Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 53248 0 пікір 27 Қазан, 2014 сағат 11:30

БАЛУАН ШОЛАҚ

Жастайынан жұрт назарына ілігіп, есімі шартарапқа жайылған қазақтың атақты ұлы Балуан Шолақ дүниеге келгелі бір жарым ғасыр болды. Жауырыны жерге тимеген палуан, ауыр салмақ көтеріп өнер көрсеткен алып күш иесі, ат құлағында ойнаған, шауып келе жатқан ат үстінде күрделі цирктік көріністер жасай беретін, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген спортшы-өнерпаз. Және адуынды ақын, ғаламат әнші-сазгер. Сегіз қырлы, бір сырлы тарлан. Оның аты көзі тірісінде-ақ аңызға айналған еді. Бір басындағы осынша өнер түрін ол жігіт шағынан қатар дамытып, ерен қабілетімен жұрт көзіне ерте түсті. Әуелде қара күшімен, белдесіп күресудегі шеберлігімен танылды. Сосын ән шырқауға құмарлығын көрсетті. Одан салдық құрып, ел аралады.   Қасына қилы өнер дарыған талантты жастарды жинады. Сөйтіп,  әнші, күйші, палуандар тобымен ауылдан ауылға ауысып сауық-сайран жасап жүруді дәстүрге айналдырды.

Оның күреске он төрт жасынан түсіп, небір алып қарсыластарын жығып жүргенін,   шауып келе жатқан жүйрік ат үстінде шалқалап жататынын, ер үстінде түрегеп тұрып, немесе аяғын көкке көтеріп  төбесімен тұрған қалпы шабатынын, жүйткіген аттың біресе оң жағынан, біресе сол жағынан жерге түсіп, қайта мінетінін, ат бауырынан жеңіл айналып өтетінін жұрт тамсана әңгімелейтін. Оның цирк өнеріне тән спортшылық ептілікті шебер игергендігімен қоса, бойындағы күштің жойқындығын неше түрлі амал-тәсілмен көрсететіні, елу бір пұт кір тасын көтергені, орыстың әйгілі кәсіби палуаны Кореньді (өз айтуында – Каронды) жығуы мысал етілетін. Ол Көкше алқабының дүлдүлдері Біржан сал мен Ақан серіні ұстаз тұтты. Олардың  әндерін нәшіне келтіре орындады. Өзі де өлең, ән шығарып, әуелете шырқады.  Оның даңқы Көкшетау өңірінен асып, күллі қазақ өлкесіне тарады. Шартарапта барша жұрт оны құрметтеп қарсы алып, төбесіне көтерді. Өнеріне сүйсінді. Көргендерін, естіген-білгендерін аңыз етіп айтып, ауыздан-ауызға жеткізді. Сөйтіп ол көзі тірісінде-ақ аңызға айналды.

Оның шын аты Нұрмағамбет болатын. Баймырза баласы Нұрмағамбет. Балалық шағында бір оқыс оқиғаға ұшыраған екен. Құрбыларымен алау басында арқан тарту ойынын ойнап жүргенінде. Арқанның екінші ұшынан тырмыса тартысып тұрған құрбыларына бір өзі дес бермей,  қарсыласқанында. Арқанды қатты жұлқып қалғанында  бар серпінімен отқа құлап, бір қолының саусақтарын  күйдіріп алған көрінеді. Күйген қолы көпке дейін жазыла қоймай, шаруаның бәрін бір қолымен істеуге мәжбүр болған. Сонысына қарап балалар оны Шолақ деп атап кетеді. Ал одан көп ұзамай, белдескен теңдесінің бәрін, тіпті өзінен үлкен жігіттерді де күресте емін-еркін жығып көзге түскенінде, әуелде құрбы-құрдастары, сосын ересек әлеумет те әлгі атауға Балуан деген анықтаманы қосып айтатын болған. Сөйтіп Нұрмағамбет Баймырзаұлы осылай, замандастарының аузымен, жас шағынан-ақ Балуан Шолақ атанып кетіпті. Бір аңыз бойынша, ол бозбала шағында ересек ағайынымен бірге тау етегінен қанат жайған базарға келеді. Әлдебір жаршы ширақ айқайға басып, өзі арнайы ертіп әкелген орыс палуанымен күресуге тәуекел ететін талапкерлерді шақырып жатқан. Бәске бір қойдың құны – бір сом тігіледі. Шолақ ойланып жатпастан ортаға ұмтылады. Бірақ палуанның алдына жете бере киімінің етегіне шалынысып құлап түседі. Сөйтіп күреспестен ұтылады. Намыстанып, ертеңіне тағы келеді. Сонда оны мұқатпақ болған палуан бәс мөлшерін күрт сегіз сомға көтереді. Бала оған тоқтамай, шапанын шешіп тастап, белдесуге шығады. Шығады да, палуанды лезде жерге алып ұрады. Жұрт риза болып шу ете түседі, шапан үстіне ақшаны үйіп тастайды. Содан, базарға шартараптан келген көпшіліктің арқасында, Балуан Шолақтың даңқы қырды жайлап кетеді...  

Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы 1864 жылы туған. Алғашқы ресми анықтамалықта (Қазақ Совет Энциклопедиясы, 2-т., 1973, 140-б.)  еліміздің оңтүстік өңірінде – қазіргі Жамбыл облысы аумағындағы Хан тауының маңында дүниеге келді деп көрсетілген екен. Алайда, бірқатар зерттеушілер (Е.Мырзахметов, З.Қоспақов, Ж.Бектұров, Б.Қыдырбекұлы) 1998 жылы жарық көрген «Балуан Шолақ» жинағына (құрастырған С.Оспанов) енген жұмыстарында бұл деректің жаңсақтығын дәлелдейді. Көзкөргендердің естеліктеріне сүйене отырып, нақты дәйектер келтіріп, оның Сарыарқа тумасы екенін әңгімелейді. Мәселен, жазушы Жайық Бектұров: «Балуан Шолақ өлгенде біз сегіз-тоғыздағы естияр баламыз. Ауыл арасы жақын. Шолақтың есімі де, ат үстіндегі тұлғалы елесі де біздің көзімізге, көкірегімізге ерте қонған» дейді. Оның жазуынша,  Балуан Шолақ Ақмола облысының Макин (бүгінгі Бұланды) ауданы аумағында туып-өскен. Бурабай мен Ақкөл арасында ертеде Үйсін, Жағалбайлы, Жалайыр, Алшын, Естек ауылдары болған. Солардың ішіндегі Үйсін ауылы Елтай темір жол стансасы сыртындағы Тастыөзек деген шұрайлы қойнаудан орын тепкен. Балуан Шолақтың ата мекені – сол. Кезінде кіндігі кесілген шаңырағы орналасқан орынға кейін Қызыл кордон селосы салынған көрінеді. Дегенмен «қарағайлы, қайыңды орман, бұлақты өзек қойнауындағы» Балуан Шолақ туып-өскен «ауылдың орны, көңі әлі күнгі көп төмпеш болып сайрап тұр». Балуан Шолаққа туыс болып келетін нағашы атасының әңгімелерін жазушы Естай Мырзахметов еске алады. Көптен естіп-білгендерінің жоғарыдағы пікірге саятын негізгі арқауын  алға тартады. «Балуан Шолақ атына бала жасымнан құлағым қанығып та, сол бір қызыл нардың әруағына тәңірдей табынып та өскен жанның бірімін», – дей келе, өзінің көп жәйтке жастайынан куә боп өскендігін көрсетеді. Әулеттік естеліктерді келтіреді, белгілі зерттеушілердің қателескен тұстарын дәлелді сынға алады. Жетісуға келген сапарында Балуан Шолақты көрген адамдардың әңгімелерін жазушы Балғабек Қыдырбекұлы жас кезінде көп тыңдаған екен. Сондағы естігендерін  шежіре деректерімен байланыстыра отырып, Балуан Шолақтың бабаларының «Арқаға Шу бойынан көшкенін», ал «онда туған төртінші ұрпақ» Шөкең екенін айтады. Балуан Шолақ «Көкше баурында дүниеге келген» дейді ол сенімді түрде. Бұған бұлтартпас дәлел ретінде ақын-сазгер-әншінің өз сырына – Жетісуда қалған өлеңіне сілтеме жасайды.  Сондағы: «Қотыршортан – мен туған – жердің құты» деген жол Шолақтың кіндік қаны қайда тамғанын анық көрсетеді...

Осындай дәйек-дәлелдер нәтижесінде болар, 1999 жылы шыққан «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясында (2-т., 128-б.) Балуан Шолақтың туған жері Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы деп түзетілген. Сонымен, Балуан Шолақтың   туып-өскен өңірі – Арқа, Көкше аймағы. Бұл жаққа аталары оңтүстіктен бірер ғасырдай ілгеріде көшіп келген. Әкесі Баймырза өз төңірегіне танымал ағаш шебері болыпты. Тапсырыс берушілерге шаруашылықта, тұрмыста қолданылатын түрлі жабдық, құрал-сайман, бұйымдар жасап берумен шұғылданса керек. Шешесі Қалампыр үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқан, әйел болғанмен ерге бергісіз  күші бар қарулы кісі екен.  Балуан Шолақтың теңдессіз күш иесі болуы осынау анасына тартқандығынан деседі.

Жоғарыда айтқанымыздай, азан шақырып қойылған есімімен Нұрмағамбет аталып жүрген жеткіншек кезінде-ақ оның есімі ел аузына  палуан ретінде ілігеді. Өйткені өз қатары түгіл, жиырмалардағы жігіттерді де күресте жығып кете берген. Палуандығына қосымша, ат үстінде цирк ойыншыларынша өнер көрсететіні де жұртты разы ететін. Мәселен, шауып бара жатқан атқа тұра ұмтылып, көз ілеспес жылдамдықпен мініп алатын да, ат үстінде түрегеліп, қаққан қазықтай қадалып тұра қалатын. Шапқан беті аттың бауырынан айналып, алқымын орап өтетін. Аңыз-әңгімелердің бірінде Балуан Шолақтың қалың топ алдында өзіндік бір өнер көрсеткені баяндалады. Шабандоз атпен шауып келе жатқан бойы үстіндегі сырт киімін шешіп, жан-жағына лақтырады екен. Сосын  айылды ағытып,  астындағы ер-тоқымды жерге тастайды. Сөйтіп, жайдақ атпен шапқан бойда топ алдына келеді де, кері бұрылады. Әлгінде әр жерге шашып кеткен әбзелдерді іліп алып, шауып келе жатқан беті атын ерттейді, киімдерін жинастырып, ат үстінде киінеді...

Балуан Шолақ дала жұртын осындай ептіліктерімен таңғалдырған. Оларының үстіне, ән-күйге деген құштарлығы да ерте оянуы себепті, әншілігімен де тез танылды. Ол даңқтары жалпақ ел-жұртқа кең жайылған жерлестері Біржан сал, Ақан сері іспетті жарық жұлдыздардың әндерін бабына келтіріп, тамылжыта орындауымен көпшілік көңілінен шыққан екен. Яғни, әнші ретінде де халықты жастайынан аузына қаратқан. Ол осындай, бір бойына бірнеше өнерді жинақтаған талант ретінде танылады. Сан қырлы дарыны дами келе, қасына кілең өзіндей өнерпаз жастарды топтастырып, бейне-бір ансамбль іспетті өнер көрсетеді. Ауылдарды ұжым боп аралап, думандатып, ойын-сауық жасауды әдетке айналдырады.  Өзінің сауықшыл жігіттерімен бірге ел ішіне жиі шығады. Ән-күйді шалқытып, Сарыарқа төсінде сал-серілерше сайрандайды. Қараөткел, Көкшетау, Қарқаралы, Баянауыл, Семей өңірлерін, Сарысу бойын мекендеген ауылдарды аралап, ән шырқайды, өнер көрсетеді. Барған аймақтарында жергілікті небір өнер адамдарымен танысып, шығармашылық және  орындаушылық жетістіктерінің қыр-сырларымен бөліседі.

Ол Арқа өнерпаздарының қалың жұртшылықтың ыстық сүйіспеншілігіне бөленген әншілік-шығармашылық дәстүрлерін берік ұстанды. Біржан мен Ақан секілді аға ұрпақ әндерінің үздік орындаушысы, тиісінше – теңдессіз насихатшысы болды. Әрі, ел қадірлеген ақын-сазгерлердің әндерін әнші ретінде сүйіп орындаумен шектелмей, өз жанынан да өлеңдер мен  әндер шығарып айта бастайды. Оның «Көкшетау», «Желдірме», «Ащылы айырық», «Дікілдек», «Қос перне», «Құлан кісінес», т.б. көптеген әндері Арқа өңіріне кеңінен тарап кетеді. Халық Балуан Шолақтың музыкалық шығармашылығын ыстық ықыласпен қабыл алады. Өйткені оның әндерінің әуезі өзгеше еді, оның әндерінің өзегінен автордың өзінің асқан зор күшін, қайратын, батылдығын паш ететін жігерлі сарын, құштарлық лебі есетін. Сондықтан да, өршілдік танытатын әуеннен түзілген бұл әндер тыңдаушысын бірден елең еткізіп,  тез баурап алатын еді.

Өмірінің елеулі кезең-белестерін Балуан Шолақ әрдайым әндеріне қосып отырған. Солардың ішінде өзінің күш-қуатын мақтан ететін тұстар да бар. Бұл ретте үлкен жиында 816 килограмм салмақ  көтеріп («Кешегі сентябрьдің базарында Көтердім елу бір пұт кірдің тасын») жұртты таңырқатқаны және бәс тігіп – өз жанынан үлкен қаржы шығарып – орыстың әйгілі палуанын жыққаны («Қалтамнан жетпіс бес сом залог салып, Сындырдым Карон балуан қабырғасын») көбірек айтылады. Зерттеушілер бұл оқиға 1899 жылы орын алды деп есептейді. Балуан Шолақ орыс палуаны Иван Кореньмен белдескенінде 35 жаста еді деп түйеді. Ықтимал. Дегенмен,  ақын-сазгердің бір өлеңінде («Балуан Шолақтың әні», 4-ші түрі) өзінің мақтан сөздерін: «Бұл күнде жиырмада менің жасым, Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын», – деп бастап, жырын одан әрі қарай әлгі жоғарыда келтірілген жолдармен шумақтайтыны да бар. Егер аталмыш зілмауыр тасты көтеруі мен атақты палуанмен күреске түсуі, сол әнінде айтқанындай, 20 жасында орын алған болса, онда бұл оқиға 1884, яки 1885 жылға сәйкес келеді. Осы жылдардың бірінде оның елді таңырқатарлықтай күш-қуат көрсетіп қалуы ғажап емес.

Ел аузындағы әңгімелерде Балуан Шолақ «Сағынайдың асында ешкім беттей алмаған Түйе палуанды жыққан» деген мәлімет айтылады. Мұны бертінгі зерттеушілердің қисынсыз деп білетіні де мәлім. Өйткені ол кезде Шолақ тым жас деген уәж келтіріледі. Алайда, «шығыны Тәж-Маһал құрылысына жұмсалған қаржыға пара-пар болған» деп дәріптелетін әйгілі ас 1886 жылы берілген болса, бұл уақытта Шолақ 22 жаста ғой. Яғни, нағыз күші тасып тұрған шағында деп санауға әбден болатын жаста.  Әрі, оның өз әндеріндегі сыр шашуларына сүйенсек,  жойқын күшке жастайынан ие екендігін ол жоғарыдағыдан  басқа өлеңдерінде де айтады. Мәселен, «Дікілдекте»: «Он сегізде атандым Шолақ дәу деп... ...Оязнайдың бас қосқан съезінде Кірдің тасын көтердім елу бір пұт», – деген сөздерді әнге қосып шырқайтыны бар емес пе. Алайда қосымша дәлеліміз жоқ болуы себепті, біз мұны – «Карон балуан» екеуінің күрескен уақытын 1884 жылға қарай жылжытуды – жорамал қалпы қалдырамыз...

Балуан Шолақтың өгізді көтеріп жүре беретіндігі, жеті жасар бұқаны сұлатқаны, жәрмеңкелерде өнер көрсеткенде жиырма жігіт жабысқан бөренені иығына асып тұратыны туралы, т.т. с.с. деректер ауызша әңгімелерде, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып жүрген мақалаларда жиі айтылады. Жетісуда болған сапарында салмағы 1050 кило тартатын зілмауыр тасты көтерген көрінеді. Әлемдік ғаламтор желілерінде, сондай-ақ, «Омбы қаласындағы тақ мұрагерінің (яғни болашақ ІІ Николайдың) келуіне байланысты өткен жарыстарда белгілі палуан Севрдің жауырынын жерге тигізді» (http://ru.wikipedia.org/wiki/Балуан_Шолак) деген хабар да бар. Соңғы дерек Балуан Шолақтың өзінің поэзиялық мұрасындағы: «Омбыға патша келді Руссия, Әмірін айта келді халқын жия. Сібірден сонда күшім асып кетіп, Мен болдым жан шықпайтын биік қия», – делінетін шумақта көрініс тапқан. Википедия ақпаратына қарағанда, Балуан Шолақпен күрескен палуанның есімі – Севр, ал  әнші-ақынның «ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындарының шығармалар жинағында» (1963) жарияланған аталмыш өлеңінде бұл есім Сібір деп аталған (дегенмен, өлеңнің Ахмет Жұбанов белгілі зерттеу мақаласында («Замана бұлбұлары», 1963) келтіретін  нұсқасында – Севр). Тағы бір айта кететін жәйт, сол өлеңнің «Сібірден сонда күшім асып кетіп, Мен болдым жан шықпайтын биік қия» деген жолдарына жітірек зер салар болсақ, аңғаратынымыз – Шолақ Сібір-Севрмен күрескеннен гөрі, басқаша жолмен күш сынасқан  сыңайлы. Бірақ, қалай болғанда да, Балуан Шолақтың болашақ ІІ Николай патша Омбы қаласына келген тарихи күндерде сайысқа түскені, әрі, кіммен болса да, спорттың қай түрінен сынасса да,  жеңіс шыңына көтерілгені айқын. Ендеше палуанымыздың даңқын асырған сонау сайыстың өткен мерзімін де дәлірек атауға болады...

Европа ақсүйектері балаларының білім алу кезеңін қорытындылау мақсатымен оларға міндетті түрде «гран-тур – үлкен саяхат» жасататын. Осы үлгі бойынша тұңғыш рет император ІІІ Петр мен оның зайыбы, болашақ патшайым ІІ Екатеринаның баласы цесаревич Павел (тақта отырған қысқа мерзімі ішінде қазақтарға Еділ мен Жайық арасындағы байырғы қонысына қайта оралуға рұқсат беріп үлгерген кәдімгі І Павел патша) Европа елдерін бір жылдан астам уақыт бойы аралап, ұзақ сапар шекті. Бұл саяхат 1782 жылы болған-ды. Содан бастап орыс патшалығында тақ мұрагерлерінің бәрін, түрлі ғылым негіздерін оқып-білуді тамамдағандарынан соң, арнайы ұзақ саяхатқа шығарып алу дәстүрі қалыптасқан  еді. Ол негізінен екі түрлі бағдарламамен жасалатын: бірінде – империяның өз ішінде үлкен саяхат жасау, екіншісінде – Европаны аралау көзделетін. Осы тәртіп І Павелден ІІІ Александрға дейін бұлжымай орындалып келе жатқан. Бірақ бұл жолы оған өзгеріс енгізілді. Император ІІІ Александр өзінің мұрагер баласы цесаревич Николай үшін мүлдем өзгеше, өте ұлан-ғайыр, әдеттегі екі түрлі саяхатты біріктіретін, теңізбен де, құрлықпен де сапар шегетін – іс жүзінде бірнеше құрлықты айналып шығатын, сан-алуан елді аралайтын үлкен турне жоспарлатты. Империяның биік шенді шонжарлары 22 жастағы Николай Александрұлы шекпек сапардың бағыт-бағдарын бүге-шігесіне дейін ойластырып, мұқият дайындады.

Жолға тақ мұрагерімен бірге биліктің жоғарғы эшелонындағы аса жауапты, өте ықпалды чиновниктер шықты. Олардың саяхаты тоғыз айдан астам уақытқа созылды. (Шежірешілерінің есептеуінше, осы уақыт ішінде 51 мың шақырым, яғни жер шарын айналып өтетін қашықтықтан да көп  жол жүріліпті. Саяхатшылар оның 15 мыңын темір жолмен, 5 мыңын пәуескемен, қалғанын  кеме үстінде өткізген: 9 мыңнан астамын өзендер бойымен, 22 мыңдайын теңіздермен жүзген екен). Саяхатқа толық мәніндегі дипломатиялық яки ресми сипат берілген жоқ. Цесаревич Николай әлдебір маңызды қағаздарға қол қоюға немесе экономикалық байланыстар орнатуға өкілетті емес болатын. Оның жекелеген мемлекеттердің билеушілерімен кездесуі жалпы танысудан аспайтын рәуіште ғана өтті. Салтанатты қабылдаулар сыйлықтар алмасумен аяқталып жатты. Тақ мұрагерінің алдына тақау жылдарда Ресей мүддесі үшін тығыз байланыс жасау көзделіп тұрған Шығысты тікелей көріп-білу мақсаты ғана қойылғандықтан, осындай шаралар жеткілікті еді. Болашақ патша осынау ұзақ сапарына Санкт-Петербургтен 1890 жылғы қазан айының басында шыққан-ды. Варшава, Вена арқылы Триест портына келіп кемеге отырып, Адриат теңізімен, Жерорта теңізімен, Суэц каналымен жүзді. Австрия, Италия, Грекия, Ежелгі Мысыр ескерткіштерін  көрді. Бомбейге жүзіп жетті де, құрлыққа түсіп, Үндістанды аралады. Цейлоннан өтіп, Сингапур арқылы Бангкокқа барды. Қытайға тоқтады. Ақыры, орыс флотының алты кемесі жан-жағынан қаумалай жүзіп ортасына алған  фрегатпен 1891 жылғы  сәуірдің 15-ші жұлдызында Жапонияға келді. Осы елде цесаревичке қастандық жасалды. 27-ші сәуірде. 40 шақты пәуеске Оцу қаласының адамдарға лық толы көшесімен баяу қозғалып келе жатқан шақта. Сол кезде көшедегі тәртіпті сақтауға жауапты полицейлердің бірі ұзын самурай семсерімен орыс тағының мұрагерін екі рет басынан соғып үлгереді. Қылмыскер, әрине, тез залалсыздандырылған.

Осы жағымсыз оқиғаға байланысты, жарақат жеңіл болғанмен, сапар бағдарламасына өзгеріс енгізіледі. Өйткені, жағдайды естіген ІІІ Александр патша Санкт-Петербургтен жеделхат жолдап, баласының шұғыл кері оралуын талап етеді. Сондықтан мұрагер Жапонияда болу мерзімін қысқартады. 23 жасқа толған туған күнін 6 мамырда фрегат үстінде атап өтеді де, артынша желкен көтеріп Владивостокқа беттейді. Құрлыққа аяғы ілінісімен  Ұлы Сібір темір жолының құрылысын бастау рәсіміне қатысады. Сосын саяхатын  Қиыр Шығыстан бермен жалғастырады. Том, Тобыл, Сургутта болады. Ақыры, Омбыға келеді. 1891 жылдың 14 шілдесінде. Белгіленген мерзімнен бір апта бұрын. Тиісінше, патшазаданың келу құрметіне алдын ала жоспарланған көл-көсір мерекелік іс шаралары – солардың ішінде қазақ халқының тыныс-тіршілігін көрсетуді көздеген көрме-ауылдың ашылуы да, Балуан Шолақ сайысқа түсетін спорт жарысы да – жоғары мәртебелі мейманды қарсы алу мейрамына әлдеқашан әзір халықтың қуанышына орай, сонша уақыт ерте басталады.

Бұл кезде Дала генерал-губернаторлығының  құрамына Ақмола, Семей, Жетісу облыстары  кіретін еді.  Генерал-губернаторлықтың басқармасы жыл басынан бері патшазаданы қарсы алуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан. Алдын ала әзірленудің нәтижесі сол, қазақтың көкірегі ашық игі жақсылары өлкенің шартарабынан жаз  шыққалы уәләят астанасына арнайы керуендер жөнелтіп, Ертістің Омбыға дейінгі жоғарғы ағысының сол жағасына айрықша ауыл қондырған-ды. (Дала өлкесіне патшазаданың келуі нақ патшаның өзі келгенге барабар еді. Мұны Балуан Шолақ өлеңіндегі: «Омбыға патша келді Руссия, Әмірін айта келді халқын жия», –  деген жолдар анық аңғартады).  Сөйтіп сонау әдейілеп тігілген үйлерде уәләятта өмір сүріп жатқан қазақ халқының тұрмысын, тыныс-тіршілігін, жер-су байлығын, кәсібін, мәдениетін жан-жақты көрсетуді мақсат ететін көрмелер жайған. Не керек, мерекелік рухта безендірілген ауыл үйлері патша баласы келерден екі апта бұрын, шілде айының басында-ақ көздің жауын алатын сән-салтанатымен жарасымды сап түзеп үлгерген.  Сол күндерден-ақ Балуан Шолақ пен оның ансамблі сынды жан-жақтан бас қосқан өнерпаздар тамылжыған ән-күй, жыр, билерін шалқытып, мерекелі ауылдың ажарын аша түскен. Яғни, мейрамды цесаревичтің саяхат кестесінің өзгеруіне орай ертерек бастап жіберуге олар әзір болатын.

Өлке қазақтарының осынау көрме-ауылына тақ мұрагері Омбыға ат басын тіреген күннің ертеңіне – 1891 жылғы 15 шілдеде – Ертіс айдынын кербез сызған  «Николай» откемесімен түс әлетінде жүзіп келді. Биік мәртебелі мейман мен оның қасындағы уәләят ұлықтарын жағаға жиналған жұрт шат көңілмен қарсы алды. Көп аялдамай, орыс қаруының күшіне мойынсұнған, орыс туы астында өмір сүруге көндіккен көшпенді жұрттың хал-жағдайымен ақ патшаның арда ұлын таныстыруды көздейтін көрмені тамашалау басталып кетті. Цесаревич Николай Александрұлы әуелі оң жақта дара тігілген зәулім үйге кірді. Бұл үйдің иесі Ақмола үйезінің дәулетті қазағы, содан бес-алты жыл ғана ілгеріде шартарапқа сауын айтып, әкесі Сағынайға аста-төк ас берген    Нұрмұхамед Сағынайұлы болатын. Тысы түрлі-түсті шұғамен оюлап безендірілген, іші әсем ою-өрнекке тұнған, қымбат жібек, дүрия маталармен әшекейленген еңселі киіз үй. Кереге бастарына, адалбақандарға ерлер мен әйелдердің қымбат та құнды киімдері, түрлі үлгідегі тондар мен ішіктер айнала ілінген. Оң қапталға атлас шымылдық құрылған. Ішінен сәнді жабдығымен жасаулы ағаш төсек көрінеді. Босағаға тақау тұстан қымыз толы саба мен әсем нақышталған ағаш ыдыс-аяқ тобы  көзге түседі. Жоғары мәртебелі мейман кіріп келгенде үй ішіндегі малынып киінген сәукелелі жас келін қасындағы түрлі кесте, іс тігіп отырған құрбы қыздарымен бірге орындарынан тұрып, өз рәсімдеріне сәйкес тағзым қылып  ізет көрсетті. Сосын киіз үйдің ішкі жиһазы мен жағдайы таныстырылды. Мұрагер риза болып, дәулетті қазақ шаруашылығының, қазақы тұрмыс ахуалының өзге көріністерін тамашаламаққа, нөкерлерімен бірге сыртқа беттеді. Сыртта оған құрт, ірімшік қайнату, тері өңдеу, ысталған теріден ыдыс жасау, шикізаттарды даярлау үдерістері, өрмек тоқитын, түйе жүнінен шекпен, қап, ерлердің киімдерін тігетін құрал-жабдықтардың жұмысы көрсетілді. Одан соң патшазада сауыншылардың қасына барып, қойдың, биенің, түйенің қалай сауылатынын жақыннан қарап көрді.  Соның бәрін ықыласпен назарлады, ризашылық білдірді, қазақтың мұндай дәулетінің арта түсуін тілейтінін айтты. Содан кейін Атбасар үйезінің қазағы Мейрам Жанайдарұлының зәулім үйіне бас сұқты. Ол алғаш рет осы жерге 1868 жылы үй тіккен еді. ІІ Александр патшаның баласы ұлы князь Владимир Александрұлының Сібірге келу қуанышына орай жасалған халық мерекесі кезінде. Оның он екі қанат, керегеге ойылып терезе салынған ғаламат ақ ордасы сонда патша баласын да, этнографтарды да таң-тамаша қалдырған-тын. Енді, міне, содан 23 жыл өткенде, жаңа мұрагер құрметіне тағы да бір еңселі үй тігіп отыр. Әсемдікке малынған бұл ақ ордасы да сыртқы, ішкі жабдықтарымен, жайылған көрмесімен ерекше көз тартатын. Үйдің ішіндегі көрмеде ежелгі қазақ киім-кешек түрлері, киіз үйдің үш түрлі (бірі сұр шұғадан, басқасы жұқа ақ киізден, кереге, уық, шаңырағы, күллі сүйегі түгел ұқыппен істелген) шағын модель-нұсқасы және бұрынғы заманғы қару-жарақтар бар еді. Олардың ішінен батырлардың темір сауыттарын, темір белбеулерін, дулығаларын, қалқандарын, байырғы найзаларын, қылыштарын, садақтары мен жебелерін көруге болатын. Сондай-ақ көрмеден қымбат бағалы көне ертоқымдар барша жабдықтарымен, ежелгі киіз қалпақтар, ерте уақыттардағы кіселер, тағы басқа көнеліктер орын тепкен-тін.

Мейрам Жанайдарұлының әкесі Жанайдар Орынбайұлы 1837–1847 жылдарғы ұлт-азаттық қозғалысында Кенесары ханның бас батырларының бiрi болған адам еді.  Көтеріліс басылғаннан кейін отарлық ахуалға мойынсұнып, шаруашылығын түзеуді қолға алған. Баласын орыс билігінің талаптарымен санаса отырып тәрбиеледі. Тиісінше, Мейрам мұсылманша да, орысша да сауатты болды. Қазақтың дәстүрлі қожалығын ұтымды жүргізіп, үлкен байлыққа жетті. Ұлттық мәдениеттің озық үлгілерін тұтынды. Патшалықтың жергілікті әкімшілігі тұтқаларының біріне айналды – болыс болды, үйез бастығының көмекшісі боп істеді. Ал саяси сана оянған жылдары Алаш қозғалысына қатысты. Қозғалыс шыңы ретінде бой көтерген Алаш-Орданың алғашқы мүшелерінің бірі болды. Бірақ бұған әлі көп бар. Әуелі бүгінгі мұрагер таққа отырып, ІІ Николайға айналу керек, одан тақтан құлауға тиіс, сөйтіп, қара халық алдынан небір жаңа саяси мүмкіндіктер ашылуға керек. Ал қазір ол, болашақ император ІІ Николай,  әзірге тақ мұрагері, ІІІ Александр патшаның ғылым негіздерін былтыр ғана оқып тауысқан, сосын теңіздер мен мұхиттарда жүзіп, бөтен құрлықтарға барған, шет елдерді аралаған, одан өз еліне Қиыр Шығыстан Санкт-Петербургке қарай үлкен саяхат жасап келе жатқан жиырма үш жасар баласы, империяның дала уәләятындағы Атбасар үйезінің байы тіккен киіз үй ішіндегі көне жәдігерлерді тамашалауда. Көрмемен танысу кезінде патша әулетінің тікелей қатысы көрініп тұрған бір экспонатқа ол ерекше қызыға қарады. Бұл айрықша қастерлеп қойылған тарихи ескерткіш – императрица ІІ Екатеринаның 1782 жылғы 27 мамырда Орта жүз ханы етіп атақты Абылай ханның ұлы Уәлиді бекіткенінде оған жіберген сый-сияпаты еді. Сусар ішік, зерлі қамқа белбеу және үлкен асыл тастар орнатылып әшекейленген қылыш. Қылыштың құрыш жүзіне  алтын әріптермен ұлы патшайымның арнауы жазылған.  Не ойлағанын кім білсін, бәлкім, орыс империясының Ұлы даланы алып жатқан қазақ елін бағыныштысы етіп, әуелі протекторатына айналдыру, одан патшалықтың әкімшілік бөліністерін енгізу арқылы мемлекеттігін мүлдем жою кезеңдерін еске түсірді ме, әйтеуір, жәдігерге ойға бата біраз қарап тұрды да, қазақтардың патшайым сыйын қастерлеп ұстап тұрғанына разы көңілмен басын изеп, келесі үйге ауысты.

Омбы үйезінің Шарлық болысынан әкелініп тігілген үйде дәулетті қазақ отбасының тұрмысы бейнеленген еді. Киіз үй ортасындағы үстелдерде құрметті қонаққа тартылар дәмді ет тағамдары, қымыз, бауырсақ, ірімшік, құрт, дастархан мәзірінің өзге де ұлттық жеңсік астары қойылған. Ал керегелерді жағалай – іштеріне түрлі көркем дүние-мүлік салулы әдемі сандықтар тізілген.  Солардың бәрі жайында биік мейман мен қасындағы оның шашбауын көтерген ұлықтарға танымды түсінік берілді. Олар үй ішіндегі заттарды мұқият қарап болып, келесі үйге барды. Қызылжар үйезінен әкелінген  бұл шаңырақтан қонақтар қазақтың аң аулауда қолданатын білтелі, шақпақты мылтық, қақпан, тұзақ сынды құрал-жабдықтарын, томаға кигізілген бүркіттер мен қаршығаларды, байлаулы тазыларды, сондай-ақ кереге бастарында ілулі тұрған барыс, сілеусін, түлкі, арқар, марал, қасқыр секілді өзге де аңдардың терілерін көрді. Осы үйде құрылған өрмекте қолөнерші қыз тықыр кілем тоқып отыр еді. Тағы бір ісмер әйел матадан ою ойып, оны сырмаққа жапсырып тігумен, енді біреулері баулар мен шашақтар жасаумен шұғылданып отырған. Қазақ қолөнер шеберлерінің үлкен бір тобы – ағаш, темір ұсталары, жезшілер, күмісшілер – келесі үйде орналасқан-тын. Осынау ісмерлердің кейбірі өздерінің жасаған бұйымдарын патшазадаға сый етіп тартты.  Алтыншы үйді өмірден жас кеткен атақты оқымысты және саяхатшы Шоқанның әкесі полковник Шыңғыс Уәлиханұлы  тіккізген еді. Осынау тарихи көрме үшін әдейі Көкшетау үйезінен әкелткен болатын. Мұнда жиналған өнерпаздар империя тағының мұрагері патшазада Николайды шаттық ескен ән-күймен қарсылады. Балуан Шолақ пен оның ансамблінің мүшелері, өзге де домбырашылар, қобызшылар құйқылжытқан әуендерді мұрагер сүйсіне тыңдап тұрды. Ол содан соң кедей қазақтың тұрмысын көруге ниет қылды. Жұпыны үй-жайды, босағада жалғыз ешкі байланған жүдеу шаруашылықты ойлы жүзбен назарлады. Байлардың көз сүйсінтер салтанатынан кейін қарашаның баспанасына кіріп-шығуды қалаған патшазаданың бұл ықыласы жұртты қайран етті, әрі риза да қылды. Ал қоңырқай үйіне осынау биік қонақтың бас сұғуы кедейді шексіз бақытқа бөледі.

Патшазада одан әрі өлкедегі білім, ғылым  жетістіктерін көрсететін көрмелер қойылған киіз үйлерді аралап кетті. Содан соң қазақ көшін көрді. Бұлықсыған бай көшті де, оның соңындағы бар дүниесі жаңғыз сықырлауық арбаға сыйып кеткен жарлы көшін де тамашалады. Cосын көрмедегі ең үлкен және мейлінше сәнді жабдықталған киіз үйге кірді. Бұл үйді тіккен Семей үйезіндегі Сейтен болысының басқарушысы Темірғали Нұрекенұлы еді. Қазір барша жұрт қадірлеп тұрған осынау мұрагердің таққа отыру әрі некеге тұру құрметіне 1995 жылдың басында империя астанасында өтетін салтанатқа қатысатын, одан, 1907 жылы Екінші Мемлекеттік думаға Семей облысынан депутат болатын, Дума жұмысы кезінде белгілі қайраткер Бақытжан Қаратаевтың басшылығымен, өзге облыстардан сайланатын депутаттармен бірге, қазақтың жер-су мүддесін қорғау мақсатымен патша үкіметінің лауазымды төрелері алдына баратын кәдімгі Темірғали болыс. Мұның бәрі келешекте болады. Ал қазір оның арнайы жасауланған салтанатты үйінде сол болашақ патшаға әр аймақ өкілдері сый-сияпат тапсырмақ...

Рәсім ойдағыдай өтеді. Тақ мұрагеріне барша жабдығымен қаракесек, сибан үлгілерімен күмістеліп соғылған ертоқымдар, сабы күмістен жасалған айбалта, күміспен нақышталған жималы адалбақандар, бетін сүйектен оюлап бедерлеген ағаш төсек, күмістеліп әшекейленген кісе, ағаш сабының ішіне болат қанжар орнатылған айбалта, жас барыстың, жолбарыстың терілері, сондай-ақ, үйретілген қаршыға сыйға тартылады. Болашақ патша сыйлықтарды қабыл алып тұрып, қайсысының қай жерде қандай шебердің қолымен жасалғанын, жыртқыштардың қайдан ауланғанын, құстың қалай бапталғанын әуестене сұрайды. Ризашылығын білдіреді...

Ұмытылмастай әсер қалдырған төрт-бес сағат зу етіп өте шықты. Ақыры, күллі көрме-ауыл адамдары жоғары мәртебелі мейманды зор қошеметпен аппақ откемеге шығарып салған. Кетер алдында цесаревич Николай шын жүректен қарсы алып көрсеткен ыстық қабылдаулары үшін қазақ халқының осы ауылда жиналған өкілдеріне алғыс айтты. Бұл 1891 жылдың 15 шілдесі күнгі сағат бес шамасы еді. Откеме Ертіс айдынының ортасына жете бере кері айналып, Омбы шаһарына қарай бет түзеді. Патша баласына қошемет көрсеткен қазақ қауымы жағада кеме ұзап кеткенше қол бұлғап, шын риза, шаттанған көңілмен, уралаған айқайға басып тұрды. Сосын олар да көліктеріне мініп, Омбыдағы атшабарды бетке ұстады. Омбы ипподромының кіреберісінде биік мәртебелі мейман үшін гүлмен көмкеріліп өрнектелген «Хош келдіңіз!» деген жазу көз тартады. Жасыл алқаптың жиектері жалаулармен безендірілген. Басты мінбе мен оның қос қапталы ығы-жығы құжынаған жұрт. Жарияланған есептерге қарағанда, өлкенің әр аймағынан келген бәйгеге ат қосушылардың тілектестері, күллі салтатты, арба-пәуескелі, жаяу-жалпы жанкүйерлер бар, ат жарысқа  ұзын саны бес мыңнан астам көрермен жиналған. Сағат жетіде патшазада мен нөкерлері мінген пәуескелер керуені келді. Содан кейін-ақ көп кешікпей бәйге басталды. Бәйге мұрагерге қырда мекендейтін көшпенді халықтың байлығының басты саласы жылқы екенін танытты. Оның қалауына сәйкес, аттар он шақырымға және үш шақырымға шабудан бәсекеге түскен. Жарыс оған дала төсінде қалың  қазақ өмір сүретінін және олардың ат құлағында ойнайтынын анық көрсетті. Он шақырымдық аламан бәйгеге шыққан отыз үш аттың 27-сі қазақтардікі, екеуін казак-орыстар, үшеуін қала тұрғындары, біреуін татар қосқан еді.  Белгіленген үш жүлденің үшеуі де қазақ сәйгүліктеріне тиді. Оның ішінде бірінші орынды, яғни бас бәйгені  және үшінші орынды Мейрам Жанайдарұлының, екінші орынды Мұстафа Жәнібекұлының  аттары алды. Үш шақырымға 21 ат шапқан, оның 14-і қазақтардікі еді, мұнда алғашқы екі орынды Омбы казак-орысы мен көпесі иеленді. Сөреге үшінші болып Әли Құлшынбаевтың аты келді. Бас бәйгеге патша атынан шынжыр баулы алтын сағат берілді. Жүлдегер болған аттарда шапқан шабандоз жеткіншектерді тақ мұрагері  бір-бір алтын теңгемен (құны екі жарым сомдық поуимпериалмен) тікелей өзі марапаттады. Балалар бұған шексіз шаттанып, айтып-жеткізгісіз қуанышқа бөленді.

Не керек, патшазада атшабысқа, бәйге нәтижелеріне разылық білдірді. Атжарыс жанкүйелері қауымының уәләяттағы жылқы бағу тәжірибесін баяндап, соңғы бес жылдағы ат жарыстары жайында тасқа басып берген есебін қабыл алып, жақсы ұйымдастырылған, көрермендерге зор ләззат берген жарыс көріністері үшін алғыс айтты.  Ол өзін бүгін әр қырынан сүйсіндірген «бұратаналардың» тағы бір тобымен тоғыз күннен кейін, 24 шілдеде, Ор қаласына келгенінде кездеседі. Сол күні кешке қарай Торғай облысының Елек үйезіне барады. Оған қазақтар әсем әбзелді тамаша тұлпар мінгізеді. Сосын түйе жарысын тамашалатып, мұрагерді бұрын-соңды көрмеген ерен қызыққа кенелтеді. Бірақ мұның бәрі оның қазақ жерінде көргендеріне экзотикалық қосымша ғана сияқты еді. Ол негізінен бұл жалпақ та төрт түлікке бай өлкеде орыс қаруының айбыны асқанын көзімен көріп, сүйсініп қайтты. Саяхат мақсаты соны көздейтін. Мәселен, Омбы тек Дала уәлаятының ғана емес,  Сібірлік казачество әскерінің де астанасы еді. Дала генерал-губернаторы атаман лауазымымен бұл құрылымды да басқаратын. Сондықтан да Дала генерал-губернаторының әкімшілігі тақ мұрагерін күллі халық боп шаттанған ахуалда қарсы алу және оның шаһарда өткізетін уақытын той етіп думандатып өткізу шараларын дайындауға бірнеше ай бұрын кіріскен. Және ең алдымен орыс қаруының сенімді қолда екенін лайықты түрде көрсетуді мұқият ойластырған. Ал бұл ретте патшазадаға өлкедегі әскери күштің, әсіресе казачествоның жауынгерлік келбетін жақын таныстыру  қажет-тін. Өйткені казактар қауымы империяның жаңа жерлерді иеленуде сүйенетін басты тірегі болған және бола бермек. Казак-орыстардың қала көшелеріне шыққан мейрамдаушы халықтың едәуір бөлігі болуы да сол себептен. Олар жан-жақтан да келген-ді. Өлкедегі барлық казак қауымы станицаларынан атамандары бастаған делегациялар сол күндері Омбыға жиналған. Олардың көпшілігі Түркістан өлкесін жаулап алуға қатысқандар, әсіресе Қоқан, Хиуа жорықтарында екі-үштен жауынгерлік марапат белгілерін алғандар  еді. Үлкен мейман 1891 жылғы 14 шілдеде Омбы шаһарына келгенде, Сібір мен Жетісу казак-орыстарының, атбасарлық, константиновтық, пресновтық казак-орыстардың өкілдері оны айлақтан қарсы алысты, нан-тұз ұсыну рәсіміне, мерекелік дастарханға қатысып, бір жасап қалды. Болашақ патшаға арнайы әзірлеп әкелген сыйлықтарын ұсынып, зор құрмет көрсетті. Жетісу казак әскерлерінің бөлім бастықтары цесаревич Николайды ортаға алып, арнайы суретке түсті. Патшазадаға шаһарда мұндай ресми қошемет көрсетушілер қатарында жергілікті қазақтар болған жоқ. Себебі, жаңа тәртіпке қаншама көндіккенмен, олар отарлаушыға өгей еді. Сондықтан да қалың қазақ ортасында бой көтерген қалада, қазақ өлкесін басқаратын орталық орналасқан бас қалада, қыр қазақтарының  астанасында өлкенің төл балаларына ондай мүмкіндік берілмеді. Қазақтар өздерінің тыныс-тіршілігін патшазадаға ертеңіне, жоғарыда айтқанымыздай, арнайы тігілген қазақ ауылында жайылған көрме арқылы  таныстырды.  Омбыда өткізген күндері ішінде тақ мұрагері Омбы кадет корпусы роталарының, Омбы батальонының, казактар бригадасының әскери саптарын қарады. Олардың жауынгерлік дайындықтарына ризашылық білдіріп, әрқайсысына бір-бір тостағаннан арақ сыйлады. Сосын қыздар гимназиясында, жетім жарлы балалар баспанасында болды. Ал сарай алдында, басты көшелердегі бақтарда, халық толы алаңдарда қилы мерекелік шаралар өтіп жатты. Солардың бірінде Балуан Шолақ жеңіске жеткен сайыс та болды. Тек, мұрагердің сондай халық мерекелеріне қатысқанын айтқан  есеп көзімізге түспегендіктен, палуанымыздың мерейі үстем болған сайыс жайын дәл әңгімелей алмай отырмыз. Дегенмен, Жайық Бектұровтың зерттеуіндегі: «Омбыға Ресейдің ең соңғы мұрагер патшасы Николай келгендегі жиын-тойда Шөкең күреске түсіп, сыйлыққа өз аты жазылған сағат алған» деп келтірілетін хабарды ұмытпаған жөн. Бәлкім, мұның анық-қанығын кейінгі зерттеушілер анықтай жатар.

Атшабарда ат жарысын тамашалаған күннің ертеңіне, 1891 жылғы 16 шілдеде, тақ мұрагері жаңа шіркеу құрылысының басталуына қатысты. Бұл іс-шара оның Омбыдан кетер алдында орын алған-ды. Кейін зәулім де әсем шіркеу тұрғызылады, оның іргетасына алғашқы кірпішті ІІ Николай цесаревич кезінде қалаған деп көрсетілген естелік тақта қойылады, бірақ оны көру патша маңдайына жазылмаған еді. Ол тақтан түскеннен кейін пойызбен қазақ даласы арқылы Сібірге қарай тұтқын ретінде тасымалданады, бірақ, Омбыға қол созым қалғанда басқа бағытқа әкетіледі...

Сонымен, Балуан Шолақ  Омбыда тақ мұрагерін қарсы алу құрметіне өткізілген мерекелік шаралардың бірінде, 1891 жылғы  шілденің 14–16 күндері аралығында, Севр (Сібір) палуанды жеңіп, мерейі үстем болды. Бұл кезде ол 27 жаста еді. Оң-солын әбден таныған, қазақ өлкесінде орын алған тағдырлы өзгерістердің қыр-сырын анық ажырататын жаста-тын. Қазақтың дербес елдігінің жойылуы  ол дүние есігін ашардан бұрын орын алған. 1822 жылы патша пәрменімен Cібір  қазақтары туралы жарғы бекіген-ді,  соған сәйкес, өлкеге орыс әкімшілік жүйесі енгізілген. Мұндай өзгеріске қарсы тұрып,  жойылған егемендікті қалпына келтіруге тырысқан қозғалыстар, патша езгісінен құтылуды көздеген Кенесары ханның аса ірі азаттық соғысы да ол дүниеге келерден бұрын орын алған. Ол шыр етіп өмірге келген кез Арқа халқының Ресей бодандығына мойынсұнған шағына дөп келді. Кіндік қаны тамған Қотыршортан аймағына, қазақтардың аса көркем Көкше етегінде жатқан Әулиекөл жағасындағы мекеніне алғашқы қадаларын мұжықтар әлгі заң қабылданғаннан кейін жеті-сегіз жыл өткен соң-ақ қаққан.  Содан бастап Шортан орнында патшалықтың орталық аудандарынан қоныс аударып келген орыстар Щучье деп атап кеткен елді мекен пайда болған. Өз еріктерімен келіп қоныстанушылар мен әскери қызмет атқарып жүрген казактар қауымы сол шақтан бастап, барлық қазақ даласы қатарында, Көкше өңірін де отарлап жатқан. Олардың саны Нұрмағамбеттің бала кезінде, салыстырмалы түрде қарағанда, аз болатын, бірақ, уақыт өткен сайын, көбейе түскен. Өлке 1868  жылғы жарғымен басқарылып тұрған. Осынау  «Дала облыстарын басқару жөніндегі уақытша ереже» қазақ елі үшін жасалған бұдан бұрынғы заңдармен орныққандай көрінген сұлтандар билігін жоюды және өлкені орыс әкімшілік жүйесіне біржола сіңістіру мақсатын көздейтін.

Балуан Шолақ Омбыда тақ мұрагері құрметіне өткізілген жарыста жеңіске жеткен 1891 жылы әйгілі «Дала ережесі» қабылданған. Сол заң бір-екі жылда өмірге енгізілісімен, отарлаушылар көші үдей түскен. Әсіресе,  қазақ халқының тыныс-тіршілігімен танысып, құрметін көріп қайтқан мұрагер таққа отырғаннан кейін, бұл ахуал ашық та жоспарлы сипат алған еді. Патшалық ішкі Ресейдегі аграрлық толқуларды басу үшін, жерсіз шаруаларды «бос жатқан басы артық шұрайлы жерге бай» шет аймақтарға қоныс аударту саясатын  екпіндете жүргізуге кіріскен. Соларды жайғастыру мақсатында  арнайы мекеме құрып, қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін кесіп алып  жатты. Ішкі Ресейден келмек қоныс аударушылар үшін көшпенділерді құнарлы атақоныстарынан ығыстырды. Сөйтіп, оларды алыс ата-бабаларынан бермен иеленіп келе жатқан мекендерінен аластауды мүлдем ашық жүзеге асырды. Шөбі шүйгін, орман-тоғайы, суы мол ең шұрайлы жерлерді отарлаушылардың пайдасына тартып алу жоспарлы сипатқа ие болды.  Жергілікті халық тіршілікке қолайсыз, құнарсыз аймаққа ығыстырылды. Балуан Шолақ осы жайларды көзбен көріп, біліп өскен. Қалың қазақ ортасында қала салып, қазақ жер-суын өз меншігі етіп алған билеуші жұрттың озбыр мақтанышты көңіл-күйін Балуан Шолақтың тым бейтарап қабылдамағаны,  тереңдей түскен қиғаштықтарды, жер-судың, ел тыныс-тіршілігінің отарлана бастауын айқын ұға бастағаны күмән туғызбайды.

Ресейде крепостнойлық құқықтың жойылуы,  шаруаларға бостандық берілуі қазақ даласын мақсатты түрде игеруге апарғаны белгілі. Қазақ жерін казак-орыстар мен шаруаларды қоныстандыру жолымен отарлау барысында белгілі дәрежеде капиталистік қатынас та қалыптаса бастаған-ды. Май шайқау, диірменмен ұн тарту, тері илеп, былғары жасау жолға қойылып, олармен тиімді сауда-саттық  дамытылған. Дала өміріне әсіресе сауда капиталы еркін сұғынған. Омбы мен Қызылжарда жеке меншіктегі қоймалар мен сауда үйлері пайда болды, солар арқылы мал иеленушілердің малшаруашылық өнімдері европалық Ресей мен шетелге шығарылды. Базарлар мен жәрмеңкелер арқылы өрістей түскен өзара пайдалы байланыстар нәтижесінде қазақтардың қожалықтарында да құрылымдық өзгерістер жасалды.  Орыс көпестері жылқыға айрықша қызығушылық танытты. Сол себепті отарлар мен табындарда қойлардың үлестік салмағы азайып, жылқылар үлесі арта түсті. Ресейдегі ірі қалалардың етке деген сұранысына сай, аталмыш аймақтарда мүйізді ірі қара өсіру де дамытылды.  Бұған капитализмнің дамуының әсерінен және қоныс аударушылық қозғалыстың үдей түсуі салдарынан көшпенді халықтың отырықшылыққа ауысқан бөлігі  – жатақтар да үлес қосты. Отарлық жүйенің бекем орнығуы қазақ қауымының әлеуметтік тұрғыда бөлшектенуіне, көшпелі шаруашылықтың ыдырай түсуіне апарды. Кедейленген қазақтар күнкөріс қамымен түрлі кәсіпшіліктерге, тау-кен өнеркәсібіне, мыс, қорғасын  қорыту зауыттарына, көмір кенішіне жұмысқа кірді. Қазақ даласына капитализмнің дендеп ене бастауы, байлыққа тұнған шикізат көздерін мақсаткерлікпен пайдаланудың арта түсуі арқасында солармен бір мезгілде империя қаржы-қаражат жүйесінің бір бөлігі ретінде коммерциялық банктерінің филиалдары және кредит мекемелері  жасалды және кеңейтілді. Омбы мен Қызылжарда империя мемлекеттік банкінің бөлімшелері ашылды. Қазақ жерінде Сібір сауда банкі, Орыс сауда-өнеркәсіп банкі жұмыс істеп, сауда айналымына көп қаражат салды.     Сауда-саттықтың басты нысаны мал болып қала берген.  Қазақ халқының негізгі шаруашылығының өнімдерін сатып алу немесе халыққа мұқтаж тауарларға алмастыру шаралары қилы базарлар мен жәрмеңкелерде жүзеге асырылды. Балуан Шолақ есейіп өмірге араласа бастаған ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде оның ауылы орналасқан аумақта  сауданың жаңа түрі – жылына бір немесе екі рет өткізілетін жәрмеңкелік сауда-саттық кең өріс алды. Ең ірі маусымдық сауда орындары – Қызылжар үйезіндегі Тайыншакөл, Ақмола үйезіндегі Константинов,  Атбасар үйезіндегі Петров   және Қарқаралы үйезіндегі Қоянды жәрмеңкелері еді.  ХІХ жүзжылдықтың соңғы ширегі басталғанда бұлардың арасындағы жетекші орынға Тайыншакөл жәрмеңкесі шыққан. Оның сауда айналымы екі жарым миллион сомға дейін жеткен еді.  Екінші орында бір жарым миллион сомдай айналымы бар Қоянды, үшінші орында сегіз жүз мың сомдай ақша айналымы болған Константинов жәрмеңкелері тұратын. Олардың сауда айналымдары жыл өткен сайын өсіп жатты. Осынау сауда орындарына сатуға мал әкелушілер, әрине, қазақтар болатын. Қазақтар үшін жәрмеңке тек мыңғырған малын саудаға салып, өзге керек-жарағын сатып алатын орын ғана емес, сонымен бірге, қоғамдық шаруаларды ақылдасып шешетін, мәдени шаралар өткізіп, рухани ләззат алатын орынға да айналды. Шартараптан бас қосқан өнерпаздар ән шырқап, күй тартты, би биледі, күш сынасты, күресті. Осындай кездерде небір өнер дүлдүлі қалың жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, есімі халық арасына кең тарады. Сондай жанның бірі Балуан Шолақ еді.

Тайыншакөл жәрмеңкесі қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы аумағында, суы таза, оты шүйгін, табиғаты жан-жануарға жайлы Тайынша және Сеңді көлдері арасынан Балуан Шолақ өмірге келер қарсаңда орын теуіп, жылына екі мезгіл бір-бір айдан жұмыс істеп тұратын. Жыл өткен сайын белгілі бола түскен жәрмеңкеге мамыр мен қыркүйек айларында Ресей көпестері өнеркәсіп орталықтарынан қазақ қажетіне орай түрлі өндіріс тауарларын әкелетін де, жергілікті малшы жұрттың малдарына айырбастайтын. Жәрмеңкеге жиналған жұртшылық, әрине, малын өткізіп, сауда-саттық жасап қайтумен шектелмеген, басқа бұйымтайларын да шешкен. Осында ел ағалары ауылдар арасындағы түрлі дау-дамайды, жер-суға таласу, мал барымталау мен ұрлық-қарлық жасауға қатысты мәселелерді қараған. Сонымен қатар жәрмеңке кезінде әр тараптан келген ақындардың айтысы өтіп жататын, әншілер, термешілер, бишілер, күйшілер өнер көрсететін. Балуандар күреске түсетін. Сол өңірде тұратын бүгінгі ардагерлердің баспасөзде жариялаған естеліктеріне қарағанда,  Тайыншакөл жәрмеңкесі бірте-бірте өлкедегі асқан дарын иелері бас қосатын жерге, ұлттық өнерді айшықтап көрсетудің  құдды-бір қастерлі ордасына айналған. Осында Орынбай, Шөже, Ақан сері, Біржан сал, Арыстанбай, Тезекбай және Балуан Шолақ секілді атақты ақын-жыршылар  дүйім жұртшылыққа рухани ләззат сыйлаған. Жәрмеңке қызықтары қыркүйек айында өтетіндіктен, оны сол кезде көп қолданылған орысша айдың атымен атаған. Балуан Шолақ та өзінің әйгілі әнінде «Сентябрь базары» деп кеткен. Өршіл әуенді әнінің өлеңіндегі: «Кешегі сентябрьдің базарында Көтердім елу бір пұт кірдің тасын», – дейтін жолдар қыркүйек айында жұмыс істейтін үлкен жәрмеңкелердің бірін мегзеп тұрғаны анық. Балуан өмір сүрген аумақтағы Көкшетау қаласында орналасқан Боқырау (Покров) базарында да жәрмеңке өтіп тұрған, әйтсе де, сол кездердегі сауда-саттық орындарының хал-ахуалы жайындағы империялық есеп-жазбалар мен кестелерден көзге түспегендіктен, оның сауда айналымының көлемі шағын болған шығар деп шамалаймыз. Тиісінше, көпестер мен саудагерлер шартараптан қилы тауарды молынан тасымалдайтын, қазақ та жылқысын үйір-үйірімен айдап әкелетін орын – негізінен казак-орыс мекендеген Көкшетау қаласынан гөрі, ен табиғат төсінде орналасқан, сентябрь айында ғана жұмыс істейтін әйгілі Тайыншакөл жәрмеңкесі болуы әбден ықтимал. Балуан Шолақтың осында өте ауыр салмақ көтеріп, сондай-ақ атақты орыс палуанының жауырынын жерге тигізіп елді тамсантқаны күдік тудырмаса керек... 

Патшазада қазақ жерінде болып, тыныс-тіршілігімен біршама танысқан жылы қабылданған  империяның «Дала ережесі» аталатын заңнамалық акті Дала өлкесін, Орал және Торғай облыстарын басқару жөніндегі бұрынғы Уақытша ережелер негізінде қалыптасқан әкімшілік басқару жүйесін бекітіп күшейте түсті. Қазақ ауылдарындағы сайланбалы органдарды, төменгі буын ретінде, патша өкіметінің әр үйезге тағайындайтын бастықтарына барынша тәуелді етті. Қазақ жері қазақтарға пайдалануға берілген мемлекеттік меншік болып табылады дегенді заңдастырды және бұратаналардың санасына солай сіңірді.  Сондықтан да,  барлық «артық» деп табылған «мемлекет меншігіндегі» жер-су, туындаған мұқтаждыққа орай, «үкімет қажет еткендіктен», Мемлекеттік дүние-мүлік министрлігінің қарамағына көшірілетін болды. Егін шаруашылығына жарамды жерлер «бос» деп табылып, оны пайдаланып жүрген көшпенді халықтан тартып алу жүзеге асырыла бастады. Аталмыш ереже Балуан Шолақ та кезінде Омбыда ұлықтауға қатысқан кәдімгі мұрагер Николай патша болып империя тізгінін қолға алғаннан кейін қыр ғұмырының негізгі заңына айналдырылған. Иә, ол таққа отырысымен қазақ елінің жер-суын отарлау шаралары іс жүзінде күшейе түсті.  Күні кеше дала өмірінің қызықтарына сүйсініп оралған цесаревич империя тізгінін қолына алысымен Дала низамының өмірге дендеп енуін тереңдетіп жүзеге асыруға кірісті. «Бос жатқан қазыналық жерлерге» орталық аудандарда жер таршылығын көріп жүрген шаруаларды көшіріп апару – ішкі Россиядағы аграрлық толқуларды бәсеңсітудің, тіпті мүлдем тоқтатудың бірден-бір жолы еді. Ал қазақтардың бабаларынан мұра болып келе жатқан атамекен-қоныстарын «бос жатқан қазыналық жерлер» ретінде қарастыру – олардың құқтарын қасақана шектеу, аяққа таптау болары билік басындағыларды  толғандырмайтын. Патша үкіметінің артық жаралған астам шонжарлары жергілікті халықтың  мүддесі деген ұғымды ешқашан  ескерген емес. Содан да, Балуан Шолақ дүниеге келерден бірнеше ондаған жыл бұрын-ақ, оның ауылының іргесіндегі көркем қойнауға казак-орыс колонистері өз мекендерін салған. Ақын бұл жайында өлеңінде: «Борық тартсаң шығатын уыз сүті, Қотыршортан мен туған жердің құты, Түскен екем шыр етіп жер бетіне Суға барып түскенде орыс бұты», – деген еді. 

Әсем Көкше бауырынан Қотыркөл, Шортан  станицаларының бой көтеруі үлкен отарлаудың басы болған-ды. «Дала ережесі» күшіне ене келе, үкімет переселен учаскелерін құрды да, жаңғыз бұл өңірге емес, күллі жалпақ қазақ жерінен бөліп алған шұрайлы аймақтарға казак-орыстар мен қарашекпен шаруаларды топырлатып әкеп төге бастады. Сонда, қысастықпен үдетілген көші-қон салдарынан, кей-кейде жергілікті жұрт пен кірмелер арасында қилы шиеленіс, кикілжің бой көрсетіп қалып жүрді. Жасынан шыншыл, әділетсіздікке төзбейтін Балуан Шолақ  сондай кездерде жапа шеккендер намысын қорғаймын деп небір  көзсіз батырлықтарға баратын. Мұндайда ақын: «Анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың суы келмейді жұлығымнан», – деп жырлайтын. Алайда «анталаған сан дұшпан»  қарап қалсын ба, әр басқан қадамын аңдумен орайын келтіріп, оны түрлі жалаға іліктіреді. Сондай бір істі болған шағынан: «Мен өзім аққан судай тасып жүрмін, Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін», – деген жолдар сыр шертеді. Ақын ақыры түрмеге де түседі. Қиналады: «Абақты азап орны, жайнаған шоқ, Басқаным от сияқты, ішімде дерт». Небір әділетсіздікті бастан кешіп, жазықсыз жаза тартуға кесіледі: «Жеті жыл каторгаға мені жазған». Бірақ мойымайды. «Бойыма күш біткенге еттім шүкір, Қажысам абақтыға, бетке түкір. Темірін екі итеріп тартқанымда, Кірпіші жерге түсті күтір-күтір». Абақтыдан қашып шығады. Содан: «Мен, Шолақ, ажал жетіп өлгенім жоқ, Теңдікті дұшпаныма бергенім жоқ», – деп жырлағанындай, тұтқыннан құтылғаннан кейін де озбырларға қарсы күресін тыймайды. Жасаған әрекеттерін шығармашылығының арқауы етіп, әншілік, серілік, ақындық өнерін жалғастыра береді. Әділетке адалдығын, жақсы атқа, сұлу қызға ақындық-серілік жанымен ғашықтығын өлең-жырларына арқау етіп, шығармашылық ғұмырымен астастыра түседі. 

Балуан Шолақтың аса атақты әндерінің бірі «Ғалия» екені белгілі. Ол авторының есімін шартарапқа жайды. Ыстық, мөлдір махаббатты асқақтата жырлаған осынау сүйіспеншілік жыры өзінің асқақ та сазды әуенімен және нәзік сезімді ерекше құштарлықпен бейнелеуі арқасында көп көңілінен шықты. Бұл ән Балуан Шолақтың музыкалық шығармашылығының шырқау биігі  санатында аталады. Ел арасында ол бірнеше түрде айтылып келген. Осынау көпке әйгілі тамаша әннің толықсыған кейіпкері жайында Сәбит Мұқанов пен Ахмет Жұбановтан бері талай зерттеушілер қалам тербеп келеді. Ғалия Тілеуқызының базарда қымызхана ұстағаны, көрікті болғаны, 22–23 жасар шағында оған қырықтың қырқасына шыққан Балуан Шолақтың ғашық болғаны, содан ғаламат ән туғаны, жалпақ дүниеге ғажайып жыр болып шашылған осынау махаббаттың  1908–1909 жылдары туғаны дау-дамайсыз шындық ретінде айтылады.  Кейінгі жылдары Астана қаласындағы ескі мұсылман қорымына жерленген Ғалияның  бейіті табылған. Араб, парсы, шағатай тілдеріндегі ескі шығыс жазуларын  оқуды меңгерген жас мамандар  Ұларбек Дәлейұлы мен Ахат Әшуұлының анықтауынша, Ғалияның басына күйеуі Ғалым Құрақбаев орнатқан құлпытаста көне емлемен: «1922 жылы 23 апрельде...  Ғалия Ғалымжамағаты Тілеуқызы 48 жасында фәниден бақиға» өткені қашалып жазылыпты (http://www.info-tses.kz/mobile/details.php?news_id=140389). Осы дерекке қарағанда, Ғалия 1874 жылы туған, яғни Балуан Шолақтан он жас кіші. Егер екеуінің кездескен уақытында Ғалияның жасы 22–23-терде болса, онда ол 1896–1897 жылдарға дөп келеді. Демек «Ғалия» әні де сол шамада туған. Әннің қазақ елін шарлап кеткен жеңісті шеруі сол шақта, екі ғасырдың тоғысында орын алған...

Сәбит Мұқановтың атақты «Балуан Шолақ» хикаятында әсерлі суреттейтініндей және одан бергі уақыттарда әйгілі өнерпаз жайында өзге де қалам тербеушілердің бір ауыздан мойындағанындай, туған өлкесінде қуғын көрген Балуан Шолақ біраз уақыт алысырақта бой тасалауға мәжбүр болған. Со бір кезеңінде арғы аталары мекендеген Жетісу өлкесіне сапар шегіп кетеді. Өзінен бұрын атақ-даңқы жеткен Жетісуға ол бір дерек бойынша – жиырмасыншы ғасырдың басында, енді бір көбірек айтылатын дерекке қарағанда 1913–1914 жылдары барған. Бәлкім сол екі мезгілде де солай қарай жолы түскен шығар. Өйткені, зерттеушілер айтатындай, әйгілі халық ақыны Кенен Әзірбаев оны жасөспірім шағында көрген. Кененнің белгілі әнінде сол тұңғыш кездесу хақында: «Бала едім жаңа талап, іздеп келдім, Өзіңнен сұрайын деп ақыл, аға... Бала едім жаңа талап ақын-әнші, Әніңді үйренейін алуан, аға», – деп айтылады ғой. Бұлар, шынтуайтында, 1913–1914 жылдары отыздарға толған сақа жігіттен гөрі, 1900–1901 жылдарғы он алты–он жеті жасар бозбалаға жарасатын сөздер емес пе?! Егер осындай пікірді дұрыс деп қабыл алсақ, Балуан Шолақтың алғаш рет Жетісуда болуы, шынында да, 1884 жылы дүниеге келген бала Кенен 16 жасқа келген уақытқа – ХХ ғасырдың басына сай келеді. Ол атажұртына жасаған сонау бірінші сапарында ұзағырақ қыдырыстаған болса (Сәбеңнің атақты шығармасын еске алыңыз), екінші рет шыққан сапары,  Балуан Шолақтың ұлы Құдайберген Шолақовтың  (жазушы Жайық Бектұров зерттеуіндегі) естелігіне қарағанда, бірер айға ғана созылған.      

Шөкең түстік өңірде ата-бабасының туып-өскен жерлерін, Шу бойында тұрып жатқан алыс ағайындарының ауылдарын  аралады. Қырғыз аймағына барды. Жетісудің белгілі өнер адамдарымен, соның ішінде жыр алыбы Жамбылмен де сырласты. Болған жерлерін думанға толтырып, өнер көрсетті. Арқа дүлдүлдерінің де, өзінің де әндерін шырқады. Еліне сағынышпен оралды. Алайда елдегі дұшпандары бірер мезгіл көзден таса болған екен деп оны ұмытып кете қоймайды. Ұзақ сапарынан қайтып келгенінде оған түрлі залал келтірудің жолын қиыстыра береді. Ақыры қапияда қастандық жасап, өмірден ерте кетуіне себеп болады. Бұл қанды зұлымдық жайын Сәбит Мұқанов оның өмірі жайында жазған көлемді хикаясында көркем кестелегені белгілі. Әйгілі жазушы өзінің сонау туындысына әр кезде кейде роман, кейде повесть деп жанрлық атау берген, әдебиетші қауым да оны солай, көбіне повесть ретінде қабылдап кеткен. Дегенмен Сәбең өзінің он алты томдық таңдаулы шығармалар жинағының 3-ші томында (1972) жариялаған повестері арасына 40-шы жылдары жазылған бұл хикаятын «аңыз» деп үкілеп қосқан. Біздіңше, осы анықтамасы дәл, өйткені, шығармасында Балуан Шолақтың өмірінен беретін мағлұматтары көп ретте аңыз сипатында, әсірелей суреттеліп, көтеріңкі романтикалық рухта баяндалады. Сәбең палуанның 1916 жылғы 25 маусымда шыққан қазақтан майданға жұмысшы алу жайындағы патша пәрмені салдарынан туған  ұлт-азаттық көтеріліс алдында, тасадан жаулықпен атылған оқтан қаза тапқанын жазады. Алайда  батырдың дүниеден 1919 жылы өткені бұл күнде дәлелденген ақиқат. Демек, оның сол екі аралықтағы тарихи кезең кезіндегі ісін зерттеп жаңғырту керек-ақ. Әзірге, жазушы-зерттеуші Естай Мырзахметовтың болашақ зерттеулерге түрткі боларлықтай құнды деректер жазып қалдырғанын есте ұстауымыз керек. Оның айтуынша, Балуан Шолақ туып-өскен «елдің бұрынғы жайлауы Айқайқабақ, Үйжығылған сықылды кең даланы», «осы күнгі Ақмола облысының Астрахан, Мариевка (Амантай), Журавлевка (Қылыш), Макинка (Бұланды қарағайы) аймағын басып, Бурабайға өтетін тас жол, темір жол бойындағы бұрынғы қазақ елінің шұрайлы қонысы», күллі «әдемі жерлерді» келімсектер иемденген. Үкімет тартып алған бұл жерлерге қоса, қолдағы біразын – «Қайрақты, Мат өзендерінің, Қандықарағай, Ақсу, Айдабол жайлауларының кең өрісін» жергілікті қазақ алпауыттары «патша әкімдеріне, орыстың кулактарына ...сатқан». Мұндай  әрекеттерге Балуан Шолақ наразы болып, отаршылдарға қарсы күрескен. 1916 жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің Көкше өңірінде кең өрістеуіне осы жәйт мықты тірек болды деп есептейді қаламгер. Балуан Шолақ туып-өскен Көкше өңіріне – қазіргі Ақмола облысының Бұланды ауданына – іргелес жатқан Ақкөл ауданындағы Моншақты, Салқынкөл деген жерлерде орын алған  қозғалыстардың, сонау Салқынкөл көтерілісінің табиғаты мен туу себептерін, сондай-ақ оған қатысушыларды, әсіресе, Е. Мырзахметов зерттеу-мақаласында жазғандай, Балуан Шолақтың көтеріліске тигізуі ықтимал ықпалын  анықтаңқырап, терең қарастыру қажет-ақ. Патшаның тақтан құлауы, одан кеңес өкіметінің орнауы Шөкеңнің бұл орайдағы белсенділігін арттыра түсті. Рас, оның революция мұраттарын қолдағаны жайында жалпылама түрде айтылады, соны нақты деректермен толықтыру мәселесі зерттеушісін тосып тұр. Одан кейінгі төңкеріс жылдарында орын алған оқиғаларды, Алашорда, кеңес өкіметі кезіндегі ахуалды саралау, сондай зерттеулер негізінде күрескер әнші-сазгер-палуан өмірінің соңғы сәттерін жаңғырту орынды болмақ.

Балуан Шолақ 1919 жылы наурыз айының орта шенінде қайтыс болған. Жағдайды нақты білетін кісілердің естеліктеріне сүйене отырып, Е.Мырзахметов осындай қорытынды жасайды. Ақпан айының соңына қарай Шөкең кіші ұлы Құдайбергенді ертіп Атбасар жағындағы құдаларына қарай шығады. Алайда межелі жерге жетпестен кері оралуға бел буады. Қайран қалған баласына мұнысының себебін түсінде «Аққошқарының аян бергенімен» түсіндіреді. Тездетіп қайтпаса болмайтынын,  «ажал шіркіннің соңына түскеніне үш жылға айналғанын», содан,  «ақыры, міне, қуып жеткенін» айтады. Үйге келген соң «ішінің жанып әкетіп баратқанын» айтып, төсек тартып біраз жатады. Сосын бәйбішесі Қаныкей мен ағасы Төлеубайды оңашалап қасына алады да, сырын ашады және ақтық аманатын естіртіп, «Барамын алыс сапар қайтып келмес... Тұрыңдар дұға қылып, құрбы-құрдас!» деп келетін ел-жұртына арнаған қоштасу өлеңін айтады. Бірер күнде көз жұмады. Бәйбішесі, ағасы және Сабыр қажы батырдың «өсиетін айтқанындай орындайды».  Ақтық аманатының мазмұны бертінге  дейін белгісіз болып келген. «Ерінің өмірден өту құпиясын Қаныкей бәйбіше қырық құлыптың астына сап аса берік сақтаған, жат тұрмақ өзінің қара құрсағын қақ жарып шыққан Исажары мен Құдайбергеніне, жан дегенде жалғыз қызы Бәтеніне де ашпаған күйі, 1948 жылы өзімен бірге қара жер қойнына ала түседі», – дейді Е.Мырзахметов. Ал Шөкең қайтқанда сүйегіне түскен Сабыр қажы 1934 жылы, өмірден өтерін сезген шамада, немере інісі Ғаббасқа – жазушының нағашы атасына сыр ашады. Бұл сырды атасынан ол 1959 жылы әкесі екеуі естиді. Ал Шөкеңнің ағасы Төлеубай құпияны ортаншы ұлына, ол өз баласына айтып кетеді. Сол деректерге және ел ішіндегі басқа да мәліметтерге қарағанда, былай болған екен. Шөкең 1916 жылы жазғытұрым ауылына кештетіп қайтып келе жатады. Бұланды орманының Ақбалақ деп аталатын нуының шетіне кіре бергенінде, кенеттен тура қарсы алдынан мылтық гүрс ете түседі. Оқ ердің алдыңғы қасына тиеді, содан әлсіреп барып, оны іштен жарақаттайды. Ол, әйтеуір, аттан құламайды, 1919 жылы төсек тартып жатқандағы өз сөзімен айтқанда, «...құдайдың берген күш-қуатының арқасында» үйіне жетеді. Жараның қанын бәйбішесі Қаныкей жуып, таңып тастайды. Өзіне оқ атылғанын ешкімге айтпайды, бұл жайында тіс жаруға әйеліне де тыйым салады. Ел ішіне «қойдың құмалағындай қорғасынды көтере алмай ауырсынып жатыр» екен деген сөз таралып кетуі ықтималдығын намыс көреді. Енді, міне, ішінде үш жыл жатқан сол оқтың салдарынан өмірден өткелі жатып та құпияны берік сақтауға үндейді. Ағасына: «Сабыр қажы екеуің ғана арулаңдар», – деп қатты тапсырады. «Сүйегіме басқаларды түсірсеңдер – денемдегі жараны көрер. ...ақ ажал бұйырмай оқтан өлді деген сүйекке таңба». Ешкім білмесін... «Тап іргеде кіжінумен отырған қара шекпенді жаулар тыныш қарап қалмас. Тірімде шамалары келмегенмен, тым болмаса сүйегімді қорламаққа қабірімді ақтарар». Құпиялап қоятын болсын... Аса қиналып жатып, жоғарыда айтылғандай өсиеттерін естіртіп қоштасқан соң, дүниеден тез өтіп кете барады. Зерттеушінің айтуына қарағанда, «қазақ десе қаны қарайып қағынып тұратын жауыздар ...Шөкең өзі ақылмен болжап кеткеніндей, ...батырсынып, өш алмаққа» шығады.  «Қара құзғынша шулап жан-жақтан жиналып, ауылға ойнақ салады. ...көр қопарады. Бірақ Шөкеңнің сүйегін таба алмайды». (Оның мәңгі тыншыған құпия жерін білетіндер  бүгінгі ұрпаққа 1943 жылы нақтылап көрсетіп берген). Жаулары кіжінісіп, Шөкеңде кеткен еселерін оның артында қалған ұрпағынан алмаққа бел буады, сөйтіп баласының үлкені Исажарды атып кетеді... 

Балуан Шолақ мен Қаныкейдің он сегіз ұл-қызы болыпты, солардан Исажар мен Құдайберген және қызы Бәтен үшеуі қалған көрінеді. Әкесінің күш-қуаты Бәтен қызға дарыған екен.  Оны 30-шы жылдарғы қиын кезеңде Балуан Шолақтың әндерін жазып алу үшін Б.Г. Ерзакович іздеп барады. Сондағы көргенін ол былай суреттейді: «...Көп ұзамай, үйден әріректе тұрған қауғалы құдық жақтан ұзын бойлы, бүрмелі кең көйлек пен жіңішке беліне шақ қыналған қамзол киген бір әйел бізге қарай келе жатты. Ол мойынағашпен шып-шып толы шелек суды көтеріп келе жатқанына қарамастан бүгілмей, бүкіреймей, аяқтарын жеп-жеңіл басып, тіп-тік жүріп келеді. Балуан Шолақтың қызы Бәтен Нұрмағамбетова – сол екен. Жас болмағанымен, оның спортшыға тән сұлу сымбаты мені таң қалдырды. Оның кескін-келбеті – сопақша келген қараторы өңді, кең маңдайлы, мұңды болғанымен жылы нұр шашатын әдемі көздері, түзу түскен мұрны, әппақ тісті кішкентай аузы – есімде қалып қойды. Басына үлкен ақ шәлі тартқан екен, самайынан ақ шалған қара шашы көрініп тұрды». Балуан Шолақтың өзіне тартып қайратты боп туған осынау қызы Бәтен өнерден де құралақан болмаған, әйгілі А.В. Затаевичтің ақылымен өмірін қазақ мәдениетіне арнаған осынау музыка зерттеушісінің арқасында бізге оның бір өлеңі жетті. Зерттеушілердің еңбектерінде  Бәтеннің ұзатылған кезде әкесі Балуан Шолаққа арнап айтқан  назы мен әкесі өмірден озғандағы сағынышты жоқтауы сақталған.

Ірі қалаларда, жәрмеңкелерде өнер көрсеткен, әйгілі әнші, сазгер, палуанның көзі тірісінде суретке түспегеніне сенгің келмейді. Әйтсе де, осы уақытқа дейін ешқандай фотосуреті табылған жоқ. Оның кескінін Сәбеңнің атақты хикаятынан кейін қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі болған халық суретшісі Әбілхан Қастееев қылқаламмен бейнелейді. Алайда сурет, Е.Мырзахметовтың жазуына қарағанда, дала серісін көріп өскен көкшетаулықтардың көңілінен шықпапты. Содан қаламгер Шөкеңнің жерлестерінен, көзі тірі туыстарынан пікір жинай отырып, сазгердің сөз суретін жинастырады. Балуан Шолақтың ағасы Төлеубайдың ұлы Есенжол ақсақалдың: «...кейбір мінезі, әсіресе, түр-түсі жағынан әкесіне аумай ұқсаған  – Құдайберген», – деуіне байланысты, Құдайбергеннің суреттерін, жиналған күллі сипаттамамен қоса, жергілікті суретші Толқыбек Әкімов деген жігітке тапсырады. Ұзақ ізденістен кейін дүниеге келген бейнені 1986 жылы Үйсін ауылындағы «Шөкеңді көзі көргендерден ...Ақылбай, Халиолла ақсақал екеуі ...жалпы нұсқасы келіп тұр» деп мақұлдайды...

Шөкеңнің кескіндемесін жасаудан – шығармашылығын жинау ерте басталғаны мәлім. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарында өнертанушы А.В. Затаевич Қазақ өлкелік әскери-революциялық комитеттің есеп-қисап бөлімінде еңбек ете жүріп, қазақ еліндегі музыкалық фольклорды жинастыруға білек сыбана кіріскен. Оның мың жарым ән-күйді жазып алған ерен еңбегінен кейін, осынау абыройлы істі музыка зерттеушісі Б.Г. Ерзакович алып жүрді, бертінде қазақ зерттеушілері жалғастырды. Музыкатанушы ғалым Зейнұр Қоспақов Балуан Шолақ әндерін түгендеуде көп еңбек сіңірді. Балуан Шолақтың әндерін атақты халық ақыны Кенен Әзірбаев жас кезінде қасында жүріп тікелей өзінен үйренген де, көзінің қарашығыңдай сақтап, біздің дәуірімізге жеткізген.  Егер қазақ әндерін жинаушы әйгілі А.В. Затаевич 20-шы жылдары Балуан Шолақтың  төрт-бес әнін ғана нотаға түсірген болса, палуан-әнші-сазгер дүние салғаннан отыз шақты жыл өткенде, оның тағы он екі әнін Кенен Әзірбаевтың орындауында Б.Г. Ерзакович жазып алған.  Балуан Шолақ әндерін әр кезде Жүсіпбек Елебеков, Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайынов, Игібай Әлібаев, Қосымжан Бабақов, Елубай Өмірзақов, Нұғыман Әбішев, Мұхтар Өтебаев, Мағауия Көшкінбаев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов және басқа да әншілер шырқаған. Музыка мамандары бұл күнде Балуан Шолақ әндерінің, түрлі нұсқамен айтылатындарын қосқанда, қырық шақтысын жинаған.

Балуан Шолақ шығармашылығы мәдениетіміздің төрінен мәңгі орын алған құнды жәдігерлік болып табылады. Есімін халық қадірлейді. Өкіметіміз  оның әншілігін, сазгерлігін, ұлттық спорттың негізін салып, қазақтың өзіндік ұлттық мәдениетін дамытуға қосқан үлесін тану белгісі ретінде, туғанына 125 жыл толуына орай, 1989 жылы арнайы қаулы шығарды. Жамбыл облысы, Шу ауданының Ақтөбе селосының аты Балуан Шолақ селосы деп өзгертілді, сондай-ақ сондағы «Ақтөбе» ұжымшарына, Алматыдағы мәдениет және спорт сарайына, республиканың қалалары мен ауылдарында көшелерге, Көкше аймағындағы туған жерінде мектепке  Балуан Шолақ есімі берілді. Мұндай жұмыстар батырдың туғанына 150 жыл толу қарсаңында да жүргізілуде.  Ақмола облысының Бұланды аудандық  «Бұланды таңы» газеті ауданның қайың-қарағайлы әсем қойнауында тыншып жатқан қазақтың біртуар ұлы, атақты палуан, әнші, композитор, ақын Балуан Шолақтың бейітінің басына биіктігі 16 метрлік сәулеттік шешімі ерекше мемориалдық ескерткіш тұрғызылғаны баршаға мәлімдігін айта келе,  20 метрлік биік ескерткіші салтанатты түрде Жамбыл облысы Шу ауданының Төле би ауылында ашылғанын хабарлады. Қазақтың атақты ақыны, әншісі, композиторы, палуаны, Қазақстанда цирк өнерінің негізін салушы Балуан Шолаққа тұрғызылған ескерткіштің ашылуына Ақмола облысынан ақынның немересі, Бұланды ауданының орталығы  Макинск қаласының әкімі Шайдолла Құдайбергенұлы Шолақов арнайы барып қатысып, сондай монументтің Балуан Шолақ туып-өскен ауданның орталығынан да бой көтеретінін айтқан екен (http://baq.kz/kk/regional_media/post/2298)...

Балуан Шолақтың өмір жолы Сәбит Мұқановтан бастап Әнес Сарай, Дулат Исабеков, Серік Тұрғынбеков, т.б. сөз шеберлерінің шығармашылығына арқау болып,  олардың қаламынан туған прозалық, драмалық, поэзиялық туындылар жұртшылыққа қажет рухани азық қорын толықтыруда. Көптеген зерттеушілер, публицистер  балуаншолақтану саласына қызықты ізденістерімен өз үлестерін қосуда. Дала серісінің дүниеге келгеніне 150 жыл толуына орай оның аңыз болып кеткен өмір жолын жаңғырту ісі жалғаса бермек. Халқымыздың мақтанышына айналған Балуан Шолақтың әншілік-ақындық мұрасын насихаттау, оның қаһармандық бейнесіне мұқият назар аудару – баршамыздың парызымыз. 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290