Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 9676 0 пікір 23 Қазан, 2014 сағат 08:34

Бекжан Кәленұлы. Атланттар туралы аңыз бен ақиқат

                           Ізденіс түбі - ізгілік

Шымкенттен Әлімжан інім қоңырау шалып,   қысқа қайырым амандық-саулықтан соң: «аға, мынау Отырар ауданының Шілік ауылында кезінде мектепте бірге оқыған сыныптас досым бар. Аты - Бекжан, тегі –Бейсенбай (суретте).  Мамандығы  - инженер-механик.  Өзі бала кезден тарихқа қызығып,  ізденіп жүретін. Сол жақында атланттар туралы бір кітап жазып, бітірген. Оқып көріп едім, маған қатты ұнады, танымдық дерегі мол. Бірақ мұндағы тарихшы ғалымдарға көрсеткен екен, олар азаматтың меселін қайтарып: «әркімнің өз шаруасымен айналысқаны жөн ғой» деген тәріздес пікір айтыпты. Өзінің  сізге барып, жолыққысы келеді. Арнайы  іздеп бармақ, қабылдаңызшы», -  деп өтініш білдірді. Мен келісімімді бердім.

Көп ұзамай  Әлімжанның досы да  Астанаға жетті. Таныстық. Қазақы тәрбиенің бесігінен шыққан биязы мінез,  баяу сөйлейтін орнықты жігіт екен. Қысыла отырып, өзінің бала кезінен  танымдық шығармаларды іздеп жүріп оқуды әдетке айналдырғанын, кейде  ерекше әсер еткен, толғандырған тақырыптарға  қалам тартып, онысын газет-журналдарға ұсынып қоятынынан хабардар етті. Оларының кейбіреуі республикалық, облыстық басылымдарда  жарық  та көріпті. Мынау маған көрсеткелі келген еңбегі  өзін тылсым құпиясымен ерекше баурап алған Атланттар жөнінде ұзақ жылдар бойы ізденіп, тірнектеп жиған материалдары негізінде жазған алғашқы көлемді дүниесі екен.

Қолжазбаны алып қалдым. Қазіргі айналысып жатқан ісімді  тез бітіруім керектігін ескертіп, біраз уақыт беруін сұрадым. Ол келісті. «Қанша болса да, сіздің жауабыңызды күтіп жатамын» деді де, сыпайы қоштасып, шығып кетті.

Ауылдағы атқарып жүрген жұмысының барлығына, мұндағы қаланың қымбатшылық қиындығына   қарамай, ең болмаса, «мүмкіндігінше тездетсеңіз жақсы болар еді» деп емеурін танытпай, «қанша болса да күтемін» деген ауыл азаматының қылығы маған  қарапайым  көнбіс сыпайгерліктен гөрі, қалайда жазғанының бағасын білуге деген ішкі ынтызарлықтың басымдығын айқындап тұрғандай болды. Мұндай күтудің салмағының қандай болатынын кезінде өзіміз де бастан өткердік қой, Бекжан шығып кеткен соң, көп ойланып жатпай, жазып жатқан жұмысымды былай ысырып қойып, ол тастап кеткен қоңыр папканы қолға алдым.

Мыңдаған жылдардан бері тылсым түйінін шештірмей әлемнің  белгілі  талай ғалымдарын  тұйыққа тіреген әйгілі  атланттар жайында  ауыл баласы «не жаңалық аша қойды дейсің» деген ішкі керітартпа ойдың жетегінде қолжазбаны оқуға кірістім.

Жас зерттеуші  еңбегін «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» деп атапты. Осыны оқығанда: «Аңызы белгілі ғой, мұның ақиқаты не  екен» деген ой  жаңағы қолжазбаны қолға алғандағы пенделік керітартпалықты кері серпіп,     білуге деген ынтамды оятқандай болды. Шығарманың тақырыптан кейінгі алғашқы сөйлемінен басталатын танымдық деректер тізбегі осы оянған ынтама қайта қалғуға мүмкіндік бермей, алға дедектетіп жетелей жөнелді. Бейне салқын судан тітіркеніп, жағада кібіртіктеп тұрып қалып барып, тереңге бір-ақ ырғыған жан секілді мен де оқуды ықылассыздау, марғау бастағаныммен,  деректер теңізіне қалай тереңдеп сүгіп кеткенімді аңғармай да қалдым. Қанша уақыттың өткенін де білмеймін, қолжазбаны оқып бітіп, соңғы бетін жапқанда барып бір-ақ дем алғандай болдым.  Көптен  дерекке бай мұндай  мазмұнды дүниені оқыған жоқ едім. Рахаттанып қалдым. Ең ғажабы, шығарма әдеттегі жазуға жаңа машықтана бастағандарда болатын «көркемдеймін» деп көпіртіп алатын көбікті көпсөзділіктен   ада екен. Көрмеге қойылған көздің жауын алатын көненің асыл мұраларындай бірінен- бірі өтетін айтары мол қызықты да құнды деректер тізбегі бір-біріне ұласа алға жетеліп, әрқайсысы берер мағлұматымен таным көкжиегін кеңейтіп, қазіргі ресми тарих қалыптастырған санаңа кәдімгідей салмақ артып, беймәлім жұмбақ әлемнің сыйқырлы сәулесі сыздықтап көкірек сарайыңа  құйыла бастайды.  Артық-ауыс бір сөйлем жоқ. Бәрі орынымен. Әлқисасы  бірден  христиан эрасына дейінгі  VII ғасырда өмір сүрген грек ғұламасы Солонның  бір кезде Египеттің әулие абызының ауызынан естіген әңгімесін кейін  хатқа түсіріп, ұрпақтан  ұрпаққа жеткізген сол Солонның атасы бір туысы, әлемге әйгілі   ақылман  Платонның (х.э.дейінгі 428-348 жж.)   Атлантида жөніндегі деректерінен басталған зерттеу еңбек тұтастай осы  египеттік абыздың  айтқандарының жалаң қиял, жайдақ аңыз емес,  тарихи  деректік негізі бар  бағзы заманның  өзіндік   бір шындығы екенін дәлелдеуге арналыпты. Көне аңыздың деректері  мен кейінгі ғылым ашқан жаңалықты деректер кезек алмасып, зерде таразысына салыстырыла тартылады. Қазіргі жетілген ғылымның жетістіктері нәтижесінде  соңғы кезде қол жеткен, жалпы көпшілік біле бермейтін археологиялық, лингвистикалық, картографиялық, тарихтық толып жатқан жаңа мәліметтерді бір-бірімен  сабақтастыра  салыстырып зерделеу  арқылы түйінделген автордың тың тұжырымдары бұрынғы қиял-ғажайып ертегі деп қабылданып келген аңыз-әңгімелердің  мифтік қауызын аршып, оның халықтың кәдімгі  ауызша тарихы дерегінің  есте жоқ ескі заманның шынайы болмысын танытар дереккөзі екеніне көз жеткізе түседі.  Қызығасың, таңданасың, солай болғанына сенесің. Деректі  айғақтар соған мәжбүрлейді.  Мысалы, бұрын «уақытты жеңген  алып» аталып, әлемнің жеті ғажайыбының бірі деп танылған   Египет пирамидаларын ғана білсек,    енді  мұндай  пирамидалардың Америкада да, Қытайда да, Қырымда да, Испания жағалауында да бар екенін, тіпті, Куба жағалауындағы теңіз астынан табылған қаладағы төрт пирамиданың кристал шыныдан жасалғанының  атақты Хеопс  пирамидасынан  әрі биік, әрі көлемді, әрі әсем де сәнді  екендігін біліп, қайран қаласыз.   Автор мұнымен де шектелмейді. Енді ол осынау толып жатқан көп  пирамидалардың бір-бірінен тым шалғай орналысқанына қарамастан, осылардың  бәрінің сонау есте жоқ ескі замандарда өркениеттің шырқау бигіне көтеріліп, мейлінше дәуірлеген, кейін  табиғаттың сұрапыл  апатының салдарынан құрып кеткен атланттардан қалған  мұра екенін жан-жақты дәлелдеумен бірге осы ғажайып халықтың ататегінің  түріктектес халықтардан екенін айғақтайтын мәліметтерге сүйеніп жасаған өз тұжырымын ұсынады. Батыл да тосын тұжырым. Сенейін десең, ресми тарих ғылымының: «түріктерді  христиан эрасынан  кейінгі VI ғасырда Алтайда пайда болған жас халық» деп  мойындатып қойғаны қаша-а-ан! Бұл бойынша түріктердің ежелгі халық болуы мүмкін емес! Сенбейін десең, автор сол тарих ғылымының өзі анықтап берген, бірақ  әлі  жалпы көпке бірдей мәлім емес небір деректерді бірінен кейін бірін алға тартып, өз айтқанының шындығына еріксіз мойынсұндырады.  Танымың қабылдамас кереғарлықты көріп тұрып, амалсыз иланасың. Қалай иланбасқа?!. Айталық,   бәріміз  жақсы білетін  мәңгілік мұздың құрсауында жатқан Антарктиданы зерттеудің авторы «көкорай шалғыны жайқалған бір кезде атланттар жайлаған жерұйықтың бірі болды» дейді. Сену қиын. Бірақ автор осыдан бір ғасыр бұрын табылған, 1513 жылы түрік флотының адмиарлы Пири Рейс пайдаланған картаны алдыңызға жаяды. Картада Африканың батыс жағалауы, Оңтүстік Американың шығыс  жағалауы және қазіргі  мәңгілік мұз басып жатқан Антарктиданың солтүстік беті бейнеленген. Осында Антарктидаңыз жасыл желек жамылған көркем өлке.  Қазіргі ғылымның анықтауынша Антарктиданың өзі әлгі карта жасалғанынан  үш ғасыр өткеннен кейін  барып қана ашылған. Сонда шумерлер мен египеттіктерден  мың жыл бұрын мұндай әлемдік картаны кім жасаған, түрік адмиралы оны қайдан алған? Антарктиданы зерттеген ғалымдар әлгі  Пири Рейстің картасында көрсетілген   өлкені осыдан 6000 жыл бұрын Мод корольдігі  мекендегенін анықтап, сол кезде бұл өңір  расында да жасыл желегі желбірегін жанға жайлы мекен болғанын айтады. Ал америкалық және еуропалық ғалымдар  қалың мұздың астында қолдан тұрғызылған ғажайып көне пирамидаларды тауып, суретке түсірген. Табылған динозаврлар мен ежелгі заман жануарларының сүйегі өз алдына. Осыларды көріп, біліп, зерделеген сайын  бұрынғы өзіңнің «атланттар қайда, түріктер қайда» деген күдікті ойыңнан адасып, автор жағына еріксіз ойыса бастайсың.  Осыны ішкі түйсігі арқылы  сезгендей  зерттеуші енді  сізді лингвистикалық  айғақтардың қоршауына алады.  Христиан эрасына дейінгі 3100 жылы пайда болды делінетін шумер жазуының да, х.э. дейінгі  1800 жылдары Египетті билеген гиксостар жазуының да, х.э. дейінгі  1500 жылдары Италия жерінде өркениетке қол жеткізген этрусклер жазуының да, х.э. дейінгі VII ғасырдағы сақтар жазуының да, х.э. кейінгі VI ғасырдағы түріктер жазуының да  26 әріптен тұратынын және олардың бір-біріне  егіз қозыдай ұқсап жататынын  нақты фактілер арқылы  дәлелдейді. Ұзақ жылдар бойғы тынымсыз ізденістің нәтижесінде  түріктектес халықтардың ресми тарих мойындатқандай VI ғасырда пайда болған жас  халық емес, бастау тарихы адамзат баласының жаратылу кезеңінен тамыр тартатын ежелгі халықтардың бірі екенін дәлелдеу барысында  ескі дереккөздерінің  талайын  парақтаған біз үшін де осынау деректердің бәрі  еуропалық таным-түсінікте жазылған әлем тарихының сыңаржақтығын  тағы бір жаңа қырынан айқындай түскендей.  Зерттеу авторының сөзіне дәйек ретінде  пайдаланған  Орталық Азия түріктерінің христиан эрасына дейінгі екімыңжылдықтың өзінде Еуропамен тығыз байланыста болғанын дәлелдейтін  Германия жерінен табылған қазына жайындағы дерегі де  осы орайда біраз жайды аңғартқандай. Алтын мен асыл тастардан жасалған бұйымдарды  арнайы зерттеуден өткізген неміс ғалымдары олардың бұдан 3300 жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерінде жасалғанын дәлелдеп берген.  Осыны растағандай  Қазақстан археологтары осыдан бірер жыл бұрын ғана Торғай даласынан «Үштоғай төрттағаны» мен «Торғай свастикасы» деп аталтын көне ғимараттардың орынын тапты. Әлі зерттеліп, бар құпиясы толық ашылмаған көне заманның осы мұрасын  Гарвард университетінің профессоры А. Клесов  «ежелгі Атлантиданың құрдасы» деп танып, оны зерттеуге қатысуға ықылас білдірген. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: құндылығы жағынан бірінен бірі асатын, деректігі жағынан бірін бірі толықтыратын осынау толып жатқан тарихи мәліметтер арқылы өзіндік батыл тұжырым жасай білген  жас зерттеуші Бекжан Қаленұлы Бейсенбайдың  бос қиялдың жетегінде кетпей, ғылыми маңызы бар іргілі іс тындырып, Атлантида ақиқатын ашуға өзіндік үлес қосқаны даусыз.  Оның осынау шағын зерттеу еңбегі жұмбағын шештірмей, талай тарландарды  тығырыққа тіреп,  құпиясы мол тылсым әлемге айналған  Атлантида проблемасының   мәселелерін түгел шешіп тастамаған күннің өзінде, кейінгі зерттеушілердің ескі түсінік шеңберінен шығып, жаңаша пайымдауына жол ашып,  жаңа ізденістерге  бағыт беруге көмектесері анық. Оған көз жеткізу үшін оқып көріңіз, өкінбейсіз.

(Жалғасы бар)

                                          Қойшығара Салғараұлы,

                 Ғалым - жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік

                 сыйлығының және «Күлтегін» сыйлығының иегері,

                  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz                                                                                         

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2269
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3584