ӘЛІПТІҢ АРТЫН БАҚСАҚ...
Құрандағы 114 сүренің барлығы да «Мадақ айтып, бас иеміз Жаратушы Аллаға, рақымы мол, мейірімі шексіз сол ғана»(орыс тіліндегі нұсқада - «Во имя Аллаха, Всемилостивого, Милосердного» деген сөздерден басталатыны белгілі.Қасиетті Құранның ең ұзын «Әл-Бақара»сүресі 286 аяттан тұрады және «Әліп Ләм Мим» деген жеке-жеке әріптерден басталады.
Белгілі татар жазушысы Равиль Бухараевтың алғысөзімен 2007 ж. жарық көрген (аудармашы Бүкілдүниежүзілік Ахмедия мұсылмандар қауымдастығының өкілі Халид Ахмат) «Священный Коран» (арабский текст с русским переводом) деген кітапта Құранның екінші сүресіндегі («Әл-Бақара»)Алиф Лам Мим әріптерінің мағынасы жақша ішінде (Я,Аллах, Найлучший Знающий) деп көрсетілген. Ал үшінші сүреде («Әл-Имран») дәл осы үш әріп жақша ішінде (Я,Аллах, Лучше Всех Знающий) деп жазылған және барлық сөздер бас әріптермен берілген. Қазақ тілінде барлығын артық білуші деген осы ұғымның мағынасы көптеген кітаптарда «Мағынасы аян жалғыз Аллаға» деп айтылады.
Осы аудармада он екінші сүредегі («Жүсіп») Алиф Лам Ра деген әріптер (Я, Аллах, найлучший Видящий), яғни көруші деген ұғымды білдіреді деп көрсетілген. Он үшінші сүредегі Алиф Лам Мим Ра деген төрт әріп (Я,Аллах, Найлучший Знающий, Найлучший Видящий) делінген, яғни білуші мен көруші қосылып айтылған.
Әліп Ләм Мим – осы үш әріп басқа сүрелерде де жиі қайталанады. Сонымен бірге Ха және Мим деген екі әріп те көп қолданылады, оның мағынасы мақтаулы, даңқы асқан (Достохвальный, Преславный) деген ұғымды білдіреді. Бұл екі әріп 40-шы сүреден бастап 46-шы сүреге дейін әр сүренің ішінде қатарынан айтылады.
Мұхамбет пайғамбар (с.ғ.с.): «Құран Аллаға деген жіп әрі ашық нұр! Оны ұстағандарды ол қорғайды, құтқарады. Бұрыстықтан дұрыстыққа бастайды. Оның адам өміріне ғибраты шексіз. Қайта – қайта оқумен ескірмейді. Олай болса, оны оқыңыздар! Оны оқығандарға он есе сауап беріледі. Әліп, Ләм, Мим бір әріп емес, Әліп үшін он, Ләм үшін он, Мим үшін он сауап бар» - деген екен.
Араб ойшылы Ибн Аббас «Әліп-Ләм-Мим» сөзіндегі «Әліп» Алланы, «Ләм» – Жебірейілді, ал «Мим» –Мұхамбетті білдіреді деген болжам айтқан.
Әліп десем – ізгіліктің бастауы,
Ләм десем – Құдіреттің қоштауы,
Мим дегенім – келешектің жоспары,
Мағынасы аян жалғыз Аллаға!
Бай мен кедей, бәрінде бар тіл-көмей,
Таңдап алған тура жолмен жүр демей,
Тұрғандар бар ләм-мим деп үндемей,
Мағынасы аян жалғыз Аллаға!
Барлық сырға келсе түгел қаныққың,
Табасына қалмау үшін тарихтың,
Жөн болады артын баққан әліптің,
Мағынасы аян жалғыз Аллаға!
Осы жырды жазарда менің ойымда да осы құпия әріптер тұрды. Бұл әріптердің шешуін дәл табу қиынның қиыны.«Әліппенің» өзі «Әліп» әрпінен басталады. Бір деген сан да (І) жалғыз сызық, яғни әліппен белгіленеді.Сондықтан да әлптің мағынасы өте терең.
АДАМ деген сөздің өзі, адамзаттың атасы, алғашқы пайғамбардың есімі төрт әріптен тұрады (Алиф, Дәл, Алиф, Мим).
Алиф – Әліпті айтып тік тұрдым,
Дәл – Дәл дегенде бүгілдім,
Алиф – Әліпті айтып тіктелдім,
Мим – Мим дегенде иілдім.
Сәжде жасап Аллаға,
АДАМ болдым, сүйіндім.
Шынында да Адам сөзінің өзі осы төрт әріп арқылы Аллаға жалбарынуды ишаратпен түсіндіріп тұрған жоқ па?!
Құрандағы әрбір сүре, әрбір аят қана емес, әрбір әріптің де құпиясы мол. Әр әріпте сансыз сауап бар.
Ақылбек Шаяхмет
Abai.kz