Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 10235 0 пікір 28 Қазан, 2014 сағат 14:05

ҚОЯНДЫ ОҚИҒАСЫ: АРАНДАТУ!



Кеше "31" телеарна Астана маңындағы Қоянды ауылында алаяққа ұрынған оралмандардың заңсыз жер телімдеріне үй салып жатқандығын хабарлады. Өзін "Кулагинның тікелей өкілімін" деп таныстырған Аякоз Шнейдер есімді әйел әр жер телімін 3500 долллардан саудалапты. Не ақшасын ала алмай, не жер теліміне ие бола алмай қалған қандастарымыз жергілікті әкімдіктің мұндай бассыздыққа көз жұма қарағандығын айтады. Соңғы кездері Қоянды маңында болып жатқан оралмандарға қатысты оқиғалар Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинның есімімен қатар аталып жатыр. Көзі қарақты жұрт мұны Қазақ көшіне жасалған қасақана арандату деп жар салуда. 

Әміржан Қосанов, саясаткер:

Қояндыдағы оқиғаның бірнеше астары мен себебі бар деп ойлаймын.
Біріншіден, бізде Заңда мемлекеттік мұқтажға байланысты ғимараттарды, оның ішінде, жеке меншіктегі үйлерді сүріп тастау механизмі жөнді реттелмеген. Дәлірек айтсақ, ол процесте мемлекеттің мүддесі азаматттардың мұң-мұқтажынан анағұрлым биік тұр, бюрократиялық белден басу басымырақ. Осы жағын реттеп алмасақ, болашақта да дәл осындай қақтығыстар мен наразылық акциялары орын ала бермек. Үй сүріле ме, олай болса үй исесіне алдын-ала барлық жағдай жасалуы тиіс!
Екіншіден, Қояндыдағы біраз ағайын өз еліне оралған отандастар екен. Осы жайт осы оқиғаға ерекше реңк беріп тұр. Меніңше, осы жағына баса мән беру қажет. Отандастарды ренжітуге болмайды!
Үшіншіден, бар жауапкершілік жергілікті әкімдік жағында. Өйткені, жерге құжат берген де - сол, енді сол шешімді қайта қарап жатқан да -сол. Мұның өзі халық жағынан әкімдерге тиісті бақылау жоқтығынан болып отыр. Егер де сол әкімдерді жұрт өзі сайлап алатын болса, ол шенеуніктер басқаша сөйлеп, басқаша қимыл-әрекет жасар еді ғой.
Төртіншіден, Астанадан 18 шақырым жердегі жерге байланысты осы дау-дамай елорда маңындағы жерге қайта ревизия жасап, оның болашағын анықтап, жер телімдерін бөліп беру мәселесін ыждағаттап алу туралы әңгімеге себеп болып жатыр. Астана, сөзсіз, өсіп, ұлғайып келеді. Сондықтан Қоянды оқиғасы екінші «Шаңырақ» оқиғасы боп кетпеуі үшін бүгіннен бастап тиісті алғышарттар жасау керек!

Ауыт Мұқибек, ақын: 

Ақмола облысы Қоянды ауылындағы жер дауы туралы ақпарат құралдары, оның ішінде «31 арнаның» жаңалықтары әлде неше мәрте хабар таратты.
Дауға себепкер облыс әкімі Сергей Кулагиннің атын жамылып, шетелден келген ағайынға арзан жер таратқан Аягоз Шнейдер дейтін әйел көрінеді. Ол әйел жақында ғана қамауға алынып, үстінен алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанға ұқсайды.
Оның қолына, аз емес, 80-нен астам отбасы 10 сотық жер үшін 150 мың доллар санап беріпті...
Дау шынымен де осылай өрбіген болса, енді алданған қандастарымыздың барып, иен далаға үй сала бастауы, әрине, дұрыс емес. Заңсыздық!
Бірақ, «Ауылының ортасынан 15 гектар жерді ойып алып, елге үлестіріп жатқанда, жергілікті билік – ауыл әкімі қайда қарап отырған?! Осы жердің заңды иесі "Самғау" компаниясы не бітіріп жүрген?!» деген сұрақ кім-кімді болса да ойлантпай қоймайды.
Қазақ көші қайта жанданады деген соң, қандастарымыздың келуіне қарсы қаскөнемдер оралмандарды жағымсыз етіп көрсету үшін жасап жатқан арандатулар ма деп те ойлайсың.
Ашығын айту керек, бізде халықтың заңдық сауаты төмен. Оның үстіне алыстан келген ағайындармен жұмыс жүргізу, оларды бейімдеу шаралары соңғы жылдары мүлдем жүргізілмейтін болды. Ауылына шеттен келіп жатқан ағайындардың халын сұрап, қазақы жолмен үйіне бас сұғу деген біздің әкімдерде жоқ қасиет.
Сондықтан, бұл жерде оралмандармен жұмыс істей алмаған, өз аумағын қорғауды білмеген, мәселені алдын-ала құзырлы орындарға мәлімдемеген ауыл әкімін де жауапкершілікке тарту керек!
Ал, заң орындары қандастарымыздың алданған ақшасын өндіріп, өздеріне қайтарып берсе, олар бірден сабасына түседі.

Жүкел Хамай, ақын: 

Бұл оқиғаны Кулагин және оның айналасындағы жерге көзі тоймайтындар әдейі жасады. Ағайындардың үйін бұзу (бұл енді шаңырағын қастерлейтін қазаққа түгілі өзгелерге жат нәрсе) неліктен Президенттің шетелге іссапармен кетуіне орайластырып жасалды?! Бұл саяси астары бар бөлек мәселе. Және де, бұған дейін де өзінің алаяқтық әрекетімен қазақ БАҚ-тарын шулатқан Кулагиннен біздің Президент неге құтылмайды? Бұл да қарапайым жұртқа еш түсініксіз дүние. Ал жалпы көші-қон саясатына келер болсақ, соңғы 14 жылда бұл төңірекке қордаланған мәселелер шаш етектен. Бұны да екі жақты қарастыру қажет. Және де қазақтың мемлекеттік мәселелрі де осыған орйластырылып, қайта қарау, қайтадан заң нормаларын жаңалау мәселесі кезек күттірмейді. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610