Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 12890 0 пікір 1 Қазан, 2014 сағат 11:29

Алыстағы қазақтар (Баян Өлгей сапары)

Бұл жолғы сапарымыздың жөні тым бөлек, тым басқа. Талай жерді көрдік, талай елді араладық. Баян Өлгей – негізгі бағытымыз. О жақта қалған қазақтарды көргіміз кеп барады. Сағынып қалғандаймыз. Бәлкім қанымыз бір болғаны себепті шығар…

Мұңғұлия еліне Ресей Федерациясына қарайтын Алтай аймағы арқылы жеттік. Жол бойы табиғаттың сұлулығына тәнті болдық. Керемет! Қайта-қайта жүргізушінің мазасын алдық. Түсіп көру үшін. Тамашалау үшін.

Сол себепті фоторепортажымның басын Алтай тауларынан бастағанды жөн көрдім. Мынадай сұлулықты өзгелермен бөліспеуге қалай шыдарсың?!   

Алыстағы қазақтар

Осылайша Мұңғұл шекарасына кірдік. Кең дала мұңғұлда да бар екен-ау. Картадан қарағанда осыншама кеңдігі байқалмайды… Бірақ көзбен көрген тағы басқа болып шықты. Хош, сонымен біз Баян Өлгей деген жердің топырағын басып, ауасын жұтып, 100 мың қазақтың арасына еніп кеттік.

Қазақтың қонақжайлығы туралы аз-кем сөз

Мұнда келіп демалған соң, Баян Өлгейден 40 шақырып жерде күзеуде отырған үйлердің бірінде қонақ болып, дәм таттық. Мен өзім Маңғыстауда туып, кішкентайымнан киіз үйде ойнап өстім. Содан бері қарай қаншама уақыт өтті. Қазір ешкім арнайы киіз үй тігіп әлек болмайды. Мұның басты себебі – көпті көрген, көненің көзі болған ата-әжелеріміздің ортамызда болмауынан шығар деп ойлаймын. Жә, Бай Өлке жұртының қонақжайлығы туралы айтайықшы.

Қазақтың қонақжайлығы, кеңпейілділігі бұрыннан ерекше ғой. Ал мұнда тіптен ерекше екен! Оның бәрін айта берсек өз алдына бөлек бір тақырып болайын деп тұр.

Келсек, үй иесі дастарханын жайнатып қойыпты. Қымызы балдай екен! Қаймағы мен сары майы қандай! Мал майына піскен бауырсағы қандай! Құрт-ірімшік… Көп сөздің керегі не, одан да суреттерді тамашалаңыздаршы 

 

Сарыкөл жайлауындағы ұлан-асыр той

Ер Жәнібектің туғанына 300 жыл толуына орай Сарыкөл жайлауында өткен тойға қатысып, мұндағы әлеуметтің тұрмыс-тіршілігінен хабардар болдық. Түске қарай той қыза түсті. Бүркітшілер сайысын көріп бір серпілдік. Аударыспақ тамашалап бір серпілдік. Сөйтіп жүргенде «ет пісті» деп шақырды. Жұрт тегіс киіз үйлерге қарай беттеді. Ары қарай не болғаны белгілі ғой 

Бұдан соң мереке-думан тағы жалғасты. Қызық, ойын-сауық кешеніне кіріп кеткендей күй кештік.

Тойға келушілермен сұхбаттасып, қал-жағдай сұрасып жүрміз. Сондағы менің байқағаным – мұндағы қазақтарда тіл тазалығы сақталған екен. Біртүрлі жұмсақ сөйлейді, мәдениетті. Өзге тілді араластырмай сөйлейді. Несін жасырайын, жұрттың намысына сүйсіндім. Ары қарай суреттерге кезек берелік.

Шебердің қолы ортақ…

Баян Өлгей қазақтары қолөнерді әбден меңгерген екен. Тіпті отбасылық бизнеске айналдырып алған. Бұған төмендегі суреттер дәлел бола алады. 

Бұл осындағы бір қазақ шеберінің қолынан шыққан киіз үй. Күміс әшекейлермен безендірілген. Толық жабдығымен құны 15 000 доллар. 

Қорытынды сөз. Басында жазып өкткеніміздей, бұл жолғы сапарымыздың жөні тым бөлек болды. Талай жерді көрдік, талай елді араладық. Бастысы алыстағы ағайынмен дидарласып, сұхбаттасып, тұрмыс-тіршілігімен танысып қайттық. Бауырларымыз дін аман екен. Салт-дәстүріне берік екен. Күндіз-түні Қазақ елінің тыныштығын тілейді екен. Жігіттері жігерлі, қыздары ұятты екен. Туысқандар барлығыңызға да сәлем айтты.

Астана – Бай Өлке – Астана

(Азамат Битанның блогынан)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052