Сенбі, 23 Қараша 2024
Шынның жүзі 5852 0 пікір 28 Тамыз, 2015 сағат 11:11

ЕЛБАСЫ МЕН АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – БІР ЛАГЕРЬДЕ

Әдетте күз келе қоғам өмірінде саяси науқандар басталатын. Ал биылғы күз қаржылық дағдарыстан туған апалас-төпелестен басталар түрі бар. Оқушылардың мектепке барар алдында, егін жинау науқаны енді қызар шақта, кедейшіліктің кебін киген жұрт қысқа дайындалуды бастаған кезде ел билігі теңгені теңселтіп, еркін нарыққа жөнелтті де жіберді. 
 Мұнай құнының құлдырауын, Қытай мен АҚШ-тағы қор биржаларының құжыраға құлауын, Ресей рублінің ырықтан кеткенін сылтау еткен Қазақстан билігі айдан түскен түкбілместің түрімен теңгені тентіретіп жіберді. Әлбетте, бұл құйқасы қалың қаржылық тақырыптың таусылмас әңгімесі болса керек.
 

Дегенмен, осы дағдарыстың саяси астарында жатқан қазақстандық қитұрқылықты саралаған «ДАТ»-тың «бас оқырманы» Ермұрат Бапи мен белгілі саясаттанушы, мәдениеттанушы-ғалым Ерлан Сайыровтың сұхбаттасуы біраз мәселенің басын  шалып өткен сияқты. Оқып көріңіздер.
 

– Ерлан мырза, әрине, сіз қаржы-экономикалық саланың маманы емес екеніңізді біле тұрсам да, қазақ теңгесін теңселтіп кеткен қаржы-экономикалық дағдарыстың саяси астары мен аспектілерін саясаттанушы маман ретінде талқылауға шақырып отырмын. Ең алдымен газет оқырмандарына мына жәйтті түсіндірейікші: Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк теңгені еркіне жібергенде,  саяси билік дербес шешім шығарды деп ойлайсыз ба?
– Ұлттық банк елдің, қоғамның тұрмысына әсер ететін мәселелер бойынша міндетті түрде жоғарғы билікпен кеңеседі. Біріншіден, девальвация – дүниежүзілік қаржылық-экономикалық дағдарысқа байланысты мәжбүрлі қадам. Оны елбасы қадап тұрып айтты. Екіншіден, сөз жоқ, бұл шешім үкіметпен, жоғарғы билікпен келісілген қадам деп білем. 
– Сізбен саяси сарапшы ретінде осы орайда сөз қозғар болсам, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алдымен – экономика, содан кейін ғана – саясат» деген президенттік постулаты көкейге келеді. Сіз осы ретте мынадай жағдайға қандай уәж айтасыз: теңгені еркін нарыққа жіберу қажеттігі Ресей рублі теңселе бастаған өткен жылдың күз уақытында туған жоқ па еді? Ел экономикасының 70–80 пайызы Ресеймен аралас-қоралас болып тұрған кезде Назарбаев өзі жиі айтатын экономикасын неге бірінші кезекке қоймады деп ойлайсыз? 
– Мен бұл арада Нұрсұлтан Назарбаевтан бұрын, қаржы-экономикалық сектордың даму болашағын, келе жатқан қатерді болжай алмаған үкімет пен Ұлттық банкке қатысты айтқым келеді. Иә, Қазақстан – шикізатқа тәуелді ел. Бүгінгі таңда экспорт структурасының 86 пайызы мұнай-газ және түрлі-түсті металдардан құралған. Әрине, мұндай экономика әлемдік цунами сияқты жойқын күшке айналып жатқан кезде өзінің бәсекеге қабілеттілігінен айырылып қалады. Өкінішке қарай, соңғы он жылда Қазақстанда структуралық-құрылымдық реформалар жасалмады. Ол үкіметтің құзырындағы мәселе еді. Үкімет мұнайға деген бағаның қымбат екендігін ескере отырып, содан түскен қаржының құрылымдық реформаға, инфрақұрылымдарды дамытуға жұмсалуын басты назарда ұстауы керек болатын. Іс жүзінде үкімет экономикадан тыс мәселенің барлығымен айналысты, бірақ экономикалық даму болжамын жасай алмады. 
Ең аяғында үкіметтің саясатпен айналысқанын қайтерсіз? Конституцияда жазылған негізгі функциясы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық мәселелері бойынша үкімет ешқандай алғы шарт жасаған жоқ. Сондықтан дүние жүзін қаржы қиындығы шарпыған кезде Қазақстан осы тығырыққа  тап болды. Соңғы жеті айдың ішінде Қазақстанның экспорттық тауарларының 70 пайызы шетке шықпай қалды. Бұл жағдай бүгінгі таңда бюджетке, салыққа, еліміздегі қаржылық жүйеге кері әсерін тигізіп отыр. Үкіметтің жұмысына «қанағаттанғысыз» деген бағаны еркін қоюға болады. Ал Ресеймен аралас-құраласқа келетін болсақ, екі арадағы ортақ шекара 2 мың шақырым, аймақтық сауда-саттық солтүстік аймақтарда жоғары деңгейде, халықтың басым көпшілігінің әл-ауқаты осыған байланысты. Осы факторды қалай ескермеуге болады? Сондықтан мен  президентке экономикалық қауіп-қатерлер туралы болжамдар жасап отыруы тиіс құрылымдардың кінәсі бәрінен басым дер едім. Мәселен, соңғы жылда теңгені қалыпты ұстап отыру үшін Ұлттық қордан 28 миллиард доллар бөлінген екен. Бұл жағдайды мен экономиканы басқарудың экономикалық тетіктерін ұтымды пайдалану дей алмаймын. Экономиканы Ұлттық қордағы дайын ақшамен басқарып отыруға соншалықты милы бас қажет емес. Осы уақытта Қазақстанның негізгі сауда әріптестері Қытай мен Ресей өзінің валютасына девальвация жасады. Қазақстанның негізгі сауда әріптесі Қытай өндірісінің әлемдік нарықтағы үлесі төмендеп бара жатқан жағдайына экономикалық сараптама жасалуы тиіс еді. Қытай экономикасының құлдырау үрдісі, Ресейге салынған Батыс елдерінің санкциялары Қазақстанды да шарпып өтерін президентке батыл түрде ескертіп отыру қажет болған.
Ал бұл арада Мәсімовтің үкіметі немен айналысқанын ел түгілі, саясаттың бір шетінде жүрген біз сияқты саясаттанушылардың өздері білмейді. Жыл аяғында Ресейде қаржылық дефолт болуы мүмкін деген де болжам бар. Ал мүмкін болар бұл жағдайға Қазақстан үкіметі дайын ба? Ондай жағдай орын алса, Қазақстанның экономикасына тағы да қиындық туатыны сөзсіз. Ресеймен еркін экономикалық, аймақтық сауда-саттық бірінші орында тұрған жағдайда Мәсімовтің үкіметі ресейлік дефолтқа сақадай-сай болуы керек. Қазақстанның экономикасына осы дағдарыстан шығудың бір ғана амалы бар. Ол – экономикалық реформалар жүргізу. Бұл реформа осыдан он-он бес жыл қолға алынуы тиіс еді. Бірақ мұнайдың бағасы жоғары болғанына малданған үкіметтің басы айналып, көзін тұман басты.
– Тұман – жел тұрса, сейілетін құбылыс қой. Ал мен айтар едім – үкіметтің көзін шел басты деп...
– Толық келісемін! Теңгенің бүгінгі бағамының елге әсері қысқа уақыттық ғана құбылыс десек, алдымызда не күтіп тұрғанын болжап айтудың өзі қорқынышты. Өйткені кешелі-бүгін Латын Америкасындағы мемлекеттердің басым көпшілігінің валютасы девальвацияға ұшырады. Еуроның бағасы құнсызданып келе жатыр. Азиядағы Қытай, Индонезия, Малайзия, оның ар жағындағы Австралия елдерінің валютасы девальвацияға ұшырау себебі – отандық өнімдерінің бәсекелестікке қабілеттілігі төмендеуі әбден мүмкін.
Сол себепті елімізде экономикалық құрылымдарға реформаларды жасау алдыңғы кезекте қолға алынатын мәселе болуы тиіс. Қазақстанда экспорттың 90 пайызы шикізаттан құралған экономиканы диверсификациялау қажет. Бюджетті толтыратын экспорттан түсетін қаржының 30–40 пайызы өзімізде өндірілген өнімдер болуына қол жеткізсек, теңгеміз теңселмейтін жағдайға жетер едік. Үкімет қағаз жүзінде қалған сан түрлі бағдарламаларды жандандырып, отандық өнеркәсіпті қолдайтын нақты қадамдарға қолдау көрсетуі керек. 
Ал сіздің сұрағыңыздың өзегіне келетін болсақ, басқа жол бар ма? Жоқ! Ал бұл шараны іс жүзіне асыру үшін, үкімет халық арасында түсіндіру жұмыстарын кешенді жүргізу керек болатын. Ол жоқ. Нешетүрлі үгіт-насихат органдары өзінің жұмыс істей алмайтындығын көрсетті. Ол үкіметтің құзіретіндегі міндет еді. 
Мен бүгінде елбасы еліміздегі бірінші оппозиционер деп айтар едім. Бүгін елбасы мен азаматтық қоғам – бір лагерьде, мемлекеттің шенеуіктері, ретроград – екінші лагерьде. Мәселен, Есекешов пен Сағынтаев сияқты лауазымды шенеуніктер елдің ортасында, зауыт жұмысшыларының алдында жалындап сөйлеп, тығырықтан шығудың әдіс-тәсілдерін ұсынып, жүйелі сөз айта алады деп, көзіңізге елестете аласыз ба? Мен елестете алмаймын. Сондықтан халықтың тілінде сөйлей алатын, құрылымдық реформаларды іс жүзіне асыруға пошымы сай, жаңа леппен қызмет атқаруға дайын азаматтар үкімет құрамына келуі керек. Олай болмаған жағдайда халіміз мүшкіл боларына дауыңыз болмасын.
Конституция бойынша үкімет – елдің экономикалық, қайталап айтамын, экономикалық саясатына жауапты орган. Үкіметте осындай жағдайдың алдын алу үшін зерттеу жасайтын әртүрлі сараптамалық, жобалау орталықтары бюджеттің, салық төлеушілердің қаржысына өмір сүре отырып, қол қусырып, қарап отырған. Сондықтан елдегі бүгінгі жағдайға үкімет тікелей жауап береді. 
– Ал елдің қаржы нарығы осындай тоқырауға тап болған кезде үкімет басшысы Кәрім Мәсімов отставкаға неге кетпеді? Есі дұрыс билігі бар елдерде міндетін атқара алмаған үкімет отставкаға кетіп жатпаушы ма еді?
– Біз еуропалық саяси мәдениетке енді келе жатырмыз. Еуропа елдері менсінбейтін Грецияның премьері Алексис Ципрас экономикалық саясаты іске аспай қалған кезде отставкаға кетті. Қазақстанда да соңғы сегіз жылда экономикалық солақай саясат жүргізгенін өз мойынына алып, үкімет міндетті түрде отставкаға кетуі керек. Содан кейінгі кезекте жаңа негізде коалициялық үкімет жасақталуы тиіс. Өйткені еліміздегі дағдарыстың табиғаты өте бөлек, бұл қаржылық қана емес, еліміздегі бүкіл өнеркәсіптің барлық салаларын шарпып отыр. Сол себепті де 90-жылдардың бас кезіндегідей батыл қадамдарға баруымыз керек. 
Ал менің түсінігімде Мәсімовтің отставкаға кетпеген себебі – экономиканы тығырыққа тіреген оның үкіметі бола тұрса да, теңгенің тағдырын шешкен ол емес. Ол саяси тапсырысты орындаушы қуыршақ кейпіндегі лауазым иесі...
– Біз өзіміздің эмоциялық көңіл-күйімізге емес, заңда белгіленген баптарға қараймыз. Қазақстанның Ата заңы бойынша, еліміздің экономикалық саясатына жауапты үкімет десек, оның басшысы Кәрім Мәсімов барлық жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. 
– Ал өткен аптада елдің экс-премьері Әкежан Қажыгелдин бас банкир Қайрат Келімбетовті отставкаға жіберіп, оның орнына Ораз Жандосовты тағайындау жөнінде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсыныс жасағанын білесіз. Экс-премьер турасын айтты: «Суайт банкирге ел де, шетелдік инвесторлар да енді сенбейді», – деп. Бірақ сол суайтыңыз қаржыдан қағылған ел-жұртқа ақыл айтып, әлі сол орнында отырғанын қалай бағалайсыз?
– Девальвацияны жасау тек қана Ұлттық банктің жеке шешімі емес. Дегенмен де, Ұлттық банк, үкімет осы мәселені халық пен қоғамның талқысына салып, кеңесуі керек еді. Бүкіл шешімнің барлығы қоғамнан тыс, тасада жасалды. Осындай шешімдердің бұрыс қабылдануының негізгі себебі – билік пен қоғам екі әлемде өмір сүріп жатыр. Үкімет өзінше реформа жасайды, осы қоғамның өкілі – халық сол реформаны қалай іске асыру тетіктерінен хабарсыз отырады. Осы қарама-қайшылықты жоюымыз керек. Ол үшін ең бірінші – билік құрылымдарына, ұлттық компанияларға, табиғи монополияларға қоғамдық бақылау қойылуы керек. Себебі біздегі экономикалық ұғым шатысып кеткен. Мәселен, мемлекеттің қаржысы деп айтамыз, негізінен ол салық төлеушілердің қалтасынан шығатын ақша, еліміздегі еңбек етуге қабілетті 8 миллионға жуық азаматтардың қаржысы. Сондықтан қоғамдық негізде билікке бақылау тетіктері жасалса, біраз мәселе шешілері сөзсіз. Ал қазіргі жағдайда Келімбетовтің келіп-кеткенінен ештеңе өзгермейді. 
Айтпақшы, Әкежан Қажыгелдин осы мәлімдемесінде елді тығырықтан құтқаратын бірден-бір тетік – 2000 жылдары аяқсыз қалған реформаны жалғастыру деді. Экс-премьер «аяқсыз қалған» дегенде, экономикалық реформаны ғана айтып отырмаған сияқты. Елді тығырықтан құтқаратын күш – саяси реформа екеніне дау айтпассыз, Ерлан мырза? 
– Әкежан Мағжанұлының пікірімен мен де толық келісемін. Осы мәселенің түп-тамырын арғы түбінен, 90-жылдардың басынан бастап қазсақ, еліміздің экономикасы тығырыққа тірелген кезде үкіметте қызмет еткен азаматтардың сіңірген еңбегін атап өткеніміз жөн. Сол кездегі мұнайдың бағасы он доллар болған кезде елімізде экономикалық реформалар жасалды. Әкежан Қажыгелдин, Нұрлан Балғымбаев, Сергей Павлов, Ораз Жандосов, Зейнолла Хакімжанов, Еркін Қалиев сынды дағдарыс менеджерлері үкімет құрамына қайтып келуі керек. Егер олар сын сағатта елге қызмет етуге келмесе, экономикалық жағдайымыз оңалмайды. Олардың салмағы бүгінгі министрлердің деңгейінен анағұрлым басым: олар бүгінгілерді тұрған орындарында жаншып тастайды. Салмақты менеджерлердің билікке оралатын кезі келді. Тасты далаға лақтырып жіберу бар болса, оны дер кезінде бір уысқа жинап алу заңдылығын жоққа шығаруға болмас. 
Жөн-ақ! Ал экономика саласын қоя тұрып, саясатқа келер болсақ, Бауыржан Байбектің Алматы әкімі қызметіне тағайындалғаны жөнінде не айтар едіңіз: бұл тағайындау «тақ мұрагері» сценарийінің жалғасы ма?
– Елімізде жаңа буын өкілдері белгілі бір деңгейге көтеріліп келе жатыр, бұл – елбасының дұрыс саясаты деп ойлаймын. Өйткені жаңаша ойлайтын, жаңа формацияның өкілдері билікке келуі керек. Мәселен, Алматы – үлкен инфрақұрылымды мегаполис, бұл жерде күрмеуі шешілмеген инфраструктуралық, әлеуметтік, экономикалық проблема өте көп. Оларды бұрынғы дәстүрлі жолмен шешу мүмкін емес, сондықтан бұл жаққа басқаша, тіпті тосын көзқараспен қарайтын топ келуі керек болды. Алдағы уақытта бұл қадам іске аса ма, жоқ па – ол жағы белгісіз. Бірақ Алматыдағы жұртшылықтың басым бөлігіне Байбектің алғашқы іс-қадамы ұнап жатқан сияқты. Алматы қаласы Қазақстанның бір кішкентай ғана моделі десек, Байбекке жүктелген міндет ауыр, оны атқара алуы – алдағы күннің еншісіндегі шаруа.
Ал «мұрагерлік» мәселеге келер болсақ, бүгінде өзін іштей тақтан үміткер санайтын амбициялы азаматтар да, оларды қолдайтын түрлі кландар да аз емес. Байбектің «мұрагерлігі» интернет желісінде ғана жүрген әңгіме. Ол мәселені тек қана ел президенті ғана білсе керек. 
– Ал саяси тақырыпты ары қарай тарқатар болсақ, осы күзде ел президенті мерзімінен бұрын парламенттік сайлау жариялауы мүмкін бе? Мынадай экономикалық дағдарыс жағдайында және айтқанын екі етпейтін бүгінгі нұротандық «қалталы» парламент тұрған кезде бүйректен сирақ шығару қажет пе?
– Біріншіден, елімізде қоғамның саяси мәдениеті жедел қадаммен өсіп келе жатыр. Ал биліктің заң шығарушы органы – парламент сол саяси мәдениеттің шапшаң қимылына ілесе алмай отыр. Президенттің өзі бес институционалдық реформа жасаймыз деп мәлімдеді. Ол реформаны саяси реформалық трансформация жасамай өткізу мүмкін емес. Сондықтан президент Назарбаев үш бірдей сөзінде президенттік-парламенттік жүйені қалыптастыру керек екенін өзі айтты. Яғни, елді дамытудың жаңаша формасын ойластырып жүр деп айтуға болады. Бүгінгі экономикалық дағдарысты, екінші жағынан, елімізде саяси жүйені трансформация арқылы жаңа Қазақстанды жасауға үлкен мүмкіндік берді деп қарастыруымыз керек. Дағдарыс – тек тәуекел емес, оны мүмкіндіктер бастауы деп түсіну керек. Осы тұрғыдан алғанда, парламент жаңадан жасақталуы керек, оның құрамына әртүрлі саяси күштің өкілдері еніп, үкіметтің іс-қимылын қадағалау парламенттің функциясына берілсе, жаңа реформаның алғы шарты да осыдан басталады.
– Ендеше, Ерлан мырза, қытайлықтар «өзгерістер заманында өмір сүруді жазбасын» деп тілесе де, біз сол өзгерістер кезеңіне жетейік. Қоғамды трансформациялау қаншалықты қиындықтар әкелер болса да, біз оған зәру екеніміз айдан анық. Сол күндерге аман жетейік!

 Сұхбат сәл ықшамдалып алынды.

Түпнұсқадағы тақырып: ТЕҢГЕНІ ТЕҢСЕЛТКЕН КІМ?

Дерек көзі: «Общественная позиция» (проект «DAT» №28 (299) от 27 августа 2015 г.

ДАТ!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5349