ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 ЖЫЛДЫҒЫН БАЛАҒАТТАУҒА ДА «БОЛАДЫ»
Қазақ хандығының 550 жылдығы хандықтың кезінде бабасы бұл жерде тұрмаған отандастарымыздың шамына тиіп жатса керек. Оны спорт комментаторы Дмитрий Мостовой әлеуметтік желіде хандықтың 550 жылдығын ашық түрде балағаттағынанынан аңғару қиын емес. Дмитрийдің Твиттердегі жазбасы көпшіліктің ашуын туғызған болатын.
Ендігі кезекте ол ішіп отырып жазған жазбасы үшін өзінің Facebook парақшасында кешірім сұрапты.
Елімізде болып жатқан экономикалық жағдай ашуландырыпты-мыс. Алайда біздің теңгенің құнсыздануына Қазақ хандығының қатысы қанша? Керісінше, көршіміздің ақшасының құлдырап кеткеніне байланысты сол жақтың тұмауы біздің экономикаға да жұғып жатқанын көзі қарақты адам түсініп отыр. Онсыз да қазақтың теңгесі мұнша неге құлдырады деп күйзеліп отырған сәтте жығылған көңілге жұдырық сілтеудің не қажеті бар еді ? Рас, Мостовой кешірім сұрады. Кешірмей қайда барамыз. Біздің кешірген, кешірмегенімізге қарап отырған ол жоқ. Бірақ ойындағысын айтып алды ғой. Мәселе сонда. Экономикалық көңілсіздік біздің бойды да билеп тұр. Бірақ біз ол үшін Қазақ хандығын түртпектеген жоқпыз. Себебі ол біз үшін киелі ұғым. Осы жерді мекен еткен өзге ұлтты отандастарымызға да киелі болуы тиіс еді. Олай емес екен.
Хандығымызды тілдеген сабаз біздің мемлекеттік тілде кешірім сұраса, барлығымыздың ішіміз жылып сала берер еді ғой. Біздің тіліміз бен тарихымызды зерделеймей-ақ осы елде нан тауып, қызымен бірге шетелге демалықа шығатын азаматтың кешірімінің қазақша «тәржіма» мәтіні мынандай болып шығады:
«Әрине бұл әрекетім менің тарапымнан кеткен ақымақтық. Ашуланған кезде ойыма келгені осы болды. Таңертең аталған жазбаны дереу өшіріп тастадым. Менің айтпайын дегенім бұл емес. Соңғы күндері болып жатқан еліміздегі ауыр экономикалық жағдайдан кейін, той тойлатуды доғарсақ деген ой. Бұл ойымнан мен бас тартпаймын. Өзім кінәлімін. Мен өз Отанымды қатты жақсы көремін. Егер жақсы көрмесем, мен бұл жақта болмаушы едім. Мен аталған жазба үшін барылығынан кешірім сұраймын», – дейді Дмитрий Мостовой Facebook желісіндегі жеке парақшасында.
«Той тойлатуды доғарсақ деген ойы» болыпты. Онда неге EXPO-2017-ні мысалға келтірмеген. Тойдың көкесі сол емес па? Осы уақытқа дейін ас та төк шығын жасаған мемлекет «Қазақ хандығына» келгенде неменеге жиырыла қалды. Бұл тұста Мостовойға да ренжи алмаймыз. Біздің министрліктің өзі хандықтың Ұлы тойына ақша жоқ деп айтқан болатын. Демек өзіміз аузына салып беріп отырмыз.
Айнұр Төлеу
Дерек көзі: Qamshy.kz