ҮКІМЕТ НЕГЕ ОРЫНЫН БОСАТПАЙДЫ?
Бәріміз де адамбыз. Пендеміз. Күніне басқа неше түрлі ой келеді. Көптеген көріністерді көз алдыңнан өткізесің. Санамның түкпірінен осындай қорқынышты ойларды ұмытып, көкірегімде күллі көріністер күңіреніп, жалаңаштана бастаған жиренішті, жұртқа жиырыла қарап, жын қаққан адамдай күбірлеп, күнделікті тірлігіме беттеп келе жатқанмын. Бір кезде жүйкеңді жүндей қылып түтіп жіберетін қаланың жүйесіз жүйткитін көліктерінің дыбысы мазамды қашырды. Бұрылыстан бұрыла бергенімде, тап алдымнан валюта айырбастайтын дүңгіршекте АҚШ-тың көк қағаз бағамы 180-нен 253-ке бір-ақ шарықтағанын көріп, не істерімді білмей тоқтап қалдым. Күн ұзағына қарапайым халықтың әңгімесі тек доллар туралы болды. Кешке үйге келсем, телеарнадан жаңалықтардан да, сол Премьер-министр Кәрім Мәсімов командасын жинап алып, доллар құны не үшін қымбаттап кеткенін әлемдік деңгейде мұнай бағасының құлдырауына байланысты екенін айтып ақталуда.
Еңбекақысы мен жиған-тергені құнсызданған халық жоғары лауазымды шенеуніктерден ақылға қонымда жауап ала алмайтынын білген соң, тым болмаса, алдын ала ескертпеген билікке өкпелері қара қазандай. 19 тамыз Қ. Келімбетов мырза «доллардың құны 200-ден аспайды деген». Өз сөзінде тұрмаған төрағаға бұдан былай ешкімде сенгісі жоқ. 18 тамыз Елбасы Ақордада Ұлттық банк төрағасын қабылдап, кездесу барысында «Қ. Келімбетов елдің қаржы секторы мен банк жүйесінің ахуалы туралы баяндады»,--деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. Соған қарағанда, Келімбетовке Елбасы бірқатар нақты тапсырма берген. Еуразиялық одаққа кірместен бұрын, тым жақсы, қалыпты жағдайда өмір сүріп едік, Кедендік одақ, Еуразиялық одақ әсілі бізге мүлдем керек емес еді деп ойлайды көпшілік. Енді Ресейге жарияланған санкцияның ықпалы бізге де тиіп отыр. Ресей өзімен бірге бізді де құрдымға ала кететініне күмәнім кәміл. "Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп құлағынан айырылыптының" кері болмасын. Осыдан бір жыл бұрын жазушы Герольд Бельгер ағамыз былай депті:
Что такое Казахстан? Девятое место в мире по площади. А населения—каких-то 17 миллионов. Средний мегаполис. При таком богатстве говорить об экономическом кризисе в независимой стране—глупость. Это нонсенс. Это смешно. О каком экономическом кризисе может быть речь? Значит, кризис в головах правителей. Духовной кризис, культурный кризис, какой угодно, но только не экономический. Его в Казахстане быть не должно. А между бедствуют больше всего именно казахи. Везде руководит казахи, доминируют везде казахи, но и внизу бедствуют казахи. Везде жуткое воровство. Те, кто наверху, воруют без оглядки. А внизу народ с рабской психологией. Тәуба-тәуба, шүкір-шүкір, бізде тыныштық. Мы живы, сегодня существуем, и хвала небесам. Вот это и доконает казахов.
Бұдан кейін не айтуға болады? 24-жылдан бергі биліктің ертегісіне қарапайым халықтың наразылығы туып отыр. Алматы көшелеріне девальвацияға қарсы бейбіт шеру ұйымдастырмақшы болған саясаткер Ермек Нарымбаевты Алматы қаласының Бостандық ауданының ішкі істер басқармасы 15 тәулікке қамауға алды. Әлеуметтік желілерде билікке наразы топтың саны күрт артқан және олар да сықпыртып жанайқайын жазып жатыр. "Кәрім Мәсімов бастаған Үкіметтің қолынан түк келмейтін болса, орындарын неге босатып бермейді?" - дейді көпшілік. 24 жылдан бері халықты жұмыспен қамтамасыз ететін тетіктер қарастырылмаған, елімізде дені дұрыс жұмыс істейтін бірде-бір завод не фабрика салынған жоқ. Халыққа өз күніңді өзің көр дегеннен әрі аспады. Атқарушы билікке үш рет тағайындалған Кәрім Мәсімов пен министрлер БАҚ-та кеуде соғып айқайлағандарымен қалың бұқара халықтың ортасына келіп, жергілікті жерлердегі жағдайды өз көздерімен көрмейді әрі көргісі келмейді. Яғни, елдің әлеуметтік-тұрмыстық деңгейінің қандай екенінен бейхабар. 24-жылдан бері Парламент депутаттары немесе сенаторы шалғайдағы ауылдарға барып, тым болмаса, «әй, тірімісіңдер?» деп сұрамаған. Мысалы, Маңғыстау облысының бір ауылына «бәленбай» депутат немесе көп мақтайтын Ассамблея мүшелерінің біреуі келіп дәрет сындырып кетіпті дегенді естігеніміз жоқ! Олар әрі кетсе, аудан орталығына келіп, мәдениет үйіне арнайы жиналған тұрақты көрермендерге жолығып, ән-күйін тыңдап, етін жеп қымызын ішіп, «бәрі жақсы» деп ыңырана сөйлеп тайып тұрады. Мұны Елбасымыз талай қайталап айтқан. Бірақ, өзгеріс еш байқалмайды.
Жуырда, Парламент депутаты, Генерал-майор Абай Тасболатов ағамызды көріп қалып: --Ассалаумағалайкум, Әбеке, қалыңыз қалай?—десем, ол кісі «Елбасының арқасында» деп жауап берді. Қазіргі заманның генералы, баяғы заманның батырылары сияқты арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты болмас па еді... Ащы болса да шындық—біз оларға қарағанда жалтақпыз, көп орыстанып кеттік. Жалпы, бодандықта көп болған ел жалтақ, тайғақ, көнгіш болатынын италияндық ғұлама Никколо Макиавелли айтқан екен. Соның нақты көрінісі шығар, қазір біздің елден именшек, өз мәдениетіне бөтен көзбен қарайтын салғырт жандар туды. Біздің арамызда ондайлар толып жүр. Ұланғайыр Қазақстанның ішінде атқарылып жатқан болмашы істердің бәрі (тауық күрке салып берсе де) Президент Назарбаевтың атымен байланыстырып жатады. Бұл Президентті мақтау емес, қайта оның атақ-абыройына нұқсан келтіру деп түсінген жөн.
Парламент депутаты Камал Бұрханов мырза: «Бізде бір жылда Жоғарғы оқу орындарынан халықаралық қатынастар мамандығы бойынша 5000 түлек диплом алып шығады. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ең көп дегенде 10 түлекті жұмысқа ала алады. Ал қалған 4990 түлектің қайда барып жатқаны бір Аллаға аян» деді. Бұған Парламент депутаты Светлана Романовкаяның «У нас без отката ничего не решается» деген сөзін қосыңыз. Үнемі есесі кетіп жүрген қазағыма кім араша түсетінін, ойланбай-ақ отқа түсіп кететін қайсар тұлғаларға зәруміз. Өкінішке қарай, 200 жылға жақын Ресейдің отарлауында болған, құлдықтың қыл бұрауында жүріп табиғи қайсарлығынан, туа біткен адами ұстанымынан айырылған, ар-намысы ортайған халқымыздың жағымпаздығы, жалтақтығы, жарамсақтығы әлдеқайда өсіп кеткен. Қазақ халқының рухани жұтаңдануының себеп-салдары сан алуан. Базар жырау кезінде «Байсалды ел байқаусыз қате жібермес», - деп жырлаған еді.
Қаңырап қалған ауылдардан тым-тырақай көшіп кетушілердің бір-бірімен ағайындық, туыстық ара-қатынастары бырт-бырт үзілуде. Ауылдардан жүздеп, мыңдап жел қуалаған қаңбақтай басы ауған жаққа қаңғырып, әсіресе, жастар қалаларға келіп орыстанып жатқанымен ешкімнің шаруасы жоқ. Әке ұлымен, шеше қызымен орысша сөйлеседі, соны мәртебе санайды. Иіліп сәлем салатын келін таппайсың. Баяғыдай «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген ұғымдар далада қалды. Сәбиді бөлейтін бесіктер мал қорада ілініп тұр, танысын не танымасын «нан ауыз ти» деп нан ұсынатын қыз-келіншектер жоқтың қасы. "Әлди-әлди" бөпешім, деудің орнына "баю-баю" дейтін болды. Атасының тері сіңген омырауын иіскеп жатып ұйықтап кететін немере қалмады. Оның үстіне ауыл мектептері бірінен соң бірі жабылуда. Биыл Қарағанды облысын су басқанда да, Ақтөбе облысындағы ақбөкендер, Оңтүстік Қазақстан облысында белгісіз аурудан малдар, Жамбыл облысында Зеңгі баба тұқымы сиырлары жаппай қырылғанда да, жергілікті әкім-қаралар қарапайым халықты айыптады. «Жұмылғанға жұдырық» - демекші, оның үстіне теңгенің құнсыздануы бұқараның қабырғасын қайыстырып барады. Баяғы заманның тар кезінде, өмірден қажыған, дүниеден түңілген колхозшы қазақ әйелі арбаға жеккен өгізі жүрмесе де, бұзауы аштан өлген сиырынан сүт шықпаса да, ең аяғы, ошақтағы оты жанбай, бықсыса да Құдайды қарғайтын, қарсылықтан туған шарасыз бейпілдік. Қазіргі таңда, кінәлі деп білмейтін, ешкім де Құдайды аузына алмайды.
Өзінің сорын, үкіметтің зорын, көршінің байлығын, көшенің лайлығын, базардың нарқын, заманның қалпын—бір сөзбен қайыратын болсақ, жалғанның бар тауқыметін қазақтан көреді. Тіршілік болған соң, әрнеден қауіп, әрнеден қатер бар. Оның бәрі—әдепкі, табиғи жағдай. Мұндай кілтипан тәуелсіздік туын көтергеніне 24 жыл өтсе дағы, кез келген орнықты, қуатты елдің басында болуы ықтимал. Ал біздегі жағдай—мүлде шетін құбылыс. Теңгенің құнсызданғанына билікте отырған шенеуніктердің мұрты да қисаймайды, қашанда зардап шегетін қарапайым халық. Халықты ьүгінгі билік «Отырса опақ, тұрса сопақ» етіп көрсеткісі келеді. «Көңіл кірі айтса кетеді» дегеннің күйін кештім. Шырылдаған шындықтың бетін ашсам, арым тазалар, көңілім орнына түсер деп ойлаймын.
Жұмамұрат Шәмші,
Тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz