Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 7363 0 пікір 10 Қазан, 2014 сағат 08:22

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫТАУЫ

Ұлытау.Бұл еліміздің тарихи және географиялық кіндігі. Қазақ халқының алтын бесігі. Көшпелі мәдениет пен Дала өркениетінің кіндігі саналатын жерлердің бірі. Ұлы Еуразия даласының орталығы. Қазақ хандығының құрылуы мен мемлекеттігінің қалыптасуына байланыс­ты ұлт тарихындағы ірі оқиғалар болған жер.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Ұлытау төріндегі сұхбатында «Ұлытау – өте қасиетті жер: Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар» деп атап көрсеткен еді.
Бүгінде Қазақ елі Мәңгілік ел болу жолында тіршілік етуде. Осы сара жолда Ұлытау секілді әулиелі жерлеріміз халқымызға күш-қайрат берсін деп тілейміз.

Киелі мекеннің қасиеті

Елбасы сұхбатына арқау болған Ұлытау жерінің ұлылығын дәріптеу, ел санасына бірлік пен тәуелсіздік тағылымын сіңіру, рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен және Қарағанды облысы мен Ұлытау ауданы әкімдіктерінің қолдауымен қыркүйектің 24-і күні Ұлытау ауданында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Ұлытау – ұлы мекенім» атты мәдени форум мен халықаралық ғылыми-практикалық конференция, түркі тілдес мемлекеттер орындаушыларының қатысуымен «Ұлы дала сазы» атты халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі болып өтті.
Шаралардың басы«Ұлытауға тағзым» атты Берел, Түркістан, Сарайшық, Астана бағытынан келген мәдени шеру қатысушыларын қарсы алумен бас­талды. «Сарайшық, Берел, Түркістан, Астанадан шыққан автошерудің киелі өлкеде түйісуінде үлкен мағына жатыр» дейді ұйымдастырушылар. Ұлытау – қазақ хандығы құрылған қасиетті өлке. «Үш жүздің басы қосылған ұлы дала тек еліміздің ғана емес, тұтас Еуразияның рухани, мәдени, саяси орталығы саналады. Халықаралық форумды осынау ұлы мекенде өткізудің мәні де осында» дейді тарихшылар.
Аудандық мәдениет үйінің фойесінде Астанадағы Қазақ ұлттық академиялық кітапханасының арнайы ұйымдастыруымен «Ұлытау – ұлт ұясы» атты кітап көрмесі өтті. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде дүниеге келген 350-ге жуық кітаптарды көріп, танысқан форумға қатысушы көпшілік елді рухани құнды дүниелермен табыстыруға ұйытқы болған Елбасы Н.Назарбаевқа ыстық ықыласы мен ризашылығын білдірді.
Форум жұмысы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлы­­ның құттықтау хатымен ашылды. «Баба­ларымыздың сан ғасыр аңсаған арманы мен ұлы мұраты – бүгінгі ұрпақ қолымен жүзеге асып, ал тәуелсіздік – барлық қазақстандықтар үшін ең бір қа­сиетті ұғымға айналып отыр. Халықаралық деңгейде өткізіліп отырған мәдени форум мен ғылыми-практикалық конференцияның басты мақсаты – Елбасы сұхбатына арқау болған Ұлытау жерінің ұлылығын дәріптеу, ел санасына бірлік пен тәуелсіздік тағылымын сіңіру, рухани құндылықтарды насихаттау.
Ел зиялыларының мәдени-ғылыми басқосуы арқылы Ұлытау тарихына қатысты деректерді тағы да бір зерделеп, өңірде орналасқан ескерткіштердің мәні мен мазмұнына жіті назар аударып, тұлғаларды танып-білудегі зерттеу жұмыстарын кәсіби деңгейде саралауымыз керек.
Ұлы­тау­дай ұлы мекенге тағзым ету де­геніміз – ел бірлігі мен тәуелсіздікті ұлық­тау» делінген министрдің құттықтау хатында.
Форумды алғы сөзбен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев ашып, өткізіліп отырған шараның аса маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәт-сапар тіледі.
Ұлытау ауданың әкімі Хамит Омаров мәдени форумның ел өміріндегі елеулі оқиға екендігін, Елбасы сұхбатының шын мәніндегі халықтық сипатқа ие болғандығын ерекше атап көрсетті.
Елбасы Ұлытау төрінде берген сұхбатында қазақ тарихын бүгінгі жас ұрпаққа кеңінен насихаттау қажеттігін айтқан болатын. Осыған орай,  киелі топырақта халықаралық мәдени форумға қазақ зиялыларымен қатар, бірнеше мемлекеттің өкілдері қатысты. Мәдени форум мінберіне шыққан ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарның докторы, ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ғарифолла Есім, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамының төрайымы, филология ғылымдарының кандидаты Асылы Осман, Қазақстанның Халық артисі, көрнекті театр және кино актері Құман Тастанбеков, Қазақстанның Халық ақыны Надежда Лушникова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлытау ауданының құрметті азаматы, ақын Жүрсін Ерман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері актер Ерлан Біләл, жырау Елмұра Жаңабергенова, журналист Максим Рожин сынды елімізге танымал зиялы қауым өкілдері өздерінің өзекжарды ойларын ортаға салды.
Конференция мен форум қатысушылары Ұлытау жерінде ізі қалған тарихи тұлғалар мен айтулы оқиғаларға, елеулі кезеңдерге ерекше тоқталды. Баяндамаларда Ұлытауда орын алған тарихи-мәдени жаңғыру кезеңдерін тәуелсіз көзқарас тұрғысынан пайымдау мәселелері және «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жүзеге асырудың басымдық факторлары мазмұндалды.
Мәдени шара ақындар айтысына жалғасты. Бекарыс Шойбеков, Ақан Мақсатов, Әсем Ережеқызы, Иран-ғайып Күзембаев сынды айтыскер ақындар жыр сайысына –Ұлытаудың ұлылығы мен тарихын, ел бірлігі мен ынтымағын арқау етті.
Кешкілік Ұлытау ауданы орталық алаңына орнатылған арнайы сахнада Қа­зақ­стан халқы рухани даму қорының ұйым­дастыруымен Түркия, Хакасия, Саха, Алтай, Чувашия, Қырғызстан, Башқұртстан және Қазақстанның дәстүрлі музыка саласындағы өнер шеберлерінің қатысуымен фестивалдің гала-концерті өтті.
Дәстүрлі түрде жыл сайын халықаралық деңгейде өтетін «Ұлы Дала сазының» дәл осы жолы Ұлытау жерінде әуелеуі – тегіннен-тегін емес. Ұлытау – көшпенділердің үш мың жылдық рухын бойына сіңірген, аты аңызға айналған, ақындар жыр еткен аяулы мекен. Осы қасиетті топырақта ұлы жырау, әрі ойшыл Кетбұға шығарған «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйі мен Асанқайғының елдік жырларының бүгінге ұрпаққа жетуі өнер өміршеңдігін дәлелдейді.

Асхат Маемиров, 
«Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ вице-президенті, 
режиссер

Anatili.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052