Қазгидрометтің қысқа болжамы
Қазгидромет 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпан-наурыз айларына дейінгі ауа райына арналған консультативтік болжамын ұсынды.
Мамандардың алдын ала деректеріне қарағанда, еліміздің басым өңірлерінде қыс қоңыржай жылы өтеді. Жауын-шашын мөлшері көбіне климаттық нормаға сай болады. Дегенмен, кей кезеңдерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ, тұман және мол жауын-шашынның түсуі ықтимал.
Қыс айларында ауа температурасы жиі құбылады: жылы күндер аязды толқындармен алмасып отырады.
Желтоқсанда не күтіледі?
Алдын ала есеп бойынша желтоқсан айы жылырақ болады, жауын-шашын да норма шамасында.
Ауа температурасы:
- Елдің басым бөлігінде – нормадан 1-2° жоғары;
- Оңтүстік-шығыс өңірлерде (Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Қарағанды мен Абай облыстарының оңтүстігінде, Қызылорда және Ұлытау облыстарының оңтүстік-шығысында) – нормаға сай.
Жауын-шашын:
- Республиканың көп бөлігінде – норма шамасында;
- Қызылорда облысының басым аумағында, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында, Қостанай облысының оңтүстік-батысында және Ұлытау облысының батысында – нормадан аз.
Кей күндері қар, жаңбыр аралас жауын-шашын түсіп, бұрқасын мен қатты жел тұруы мүмкін. Сондай-ақ көктайғақ пен тұман жиілейді.
Антициклондардың әсерінен кей өңірлерде жауын-шашын тоқтап, ашық аязды күндер орнайды.
Айдағы ең суық кезең:
- Желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңында елдің солтүстігі, шығысы және орталығында түнде 23-28°, күндіз 13-18° аязға дейін төмендейді.
- Екінші және үшінші онкүндіктерде сол өңірлерде түнгі температура 15-20° аяздан 5-10° аязға дейін құбылады. Шығыста кей күндері түнде 25-35°, күндіз 15-20° аязға дейін күшейеді.
Батыс және оңтүстік өңірлерде:
- Ай басында күн жылы – күндіз 5-10° жылы;
- Онкүндік соңында 12-17° аязға дейін суытады;
- Одан кейін түнде 0-5° аяз бен 7-12° аяз аралығында ауытқу болады, күндіз 0-8° жылы сақталады.
Қаңтардағы ауа райы
- Елдің көп бөлігінде ауа температурасы – норма шамасында;
- Шығыс аймақтарда (Абай, Жетісу, Алматы облыстары, сондай-ақ Қарағанды мен Павлодар облыстарының шығысы) – нормадан 1° төмен.
Жауын-шашын:
- Көп өңірде – нормаға сай;
- Оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктері аймақтарында – нормадан көп.
Ақпан және наурыз қандай болады?
2026 жылдың ақпан-наурыз айлары жылырақ өтеді деген болжам бар. Жауын-шашын мөлшері көбіне қалыпты болады.
Тек наурызда оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын нормадан көп түсуі мүмкін.
Қазгидромет мамандары қатты жауын-шашын, жиі еритін қар және аяздың алмасуы топырақ пен қар қабатында мұз қатуы мүмкін екенін ескертеді.
Бұл құбылыстар 2026 жылғы су тасқыны кезеңінің өтуіне кері әсер етуі мүмкін, сондықтан мамандар жағдайды жіті бақылап отырмақ.
Abai.kz