Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6535 0 пікір 9 Қыркүйек, 2015 сағат 15:08

ҚҰРСАҚТАҒЫ ЕГІЗДЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ


Жүкті әйелдің жатырында егіздер сөйлесіп жатыпты. Олардың бірі иманына кәміл болса, екіншісі ештеңеге сенбейді екен. 
- Туғаннан кейін өмір бар дегенге сенесің бе? – деп сұрайды сенбейтін сәби иманды ағасынан. 
- Әрине, сенемін, - дейді иманды, - туғаннан кейін өмір барын бәрі біледі. Біз мұнда уақытша ғанамыз. Тек мұнда бұғанамыз бекіп, жаңа өмірде күтіп тұрған тағдырымызға тайсалмай, тура қарайтындай болып жетілуіміз үшін ғана бармыз. 
- Мұның бәрі жәй сөз, - деп сенбейді інісі. – Туғаннан кейін ешқандай өмір жоқ. Сен ол өмірдің қандай болатынын айта аласың ба? 
- Мен бәрін көзбен көргендей түсіндіріп бере алмаспын. Бірақ ол өмірде жарық көп. Мүмкін, дүние есігін ашқан соң өзіміз жүріп, өзіміз тамақ ішетін күйге түсерміз. 
- Не деген ақымақтық, - деп кейиді інісі, - Ол мүмкін емес қой. Өзің жүріп, өзің тамақ ішу деген... Бұл туралы бас қатырудың өзі күлкілі емес пе?! Біздің кіндігіміз бар. Біз сол кіндікке байлаулымыз. Ол бізді қоректендіреді. Біздің өміріміз – кіндік. Ол онсыз да тым қысқа. Басқа нәрсе туралы ойлауға тіпті бейілді емеспін. Ол жақтан ешкім қайтып оралған емес. Туа салысымен өмір өшеді. 
- Жоқ, - деді иманды ағасы, - Туғаннан кейінгі өмір қандай болатынын білмедім. Бірақ өмір бар. Ол жақта біз анамызды көреміз. Ол бізге бар қамқорлығын арнайды. 
- Ана? Сен ана деген ұғымға сенесің бе? Сонда ол қайда? 
- Ол барлық жерде. Айналамызда. Біз оның ішіндеміз. Анамыздың арқасында қозғала аламыз. Анасыз біз тірі болмас ек. 
- Мынауың тіпті шектен шыққандық. Мен ешқандай ананы көргем жоқ. Яғни, ол еш жерде жоқ. Болмайды да, - дейді сенбейтін сәби. 
- Жоқ, ол бар. Бар екеніне кәміл сенемін, - дейді иманды ағасы. – Кейде айнала тыншып қалғанда, оның ән салғанын естуге болады. Біздің әлемімізді алақанымен аялағанын сезем. Нағыз өмір туған соң басталатынына мен бек сенемін.

Аударған Шынар Әбілдә

facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435