Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2582 0 пікір 24 Мамыр, 2010 сағат 03:49

Айдос Сарым: ҚОСТIЛДIЛIК ҚОҒАМНЫҢ БАҒЫ ЕМЕС, СОРЫНА АЙНАЛАДЫ

- Қазақстан қоғамында қазiр екi тiлдi мәдениеттiң - қазақтiлдi және орыстiлдi ортаның қалыптасқанын жасырмауымыз керек. Соған сай қазақтiлдi журналистика, орыстiлдi журналистика деп қарайтын болдық. Жалпы, кез-келген мәселенi екiге бөлiп қарастырамыз, сөйтемiз де қазақ тiлiндегi дүниелердiң барлығын төмен деушiлiктен арыла алмай келемiз. Сондай-ақ, бiздiң орыстiлдi әрiптестерiмiз қазақтiлдi қоғамның мәселесiмен бас ауыртқысы келмейдi. Олар да жаһандық мәселелердi көбiрек қамтиды. Осы екi әлемде жүрген журналистердiң өзара байланысын жақсарту үшiн не iстеген жөн?

- Қазақстан қоғамында қазiр екi тiлдi мәдениеттiң - қазақтiлдi және орыстiлдi ортаның қалыптасқанын жасырмауымыз керек. Соған сай қазақтiлдi журналистика, орыстiлдi журналистика деп қарайтын болдық. Жалпы, кез-келген мәселенi екiге бөлiп қарастырамыз, сөйтемiз де қазақ тiлiндегi дүниелердiң барлығын төмен деушiлiктен арыла алмай келемiз. Сондай-ақ, бiздiң орыстiлдi әрiптестерiмiз қазақтiлдi қоғамның мәселесiмен бас ауыртқысы келмейдi. Олар да жаһандық мәселелердi көбiрек қамтиды. Осы екi әлемде жүрген журналистердiң өзара байланысын жақсарту үшiн не iстеген жөн?

- Әрине, Қазақстанда бүгiнде екi әлем өмiр сүрiп отыр. Бұл екi әлем түйiсе бермейдi, бiрiн-бiрi iздемейдi, бiрiн-бiрi қажет етпейдi. Бұл бiздiң қоғамның бағы емес, соры дер едiм. Орыстiлдi баспасөз қазақтың мәселесiн, үлкен саяси және рухани-мәдени мәселелердi жаза бермейдi. Бәлкiм бұл қазақтiлдi баспасөзбен қақтығысып қалмаудың амалы шығар. Ал, қазақ баспасөзi орыс баспасөзiнен көш кейiн деген пiкiрлермен өз басым келiсе қоймаймын. Қазiр газет нарығында жап-жақсы газеттер өсiп шықты. Мазмұндық тұрғыдан келгенде, қазақ баспасөзi көш iлгерi кеттi. Өйткенi, олар елдiң, жұрттың сөзiн сөйлейдi ғой. Әрi, қазақ баспасөз нарығын Ресеймен немесе АҚШ-пен салыстыруға келмейдi. Ол жақтағы нарыққа құйылып жатқан қаражат пен бiздiң нарыққа құйылып жатқан қаражаттың арасы жер мен көктей. Бiзде тұтынушылардың саны аз. Сонымен қатар, қазақтiлдi ақпаратқа жарнама аз берiледi. Оның да өзiндiк себептерi бар. Жарнама нарығында газеттердiң таралымын зерттеп, олардың өтiмi жайында анықтама жасап отыратын бiр-екi компания бар. Олар жарнама берушiлерге беретiн ақпаратты бiраз респондентке сұрау салу арқылы анықтайды. Солардың ақпаратына сенетiн болсақ, Қазақстанға 2000 ғана данамен таралатын "Известия-Қазақстан" газетi өзге 30-40 мыңдық таралымы бар қазақ газеттерiне қарағанда өтiмдi, оқырманы мол газет болып анықталады. Бұл жерде әлеуметтанушылар дұрыс жұмыс iстеп отырған жоқ. Олардың респонденттерiнiң көбi орыстiлдi және қалалық азаматтар. Осының өзi үлкен проблеманы тудырады. Алдағы халықаралық қазақтілді журналистердің форумда талқыланатын мәселенiң бiрi сол болмақ. Бiздiң қоғам қазiр миллиондаған қазақтiлдi көрермен мен оқырманды нарықтан сыртқа ысырып тастап отыр.

Қазiр "Жұлдыздар отбасы" деген журнал шықты. Бұрын-соңды журнал шығарып, жақсы бизнес жасауға болады деген түсiнiк болмаған. Жарылғап Қалыбай ағамыз оны дәлелдеп бердi. Қазақстанда дәл сондай таралыммен тарайтын орыстiлдi журнал жоқ. Демек, бiз өзiмiздiң iшкi корпорациялық мүддемiздi талап ете бiлу арқылы нарықтағы қолдан жасалған қайшылықтарды алып тастай аламыз.   

- Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының аяғында "Жарнама туралы" заң қабылдамақ болды. Сол заң жобасында мемлекеттiк тiлде жарнама берудi мiндеттейтiн баптар бар едi. Егер, бұл заң қабылданатын болса, қазақтiлдi ақпараттың дамуына қаншалықты әсер етер едi?
- Алдағы 5-6 жыл көлемiнде жарнама қос тiлде берiлсiн деген норманы енгiзу керек сияқты. Бұл уақытша құбылыс. Сосын бiрте-бiрте мемлекеттiк тiлге басымдық берiлген сайын бұл мәселе өзiнен өзi жойылады. Парламентте, сондай-ақ, "Мемлекеттiк тiл туралы" заң жобасы қаралмақшы. Менiң ойымша, қазақ журналистерi өздерiнiң осындай түйткiлдi проблемаларын осы заң жобасына енгiзуге күш салуы керек. Бiз осы жолда үлкен лоббистiк топ, коалиция құруымыз керек. Форумның аясында "Баспасөз және бизнес" деген секция бар. Бұл секцияда аталған мәселелер талқыланса деген ойдамын.

ЗАҢДЫҚ ШЕКТЕУЛЕРДЕН ГӨРI , IШКI ЦЕНЗУРАМЫЗ КҮШЕЙIП БАРАДЫ

- Жақында Халықаралық сөз бостандығы күнi аталып өттi. Қазақстандағы сөз бостандығы жайында не дейсiз?
- Cөз бостандығына келер болсақ, мен заңдарға қатысты шектеудi емес, өзiмiздiң iшкi цензурамызға қатысты дүниенi айтқым келедi. Бұл - бiздi қатты алаңдатады. Менiңше, Қазақстанның заңнамасы кез келген қоғамдағы келеңсiздiктердi сынауға мүмкiндiк берген. Көбiмiзде Кеңестiк заманнан қалып қойған үрей бар. Екiншiден, бүгiнгi газеттерiмiздiң көбi билiкке экономикалық жағынан тәуелдi. Сондай-ақ, бiздiң журналистер құқықтық жағынан өздерiн өзi қорғай алмайды. Талай қазақ журналисiн жұмыстан қуып жатыр, бiрақ олар өз құқығын заң шеңберiнде талап етуге енжар.

- Соңғы кезде қазақтiлдi интернет журналистика қалыптаса бастады. Ондаған сайт пен жүзге жуық блогтар ашылды. Қай-қайсысының да интернет журналистиканы қалыптастыруда қосып жатқан өзiндiк үлестерi бар. Жалпы, бiздегi мерзiмдi басылым мен интернет журналистиканың арасындағы айырмашылық не, ал интернет журналистиканың даму деңгейiн қалай бағалайсыз?

- Осыдан бiр жыл бұрын "Abai.kz" сайтын ашқан кезде, орыстiлдi әрiптестерiм оның өмiршең болуына күмәнмен қараған едi. Олар қазақ тiлi мен интернет екеуiнiң арасын жақындату мүмкiн емес деген болатын. Мұның өзi бiздiң намысымызға қамшы басқаны рас. Содан берi интернет әлемiнде бiрнеше интернет сайт дүниеге келдi. Олар - "minber.kz", "Zamandas.kz", "arhar.kz", т.б. Бұған дейiн орқырманның көзайымына айналған - "Massagan.com" порталын айтайық.
Бүгiнгi күнi дәстүрлi медиа - газет, телеарналар интернетпен байланысын күшейтiп келедi. Интернет арқылы халықпен тiкелей байланысуға мүмкiндiк алды. Сайтқа суреттер мен видеоны, аудионы қосып қою арқылы жаңа бiр қырынан танылуға мүмкiндiк аламыз. Қазiр Абай порталы интернеттегi орыстiлдi баспасөзбен тайталасып бiрге келедi. Сайттардың күнделiктi статистикасын берiп отыратын компанияның дерегiне қарасақ, "Abai.kz" өзге қазақтiлдi сайттардан оқ бойы озық келедi. Алдымызда орыстiлдi 11-12 сайт қана бар.  Болашақта ауыл интернетке қосылатын болса, қазақтiлдi сайттарды тұтынушылардың саны арта түсетiн болады. Ал, орыстiлдi ақпараттың тұтынушылары азая бередi. Бұл табиғи құбылыс. Әсiресе, Моңғолияда, Қытайда, Өзбекстанда жүрген бауырларымыздың Қазақстанға көптеп оралуымен қазақ тiлiндегi ақпаратқа деген сұраныс та көбейе түседi.

БIЗДIҢ САЯСИ МҰРАТЫМЫЗ - ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ МОЙЫН БҰРҒЫЗУ

- "Тiлдердi дамытудың" тағы он жылға арналған бағдарламасын қабылдағалы жатырмыз. Бұл бағдарлама бойынша, Қазақстан ендi 10 жылдан кейiн қазақ тiлiне бiржола көшедi деп сендiрдi Үкiмет.
- Бұған дейiн билiк қазақ тiлiн толыққанды мемлекеттiк тiлге айналдыру жайында нақты мерзiмдi айқындамаған едi. Бұл жолы ендi он жылда қазақша сөйлеймiз деп отыр. Бiз осы бағдарламаның нақты және жақсы болуы үшiн атсалысуымыз керек. Бiздiң ендiгi мiндетiмiз - билiктiң осы уәдесiн үнемi есiне салып, ескертiп отыру. Билiк сонда ғана халық алдында берген уәдесiнен таймайтын болады.
Билiк осыдан 3-4 жыл бұрын "ұлт" деген сөздi айтудан қашқақтайтын, оның орнына басқаша баламалар iздейтiн, мәселен, "ел, халық" деп сөйлеушi едi. Қазiр бұл ұғымды барлығы батыл қолдана бастады. Демек, белсендiлiктi өзiмiз танытуымыз керек. Билiк сонда ғана халықпен санасуға мәжбүр болады. Айталық, былтырғы жылы "Ел бiрлiгi доктринасының" қабылдануына табанды қарсылық көрсетуiмiздiң арқасында қазiр доктринаның жаңа редакциясы қабылданатын болды. Бiз өз уәждерiмiздi дәлелдеу үшiн сағаттап келiссөз үстелiне отырдық.
- Дегенмен, бiздiң ұлт зиялыларының билiкпен келiсiмге жиi келуi ненi көрсетедi?
- Бiздегi саясаттың мақсаты мен мазмұны не? Егер, саясаттың мазмұны мен мұраты - билiктi белгiлi бiр нәрселерге көндiру, бейбiт жолмен дiттегенiңе қол жеткiзу болса, онда оны "келiсiмпаздық" емес, саясат деуiмiз керек. Бiрiншiден, билiк бұл жолы 20 жылдың iшiнде бiрiншi рет ұлт патриоттарымен бiр үстелдiң басында отырып, келiссөз жүргiздi. Өздерiнiң бiраз ұстанымдарынан бас тартып, бiздiң бiраз ұстанымдарымызды қабылдады. Сөйтiп, мемлекеттiк саясаттың бiразын өзгерттi. Менiңше, бұл - үлкен жетiстiк. Бастамасы бар, қалғаны - өз қолымызда.
- Рахмет.

 

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Сұхбат ықшамдалып жарияланды.

«Түркістан»,

№20 (826)
20 мамыр
2010

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377