Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3788 0 пікір 20 Мамыр, 2010 сағат 15:26

Бұлбұл Расбекқызы: Ұстаздық ету - маған Құдайдың берген сыйы

Бұлбұл Расбекқызы (суретте) - Алматы қаласындағы №98 жалпы білім беретін мектептің директоры. Ол біздің тілшімізбен сұхбатында  мектепте оқушы қыздарға Шығыс биін билетпейтінін айтып отыр. «Бала бақшада өсіп тұрған жас шыбық секілді ғой. Оған бір күн қарамай қалсаңыз, арам шөп қаптап, қисық өспей ме?!» - дейді директор ханым. Баламен бірге бүгінде ата-аналарды да тәрбиелеу қажеттігін ескерткен Бұлбұл Расбекқызы біздің бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік жайттарға да жаны ауыратынан жасырып қала алмады.

-Бұлбұл апай, әңгімемізді аса қиын әрі жауапты мамандық - ұстаздықты не себепті таңдағаныңыздан бастасақ?

Бұлбұл Расбекқызы (суретте) - Алматы қаласындағы №98 жалпы білім беретін мектептің директоры. Ол біздің тілшімізбен сұхбатында  мектепте оқушы қыздарға Шығыс биін билетпейтінін айтып отыр. «Бала бақшада өсіп тұрған жас шыбық секілді ғой. Оған бір күн қарамай қалсаңыз, арам шөп қаптап, қисық өспей ме?!» - дейді директор ханым. Баламен бірге бүгінде ата-аналарды да тәрбиелеу қажеттігін ескерткен Бұлбұл Расбекқызы біздің бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік жайттарға да жаны ауыратынан жасырып қала алмады.

-Бұлбұл апай, әңгімемізді аса қиын әрі жауапты мамандық - ұстаздықты не себепті таңдағаныңыздан бастасақ?

-Шынын айту керек, менің , бала кездегі арманым есепші (бухгалтер) болу еді. Маған педагогикалық мамандықты Алланың өзі берген шығар деп ойлаймын. Олай дейтін себебім, 5-сыныптан бастап мен өзіммен бірге оқитын сыныптастарыма сабақ бере бастадым. Неміс тілінің ұстазы түсінбеген оқушыларға жақсылап түсіндір деп сабақты маған тастап кететін. Сол мұғалімнің тұрған тұрысына, сөйлеген сөздеріне салып кәдімгі мұғалім секілді түсіндіретінмін. Өзім сынып старостасы болдым. Кейіннен есейе келе, мұғалім болуды шындап армандай бастадым. Біздің ауыл қазақ ауылы болатын. Тәжірибеден өту үшін мектепке бір орыс мұғалім келді. Сол ұстазым арқылы пәнге де, өзіне де ғашық болдым. Негізі біздер екі сынып едік. 7-сынып оқып жүргенде сол екі сыныпты қосып, бір сынып қылды. Ал, ол баланың психологиясына үлкен әсер ететіні ақиқат. Осы кездері мен  мұғалім боламын деген арманымнан айнып, есепші боламын деп шештім. 10-сыныпты тамамдап жатқан кезімізде мектепке Талдықорғанның педагогикалық институтына бір жолдама келіпті. Мұғалімдер: «кім алады, кім оқиды?», деп бәрімізден сұрады. Ешкім барғысы келмеді. Ақыры мен алайын деп әлгі жолдаманы алдым. Сөйтіп мен Талдықорғанға емес, Жамбылдағы шет тілдер факультетінің, неміс тілі бөліміне оқуға түсіп кеттім. Осылай неміс және ағылшын тілінің ұстазы болдым. Кейде күліп 5-сыныпта неміс тілінен бекер сабақ бермеген екенмін ғой деп ойлаймын. Ұстаздық ету - маған Алланың берген сыйы деп білемін.

-Өзіңіз басқарып отырған мектеп ұжымының бүгінгі хал ахуалы қалай? Әлемді жайпап жатқан дағдарысты қалай өткеріп жатырсыздар?

-Құдайға шүкір, соңғы екі-үш жылдың ішінде мемлекет мектептерге көп көмек беруде. Қазір мектепті толығымен мемлекет өз қарамағына алған. Ең аяғы тазалыққа керекті құрал- саймандарымыздың өзі мемлекеттің мойнында. Мұғалімдерге де жағдай жасалған, айлықтарын уақытынан бір күн кешікпей алып отырады. Тек ұстаздардың құлшыныстары болса, пәнін, мамандығын сүйсе, меніңше көптеген шығармашылық жұмыстар істеуге болады. Ал, енді мектептің бүгінгі ахуалына келер болсақ, мен өзі бұл мектепке басшылық қызметке келгеніме 4-жылдай уақыт болды. Жұмысты дұрыс ұйымдастырып, мұғалімдерге жағдай жасап, әділ талап қоя білсең ол ұжым жақсы нәтижелерге қол жеткізеді деп ойлаймын. Бүгінгі таңда мектеп ұжымы жүйелі түрде жұмыс істейді. Тәрбие мен тәртіпке аса көңіл бөлінеді, өйткені тәртіп жоқ жерде қандай да бір жетістікке қол жеткізу мүмкін емес. Біздің мектепте оқушыларды шығыс биіне мүлде билетпейміз. Шығыс биі дегеніміз, шығыста әйелі ерінің алдында ғана билейтін дүние. Бізде қазір кішкентай балаларын жартылай жалаңаш күйінде әспеттеп сахнаға шығарады. Ол дұрыс емес. Ол өте ұят нәрсе.

Бала бақшада өсіп тұрған жас шыбық секілді ғой. Оған бір күн қарамай қалсаңыз, арам шөп қаптап, қисық өспей ме?! Бала сол секілді. Біздегі соңғы нәтиже Бірыңғай Ұлттық Тестілеу ғой. Бірінші жылы екі-үш бала екі деген баға алды. Бұл дегеніңіз төменгі деңгей. Ауданда 26 мектеп болса, соңғы орындағы мектептер арасында біздің мектеп жүрді. Қала бойынша 159-орында болдық. Бір жыл өткенде 147 орынға көтерілдік. Былтыр 107  орында болып, көп көрім алдыға жылжыдық. Биыл балаларымыз тексеру тестінде 80-нен аса балл көрсетіп отыр.

-Сіздің аталған мектепке басшылыққа келгеніңізге жаңа айтып өттіңіз, төрт жылдай уақыт болыпты. Сіз келгелі мектепте қандай тың өзгерістер болды?

-Негізі адам өзін өзі мақтамайды ғой. Менің жетістіктерім деп те айта алмаймын. Қай жерде болмасын, мен жай мұғалім болайын, орынбасар, директор, басшы болайын әр нәрсені әр адам үлкен жауапкершілікпен істесе ол ұжым жетістікке жетпей қоймайды. Осы ретте, менің ұжымымның жауапкершілігі мол деп ойлаймын. Шын мәнінде ұжымымыздың ауызбіршілігі өте жоғары. Сол ауызбіршіліктің арқасында бүгінгі таңда талай жетістіктерге жетіп отырмыз деп айта аламын.

Қазіргі қала мектептеріндегі оқушылардың бойынан ұлттық тәрбиені, қазаққа тән қасиеттерді байқай алмай жүрміз. Ол рас. Осы ретте сіз басшылық ететін мектепте ұлттық тәрбиеге қаншалықты көңіл бөлінген?

-Қай-қай мектеп болмасын, бірінші кезекте ұлттық тәрбиеге жіті көңіл бөлу керек. Мен мұғалімдерге: «Сіздер баланы ғана тәрбиелеп қана қоймайсыздар, қажет десе, қоғамды тәрбиелейсіздер»,- деп жиі айтып отырамын. Егер бала мектепте тәрбиесіз өссе, үйінде тәрбие көрмесе, оның ертеңі қалай болады? Ол  мәңгі бала қалпында қалмайды ғой. Ол да есейеді, отбасын құрады. Өзі бір кітап оқымаса, білімін көтермесе, бала тәрбиесіне деген көзқарасы болмаса, қараңғы ата анадан қараңғы бала тумай ма? Сондықтан біз тек баланы ғана тәрбиелеп қана қоймаймыз, сонымен қатар олардың ата аналарының да тәрбиесіне көңіл аударамыз. Біздің оқушылардың көбінің ата аналары ауылдан күн көрістің қамы үшін амалсыз осында көшіп келгендер, шынын айту керек. Көбі мұнда пәтер жалдап тұрады. Ал, біздің қазақ сыныптарындағы балалардың алпыс бес пайызы пәтерде жүргендер. «Үйі жоқтың, күйі жоқ», дейді қазақ. Баспана болмағасын ол қалай сабақ оқиды. Соның өзінде балалар білімге құштар, әрдайым білуге талпынып тұрады. Баланың бәрі жақсы. Жаман, қиын бала болмайды. Тек баланың жүрегіне жол таба білу керек. Балаларға: «Ертең бірің құл, бірің күң болмас үшін, білім алыңдар, сабақ оқыңдар», деп әрдайым айтып отырамыз.

-Байқап отырсақ, мектеп бітіруші түлектер мамандық таңдауда ақсап жатады. Бәрінің экономист, заңгер болғысы келеді. Бірақ қазір ол мамандықтардың құны түсіп бара жатыр ғой. Өйткені екінің бірі заңгер, екінің бірі экономист. Ауылшыраушылық мамандарына қазір мемлекет көп көңіл бөлуде, бірақ оған бармайды. Ешкімнің ауылға барғысы келмейді. Мамандық таңдауда адаспас үшін оқушыларыңызға қандай да бір консультациялар, арнайы курстар жүргізесіздер ме?

- Ол міндетті түрде. 9-сыныптан бастап мамандық таңдауға жүйелі түрде жұмыстар жүргізіледі. Өйткені 9-сыныптан кейін оқушылардың көпшілігі колледжге барады. Мамандықтың алғашқы табалдырығын аттайды. Қазіргі таңда мектептерде бейімдеп оқыту қолға алынған. Оған дайындық тіпті 5-сыныптан басталады. Осы кезден бастап баланың неге бейім екенін түрлі тесттер арқылы, әңгімелесу арқылы анықтап, толығымен жұмыс жүргіземіз.

- Таяуда өткен Ұлы Жеңістің 65-жылдығына арналған мерекеге асқан жауапкершілікпен дайындалғандарыңызды жақсы білеміз...

- Мына бейбіт заманды бағалай білуіміз керек. Осы бейбіт заман үшін талай миллиондаған адамның қыршын өмірлері қиылды. Бұрын біз соғыс туралы киноларды жылап отырып көретінбіз. Қазіргі балалар ол киноларды көре ме? Жоқ, көрмейді. Оның орнына «Гарри Поттер» секілді мән мағынасы, берер тәлім тәрбиесі жоқ фильмдерді көруге құмар. Ұлы Жеңістің оңайлықпен келмегенін, соғыста шейіт болған ата-бабаларымыздың ерен еңбектерін паш ету мақсатында 9-мамыр мерекесіне арнап бірқатар іс шаралар өткізген жайымыз бар. Оқушыларым өзіміздің округте тұратын көзі тірі ардагерлерді аралап, әңгімелерін тыңдап, суретке түсіп, кейін соның бәрін жинақтап естелік кітап етіп шығардық. Мектепте ардагерлерге арнап «Даңқ бұрышын» аштық.

-Мектеп өмірі, мұғалімдік қызмет әрине қиын шаруа екені рас. Ұстаздардың өлшеусіз еңбектері алдында бәріміз де қарыздармыз. Көпшілікті әрі іскер, әрі қабілетті басшының жеке өмірі де қызықтырары сөзсіз. Өзіңіз туралы аз кем айтып өтсеңіз...

-Мен өзім көп балалы отбасыдан шыққанмын. Әке шешем Құдайға тәубә ортамызда. Балаларының, немерелерінің қызығын көріп отыр. Отбасында мен алтыншы баламын. Педагог мамандығын отбасымызда мен және менен үлкен әпкем таңдағанбыз. Ол кісі Алматы қаласында биология пәнінен сабақ береді. Екеуіміздің деміміз де тынысымыз да бір. Кейде тіпті бірдей ойлап кететін сияқтымыз. Сүйіп қосылған адал жарым бар. Өмірде жолдасым екеуіміз қол жеткізбей жүрген ісіміз, баламыз жоқ, әзірге. Болашақта Құдай береді деп ойлаймын. Қазір өкіметтің баласын тәрбилеп жатырмын (күліп). Жалпы мен бақытты адаммын.

-Құдайым сол бақытыңыздан айырмасын деп тілейміз. Алтын уақытыңызды бөліп әңгімелескеніңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан - Бақтылы Қоңырова

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404