ШЕНДІЛЕР ОБАЛ-САУАПТЫ БІЛЕ МЕ?
Қай адам да, қайсы дінді ұстаушы да үміттен айырылмауға тырысады. Расы, үмітін жоғалтқан адамның – өмірінің мән-мағынасы да жойылады. Керек десеңіз, қатты қиналып, қапалыққа түскен кісінің де тізесін бүктірмей, табанын тайдырмайтын күш – болмашы маздаған үміт шырағы. Бәлкім, бұл – лапылдап-алаулаған жалын да болмас, десе де, аз ғана шырақтың өзі пенденің рухын сындармай, ертеңге жетелейді...
Қазақ билігінің қазіргі мұнар-шыңындағы үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ бастап, Ұлттық банк төрағасы Қайрат КЕЛІМБЕТОВ қостаған бір топ білімі төмен, білігі кем топ – қазақ даласындағы үміт шырағын «үп» деп үрлеп, сөндіріп тастады...
Абай айтқан: «Өтірік, өсек, мақтаншақ... Еріншек, бекер мал шашпақ»-тың арты ашылып, үкімет пен бас банк жетекшілерінің жетесіздігінің кесірінен теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы - 1 АҚШ доллары - 260 теңгеден асып, АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрінің бағасы – 128 теңгеге бір-ақ шарықтады. Доллар мен бензиннің бағасы аспанға шапшып жатса, әлгі маздаған үміт шырағын «жалп» сөндіріп алғандар жерге басымен шаншыла қадалып, жермен-жексен болуда.
...Сенбі күні Алматыда бір жас ана өзінің 8 және 2 жастағы екі баласын бесінші қабаттан бір-бірлеп жерге лақтырып-тастап, соңынан өзі секірді. Үлкен баласы сол жерде қайтыс болды, қазір кішісі мен анасы аурухананың «Жан сақтау» бөлімінде жатыр...
Бұл - жұртқа мәлім жалғыз мысал ғана. Ал, еліміздің барлық аймағы бойынша қандай қайғы-қасіреттердің орын алып жатқандығы Аллаға ғана аян!..
Түйін мынау: обал-сауаптың не екенін білсе, соңғы оншақты жылдың көлемінде қайта-қайта үкімет басқарып:«Қазақстанда дағдарыс болмайды, біз керісінше индустриалдық-инновациялық даму деңгейін көтерудеміз» - деп, жалған сөйлеп, халықты алдаған үкімет басшысы Кәрім Мәсімов әлгі бесінші қабаттан лақтырылған сәбиді; ал, «Теңгеміздің қуаты күшті, Қазақстанда девальвация болмайды» - деп мәлімдеген Ұлттық банктің өтірікші төрағасы Қайрат Келімбетов қиянат көрген ананы жеке қамқорлығына алып, асырап-бақсын! Меніңше, нағыз әділдік – осылайша басталуға тиіс! Әркім өзінің сөзі мен ісіне жауап берсін!
Әрине, тиісті орындар бұл қасіретті «отбасылық кикілжіңге», «күйеуінің қаталдығына», «енесінің ессіздігіне» жауып, бұрып жіберуді қазірдің өзінде бастап кетті. Тіпті, «отағасы мешітте жұмыс істейді екен» деген асыл дінімізге қарсы дәлелсіз дәйектер да айтылып қалды...
Біздіңше, бұл – еліміздегі жан түршігерлік тұңғыш жағдай болғандықтан, мұның себеп-салдары тым тереңде жатқан сияқты..
...Менің тағы бір ойым айтады: «Әй, қайдам, Айдын Айымбетовтей айбынды ғарышкері үстіне су бүркітіп-шоқынып, крест құшақтаған ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ қай қылығына да таң қалуға болмас...»
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Аbai.kz