Келесі жылдан бастап Қазақстанда «Еңбек ордені» марапты табыстала бастайды. Бұл туралы бүгін «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай» атты форум барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды Bnews.kz.
«Өткен жылдың қараша айында Мемлекет басшысы Еңбек күні мерекесін белгілеп берді. Ол күн енді қыркүйек айының соңғы жексенбісінде мерекеленеді. Биылғы жылы Қазақстанда алғаш рет Еңбек күні мерекесі өткелі отыр. Ол, әрине, кәсіпке деген құрмет қана емес, ең бастысы еңбек адамына, оның әлеуметтік көңіл-күйіне айрықша назар аудару, бәсекеге қабілетті және қуатты жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрудың шешуші ұлттық факторы ретінде еңбекті мойындау болып табылады. Президент өзінің «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсы болуын тек қана еңбек қамтамасыз ете алады деп атап өткен болатын»,- деді өз сөзінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
«Біз заңға өзгеріс енгіздік. Өткен жылы Президент «Еңбек ардагері» және «Еңбек ордені» деген медальдар беру жөніндегі тапсырма берген. «Еңбек ардагері» медалі биыл бірінші рет тапсырылып отыр, қазір қажетті заңдар дайындалған. Келесі жылы Парламентте қаралғаннан кейін, Елбасы бекіткеннен кейін ол орден де өз иелерін табады»,-деді министр.
Абай-ақпарат