Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Анық 8841 0 пікір 17 Қазан, 2014 сағат 09:50

АБАЙ ҰРПАҒЫ ҮЙСІЗ ЖҮР

15 қазан күні Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Алдан Смайыл Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

         Қазақ халқының ұлы ақыны, талант-дарынын әлем құрметтеген адамзаттық ауқымдағы кемеңгер – Абай Құнанбаевтың әулеті коммунистік қатыгез режимнің аяусыз қуғын-сүргініне ұшырағаны белгілі. Ақын балалары мен бауырлары атылды, түрмелерде көз жұмды, жер аударылды. Осы қырғыннан аман қалғандары Ұлы Отан соғысында оққа ұшты. Майданға аттанған 10 адамнан есен-сау оралғаны Абайдың Мағауиядан тарайтын шөбере қызы, соғысқа өзі сұранып кеткен Ишағы ғана.

         Белгілі қаламгер Медеу Сәрсеке («Қазақ әдебиеті» газеті 2014 ж. 26.09. № 38-39) «Ақын трагедиясы» атты мақаласында осы деректерді келтіре келіп, Абай әулетінің келешегіне алаңдайды.

         Ақын ұрпағынан бүгінде арамызда жүрген тұяқ Абайдың Ділдәдан туған ұлы Ақылбайдың балалары. Ақылбайдан – Әлімқұл, одан Бағыфур. Міне осы Бағыфурдың баласы Ақылбаев Айдар мен оның жалғыз ұлы Данияр Алматы қаласында тұрып жатыр.

         Данияр Ақылбаев Абайдың бесінші ұрпағы. Ленинградтағы гидрометеорологиялық институтының мұхиттану факультетін бітірген. Мамандығы бойынша жұмыс табылмай, Маңғыстауда мұнай компаниясының бірінде еңбек етеді. Қазір Алматыда.

         Абайдың ақын ұлы, «Еңлік-Кебек», «Медғат-Қасым, «Абылай» поэмаларын жазған Мағауияның немересі Ғазел Жағыпарқызы дүниеден озарында беріп кеткен екі бөлмелі ескі үйде үш баламен тұрып жатыр.

Суретте: Абай ұрпағы - Данияр Ақылбаев. Сурет www.azattyq.org cайтынан алынды.       

Абайдың Ақылбайдан тарайтын төртінші ұрпағы, Даниярдың әкесі Айдос Ақылбаев та Алматыда. Әлі күнге баспанасыз.

         Осы тұста ойланасың. Ұлы ақынның, қазақ халқына рухани тұғыр болып келе жатқан, бола да беретін данышпанның бүгінгі тұяқтары мемлекеттің қамқорлығына бөленуге тиіс қой. Мұны ел азаматтары бізден бұрын да ойлаған. Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1945 жылғы 15 тамыздағы қаулысы Абай есімін мәңгілік есте қалдыруға арналады, 95 және 100 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту ұйғарылады, ақынның сол кезде көзі тірі ұрпақтары Ақылбайұлы Исрайылға, Газел Жағыпароваға, Уәсилә Жақыповаға, Ақылия Оразбаеваға, Кәмила Оспановаға, Бибі Ысқақоваға 500 рубль көлемінде  дербес зейнетақы тағайындалады.

         Сұрапыл соғыстан соңғы қиын жылдарда да қазақ абзалдары мен ел басқарған естілері ақын рухына құрмет көрсете алған. Біз де сол тектілік деңгейінен табылайық. Айдар Ақылбаевқа баспана беріп, заманалар кемеңгерінің батасына кенелейік.

         Абай әулетін жалғастыратын жалғыз үміт – Данияр Ақылбаевтың жай-күйімен танысып, көмек қолымызды созайық.

         Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Сіздің қайраткерлік парасаттылығыңыз бен азаматтық ұлағатыңызға сенеміз. Өтінішіміздің орындалатындығына күмәнсізбіз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2062