Ақсуаттың серкесі
Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Уәйіс Сұлтанғазыұлының туғанына 60 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Театрда отыз жылға жуық табан аудармай жұмыс істеп, талай рөлді сомдаған тума талант иесі жанр талғамайтындығымен, сөз саптау ерекшелігімен, кәсіби шеберлігімен дараланады. Әлемдік классикалық шығармалардағы сан алуан кейіпкерлерді бейнелеумен қоса, ұлттық сатира жанрында да сіңірген еңбегі орасан. Кеш барысында экран арқылы актер ойнаған осындай қойылымдар мен «Тамаша» ойын-сауық отауының үзінділері көрсетілді. Әріптестері мен үзеңгілестері, ағайын-туыс, достары оның ең алдымен азаматтық болмысын баса айтуға тырысты.
Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Уәйіс Сұлтанғазыұлының туғанына 60 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Театрда отыз жылға жуық табан аудармай жұмыс істеп, талай рөлді сомдаған тума талант иесі жанр талғамайтындығымен, сөз саптау ерекшелігімен, кәсіби шеберлігімен дараланады. Әлемдік классикалық шығармалардағы сан алуан кейіпкерлерді бейнелеумен қоса, ұлттық сатира жанрында да сіңірген еңбегі орасан. Кеш барысында экран арқылы актер ойнаған осындай қойылымдар мен «Тамаша» ойын-сауық отауының үзінділері көрсетілді. Әріптестері мен үзеңгілестері, ағайын-туыс, достары оның ең алдымен азаматтық болмысын баса айтуға тырысты.
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, Қазақстан Республикасының Халық артисі:
- Уәйіс - қазақ театр өнерінің атпал азаматы, ақ-адал еңбекқоры, ақжүрек актері, біздің аңқылдақ досымыз еді. Тау тұлғасымен алдындағы ағаларына ізетті іні, кейінгілерге ұлағатты аға бола білген өнерпаз. Қарапайымдылығымен, парасат-пайымымен жан-жағына шуақ шашып жүретін. Жан досымның жан тазалығы, мәрттігі, кеңпейілділігі, адамгершілігі, жігіттігі, сахнаға деген адалдығы, оза шауып бәйге алса, апырақтамайтыны, ал кейде астындағы аты шабандау болып қалып жатса күйінбейтіндігі, өмірде болып жатқан әртүрлі әділетсіздікке, жөнсіздікке сабырмен қарайтыны, қанша күйіп-піссе де, «әттеген-ай» дейтін жағдайларда да азаматтығын жоғалтпайтындығы, майдаланбайтындығы есімде мәңгі қалды. Оның достары да, замандастары да көп-тін. Қазақ театры, қазақ өнері бар жерде мұндай азаматтар ұмытылмауы тиіс, ұмытылмайды да.
Құдайберген СҰЛТАНБАЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі:
- «Әкем 52 жасында кетті, мен де сол кезде кететін шығармын» деп айтып жүретін. Айтқаны келді. Біз - Уәйіс, Тоқсын, Лидия төртеуіміз курстас едік. Бірге оқыдық, бір жатақхана жаттық, үзеңгілес, сырлас болдық.
Бірде Қызылордаға барғанымызда Кеңес Дүйсекеевке «Сіз композиторсыз ғой, наймандардың гимнін жазып беріңізші» деп қалжыңдап қолқа салды. Ол кісі «Ой, не жазатыны бар, ол дайын ғой. «Жер шарын мекендеген бүкіл халықтың» орнына «Жер шарын мекендеген бүкіл найман» деп айта берсең, гимн болады» деді. Содан «сол гимнді» Уәйіс жүрген жерінің барлығында айтады. Ол бірінші жолын қайырғанда, кейде Тоқсын «Ішінде Уәйіс деген бір хайуан» деп тық ете қалып, жұрттың бәрін қыран-топан қылатын. Менің үйіме келіп, балам Еркебұланға «Сен наймансың, наймансың» деп үйретіп кететін. Осындай әзілі жарасқан достар едік. Бойында титтей қулығы бар адам сахнада адал ештеңе жасай алмайды. Уәйіс аңғалдығымен бойындағы барын көрсете алды...
Омар ҚИҚЫМОВ, актер:
- Уәйіс ағамның туған жері - Алтай өңірі, сондықтан болмыс, мінезі сол жердің табиғатына тартқан. Ол жақта қар аралас жаңбыр жиі жауып тұрады. Сол сияқты Уәйіс ағамның поэзиясы мен прозасы қатар араласып жүре беретін. Мәселен, бір шумақ өлеңінің бастапқы екі жолы поэзиямен айтылса, үшінші-төртінші жолы проза болып жалғасады. Жүрген жерінде өлеңмен сөйлейтін. Өзім куә болған осындай бір-екі поэзиясына тоқтала кетейін.
Нөкіс қаласындағы гастрольдеріміздің бірінде театрымыздың актрисасы Раушан Дәулетшинамен айтысып, алдынан арқан тартып, әзер қойдырғанбыз. Уәйіс ағам алдында саусағының ұшын қанатып алыпты. Соны меңзеп:
- Ооооо, жан, жан.
Қарасам, саусағымның ұшы қан-қан.
Сондада ауырғанына қарамай,
домбыраны тарта берем, мен, - деп қайырды.
Жоламан екеуміздің саусақтарымыздың ұшы жоқ. Құдайдың ісі...
Раушан Дәулетшина ежелгі әдетіне басып «Құйыл сөзім, құйыл сөзім, құйылшы-ай, - деп домбыраны солақай қағып-қағып жіберіп, - Ей, Уәйіс сен саусағыңды көрінген жерге сұға берме, сен саусағыңды көрінген жерге сұға берсең, Жоламан мен Омар сияқты шолақ болып қаласың, сен» деп тоқтады.
Тағы бірде Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына бардық. Бізді бастап барған Әшірәлі Кенжеев ағамыз бір туысқанының үйіне түсірді. Әлгі шаңырақтың ақсақалы бар екен. Шетімізден «Қай туған боласыңдар?» деп сұрап жатыр. Бір кезде Уәйіс ағам «Қаңлымын» деп қарап тұр. Әшірәлі аға қаңлы болатын. Үй иесі «Қаңлының ішінде қайсысың?» деді. ««Кенже» деген ру». Әшірәлі ағаның әкесін айтып тұр. «Кенженің ішінде қайсысың?», «Әлі-әшір». Ана кісі түк түсінбеді. Сосын «Жарайды, бауырым, онда осы отырғандардың барлығы біздің мейманымыз болды. Қаңлының үйі - сенің де үйің. Онда мына қонақтарды күт» демесі бар ма? Сонымен, ертесіне қайттық. Жолда келе жатып Уәйіс ағамыз қарап отырмай Шолпан Байғабылова әпкемізбен тағы айтысты. Екеуі ұзаққа кетті. Бірін-бірі жеңе алар емес. Уәйіс ағамыз құрдастығын пайдаланып, Шолпанның өзін жеңе алмаған соң, күйеуіне ауыз салды.
- Ей, Шолпан, Шолпан,
Сен жүрсің гастрольде
шолтаң-шолтаң.
Алматыда Ерсайын жүрген шығар,
Бір қызбенен ыржаң-ыржаң... деді.
Шолпан қарап қалсын ба:
- Айтайын көзбен көрген мен
бір жайтты,
Туыстардың Уәйістен көңілі қайтты.
Найман боп келіп еді Шымкентке,
Күні үшін қаңлы болып елге қайтты...
Не керек, сол жолы Шолпан жеңіп, ол жеңілгенін жуып, жол-жөнекей бізге «банкет» жасап берген.
Тамара ҚҰСМАНОВА, мұғалімі:
- Уәйістің туа біткен қасиеті оны бір орнында тұрақтатпай, алып-ұшып тұратын еді. Мектеп жасынан-ақ өнерін бойына сыйғыза алмай жүретін. Бала кезінде мұғалімнің көзін ала бере, бүкіл класты ду күлдіріп, түк болмағандай, отыра қалатын. Ерке өссе де, ақылды ерке болды. Ауыл оны «Серкенің орынбасары, Ақсуаттың Серкесі» деп атап кеткен болатын. Елдің аузы дуалы келеді ғой, текке айтылмапты. Шындығында, ол қазақ өнерінің серкесіне айналды.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА
«Айқын» газеті, 18.05.10.