Сенбі, 23 Қараша 2024
Біздің шенеунік 9344 0 пікір 23 Қазан, 2014 сағат 12:30

СЕРІК АХМЕТОВ НЕГЕ ҚЫЗМЕТСІЗ ҚАЛДЫ?

Сонымен Серік Ахметов Қорғаныс министрлігінің орынтағында да ұзақ отыра алмады. Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кездесу барысында Серік Ахметовтің отставкасын бірден қабылдағаны белгілі болды. Аталған ведмоствоға жаңа басшыны – Иманғали Тасмағамбетовты тағайындаған Елбасы Қорғаныс министрлігі елдің мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды буын саналатынын атап өтіп, Қазақстан армиясының қару-жарағын одан әрі жетілдірудің және оны заманауи әскери техникалармен жабдықтаудың қажеттілігіне назар аударды.

Иманғали Нұрғалиұлы – Президент Назарбаев командасындағы дағдарыс кезінде жауапты қызметтің тұтқасын қолына алатын сенімді серігі. Саяси ортаның тілімен айтсақ, кризис менеджері. Сағадат Нұрмағамбетов, Мұхтар Алтынбаевтардан кейін біржақты сыналумен келе жатқан Қорғаныс министрлігі Даниял Ахметовтың тұсында тіпті әлсіреп кеткен. Бақытжан Ертаевтың басын дауға қалдырған МИГ зымыранұшақтары Даниял Кенжетайұлының кезінде Израйльдің жарамсыз техникаларын сатып алды дегенге ұласып, Қорғаныс саласында «қортық» әңгімелер көбейе түскен еді. Ақыры Д. Ахметовтің бар-жоғы белгісіз болып қызмет орынын тастап шыққан-ды. Енді сол былық-шылықтың бәрін түзетіп жолға салу Тасмағамбетовке тапсырылған сияқты. Әйткенмен де, бұл өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан біз негізгі тақырыбымызға ауысайық.

Даниялмен фамилиясы бір Серік Нығыметұлы – дабыра-шусыз адам. Қорғаныс министрі деген лауазымы жоғары қызметті де ол ың-шыңсыз алды. Ың-шыңсыз кетті. Үкіметті де бір жарым жылдан астам уақыт шегінде үн-түнсіз басқарды. Тек сырт көзге елеусіз болғанымен ептеп байқалғаны: сол кездегі Президент әкімішілігінің жетекшісі Кәрім Мәсімовпен арасы салқындау көрінді. Ақордаға жақын адамдардың сөзіне қарағанда, ПӘ-нің экс-жетекшісі Кәрім Қажымқанұлы томаға-тұйықтау Серік Нығметұлының алдын орай бергенге ұқсайды. Оның үстіне Премьер-министр Ахметов үш елдің арасындағы Кедендік одақтың кейбір қарым-қатынасы мен алыс-берісіне қарасы шығып отырған-мыс. Еуразиялық экономикалық одақтың келіссөздеріне де салғырттау қараған. Осының бәрі жинақтала келгенде Ахметовтың Үкімет басшылығынан кетуіне әкеліп соқтырған. Ал, оның Қорғаныс министрлігінен де жылдам «жылжуына» ПӘ-нің қазіргі басшысы Нұрлан Нығамтулин пәрмен еткен деген сөз бар. Қазақстанда өзің туып-өскен өлкеге ықпалды тұлғаға айналу үшін аймақтан шыққан немесе шығуы ықтимал азаматтарға ауқым тудырып отыру қажет дейтін заң бар. Мысалы, еліміздің батыс облстырында Аслан Мусин мен Иманғали Тасмағамабетовтың беделі жоғары. Елбасы да кадрлық саясатта танымал адамдардың ел ішіндегі бет-беделін үнемі таразыға тартып отырады. Мәселенки, осыдан бірер жыл бұрын ешкімге дес бермеген Аслан Мусин Президенттің «еркесіне» айналаған кезде Иманғали Тасмағамбетов Астананың шаруақор әкімі болып қана жүрді. Тасмамағамбетовты қала әкімінен министрлік қызметке ауыстыра отырып Елбасы Хорватиядағы Аслан Мусиннің елшілік миссиясын ұлғайтып, Қазақстан Республикасының Босния және Герцеговина Республикасындағы, Черногория Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқару міндетін жүктеді.

Шамамен Серік Ахметов те осы аймақтық амбициялардың аламанына түсті. Ә дегендегі ақпарат оны қала әкімі дескен-ді. Яғни, Тасмағамбетовтың орынына Астана қаласының әкімі болып Ахметов тағайындалды деп басталған ақпарат тарап үлгергенше, ол орынға Қорғаныс саласын Даниял Ахметовтан кейін басқарған Әділбек Жақсыбеков барып жайғасты.

Жоғарыда Ахметовтың әзірге қызметсіз қалуына ПӘ жетекшісі Нығматулиннің ықпалы болды дегенді айттық қой. Мүмкін. Себебі Серік Ахметов (Қарағанды облысының тумасы) Үкімет басшысы атанаған кезде атқа мінген қарағандылық шенеуніктер  (облыс пен қала әкімі бастап) қазір істі болып жатыр (қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=1814, http://abai.kz/post/view?id=1795). Олардың да өткен-кеткені Президнет әкімшілігінің қадағалауында-мыс. Міне, осылай... Қақ-соқта шаруасы кем, артық-ауыз сөзден бойын аулақ ұстайтын, сыпайы-сынық Серік Ахметов әзірше еш жерге «жарамайтын» кадр болып тұр. Астана жақтан келетін жіңішке бір әңгіменің нобайына қарағанда, Ахметовтің де үндемей жүріп «үйдей пәлені үйіп алған» түрі бар көрінеді. Сондықтан біз де осы арадан «Ахметов неге қызметсіз қалды?» деген сауалға қатысты нақты жауабымызды ірке тұрмақпыз.

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354