Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 5007 0 пікір 20 Қазан, 2014 сағат 13:03

ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ...

 

Тамшы судың «сиқыры»

 

Статистикалық деректерге зер салсақ, еліміздегі егістік алқаптарының көлемі шамамен 24 млн. гектарды құрайды. Соның ішінде суармалы егістіктің аумағы екі млн. гектар көлемінде болса, нақты пайдаланылып отырғаны – осының тең жартысы ғана. Топырақ қабатының қайталап сортаңдануы, ирригациялық эрозияның интенсивті дамуы және табиғи су көздерінің тапшылығы салдарынан бұрындары егін салынып, есепке алынған алқаптардың дені бүгіндері ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған. Сол себепті де, осындай жерлердің біртіндеп кәдеге жаратылуын қамтамасыз ету күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып тұр. Осы орайда су қорын үнемдеуге негізделген шетелдік технологияларды қолданудың маңыздылығы зор. Өйткені, олардың көмегімен судың орынсыз ысырабына жол берілмейді және топырақтың құнарлы қабаты шайылудан қорғалады.

 

Қазіргі таңда израильдық тамшылатып суару әдісі егіншілікте, көкөніс-бақша, жеміс-жидек шаруашылықтарында мейлінше кеңінен қолданылуда. Артықшылығы сол, мұнда ағын суды әдеттегіден гөрі 2,5-3 есеге дейін кем тұтынып, минералды тыңайтқыштар мен ылғалды дақылдың өзіне тікелей жеткізу жолымен алынатын өнім көлемін еселеп арттыруға болады. Енді осы қондырғының қалай орнатылатындығына келсек, әуелі егін салынатын алқаптың топырағы өңделеді. Сосын арнаулы техниканың (трактор, агрегат, құрылғы, т.б.) көмегімен танаптарға түтікшелер төселіп, су жіберу жүйесі тартылады. Сорғылы электроқозғалтқыштың күшімен белгілі бір биіктікке дейін көтерілген су сүзгілі бөшкелерге құйылып, шлангілердің бойымен егіндікке тамшы түрінде таралады. Бір қарағанда, технологиясы аса бір күрделі де көрінбейді. Әлгінде айтқанымыздай, тыңайтқыштар дақылдың тамырына сумен бірге сіңеді, сол себептен де бұрынғыдай топырақты қопарып, қопсытудың қажеттілігі жойылады.

 

«Ирригатор-Қазақстан» – инновацияны енгізуші

Бізді осылардан хабардар қылған «Ирригатор-Қазақстан» ЖШС-нің директоры Өмірзақ Әбдішүкірұлының мәлімдеуінше, бұл кәсіпорын тамшылата суландыру жүйесіне арналған жабдықтар өндірісіне және оларды монтаждап, орнатуға маманданған, аты әлемге әйгілі израильдық «Метзерплас» компаниясының құрылымдық бөлімшесі болып табылады, Алматы қаласында оның өкілдігі ашылған. Білгеніміздей, «Ирригатор-Қазақстан» жұмысын ағымдағы жылдың қаңтар айында бастаған. Компанияның қатысуымен Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларының аумағында, түрлі табиғи жағдайдағы топырақтық-климаттық аймақтарды қамтитын 1500 гектар егіндік жерге тамшылатып суландыру жүйесі енгізілген. Бұлардың қатарында Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс, Мақтарал аудандарында жүзеге асырылған «Қазына-Жер» (300 га жүгері), «Арсенал-Сад» (120 га жеміс бағы) жобаларын, сондай-ақ 60 гектарға отырғызылған көкөніс дақылдары егістігін атауға болар еді.

 

Аз шығынмен көп өнім

Тамшылату тәсілі судың шығынын азайтумен бірге, энергияның да үнемді пайдаланылуына мүмкіндік береді. Осылайша, белгілі бір дақыл түрі егілген егіс алқабына су жеткізуге кеткен электр қуатының көлемі 2-5, минералды тыңайтқыштар 3-4 есеге азайса, есесіне егін өнімдерінің көлемі 40-50 пайызға көбейеді. Айтпағын осылайша түйіндеген сұхбаттасымыздың пікірінше, таяу болашақта еліміздің егін шаруашылығы толықтай шетелдік технологияға негізделген жүйеге көшіріледі. Ал, осыған дейін қолданылып келген, егіндікті каналдар немесе арықтар арқылы суару тәсілі өткен күннің еншісінде қалады. Қалай дегенде де, біз өзімізден кейінгі, келер ұрпаққа мол өнім беретін, топырағы құнарлы жерлерді қалдыруымыз керек. Әңгімеміздің арқауына айналған тамшылатып суарудың тигізер ең үлкен пайдасы да сонда, ол топырақтың құнарлы қабатын бүлінуден қорғайды, дақылдың тамыры мен бойындағы ылғалдылықтың ұзақ мезгіл сақталуына ықпал етеді.

- Өздеріңізге мәлім, Алматы шаһарында орналасқан «Ирригатор» суару технологиясы» ЖШС тамшылатып суару технологиясының жабдықтарын жасап шығаратын израильдық «Метзерплас» компаниясының Қазақстан мен Орта Азиядағы өкілетті кәсіпорны саналады. Оңтайлы сәтті пайдаланып, компаниямыздың жұмысына қатысты жайларды қозғап, нақты мысалдар келтірсем деймін. Айталық, шаруагер немесе фермер тамшылатып суландыру тәсілімен 50 гектар алқапқа жуа егіп өсіруге бел буып, бізбен байланысады. Өтінім берілісімен компанияның инженер-маманы дақыл отырғызылатын танаптың топотүсірілімін жасауға кіріседі. Бас-аяғы екі аптаның ішінде тамшылату құрылғысы жабдықтарының жайғастырылу жобасы мен сметалық шығындары туралы мәліметтер әзірленеді. Жабдықтың құны негізінен тұқым отырғызылатын алқаптағы топырақ қабатының ерекшеліктеріне, орналастырылу сызбасына, топографиялық сипатына, су көзінен қандай қашықтықта (алыс-жақындығына) орналасқандығына, т.б. факторларға байланысты болып келеді. Осылайша, бір гектар егіндікті израильдық технологиямен баптап-күту жүйесіне көшіру жұмыстарының құны 1900-2600 АҚШ долларын құрайды.

Әрине, осы тұста кейбір қиындықтар туындататын жағдайлардың кездесіп қалуы, түсініспеушіліктің орын алуы әбден мүмкін. Әйтсе де, қазақстандық өкілетті компания арқылы ауылдағы фермерге жеткізілетін жабдықтардың сапасына, сенімділігі мен төзімділігіне шығарушы-зауыттың атынан кепілдік беріледі. Тұтынушының талабы мен талғамына сай келетіндей сервистік қызмет көрсету міндеті бірінші кезекке қойылады. Құрылғыны орнатып, жүйені іске қосқаннан кейін, қызмет көрсетуші компанияның өкілі фермерге оның жұмыс жасау қағидаттарын үйретеді. Сол үшін де, Алматы мен Шымкент қалаларында компанияның екі бірдей кеңсесі жұмыс жасайды.

 

Қаржысыз шаруа бітпейді

Осының бәрін тәптіштеп түсіндірген Өмірзақ Әбдішүкірұлы, одан әрі қай істе болмасын басты мәселе саналатын қаржыландыру жайына қарай ойысты. Қолына бекітілген жоба мен сметалық құжатын алған шаруагер «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның жергілікті өкілдігіне жолығады. Өйткені, дәл осы мекемеде жобаларды қаржыландырудың ең төменгі жылдық сыйақы мөлшерлемесі белгіленген. Екінші бір жолы – бастапқыда фермер жоба құнының 50 пайызын өз қаражаты есебінен өтейді. Сонсоң, жабдықтар шетелден Қара теңіз айлағына жеткізілісімен тағы 30 пайызынан құтылады. Жабдықтар түгелдей монтаждалып, жоба іске қосылғанда қалған 20 пайызын төлейді.

Өндіріске қажетті құрылғы-жабдықтарды өзінде жасап шығаратын компанияның өкілі болғандықтан, «Ирригатор-Қазақстан» серіктестігінің шаруагерлерге ұсынатын қызметі мен тауарының бағасы да анағұрлым арзан, тұтынушыларды қамту деңгейі жоғары болып отырғанға ұқсайды. Мәселен, Түркия елінде шығарылатын дәл осындай тамшылатып суару технологиясының жабдықтарының құны 4 мың АҚШ долларына бағаланып, осы уақытқа дейін олар өз құрылғыларын бар болғаны 1,5 мың гектар алқапқа орналастырған.

 

Тілін білмесең, меңгеру қиын

Әңгіме барысында, бұған дейін ресейлік, қытайлық жабдықтаушылармен жұмыс жасап келген фермерлердің көптеген қиындықтарды бастан кешіріп, кедергілерге тап болғандығы ашық айтылды. Өйткені, олардың қызметі жабдықтарды жеткізіп берумен ғана шектелген. Қарапайым шаруа адамы жаңа технологияның тілін түсініп, қыр-сырын жете меңгермегендіктен жұмысын да жүйелі жүргізе алмайды. Соның кесірінен жиі-жиі ақауға ұшырап, сынған техниканың жүрісінен тұрысы көп болатындығы даусыз. Ал, оларды ауыстыратын қосалқы бөлшектерге тапсырыс берілгенімен, айлап күтуге мәжбүр. Соны ескерген, бұл іспен шұғылдануға ниетті шаруагерлер ойға алған жобаларын қазақстандық жабдықтаушымен бірлесіп жүзеге асыруды ұйғарған.

Тамшылата суландыру тәсілімен бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Жасыл дала» агрохолдингінің жетекшісі Ақмарал Қабулованың шаруашылығында 50 гектар егістік жері бар. Ауыл кәсіпкерінің айтуынша, осы уақытта олар түрлі елдердің жабдықтаушыларымен жұмыс істеген. Алайда, бұлардың бәрі де жабдықтарды жеткізіп бергеннен кейін жоғалып кетеді, содан да көп қиындық көреді екен. Дұрысында, мұндай күрделі шаруаның басы-қасында маманның өзі жүріп, жұмыстың бағыт-бағдарын түсіндіруі керек. Мұны бір проблема десек, басқасы да жетерлік. Шаруагердің сөзінен аңғарғанымыз, мұның алдында ресейлік компаниямен (Волгоград компаниясы) жұмыс жасағанда, оның ұсынған жабдықтарының құны (бір гектар егіндікке есептегенде) 2,5 мың АҚШ долларын құраған. Соның өзінде де әкеліп берген тауарлары сапасыз болып шыққан. Жиі-жиі істен шығып, алмастыратын қосалқы бөлшектерін айлап күтуге тура келген.

– Өз елімізде израильдық компания өкілдігінің ашылуы біртіндеп мұндай қиындықтардан құтылуға, тиімді әрі сенімді технологиямен табысты іс қылуға, әсіресе егіншілікке енді ғана бет бұрып, осы шаруаны қолға алған ауыл кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай туғызады деген ойдамын, - деп сабақтады сөзін агрохолдинг басшысы.

 

Сервистік қызмет қалай көрсетіледі?

Осы орайда, отандық аграршыларға өзінің қызметтерін ұсынуға ниетті қазақстандық делдал компанияның нақты мүмкіндіктері қандай, берілген өтінімдерді қаншалықты дәрежеде қанағаттандыра алады, бағасы қалай белгіленеді. Фермерлердің бәрінің бірдей ауқымды алқапты бағындыруға жағдайы тарта бермесі де анық. Бұл ретте, 3-5 гектар көлемде егін салған шаруагерлер осы жобаға қатыса ала ма, т.с.с. сан сауалдың туындайтыны да заңды құбылыс.

Бұған да сұхбаттасымыз өз уәжін айтып, тиісінше жауабын берді.

- Біріншіден, біз өз клиенттерімізді сапасы мінсіз жабдықтармен қамтамасыз етеміз, сервистік қызмет көрсетеміз. Жобаны тегін дайындаймыз, ал сметалық құнын шығарушы-зауыт ұсынған шамадан (ол мейлінше төмендетілген) асырмаймыз, - деді Өмірзақ Әбдішүкірұлы. - Қазақстандық нарыққа кірген санаулы уақытта тамшылатып суару технологиясының жабдықтарын бұрынғы 3,5-4 мыңнан 1-2,6 мың долларға дейін төмендеттік. Және бір артықшылығымыз сол, біздің компания бір мезгілде 14-15 жобаның орындалысын қамтамасыз ете алады.

Тапсырыс берілген жабдықтар тиелген контейнер Қара теңіз арқылы тасымалданып, кейіннен тиісті жеріне жеткізіледі. Бір контейнерге тиелген жабдықтар 50 гектарға дейінгі егістікті тамшылата суару құрылғыларымен қамтуға жететінін ескерсек, жаңағы айтылған азғантай аумақпен жұмыс жасау кәсіпорын үшін тиімсіз. Айта кетейін, біздер бір контейнермен әрқайсысының жер көлемі 25 гектарды құрайтын немесе 20-30 гектардан келетін екі шаруашылықтың сұранысын қанағаттандыра аламыз. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, мұның өзі шаруагерлердің бірлесіп жұмыс жасауы арқылы белгілі бір межеге жетуіне жол ашары сөзсіз.

Сайып келгенде, тиімді технологияның түпкі нәтижеде табыс кілтіне айналары күмәнсіз. Олай болса, бұрыннан қалыптасқан тәжірибемізді әрмен қарай молайтып, жыл санап аумағы ұлғайып келе жатқан, тамшылату тәсілімен күтілетін егістік алқаптардың ұтымды игерілуі үшін осы әдіспен жұмыс жасауға құлықты шаруагерлер қатары да көбейе түсетіндігі сөзсіз.

 Дәулетқали АРУЕВ,

Атырау облысы.

Абай.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052