Сенбі, 23 Қараша 2024
Интернет идеология... 5260 0 пікір 14 Қыркүйек, 2015 сағат 08:27

«ҰМЫТТЫРУ ҚҰҚЫ». МҰНДАЙ ДА БОЛАДЫ ЕКЕН-АУ...

Мәжілістің соңғы жалпы отырысында депутат Тұрсынбек Өмірзақов премьер-министр К.Мәсімовтың атына өзгешелеу сауал жолдады.  Бұл жолы депутат премьер-министрдің назарын жеке өзіндік деректеріне қол сұғылмау арқылы адамды ақпараттық тұрғыдан қауіпсіздендіру мәселесіне аударды.

Мұндайға біз назар аудара бермейміз, сөйтсек әлемдік практикада ол біршама уақыттан бері бар проблема болып шықты. Оның мәнісі - жұрттың бәрі қолданатын интернеттік ресурстардан адам өзіне қатысты деректерді «іздегіш жүйесі» арқылы жоюға құқылы болуында екен. Мәселен, өзі туралы толық емес, жалған немесе артық айтылған деректер мен ақпараттарды белгілі уақыттан кейін жоюды талап етуге адам заң жүзінде құқылы болуы керек. «Ұмыттыру құқы» деп аталатын осы іске қатысты термин дамыған елдерде көптен бері қолданылатын көрінеді.

Шынында адам туралы лайықсыз ақпараттың интернет бетінде тұра бергені жақсылық емес қой. «Ұмыттыру құқы» термині дегеннің өзі алғаш рет 2014 жылы испан азаматы Марио Гонсалеске қатысты пайда болыпты. Ол интернеттен қарызын өтей алмағаны үшін 1998 жылы сатуға қойылған үйі туралы жазылған мақаланы өшіруді талап етеді. Өйткені, артынан жас жігіт қарызын өтеп, үйін қайтарған екен. Ал үйінен айырылып қалғандығы туралы ақпарат 1998 жылдан бері әлі тұрған көрінеді. Бұл оның іскерлік беделіне нұқсан келтіретіндіктен ол осынау ақпаратты өшіруді талап етеді. Әрине Google компаниясы оның айтқанын орындай қоймайды, сөйтіп іс Еуропалық сотқа дейін жетіп, үкім жігіттің пайдасына шешіледі. Сол сол-ақ екен Google 12 мыңға жақын осындай талаптың астында қалады. Өйткені, Гонсалес сияқтылар өте көп екен. Осының бәрін ескеріп, еуропалықтар «ұмыттыру құқы» терминін пайдалана отырып, адамның ескірген немесе жағымсыз, анық емес ақпараттарды сол адамның талап етуі бойынша жоюын міндеттеген заң қабылдады. Мұндай заңды биылғы шілдеде орыстар да қабылдапты. Олар бұл заңды тек қылмыстық істерге қатысы бар ақпараттар ғана жойылмайды деген шектеумен қабылдаған екен.

Депутат Т.Өмірзақов бізге де осындай заң қажеттігін айтып, премьер-министрден оны әзірлеуге тапсырма беруді өтінді. Сонымен бірге ол адамдардың виртуалды өмірге әбден еніп кеткендігін, сондықтан «ұмыттыру құқы» адамның құқы мен бостандығы қатарында тұратынын ескертеді. Осы орайда былтыр Ақтөбеде 17 жастағы қыздың интернеттегі орынсыз әзілді мазақ деп қабылдап, өзін-өзі өлтіргені туралы да айта кетіпті. «Ұмыттыру құқына» қатысты заң жобасы әзірленетін болса, осындай өрескелдіктерге жол бермейтін жақты да ескеруі керек дейді депутат.

Серік ЕЛЕУ, сарапшы

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5467