Көркем әдебиет» сериясымен шыққан «Күн бесінге құлағанда» атты жыр жинағыма да көрсетті. Өзі сұратып алған аталмыш  қолжазбам баспа қоржынында  3-4 жыл қозғалыссыз жатып қалды. Есағам баспаның мемлекеттік тапсырыс тізіміне әлденеше рет енгізгенімен, әрең дегенде 2008 жылы  жарық көрді. Мен ғана емес, сол жылдары жыр жинақтары жарық көрген біраз қаламдастырым да менің күйімді кешіпті. Олардың да қолжазбаларын  Есағам өзі бастамашы болып алдырып, «әупірімдеп» жүріп әрең өткізсе керек.

      Бір айта кетерлігі, Есағаңның редакторлығымен жарық көрген қандай шығарма болсын эстетикалық талғамға толық жауап беретін ерекшелігімен есте қалады. Әсіресе, редактор ретінде қатаң талап қойғыштығы ерекше еді.  Әрбір сөздің, тыныс белгілерінің өз орында болуына сергек қарайтын. Әлі есімде, баспаға өзім әлденеше рет қарап, «тап-тұнақтай» етіп тапсырған «Күн бесінге құлағанда» атты қолжазбам «шиедей» қып-қызыл болып шықты. Қарап отырып, өзім ұялдым. Есағамның алдында «сауатсыздығымды» ашық мойындап, осы қолжазбамды естелікке сұрап алдым. Менің жеке архивімде сақтаулы. Анда-санда осы қолжазба арқылы сауаттылығымды тексеріп отырамын. Кәдімгі көмекші құрал ретінде пайдаланып келемін.   

    Есағам, Есенбай Дүйсенбаев жайында айтылар ойлар аз емес. Мына бір оқиға да ақын бейнесін тағы бір тамаша қырынан көрсетсе керек. Аздап шаршаңқырап келген талантты ақын інісі Жұматай Жақыпбаев Есағаңа өтініш білдірсе керек.  Ақынның «патша көңіліне» риза болған Жұматай ақын «Енді мен Есенбай Дүйсенбаев атындығы сыйлықтың лаураетымын» деп мақтаныш етіпті. Шынында да Ақын есімін ұлықтау мақсатында Қазақстан Жазушылар одағында талантты жас ақындарға «Есенбай Дүйсенбаев» атындағы сыйлық тағайындаса әбден оң болар еді.

     Жалпы Есағаңның ақындығы сонау студент кезінде-ақ мойындалып,   өз ортасында «кіші Абай» деген атқа ие болыпты. Абай демекші,  2004 жылы Алматы қаласы әкімдігі ұлы Абайдың туған күніне байланысты жабық түрде жыр мүшәрасын жариялады.  Шамамен 100-ге тарта ақындар қатысты. Сол мүшәйраның  Бас жүлдесін жеңіп алдым.  Соның өзін әділқазылар  құрамындағы көрнекті ақын ағаларым  Сәкен Иманасов, Есенбай Дүйсенбаев, Рафаэль Ниязбековтер менің кандидатурамды  тартыс-таласпен әрең өткізіпті. Қазақ ертегісі тақырыбынан докторлық қорғаған қалалық әкімдіктің әдебиетші  әлдебір шенеунігі біраз қарсылық танытыпты. Мүшәйраны Қадыр, Тұманбай ақындарды қатыстырып, қайта өткізу керек деп, күш көрсетіпті. Шамасы,  ол алдын-ала бірулерге «бас жүлдені алып беремін» деп уәде беріп қойса керек. Алайда  Есағаңдар  өз пікіріне табандап тұрып алған. Тіпті, оның көзінше 2- рет жасырын-жабық дауыс беру өткізген екен.

     Иә, Есенбай ақын жөнінде, әсіресе оның поэзиясы жайлы кезінде айтудай-ақ айтылды, жазудай-ақ жазылды. Қазақстан Жазушылар одағының Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың да лаураеты болды.  «Мақтап тұрып мақтамен бауыздайтын» қазақ емеспіз бе?! Кезінде Есағаңды қаламдастары Мемлекеттік сыйлықтан да «құлатқаны» есте.  Алайда, оның өлеңдері  Махамбет, Абай, Қасым, Мұқағали, Сырбай, Сағи, Фариза ақын жырдарындай бізбен бірге таң атырып, кеш батырып, өмір сүріп келеді. Осынау сүреңсіз дүниеден жылылық іздегенде  Есағаңның жырлары бойға қуат береді,  жүрекке шуақ себеді. Ақын өлеңдері бозала таңда жырлаған бозторғайдай  жанымызды бір рахат сезімге бөлейді. Мәселен, төменді өлеңді бірге оқып көрелік.

Жақсылық жерде қалмас-ты,

Жаралған содан заманда.

Атымтайларша алғашқы,

Көмектесейік адамға.

 

Көжесіз кезден құтылып,

Көгерді бақ та, талан да.

Көкейдің мұңын сыпырып,

Көмектесейік адамға.

 

Жайқалар ма еді тал-шгыбық,

Көңілдің күні нұр атпай?!

Жасайық, достар, жақсылық,

Жалындырмай да сұратпай.

 

Кісілік жылу-мейірім,

Сатулы емес десек те.

Садаға кеткір пейілін,

Салатындар бар есепке,

 

Кес-кестеп алдан сол мысық,

Кесел боп бағар қадамға.

...Жеңісімен де қол қысып,

Жел берейікші адамға.

 

Шуақсыз өсер жоқ терек,

Шулатып жапырақ, самалға.

Әсіресе көмек көп керек,

Ақкөңіл,  адал адамға.

 

Жауқазын гүлдей майдағы,

Жақсылық ─ нәзік ару-ды.

Арамдық әркез айлалаы,

Қаталдық әркез қарулы.

 

Қайрымдыларға жаны жоқ,

Қайда да салмақ түскен көп.

Көмектесейік...

Әрқашан  Ар мен Әділет,

Шығуы үшін үстем боп!

Иә,  «әрқашан да Ар мен Әділет үстем болу үшін» күресіп өткен ақын жырлары   ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні сөзсіз.

Серікжан ҚАЖИ, ақын

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357