Сенбі, 23 Қараша 2024
Құлақтың әңгімесі 5091 0 пікір 9 Қыркүйек, 2015 сағат 16:49

СӘДУАҚАСОВТЫҢ СЫҒАН БАУЫРЛАРЫ

Осыдан біраз уақыт бұрын, дәлірек айтқанда тамыз айының басында Қостанай қаласы әкімінің екі бірдей орынбасары пара алу үстінде ұсталып, айды аспанға бір-ақ шығарып еді. Сол кезде мұндай масқара болып жатқанда қала әкімі Ахметбек Ахметжанов ұяты болса, өз бетімен қызметінен кетіп, мемлекеттік қызметші деген атаққа кір келтірмес деп ойлаған едік. Онымыз бекер болып шықты.

Ол кісі әуелі «мен қайран қалып отырмын» (орысшалап айтқаны «Я в шоке») деп тілшілерге түсінік беруден ат-тонын ала қашты. Сосын бұл жағдай оған қатысы жоқтай, үн-түнсіз жатып алды. Тіпті түрлі жиналыстарды ашып, талайларға сый-сияпат тапсырып, мәре-сәре болып жүрді. Бір жағынан мұнысына таң қалған да жоқпыз. Өйткені біздің жақта қала әкімінің облыс әкімі Сәдуақасовтың бөлесі екендігін екінің бірі біледі. Осындай ымы-жымы бір, кадр саласындағы тамыр-таныстықтың қайда әкеліп соғатындығын біз де бажайлаған едік. Сондықтан да сол тамыз айының басында осы сайтқа жазған «Пара алудың қостанайлық әдісі» (қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=4261) атты мақаламызды  «P.S.Айтпақшы екі бірдей орынбасары пара алып, қаламыздың жаман атын шығарған Ахметжановты Сәдуақасов отставкаға жіберер ме екен? Әлде атамыз қазақтың «Бөлемісің, бөлені көре тұра өлемісің» деген мақалды басшылықа ала ма? Жалғасы болса тағы да жаза жатармыз.»,– деп аяқтаған едік. Сол болжамымыз дәл келіпті. Сірә, туысын қаншама қимаса да, жоғары жақтың дүмпуі қатты болған сыңайлы, ақыры орнынан алды. Онда да «өз еркімен кетті» деп сылап-сипап шығарып салды. Бөле аман болса, күні ертең бір жерден сопаң етіп шыға келсе, таң қала қоймаспыз. Сәдуақасов деген әкіміміз достары мен туыстарын далаға тастамайды. Тіпті бір кездері мас болып, шатханада жұртты пистолетпен қорқытып, содан сотты болған жан досы Асан Нұрғазинов дегенді өзінің аппарат басшысының орынбасар етіп қонжита салды. Облыста оған «әй детін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң ойына келгенді істемей қайтсін.

Бөлесін қанша қимағанмен, онымен Сәдуақасовтың қоштасуына тура келді. Мүмкін тіпті біржолтата шығар. Өйткені Ахметжановтың «жұмыстан өз еркіммен кетіп, былайғы жұрттың «маңғыт, аузыңа саңғыт» деп, сытылып кетемін» деген сасық қулығы ақталмады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері келесі күні-ақ оны «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыппен өз үйінде қамауға алды. Сөйтіп, енді әкім өзінің екі орынбасарының ізін қуып, басы шырғалаңға түскен жайы бар.

Сонымен, біздің облыс орталығының билігі опырылып ортасына түсті. Ендігі кезек кімдікі? Екі орынбасары, сосын әкімнің өзі қамауға алынып жатқанда облыс әкімі Сәдуақасов халыққа не айтады? Бөлесі сияқты «мен ештеңе білмедім. Мен де қайран қалып отырмын» деп өтірік таң қалған қылық таныта ма? Әлде өңір басшысы сол өңірде болып жатқан былық-шылыққа жауап бермей ме? Сонда қарамағандағылар жаман да, әкім жақсы ма? Облысты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын әкіміздің «дымбілмес» бола қалуы қалай?

Бұл сауалдарға жауап беру үшін өңірімізде көптен бері созылып келе жатқан бір «жаман індетің» сырына үңілген мақұл. Ол осындағы іскер азаматтардың арасында «біздің облыстың жылы жұмсағын облыс әкімінің «жанашыр достары мен сыған жұртының өкілдері мықтап ұстап отыр. Ауқымды тендерлерді де ұтатын солар. Бюджеттің мол қаржысы да солардың қалтасына құйылуда» деген қаңқу сөздердің желдей есіп жүргендігі. Біздіңше, мұның да қисыны бар секілді. Мәселен, қала әкімінің ұсталған екі орынбасардың бірі — Фрунзик Ааракелян осы жұрттың өкілі. Ал екінші орынбасарға 13 миллион теңгені бере салған облыстағы аса ірі олигархтың бірі — «Сыл» компаниясының иесі Гагик Овнанян деген мықтыңыз. О, бұл Гагигіңіздің түкірі жерге түспейді. Облыс орталығындағы құны жүздеген, тіпті миллиардтаған теңге тұратын құрылыстарды ғана салатын ерекше іскер азамат. Ол былтыр құның 375 миллион теңгелік хан сарайындай «Салтанат сарайын» тұрғызды. Ал биыл құны 542 миллион теңгелік қалалық «Мирас» мәдениет сарайын әсемдеп қойды. Тек, әттең, жалпы құны 1 миилиард 250 миллион теңге тұратын халыққа қызмет көрсететін орталықты сәл ғана бітіре алмай қалды. Осының «шәпкесін» әкімнің орынбасарына берем деп тоңқалақ асты. Біз, бұл жерде аурханаларға күрделі жөндеу жүргізу, емханалар мен ылғи тек бес және тоғыз қабатты үйлер салу секілді «ұсақ-түйектерді» сөз еткелі отырған жоқпыз. Сонда сол құрылыстарды осындағы қазақ не орыс кәсіпкерлері сала алмайтын соншалықты бейшара ма еді? Олардың бұған кәсіби біліктіліктері жетпей ме? Тендерлерді тек Гарик қана ұта беретін не сыйқыры бар?

Жә, армян бауырымызды қоя тұрып, енді сыған жұртының хикаясына көшелік. Бізде осындағы «сыған бароны» деп аталтын Леонид Васильев деген кісінің жол салу мен бала бақшалар тұрғызудағы «тапқырлығын» аңыз қылып айтады. Бұл кәсіпкер тендерге қатысу, сөйтіп өзгелермен тайталасып жеңіске жету деген ұсақ-түйекпен айналыспайды. Оның «көкесі» кеше ғана айдарынан жел есіп тұрған Сәдуақасовтың туған бөлесі – Ахметжанов деген мықтыңыз болса, несіне сассын. Кез-келген тендерді шаппай алады. Берсе қолынан, бермесе жолынан. Бір ғана мысал. Өткенде қаладағы бір бала бақшаны салу жөніндегі тендерді осындағы Бейбіт Сейтаев деген азамат басқаратын «Ұлан»  серіктестігі жеңіп алған. Енді іске кәірісіп жатқанда Ахметжанов әкім бұл құрылысты Васильевке беруге шешім қабылдайды.

 

«Сыған бароны» дегеніміз осы мықты.

 

– Маған Васильев келіп, бұл құрылысты бейбіт түрде оған беруге ұсыныс жасады, – дейді Бейбіт. – Мен оған көнген жоқпын.

Кейін Бейбіт соттасып, бұл құрылысты салуға толық құқы бар екендігін дәлелдесе де, Ахметжанов соттың шешіміне құлақ та асқан жоқ. Сырлас досы сығанға жығып берді. Енді тірегі мықты бөлеге не істей аларсың.

Алайда, «аққа құдай жақ» деген, жақында сол бароныңыздың да аяғы аспаннан келді. Бұл былықтарын ашқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері сығанның сыбағасын алдына тартты.

Жалпы, бұл сығанға Ахметжанов қана емес Сәдуақасов та жылы шырай танытатындығы байқалады. Жақында Қостанай қаласының 134 жылдығына сонау Мәскеуден «Ило» сыған фольклорлық ансамблі шықырылып, көшемізді бір шаңдатқан. Сол тойда әлгі әкіміміз ансамбльдің солисі Полина Васильевамен мың бұрала би билеп, құмарымызды бір қандырған. Кейін білдік, әкіміміз кез-келген адаммен билей бермейтін көрінеді. Ол тек әлгі ансамбьлдің жетекшісі Николай Васильев біздегі сыған баронының туған бауыры болғандықтан ғана бар өнерін аямапты. Енді қайтсын, әкімнің көңілін көтеру үшін алыстан ат арылтып шақырған бишілерді қалай сыйламассың. Әсіресе, ол осындағы қалталы байдың туысы болса.

Біздің бажайлаумызша бұл әңгіме осымен біте қоймас. Жалғасы болса кейінірек тағы қызыққа (мүмкін шыжыққа) батармыз.

Мұратбек Дәуренұлы, Қостанай

Abai.kz

   

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5441