Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Өзіңе сен 4017 0 пікір 13 Қазан, 2014 сағат 16:06

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА БАСТАЙТЫН ҚАДАМ...

Үкіметік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) мемлекет есебінен қаржыландыру – халықаралық тәжірибеде бұрыннан бар норма. Көптеген елдерде мемлекеттік билік органдары «үшінші секторға» қомақты қаржылай көмек көрсетеді. Мұндай әрекет тікелей немесе арнайы ұйымдардың қатарынан таңдап алынған делдалдардың, тіпті ҮЕҰ-дардың өзінің есебінен жасалады. ҮЕҰ-дарға қолдау көрсету көлемі жөнінен экономикасы дамыған елдер көш басында тұр. Сонымен қатар, өркениетті елдерде жекелеген азаматтардың ҮЕҰ-дарды қолдауы мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектен асып түсетіні баршаға белгілі. Мәселен, жиынтық бағалау бойынша дамыған елдерде (бұл жерде көштің басында Еуро-Атлантика өңірінің субъектілері тұр) ҮЕҰ-дарды мемлекеттен қаржыландыру олардың табысының 48 пайызын құрайды. Дамушы  елдерде бұл көрсеткіш екі есеге дерлік аз – 22 пайыз. Ал, ҮЕҰ-дардың өзінің қызметінен түсетін (мүшелік жарналарды қоса алғанда) табысы дамыған елдерде – 35 пайызды, дамушы елдерде – 61 пайызды құрайды.

  Жалпы алғанда, бірқатар батыс елдерінде ҮЕҰ-дарды мемлекет есебінен қаржыландыру олардың қызметінің ажырамас бөлшегі болып табылады. Мысалға, Ұлыбританияда Министрлер кабинетінің жетекшісі Дэвид Кэмеронның өзі бюджеттік тапшылықпен күрестің аясында қоғамдық ұйымдарға көмектесу үшін ҮЕҰ-дардың қаржылық шығындарын жартылай өтеуге шешім қабылдады. Тіпті, мұндай мақсат үшін арнайы «Транзиттік қор» құрылды. Көптеген жағдайларда мемлекеттік органдардың тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдау ҮЕҰ-дардың бюджетінің үлкен бөлігін құрайды. Мысалы, «Транспаренси Интернешнл» ұйымының бюджетінің табыс бөлігі 2013 жылы 28,17 млн еуроны құраса, соның ішінде 25,56 млн еуросы - әртүрлі елдердің үкіметтік ведомстволарынан алынған қаражат. Аталған ұйымның мемлекеттік донорларының қатарында АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі, Ұлыбританияның халықаралық даму министрлігі, Канаданың халықаралық даму агенттігі, ГФР-дің СІМ-і, Францияның СІМ-і және т.б. бар.

Халықаралық тәжірибеден көріп отырғанымыздай, шетелдерде ҮЕҰ-дарға мемлекет арқа сүйейді және оларды белгілі бір экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешетін субъекті ретінде қарайды. Ал Қазақстанда халыққа әртүрлі әлеуметтік қызмет түрлерін көрсететін 12 мыңға жуық ҮЕҰ-дар бар. Олардың негізінен жұмыс істейтін бағыты – балалармен және жастармен жұмыс, денсаулық сақтау, гендерлік даму, адам құқықтарын қорғау және азаматтық қоғамды нығайту. Алайда, атап айтарлығы, қазақстандық әлеуметтік қызметтер нарығы шетелдердікінен өзгеше. Өйткені, сол қызметтерді көрсететін ҮЕҰ-дар жалпы алғанда кеңес беру, ақпарат тарату және насихат жүргізумен ғана шектеледі. Ал, халықтың нақты мәселесін шешумен айналысатын ұйымдар бар-жоғы 10 пайызға да жетпейді. Яғни, біздің қоғамымыздың сол ұйымдардың алдына белгілі бір мақсат қойып, одан нақты мәселені шешеді деп үміттенбейтіні рас. Сонымен қатар, ұлттық заңнамамызда ҮЕҰ-дарды бюджеттен қаржыландыру мәселесі көрініс таппаған.

Міне, осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін, Қазақстанның Азаматтық альянсы «ҚР-дағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметінің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындады. Жаңа жобада ҮЕҰ-дарды мемлекет бюджеті есебінен гранттық қаржыландыру ұсынылып отыр. Және оларды сыйақымен ынталандыру жүйесі де қарастырылған. Сонымен бірге заң жобасында ҮЕҰ-дардың өздері дайындаған әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларға бюджеттен қаражат бөлу мәселесі де көтерілген. Өйткені, бұған дейін мемлекеттік тапсырысты ғана орындай келген ҮЕҰ-дардың мұндай мүмкіншілігі болмағанын ескеру керек.

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057