Мен таныған Обама (Жалғасы)
Барактың болмыс-бітімінің ерекшелігі
Ел басқарған ұлы басшылардың көпшілігіне тән қасиет - мінез-құлықтарының ерекшелігінде. Ал Обаманың жеңіске жетуіне себепкер болған құнды қасиеттерінің тамырына зер салып көрелік.
Гаваи штатының астанасы Гонолулу қаласындағы Пунахоу Академиясындағы достары Обаманы қоршаған ортасына ерекше назар аударуға бейім, ақжарқын мінезін ұнатады екен. Сынып жетекшісі Эрик Кусуноки (мектепте «Мистер Кус» деген лақап атпен танымал болған) оны сабырлы, мұқият тыңдаушы, сөзге шешен, ашық мінезді, уәдесіне берік, тіл табысқыш деп сипаттайды. Ендеше, Обаманың мектеп қабырғасында қалыптасқан құнды қасиеттері үлкен өмір жолында да өз таңбасын танытып отыр. Мұнда ата-анасымен бірге Барактың мінез-құлқын зерделеп берген сынып жетекшісінің де рөлі зор деп ойлаймын.
Барактың болмыс-бітімінің ерекшелігі
Ел басқарған ұлы басшылардың көпшілігіне тән қасиет - мінез-құлықтарының ерекшелігінде. Ал Обаманың жеңіске жетуіне себепкер болған құнды қасиеттерінің тамырына зер салып көрелік.
Гаваи штатының астанасы Гонолулу қаласындағы Пунахоу Академиясындағы достары Обаманы қоршаған ортасына ерекше назар аударуға бейім, ақжарқын мінезін ұнатады екен. Сынып жетекшісі Эрик Кусуноки (мектепте «Мистер Кус» деген лақап атпен танымал болған) оны сабырлы, мұқият тыңдаушы, сөзге шешен, ашық мінезді, уәдесіне берік, тіл табысқыш деп сипаттайды. Ендеше, Обаманың мектеп қабырғасында қалыптасқан құнды қасиеттері үлкен өмір жолында да өз таңбасын танытып отыр. Мұнда ата-анасымен бірге Барактың мінез-құлқын зерделеп берген сынып жетекшісінің де рөлі зор деп ойлаймын.
Ал біздің балалардың жеке қабілеттерін жетілдіру ата-ана мен мұғалімнің ортақ мүддесіне толық айналатын болса, кез келген жеткіншектің өз тұғырынан көрінері сөзсіз. Білім беруді тереңдетудің жолын қарастыру біздің елде басты мақсатқа айналғанымен, баланы жеке тұлға ретінде дамыту, қалыптастыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. «Мемлекет отбасынан басталады» - деген қағиданы берік ұстану қажет сияқты. Адамның жалпыадамзаттық құндылықтарға ие болып қалуы - оның жастық шақта өмір сүрген ортасы - отбасы мен мектептің жауапкершілігінде екенін есейген сайын ұғынып келеміз.
Көшбасшының мінез-құлқы сырт көзге жағымды қырларымен танылғанымен, түрлі ситуацияда басқаша байқалып, іспен ғана расталатыны анық. Ал Обаманың мінезін кейбір сарапшылар жұмсақ, жайлы деп бағалайды.
Қазір Ақ Үйдің саясатын көптеген сайлаушылар қанағат тұтпай тұрған саяси жағдайда Обаманың бағыт-бағдары американдықтар арасында сенім ұялататындай. Обаманың мемлекет басқару ісіндегі екі жылға жетпейтін аз тәжірибесіне халық аса көңіл бөлмейтіні сезіледі. Харизмасы жарасқан Обама халқын алға ұмтылдырып, ынтыландыруға, рухын көтеріп шабыттандыруға икемді. Бүгінгі күнгі дағдарыс кезеңінде АҚШ-ты ортақ мақсатқа жұмылдыруда белсенді қызмет етіп жатқандай көрінгенімен, оның нәтижесіне уақыт таразы.
Чикагода азаматтық істерге маманданған заң фирмасының иегері Джадсон Минер (Judson Miner) атақты Гарвард университетін жаңа бітірген Обаманы көңіл-күйіне қарап, салмақты деп таныған. Заңгер Минер мырза өз кітабында бас кейіпкердің бір қалыпты мінезін ашып көрсетеді.
Барак Обама әріптестерімен бірге жұмыс орнына таяу жердегі Таиландтық ресторандардың бірінде түскі ас ішуді әдетке айналдырған болуы керек. Бір күні аталған мейрамхананың төменгі қабатында заңгерлер бірге ас ішіп отырыпты. Сонда Обама сотта қаралатын істің мән-жайы жөнінде қызмет бабымен ұялы телефонмен сөйлесе бастайды. Бірер минуттан кейін жорғалап жүрген екі тышқан қонақтардың аяғының арасын аралап кетеді. Кейіннен айта-айта әрленіп, аңызға айналған әңгімеге сенсек, Обаманың әріптесі Чак Барнхил: «Тышқанның біреуі Обаманың аяғына шығып кеткенін өз көзіммен көрдім» дейді. Ал телефон тұтқасын ұстаған Обама көңіл аудармаған күйде сөйлесе беріпті. Әңгімесі бітіп, келісіп алған соң аяғындағы тышқанды батыл Барак қолымен алып тастаған көрінеді. Сол сәттегі Обаманың ұстамдылығы ұсақ-түйек келеңсіздіктерді елемейтін ерекше қасиетін аңғартады. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай жорғалаушылар жиі кездесетін бұл мейрамхана құзырлы органдардың қатаң талабымен жабылып қалады.
Барак Обаманың көрген-білгеніне, түйін-тұжырымына қарап, қай ұлт өкілі екенін анғару оңай емес. Неге десеңіз, ол - Канзас штатында туылған Кениялық қаны бар «жартылай қара», «жартылай ақ нәсілді» АҚШ азаматы. Жастық шағын Индонезия мен Гаваи аралдарында өткізген. Чикагодағы Қаралардың Христиандық шіркеуінің мүшесі бола тұра, Индонезиядағы мұсылмандар хал-жағдайынан хабардар, Буддизмнің ықпалын сезінген, мәнін түсінген адам. Жас кезінде өзі жиі барып тұратын Кенияның шалғай ауылдық аймақтарынан ат терлетіп келетін қандас туыстарын жиі көретін Обама қала жағдайында тәрбиеленген тұлға. Қалжыңға жанасса да, өз басымнан Обаманың қасиеттерін көргенімде іштей күліп қоям. Неге десеңіз мен де ауылдық қазақтың иісі сіңген қала тұрғынымын. Сондықтан болар, кейбір тыңдаушылар қазақша сөйлесем, ауылдың баласы шығар деп болжайды. Десе де, кәдімгі Алматылық отбасында тәрбиеленген қарапайым қазақ баласымын.
Өзі де мінбелерден талай айтып жүргендей, Обама бір адамның бойынан табылған бір диаспора деуге болады. Оның кім екенін анықтау ісінде бір сөзбен сипаттау қиын. Бұл оның жолында сан-түрлі кедергілер туғызғандай көрінгенмен, енді мәдениеті ерекше, тілі мен ділі бөлектермен оңай түсінісуде аз болса да алқынбайтыны анық.
Жас кезінде менің басты кейіпкерім - Барак Обама Махатма Гандидің өмірбаянын мұқият оқып, осынау біртуар ұлы кісіге қатты еліктеген сыңайлы. Оның пір тұтар тұлғаларының қатарында Абраам Линкольн мен Мартин Лютер Кинг те бар.
Колумбия Университеті қабырғасында жүргенде кезінде-ақ Барак Оңтүстік Африкадағы апартеидтке қарсы іс-шараларға белсенді атсалысқан. Демек, қоғамдық істерге ерте жастан араласу өзіндік нәтижесін көрсетеді. Мектеп қабырғасындағы көпшілікке көп көріне бермейтін қоғамдық іс-қимылдар мен студенттік шақтағы бастамалардың игі ықпалы өз достарымның өсу жолынан да байқалып келеді.
Обама «Әкемнің армандары» атты кітабында жергілікті тұрғындар тобының қала басшылығымен және лауазымды тұлғалармен кездесуі өткенін жазады. Сондағы ашу-ызасы асып-тасыған халықты бағындыра алмағанын өкінішпен сипаттайды. Қоғамдық іске белсене араласып жүрген кездерін Обама «Менің өмірімдегі тіпті Гарвард Заң мектебінен алмаған терең білімді осы кезде алдым» деп еске алады.
1985 жылы Чикагоның аты шулы Оңтүстік жағындағы қоғамдық ұйымдастырушы Геральд Кельман жас жігітті жұмысқа алмас бұрын, алдын ала кездесіп әңгімелеседі. Сонда оқуды жаңа бітірген үміткер «жаңа нәрсе үйретесіз бе?» деп қатал талап қойған көрінеді. Жас Обама «Мені қалай үйретесіз? Мен нақты не үйренем? Маған қандай пайдасы тиеді?» деп тәптіштеген болуы керек. Осылайша 10 000 доллар айлықпен 2000 долларға ескі темір тұлпар мінген Обама үш жыл бойы қоғамдық жұмыстармен шабыттана айналысады.
Қарапайым халықтың ұйымдастырушысы ретінде Обама шіркеудегі халықтың басын қосу, сол аймақтағы уақыт күттірмейтін маңызды мәселелерді шешу сияқты іспен щұғылдана бастайды. Осында жағдайы нашар адамдардың мүддесін қорғай жүріп, заңнамаға және саясатқа өзгерістер енгізу қажеттігіне көз жеткізеді.
Ол мемлекет басшысы болуы мүмкін жалғыз қара нәсілді саясаткер емес. Алайда, оның саяси сезімтал, ерекше харизмасы барын және ұлы қоғам қайраткерлерінің бойынан табылатын, діни көзқарасы бөлек түрлі ұлт пен әлеуметтік орта өкілдерін біріктіре алар қасиеттерін сыншылар да мойындайды. Барак Обаманың ораторлық әдіс-тәсілдерді игеруге барынша ден қойғаны рас. Бірақ өз айтқанына өзі сенбесе, ол өнердің құны бес тиыннан артпас еді. Тілге шешен Обаманың ең басты ерекшелігі - шынайылығы(адалдығы) деп білем.
Жастайынан айналасына мән беріп, зерек өскен Барак Обаманың жеке қасиеттері сол бала кезден қалыптасқандай. Мүмкін Индонезияда тұрғанда анасының ағылшын тілін түнімен оқытып отырып, «назар аудар, мұқият бол!» деген сөздері санасына сіңген де шығар. Осы жерін оқып отырып, өзімнің де оқушы кезімдегі анамның ұйқылы-ояу отырған маған «Шаршама, шыда!» деп отырып шығарма жаздырған сәттері есіме түсіп кетеді.
Ел басқаратын адам үшін депрессия өте қауіпті екені психологтардың пікірінсіз-ақ белгілі. Дер кезінде дәл шешімдер қабылдай білу үшін кедергі боларын білетін Обама депрессияға түсіп, мұңға батудан аулақ жүруді жөн санайды. Обаманың тағы бір ерекшелігі - оның нақтылығында екен. Бірінші адамнан алған ақпаратын үшінші адамға нақты, әрі дәл түсіндіріп, жеткізе алатын қасиеті нақтылықпен бірге жауапкершіліктің мәнін ерте ұғынған жан екендігін байқатады.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» мақалы рас болса, Обама - американдық қоғамға өзгеріс әкелген жан. Ол - американдық саясаттағы жаңа тұлға, демек өзгерістер толқынын немесе өзгерістер легін жеткізу оған жарасады. Ірі саясат сахнасына ол осыдан алты жыл бұрын ғана қадам басқан еді. 2004 жылғы қарашада партия съезіндегі сөзінен кейін-ақ табан астынан танымал болып шыға келді. Оның мінбеден сөйлеген жалынды сөздеріне көптеген отырыстарда сілтеме жасала бастады. Бірақ Обаманың сайлауалды сөздерінде тіліне тиек еткен ұранды уәделерінің әлі толық орындалмай жатқандығы тағы бар. Ол да уақыттың еншісінде.
Обаманың әкесі - Кениядан, анасы - Канзастан. Сондықтан Барак Обама өз ауданы мен өз ортасынан шет жаққа шығып көрмеген американдық саясаткерлерге қарағанда, шынайы әлем туралы жан-жақты әрі терең пікірі қалыптасып үлгерген тұлға. Ол нәсілдік және таптық теңсіздіктіктің не екенін өз тәжірибесінен сезіне білді. Дамушы елдер тізімінің ортасынан орын тапқан Индонезиядағы кедейшілік көріністер көз алдында өтті. Сондай-ақ оның басқа көптеген саясаткерлерден айшықтайтын айырмашылығы - шығармашылық қабілеттілігі мен әдебиетке жақындығы.
Барак Обаманың ұстанымдарының өзгешелігі - кейбір партиямен бәсекелесуде тек жаугершілік мінез-құлық байқату емес, сондай-ақ өзінің толығымен дұрыстығын алға тартып, қарсыластарының ақылсыздығын қасақана насихаттау тәсілдерінен арылуды көздейді. Қарсыластарын жамандап, даттауға шебер, өзіне шектен тыс сенімді саясаткерлерді жақтырмайтыны жөнінде «Әкемнің армандары» атты кітабында жазады. Ол қарсыластарын жала жауып, қаралаудың орнына, олардың ұстанымдары мен қолданатын тәсілдерінен елге тиер өнімді жағын іздеуді мақсат етеді.
Барак Обама бірсарынды пікірлер мен біржақты ойлардан аулақ адам. Ол жан-жақты тақырыпты қамти отырып, мәселенің өзектілігіне сүйеніп, мәнін терең ашуға, дәйекті шешім қабылдауға бел буған.
Оның әйелдердің абортқа құқығын қорғау туралы, энергияның балама көздерін дамыту туралы жобалары, ауаны ластайтын өндіруші ірі компаниялар мен қайта өңдейтін корпорациялардың қызметін қатал бақылауға алуы, иммигранттарға қатысты саясаттың жеңілденуі, салықтың көбейтілмеуі жөнінде нақты ұсыныстары нағыз демократтығын байқатады.
Обаманың өзіне өзі сенімділігі кішігірім басқосуларда керісінше басқа әсер қалдыратын еді. Әсіресе менмендігі мен тәкаппарлығы басым көрінетін сияқты. Обаманың биографиясын жазушы Дэвид Мэндел «Ол мысы басым, шапшаң қимылдайтын, өзінікі дұрыс санайтын, тіпті кейде талғампаз» деп сипаттайды.
Өсу жолында Обама қандай адаммен кездессе де, еш уақытта сескенбеген екен. Жас қоғамдық қызметкер ретінде қала әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдерімен емін-еркін сөйлесіп, тең дәрежеде ой бөлісе білген. Заң факультетінің студенті болып жүріп Гарвардтың деканымен де ашық сөйлескен. Жоғарғы оқу орнын жаңа бітірген жас қызметкер ретінде бюджеті миллиондаған қорлардың төрағасымен, басшыларымен қатарласындай араласқан. Әрине мұның бәрі дөрекілігінен немесе менмендігінен емес болар сірә. Осылайша Обама оны жолы түсіп танығандардың естерінде адаммен сырласа білетін мұқият тыңдаушы кейіпінде сақталды.
Мүмкін бұл жұмыс тәжірибесімен келетін қабілет пе, әлде туғаннан қанмен берілетін қасиет пе, білмедім. Бірақ, меніңше қанша жаста болмасын сауатты маман өзінің жұмысы мен міндеттерін білсе, басшылықтың сын сөздерін көтере де, түсіне де алады.
Біздің коғамның салаларында жиі кездесетін басиюшілік, орынсыз кішіпейілділік сияқты жағымсыз қасиеттер жастардың мінез-құлқына, өзіндік ұстанымдарына кері ықпал етпей ме екен деген ойда қаламын. Жалпы жастар арасында басшылықтан сескенудің орнына, сыйлау керек деген мәтел жиі айтылады. Сондықтан жұмысқа орналасуға дайындалып жүргендер немесе қызметке жаңа кірісіп жатқандар алғашқы күннен өзін тиісті деңгейде ұстай білуді үйренсе, өзінің орнын табуына жол ашылуы құпия емес. Кез келген жас маманның сынға ілігіп жатса да төзімділік пен табандылық танытып, ынта-жігерін өзін-өзі барынша жан-жақты дайындауға, маман ретінде қалыптасуға жұмсағаны абзал. Міне, нағыз жігітке тән мәрттік мінез, аруға жарасымды ұстамды қасиет кірпіштей қаланып, жастардың бойында толеранттықтың тұғыры қалыптасады.
Басшының бағын ашатын қасиет - кішіпейілділік. Қызмет бабымен бағындыру бағынып үйренгеннің қолынан келеді. Ашығын айтқанда, мақсаттың бәрі - ақша табу, баю болса адами құндылықтардан айырылып қалу ғажап емес. Сондықтан жастардың өмірлік өз қағидалары мен биік ұстанымдарын жат қылықтардан сақтап, жағымды қасиеттермен бекіту кез келген жастың ел басқару ісіне еркін араласуына кепіл бола алады.
Салауатты өмір салты - болашақ президенттің берік ұстанымы
Бас кейіпкердің көпке белгілі өмірбаянына сүйенек, Барактың екі жасында әкесімен ажырасқан Анна шетелдік студент, Лоло Соеторомен тұрмыс құрады. Студенттік визасының уақыты аяқталғаннан кейін Лоло жаңа семьясымен бірге Джаккартаға көшуге мәжбүр болады. Сол жерде Барридің қарындасы Мая дүниеге келеді.
Күндердің күнінде өгей әкесі Соеторо Баракқа боксер қолғабын әкеп беріп, бұзақылардан қалай қорғана білу керектігін үйретеді. Ал анасы Анна Американдық қара нәсілді ұлы қайраткерлер туралы кітаптар мен журналдар әкеліп, баласының кітап сөресін ілім қаптамаларына толтырады. Баласына үлгі болар ұлы тұлғаларды насихаттап, шығармашылыққа баулиды.
Осы кезеңде Обаманың білім мен спортты қатар алып жүруге ниеті ауып, ата-анасының ақыл-кеңесіне ден қоя бастайды. Шынында, баланы жастайынан спортқа баулудың маңыздылығы баршамызға мәлім. Осы тұста өз әкемнің өмір құндылықтары туралы әңгімесін еске алудың орны келіп тұрғандай. Мен үшін нағыз ер, пір тұтар әкем: «Балам, бұл өмірде білім алумен қатар, шымыр болу маңызды» деген қарпайым сөздері менің мәңгі жадымда сақталып келеді.
Обаманың тағы бір қасиеті - сабырлылығы деп білсек, оның белгісін оның сайлау болар күнгі күн тәртібінде тұрған іс-шаралар жақсы сипаттайтын болар. АҚШ халқы бюлеттень толтырып, дауыс берумен сапырылысып жатқан тарихи өзгеріс болар сәтте президенттікке үміткер Барак Обама Чикагодағы Майкл Джорданның жаттықтырушысы Тим МакКрю (McCrue) басшылығындағы спорт залына баскетбол ойнауға кетеді.
Содан сол күні таң ертең Индианада өткен іс-шарадан кейін Демократ және оның достары сайлауды талқылаудың орнына, кіммен кім қай командада ойнайтынын, ойынның стратегиясын құруды қызу талқыға салады. Обаманың жақын досы, Чикагодағы кәсіпкер Марти Несбит кандидаттың Гаваи, Гарвард, Чикаго және Ди.Си.-дегі (Вашингтондағы) жас күндерінен бері араласып келген жолдастарымен хабарласып, барлығының басын қосады. Обаманы қоса алғанда 24 жігіт осы шараға арнайы тігілген формаларын киіп дайын отырады. Ақ және көгілдір түсті джерсидің (футболканың) алдында «Мына нәрсе» сөзі және Обама компаниясының сиволы бейнеленген еді. Бұл МакКейннің сайлау алды компаниясы аясында сөйлеген бір сөзінде «Сенат отырысында мұнай компанияларының мүддесін көздеген заң жобасы қарастырылған еді... Сол кезде қолдап дауыс берген «Мына нәрсе»(«That one») деп Обамаға сілтеген сыни сөзін сипаттағандай. Ал сонда заң жобасына қарсы дауыс бергендердің қатарында болған Мен едім деп Маккейн кеудесін қаққаны туралы видео «ютуб» сайтында да бар. Нәтижесінде Обаманың сайлау алды символы доп тәріздес болғандықтан, «Маккейінің саусағына» айналдырған баскетбол добы секілді көрінді. Бұл спорт киімі кешкі баскетбол ойынының қалжыңдарының бірі ретінде жарасып кетті.
Обама сол кезде сабыр сақтап, қалжыңмен емін еркін ойнаған екен. Допқа таласқан Обама мен оның көмекшісі Регги Лов (Reggie Love) бір-біріне бастарын соғып қалған кезде, Обама: «Массаған, маңызды кеш(түн) алдында ойынды тоқтата тұрып демалып алғаным дұрыс болар. Осы жерден жарақатсыз басым аман кетсем екен» деп қалжыңға басқанын жолдастары айтады. Ойын тартыс барысында бірін жеңіп, бірінде жеңіліп болған соң президенттікке үміткер Обама өз командасымен бірге шешуші ойында сырттай бақылаумен бағалап отырған екен. Кешкі бесте аяқталған ойыннан кейін Обама «Гранд Хайатт» қонақүйіне барып шаш түзеткен соң, өзінің жақындарымен кешкі асын ішуге бағыт алады. Араға аз ғана уақыт салып дауыс беру қорытындылары туралы бірінші хабар Шығыс жағалаудағы штаттан келіп түсті. Баскетбол ойнап шынығып үлгерген бас кейпкер сол сәтте шешуші күннің бар ауыртпашылығын көтере білгені қызықты-ақ.
Обаманың АҚШ Сенатына бағын сынау барысында «Чикаго Сан Таймс» газеті Гарвардта бірге оқыған досының дәйексөзін келтіреді. Екі досқа ортақ пір тұтар тұлға - әйгілі баскетболшы Майкл Джордан екен. Олардың пікірінше, Джордан бәсекелестікке бейім, жұмысына ерекше назар аудара білген жұлдызды баскетболист. Біздің де, Бекзаттай белді спортшыларымыз талай балақайларға үлгі болып, олардың асқақ армандарына жетелей жөнелгенін іштей сезінеміз.
Кезінде Обамамен бірге баскетбол ойнап та үлгерген Заң факультетінің профессоры Алан Дершовитс (Alan Dershowitz) «Баскетбол алаңындағы Обама шабуылшының добын тас талқан қылып, секіріп тоқтататын қабілеті бар дейді. Ол қандай іс болмаса икемі бар, шымыр жігіт болатын. Сыртынан бақылап жүріп: осы баланың болашағы бар деген оймен жүруші едік» деп еске алады профессор. «Гарвардтың Заң факультетін жыл сайын бітіретін 550 түлектің ішінде оншақтысы осындай ерекше алғыр, зерек болатын» деді Дершовитс мырза. «Сол бітірген ұл-қыздар қазір бірі сенатор, бірі үкімет лауазымында, ал біреулері белді заңгер. Арасында Жоғарғы Сот қызметкерлері де бар. Бүгін тіпті ел басқарып, Президент ретінде қызмет атқарып келеді».
Спортқа жақындық деннің саулығының біден бір кепілі деп айтылып келеді. Айтпақшы бұл Нью-Йорк тұрғындарының қатып қалған қағидасының бірі. Америкада қалыптасқан пікірге сәйкес, кез келген адам жетістікке жету үшін ең алдымен өзі үлгілі бола білуі қажет. Демек, бастаған жұмысы жемісті, қолға алған ісі жеңісті болуы үшін адамның тартымды, әрі ұқыпты жүргені, сәйкесінше денсаулығының мықты болуы негізгі талап. Әсіресе бизнес саласындағы серкелердің пікірінше, ең алдымен адам өзін бағындыра алуы керек. Оған өзім де куә болдым. Көшеге таң ертең бір, кешке бір шығып, сапырылысып жатқан халыққа назар аударсаңыз спорттық киім киген «манхэттандықтар» терлеп-тепшіп жүгіріп бара жатады. Міне, бұл - алдыңғы қатарлы елдегі халық қабылдаған заман үрдісі, салауатты өмір салтының көрінісі. Бұл елде ең алдымен адамның өзіне талап қойып, оны орындай алуы жоғары бағаланады. Осындай үлгі болар құндылықтарға назар аударып, ұтымды жақтарына еліктеу жастарымызға артық етпейді.
Кітап - білім бұлағы
Обама мырзаның шешендігінің арқасында түсіністікке қол жеткізіліп, игі істердің бағдары айқындалды. Оның сөздерді орнымен қолдана алу өнері, сендіруге, қуаттауға әрі шабыттандыруға икемділігі болмыс-бітімінің өзгешелігін байқатады. Обаманың тіл құдыретін сезінуі, кітап оқуға деген шексіз махаббаты миллиондаған американдықтарға өз идеяларын жеткізуге мүмкіндік беріп ғана қоймай, оның өзінің кім екенін сезіне білуге және әлемді түсінуге жол ашты.
Жалпы Бас кейіпкер жас кезінде өз бөлмесіне кіріп алып, ерінбей кітап оқуды әдетке айналдырған. Ол өзінің кім екенін анықтаумен жүрген жас кезінде Джеймс Болдуин, Ральф Эллисон, Лангстон Хьюс (Langston Hughes) және Ричард Райтты оқығанын өз кітабында жазады. Аты аталған бұл американдық жазушыларға ортақ болған бір нәрсе - құқықтары шектелген қара нәсілділер проблемасы еді. Мысалы, адам құқықтары үшін күрескер Джеймс Болдуин ең әйгілі АҚШ-тағы Мартин Лютер Кингтің ізбасарының бірі болатын. Мартин АҚШ-тағы қара нәсілділер мүддесін қорғаған қозғалыстардың тұңғыш белсендісі еді. Олардың азаматтық құқықтарын қорғау жолында дискриминация, қатігездік және нәсілділікпен күресті.
Тағы бір мысал, 1914-1994 жж өмір сүрген Ральф Эллисонның американдық жазушы ретіндегі өнер жолы өте ерекше - 1952 жылы «Көрінбейтін Адам» атты жалғыз еңбегі үшін ғана атақ-даңқы артты. Ол өз туындысында қоғамнан орын таба алмаған қара нәсілді афроамерикандықтың өмірі туралы тітіркендірер тірі оқиғаны сипаттайды. Сондағы ойы әлгі адам өзінен өзі көрінбейтін емес, оны айналасындағы қоғам мүшелері көрмейтінін басып айтып, кемсітушілікке дейін жеткен қоғамды кінәлайды.
Колледжде оқып жүрген кезінде-ақ философ Ф.Ницше және Сент.Аугустин сияқты ойшылдардың еңбектеріне қызыққан Обама: «Біздің әрбір күніміз - тарих. Ол қағаз бетінде сақталуы тағы бар. Оралмайтын бүгіннің құнды дүниесін ертеңімізге ала барсақ, арғы күніміз жаман бомайтын шығар»-деген пікірі тарих тағылымдарына жатады. Демек, ел бірлігін нығайтудың дұрыс амалы адамдарды тек қана әділ, адал, шыншыл тарихпен тәрбиелеу негізінде жатса керек.
Обаманың өмірінде тарихқа деген қызығушылығы, оның өсу жолында ойып тұрып орнын қалдырды. Қилы заманнан сыр шертетін тарихтан хабардар, алуан түрлі отбасында тәрбиеленген Обама өзінің ғана емес, өз мемлектінің де ел басқара алатынын, өз идеяларының жүзеге асырылуы тән құбылыс екенін қоршаған ортасына сендіре алды.
Кітап есейген Обаманың күнделікті тіршілігінен де ерекше орын алды. Ел басқарудың нақты тақырыптарына бағытталған кітаптар көбейді. Дорис Кирнс Гудуиннің (Doris Kearns Goodwin's) Авраам Линкольнның Abraham Lincoln шешімдері туралы жазылған кітап «Қарсыластар тобы» (Team of Rivals) билікке қол жекізгеннен кейін өзінің командасына бұрынғы оппоненттерін кіргізгені үлгі болды. Сондықтан да өздеріңіз білетіндей, өзінің Демократиялық партиядан бірге шығып, жарысқан қарсыласы Хилари Родхам Клинтон (Hillary Rodham Clinton,) ханымды Мемлекеттік хатшы ретінде тағайындады.
Тіпті, Рузвельттің (F. D. R.'s First Hundred Days) алғашқы 100 күні туралы, сондай-ақ Стив Колл'дың (Steve Coll's) «Елестер соғысы» (Ghost Wars,") Ауғанстан мен Орталық барлау агенттігі (Сentral investigation agency) туралы кітаптары қызметке жаңа кірісіп, сын-талапқа тап болған Обамаға құнды материал, құнды дүниелер болды.
Обама тарихи немесе идеалогия саласындағы кітаптардан басқа, филасофиялық еңбектерге қызықты. Мысалы, Рейнолд Нибур (Reinhold Niebuhr) өз туындыларын адам атаулының қарама-қайшы табиғаты, қасақана кінәсіздік пен қатесіздік қауіптер тақырыптарына арнаған.
Обаманың қиял-ғажайып жанры мен поэзияға ғашықтығы - Шекспирдің қойылымдары, Херман Мелвилдің «Моби-Дик» (Herman Melville's "Moby-Dick") Мэрилинн Робинсонның «Гилиид Marilynne» (Robinson's "Gilead") Фэйсбугінде көрсетілген Библия Линкольннің жинақтары, Эмерсонның (Emerson's "Self Reliance") шығармасы. Бұл туындылар бас кейіпкерге ана тілдің қыр сырын біліп-тануға ғана емес, тарихтағы қайғылы оқиғаларды елестете білуге, адам жағдайының екі түрлілігін сезінуге мүмкіндік берді.
Бұл Обаманың «Әкемнің армандары» кітабында ең көп жазылған тақырып. Көңілі түсіп ренжіген, жеңіске жетіп қуанған сәттері ерекше есінде сақталған. Ашу-ызаны үйлестіре білуге және шалғайдағы кедейлермен тіл табысып жұмыс жасай білуге қажетті саяси тәжірибесін осылайша жинайды.
2003 жылы Кэмбриджде (Массечусетс штатындағы белді университеттердің бірі) Обаманың кезекті қайырымдылық акциясын өткізу барысында Гарвардтағы заң ғылымдарының профессоры Дэвид Вилкинс оны жеке шығарып, «Барак, бұл сенің қолыңнан келе ме?» деп сұрапты. Сонда «Иә, сенімдімін» деп жауап қайтарған Обама жеңіске жету жолын жеңілдету үшін коалицияны құру стратегиясын тәптіштеп түсіндіре бастапты.
Сол кезде қол жетпес сағымдай сезілген сенатор креслосын иеленген Обамаға кеңесшілері 2008 жылғы президенттік сайлауға қатыспай, күте тұруды ұсынған екен. Айналасындағылар әлі ертелеу, әрі тәжірибесінің жеткіліксіздеу екенін басып айтып. АҚШ елінің қара нәсілді президент үшін дауыс беріп, сайлауға дайын еместігін айтыпты. Обама болса жұмсақ жауап беріп, берген ақылдан бас тартады. Ол 2008 жыл нағыз сәтті кезеңнің қылаң беріп, айрықша жағдайдың жеңіске жолы түсіп тұрғанын жеткізді. Сол кезде «бағы ашылар - мен, ал жұлдызы жанар сәт - қазір» деп ұрандатқан Обама нар тәуекелге салып президенттік сайлауда бақ сынауға бел буған.
Алмат Ердәулетұлы,
АҚШ, Нью-Йорк
(Жалғасы бар)