Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2630 0 пікір 17 Мамыр, 2010 сағат 08:22

Қырғыздар қырқысып жатыр

Сәуірде Қырғыз мемлекетін сарсаңға түсірген оқиғаға баға берген саясаттанушы мамандар «Алатаудың арғы бетіндегі аласапыран оңай басыла қоймайды» деген сарындағы пікірлерін алға тартқанда, Ресейде сапарлап жүрген Өзбекстан Президенті Ислам Каримов: «Қырғыз еліндегі жағдайдың перманентті сипат алып кетпеуіне кепіл жоқ», - деп болжам жасаған еді. Ал дәл осы кезеңдерде қазақстандық журналистермен кездесуге арнайы келген Қырғызстанның «Ар-Намыс» партиясының жетекшісі Феликс Кулов: «Қырғыз халқының бұл әрекетінен жабайылықты іздеудің қажеті жоқ. Осы жағдайға итермелеген - биліктің өзі. Демократиялық таңдау жасаған халық тұрақтылық қалпына келтірілгенше уақытша үкіметке сенім білдіреді деп ойлаймын», - деген-ді. Төңкеріске түрткі болды деген билік құрылымындағы бәкиевшілер жаппай шеттетіліп, уақытша үкімет орнағанына бір ай уақыт өтер-өтпестен, Куловша айтқанда, «тағылығы емес, саяси мәдениетінің жоғарылығынан билікті оңай төңкеріп тастайтын қырғыз халқы» тағы да шала бүлініп жатыр.

Жалпақ тілмен айтқанда, Қырғыз елінде орын алған сәуірдегі төңкерістен кейін бейбіт өмір бес жыл тұрмақ, бес аптаға жетпеді. Кеше Жалал-Абад қаласында (қырғыз заңы бойынша «экс-президент» деп атауға болмайтын) Құрманбек Бәкиевтің жақтастары мен уақытша үкіметті қуаттайтын партиялардың бірі «Ата-Мекеннің» белсенділерінің арасында қақтығыс орын алды. Алғашында тас лақтырып, сойыл сермескен екі топ шиеленіс кезінде бір-біріне қару кезеніп, оқ та атқан. Бәкиевшілер бұған дейін басып алған облыстық әкімшілік ғимаратты уысынан оңайлықпен шығармайтынын ашық аңғартты. «Калашников автоматтарымен мұздай қаруланған 400-ге жуық адам аймақтың бас кеңсесіне уақытша үкімет жақтастарын аттап бастырар емес», - деді «Ата-Мекен» партиясының өкілі Асылбек Текебаев. Осы бір әредікте Қырғызстанның ақпарат құралдары «қарулы жасақтардың күзетіне алынған Ош облысында жағдай саябырсып, бұдан кейін арнайы қызмет сарбаздары тұтқиылдан басып алынған Жалал-Абад облыстық әкімшілігінен азат етті» деген мәлімет таратқанмен, кейбір ақпарларға қарағанда, Жалал-Абадта уақытша үкімет пен Қ.Бәкиевтің жақтастарының өзара атысы ұзаққа созылған. Тіпті кейбір дерек көздерінде аталған өңір орталығы әлі де уақытша үкіметтің бақылауына алынбағаны айтылады. Аймақ орталығындағы қарулы қақтығыс мемлекеттік университет маңында өткен. Ал елдің денсаулық сақтау министрлігі «жалпы, зардап шеккендердің саны 63-ке жетті» деп хабарлады. Ведомство өкілдері ауыр жарақат алғандардың бірі операция үстелінде жан тәсілім еткенін растады. Ал куәгерлер болса Жалал-Абадтағы атыс кезінде, кем дегенде, үш адамның көз жұмғанын айтады.

Уақытша үкімет өкілдерінің айтуынша, кезекті бүлікті ұйымдастырушы - бір кездері Құрманбек Бәкиевтің кеңесшісі болған «Жаңа Қырғызстан» партиясының жетекшісі Үсен Сыдықов. Кеше түс ауа Ош облысының Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Шәкір Зүлімов ақпарат құралдарына мәлімдеме жасап, Ү.Сыдықовтың тұтқындалғанын жеткізді.

Бұдан кейін іле-шала уақытша үкіметтің қарауындағы күштік құрылымдар қырғыз коммунистерінің басшысы Ысқақ Масалиевті тұтқындады. Бұл әрекеттер қаны қызу көтерілісшілерді екілендіре түспесіне еш кепіл жоқ. Керісінше, жанжал отына май құя түсуі бек мүмкін. Себебі «сәуір оқиғасы» да Таластағы тұтқындардың тағдырына байланысты басталды емес пе? Жанжал ошағы қатар тұтанған Оштағы жағдайға келсек,  ішкі әскер мен әскери арнайы қызмет сарбаздары қалаға кіргізіліп, аймақтық әкімшілікте өзін бір күн губернатор сезінген Мамасадық Бәкіров ғимараттан қуылып, бұрынғы басшы Сооронбай Жеенбеков орынтағына қайта жайғасқан көрінеді. Қалай десек те, елдің оңтүстігіндегі үш облыс екі күн бойы екі иінінен дем алып, аласапыран күй кешті. Тағы да қан төгілді. Күн сайын күш қолдану, көпе-көрінеу оқ ату үйреншікті әдетке айналып бара жатқан қырғыз қоғамында тұрақтылық орнау үшін әлі біршама уақыт керек сияқты. «Бәкиевшілерге көмек солтүстік жақтан беріліп отыр» деген күдігін жасыра алмай Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Кеңешбек Душебаев Марат Бәкиевтің Алматыда жан сауғалап жүргені туралы және Қазақстаннан уақытша үкіметке қарсы топқа 1 млн доллар қаржы жібергені жайында мәлімдеген еді. Кеше еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы «Душебаев жолдастың ақпары шындыққа жанаспайды. Қазақстанда Марат Бәкиев те, олар айтып отырған өзге адамдар да жоқ», - деп теріске шығарды. Аласапыранда билікке келіп, әлі де болса буыны бекіп үлгермеген уақытша үкіметтің бір сәтке шарасыздық танытып, бәкиевшілер алдында әлсіздігін байқатып алғаны да тұрақсыздықтың етек алуына бір себеп болса керек.

Дәл осы кездерде канадалық режиссер Томас Лахусен «сәуір оқиғасына» қатысты деректі фильмнің түсірілімі аяқталғандығынан хабардар ету үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Фильмде Маевка, Бішкек, Ош, Жалал-Абад және тағы басқа да жерлерде орын алған қақтығыстар боямасыз көрсетілетінін жеткізген өнер иесі «фильмді өзінің өзектілігін жоғалтпай тұрғанда тезірек жарыққа шығарамыз» деді. Егер Қырғызстанда бұлайша «бүлік синдромы» қайталана берсе, аталған фильм өзінің өзектілігін біршама уақытқа дейін жоғалтпайды. Яғни режиссердің асықпауына болады. Я болмаса бұл еңбегі жарамсыз болып, мүлде жаңа туындыға кірісуі әбден мүмкін.

Жарқын Түсіпбекұлы

«Алаш айнасы», 15 мамыр 2010 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443