Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 12273 0 пікір 21 Қазан, 2014 сағат 18:39

"БАУЫРЫҢА БІР БАРЫП ЕНЕЙІНШІ, КҮНЕС-АЙ!"

Ұшқын Жамалбек: «Бауырыңа бір барып енейінші, Күнес-ай!»


«Күнес-ай» – күллі қазаққа «Көк тудың желбірегені» әнімен таныс, композитор, марқұм Ермұрат Зейіпханұлының әні. Ерекең өмірден өткен соң бұл әнді белгілі әнші Алтынай Жорабаева орындаған болатын. Қаймана қазақтың туған жерге деген сағынышын дөп басып жеткізетін сырлы әуен ешқашан да назардан тыс қалмақ емес. Бүгінде алты Алашқа аты мәлім «Алашұлы» тобының мүшесі Ұшқын Жамалбек «Күнес-айды» қайта түлетті. Біз Ұшқын Жамалбекұлымен болған шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз:

- Шығармашылығыңыз тағы бір керемет әнмен толығыпты. Құтты болсын! «Күнес-ай» әнін репертуарыңызға қосуға не себеп болды? 

- Күнес – өзіңіз білетіндей әлемдегі қазақтар ең көп қоныстанған аудан. Әлемдегі 100 қазақтың біреуі осы ауданда тұрады. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Алашорданың арғы беттегі жарық жұлдызы Таңжарық Жолдыұлы, атақты күйші Әшім Дөңшіұлы осы ауданда дүниеге келген.  Бұл қасиетті мекенде әр қазақтың жүрегінде "Көк туын желбіретіп", құйырықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан Ермұрат Зейіпхан ағамыз туған. Күнес – менің де туған жерім. Табиғаты Алматымен қарайлас, бау-бақшаға оранған, Іленің басы боп  саналатын, Жетісудың төр жайлауларының бірі. Күнес – аты айтып тұрғандай қазақтың ежелгі атақонысы.

 

«Күнес-ай» әні  «Көк тудың желбірегенін» жазған марқұм Ермұрат ағамыздың әні. Ол кісі өмірден өтіп кетсе де артында бір талай асқақ әндері қалды, ғажап дауысы қалды. Өзіндік тарихы бар бұл әнді де керемет даусымен Ермұрат ағамыз өзі орындаған еді.  Одан соң «Ермұрат Зейіпханды еске алу кешінде»  Алтынай Жорабаева апайымыз шырқаған болатын. Дегенмен үлкен саханаларда әлі әуелеген жоқ.  «Жүргенов атындағы Өнер Академиясында» оқып жүргенде осы әнді орындауды, Ермұрат ағамызбен бірге айтуды армандаушы едім, ол кісі су ішіп ер жеткен мекеннің ауасын мен де жұтып өстім. Өкінішке орай ол кісі бұл өмірден мезгілсіз озды. Алайда артында көп әні қалды. Әндері шырқалып та жүр. Сол әндердің арасында көп айтыла бермеген осы әнді сахнаға қайта алып шығуды өзімнің үлкен борышым ретінде санадым. Осы әнді айту арқылы ағамыздың мұрасын жаңғыртқым келді. "Күнес-айдың" жаңа нұсқасын жазуға Qamshy.kz сайытының бас редакторы, ағам Біләл Қуаныш түрткі болды. Ән мәтінінде туып-өскен жерімнің, балалық шағым өткен жайлауымның, асыр салып бала достарыммен бірге қызық қуған туған топырағымның  аттары аталады. Яғни "Күнес-айды" шырқау -  мен үшін үлкен бақыт. 

- Нағыз бейнебаянға сұранып тұрған ән екен... 

- Бұл әрине, болашақтың еншісінде. Келесі жылы жазға қарай мүмкін бейнебаян түсіріп қаламыз. Қолдау көрсетуге ниетті жандар да көп. Өзіміздің де талпынысымыз бар. Алла қаласа, арнайы ат басын бұрып, Күнестің әсем де сұлу табиғатын, көрікті жайлауларын, киелі топырағын кескінге түсіріп келетін боламыз. Күнес туралы әннің, бейнебаянның болғаны, Күнесте туып-өскен қазақтардың мақтанышы ғана емес, елге келсек деген қара орман жұрттың ой-арманының көрінісі. 

 

- "Алашұлында" қандай жаңалықтар бар? 

- Жастарға рух беретін, халықты қуантатын жаңа әндермен репертуарымызды жаңартып жатырмыз. Халыққа береріміз көп болса екен деп жұмыстар істеудеміз. Сондай-ақ биылғы «Turkvizyon» байқауына қатысуға дайындалып жатырмыз, екі кезеңді іріктеудің бірінші сатысынан өттік. Екінші кезеңге іріктеу Астанада 26 қазанда болады. Қазақ елінен биылғы іріктеуге Жанар Дұғалова, Нұржан Керманбаев сияқты әншілер талаптануда. Биыл бұл байқау Татарстанның астанасы Қазан қаласында өтетін болады. Бұрынғы жылдардан айырмашылығы биылғы конкурстың бағалау жүйесіне өзгерістер енген. Өнерпазды бағалаудың 50 пайызы аудиториядағы әділ қазыларға берілсе, қалған 50 пайыз бағалау мүмкіндігі SMS арқылы дауыс беруге халыққа ұсынылады. Байқауға қатысуға жолдама алып жатсақ халық қолдау білдіреді деп сенеміз.

 

(Видеода Күнес өңірінің табиғаты бейнеленген. Интернеттен алынды)

Әннің мәтіні:

“Басы Күнес Іленің”,    деген ақын кім едің?

Туған жерін аңсамау, жұмыр басқа мін едің.

Сары ауру сағыныш, табар дейсің кім емін?

Бір аралап қайтуға  қиял тұлпар мінемін.

 

Қайырмасы:

Кейде өзіңе бұлданып,
Алушы едім, Күнес-ай!
Алыс кетсем мұңданып,
Қалушы едім, Күнес-ай!
                  
Бауырыңа бір барып,
Енейінші, Күнес-ай!
Көзім алды дымданып,
Келейінші, Күнес-ай!

Пешенесі Ақөзен, кесенесі Бестөбе.

Алмалы мен Телқара – анам тіккен кесте ме?!

Қарабура қомданып, Нарат қамдап көшкен ел,

Аққолтықтың күнгейлеп, соғар желі есте ме?!

 

Өрікті арал, Жаутоғай тұнып тұр бір сезіммен.

Көкшоқы анау ботам деп,боздап тұрған боз інген.

Боз жусаның бөзіңмен,көне зират көзіңмен.

Тік көтеріп төбеме, әкетсемші-ай өзіммен!

 

Әңгімелескен Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340