Алматы облысы шошқа бағып, етін Ресейге жібереді
Алматы облысында ет өнімін экспорттайтын аса ірі кешенді құрылыс аяқталып қалды деп хабарлайды BNews.kz сайты. Кешен Алматы қаласына таяу орналасқан Первомайск кентіндегі малбордақылау базасында бой көтерген. Ендігі шошқа бордақылайтын кешенге айналған базаның құрылысын польшалық мамандар тұрғызыпты. Шошқа бордақылайтын кешенді салу үшін 2 млрда доллар қаржы жұмсалыпты. Қараша айында доңыздың айырқша түрлері Дания мен Голландиядан тасымалданып, бағымға алына бастайды.
Келісім бойынша шошқа етінің өнімдері алдымен Ресейге экспортталмақшы. Содан кейін шошқа етінің өнімі көбейген соң басқа да елдерге сатылмақ.
Шошқа өсіретін кешенде жылына 15 мың тонна шошқа еті өндірілмекші екен. Кешенде 150-200-ге жуық адам жұмыс істейтін болады.
Шошқа өсіретін кешен ет өнімдерін өңдейтін кластер бағытында дамымақшы. Таяуда қазақастандық-польшалық фирма жылына 130 мың бас шошқа соятын қасапхана құрылысын да қолға алмақ. Сондай-ақ алдағы үш жылда бұл жерде шұжық шығаратын өнідіріс орыны мен шошқа азығын дайындайтын зауыт тұрғызылады.
Осындайда еске түседі, Хрущев дейтін кісі «қазақ пен орыстың достығы үшін қазы мен шұжықты араластырып жасаңдар» деген пәрмен берген еді кезінде. Соның шындығы кешенді шошқа базасы болып жүрмесін... Айтпақшы, біздің кедендік әм Еуразиялық экономикалық ұйымдағы одақтасымыз – Ресей «қазақтың малы далада сойылып жатыр, қасапханалары жоқ» деп бізден баратын мал өнімдерінен бас тартқан-ды. Енді олай істей қоймас, өйткені бәрі талапқа сай болғалы тұр.
Abai.kz