Сенбі, 23 Қараша 2024
Қорған 22274 0 пікір 21 Тамыз, 2015 сағат 08:28

АТАҢА НЕ ҚЫЛСАҢ, АЛДЫҢА СОЛ КЕЛЕДІ

Қазақ халқы жасы үлкенді сыйлаудан алдарына жан салмаған. Бізден басқа ешбір елдің келіндері (ең жақын туыс елдерден басқа) жұбайларының жасы үлкендеріне иіліп ізет көрсетіп, сәлем етпейді. Қазақ келіндері күйеулерінің жасы үлкендері түгілі,  жасы кішілерінің де аттарын атамайды. Еркелетіп, тергеп атайды. Әрбір ата-ана жат жұртқа қызын ұзатарда өз жұбайына, оның ата-анасына, барлық туыстарына қамқор болуды міндеттейді. Қазақ келіндері сан мыңдаған жылдардан бері бұл міндеттерін абыроймен атқарып келеді.

Қазақтың европа халықтарынан басты айырмашылығы – ұрпағым деп шыр – пыр болып, ол үшін көзсіз көбелектей отқа түсетіні. Бұл біздің ең ұлы ұлттық қасиеттеріміздің бірі.

Қазір бәріміз еліктеп, көзімізді жұмып, аузымызды ашатын Европа (орыс), Америка дегендерің бұл қасиеттен жұрдай. Оларда дүниеге бір рет келем, өмірдің қызығын  өзім көрейін деген, өзімшіл, менмендік, қара бастарының қамын ойлау басым. Жасы кәмелетке толған ұл – қыздарына енші бөліп береді де, жүгенін басына түріп, өмір мұхитына итеріп қоя береді. Олар бұдан кейін бірін – бірі іздемейді, өле - өлгендерінше бір – бірін көрмеулері де мүмкін. Ал, өздері қартайған шағында қарттар үйінен басқа барар жер таппайды.

 

Қазақ халқында бәрі де басқаша. Өйткені ата – бабаларымыз өз қара бастарының қамынан көрі ұрпағының қамын жоғары қойған. Қазақтың ежелгі шежірелерінде  өз қамын, балаларының  қамынан жоғары қойған ата – ана болған емес делінеді. Қазақтың қазіргі ұрпақтары да сол дәстүрді жалғастыруда. Қазақ Еуропалықтардан ақымақ емес, оларда ұзақ жасауға айрықша құштар. Олар тірі пенденің өмірі шектеулі екеніне көзі жеткен соң, өзім өлсемде атым өлмесін деп, артына ұрпақ қалдырып, ұрпағы арқылы ұзақ жасау жолын таңдаған. «Жүз жаса, ұрпағыңмен мың жаса» деген алғысты көне көз қарияларымыздың аузынан  жиі еститініміз де содан. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген мақалдың да сыры осы.

Қазақта: «Бақыт – қолдағы мұз, ериді де кетеді, қыз - қолыңдағы құс, ұшады да кетеді, ұл - артыңдағы із?!» Қазақ баласының артында тегін жалғастыратын із қалу керек. Із болғанда да тек тірі жан емес, Асыл із болу керек.

«Баланың асыл болғаны –

Ата-анасын сыйлаған» (Әбубәкір Кердері «Жолдас болсаң жақсыға мәртебеге жетесің» Ақтөбе-2011. 50 бет).

         Ертеректе (шамасы «матриархат» шинелінен шыққандар болуы керек) үлкен бір елдің патшасы: «Қартайған әке-шешелеріңді өлтіріп, көздерін құртыңдар. Қартайған кәрі кісілерден ештеме күтуге болмайды. Қоғамға пайдасы жоқ», – деп бұйрық береді. Бәрі патшаның бұйрығын орындап, кезек бір жас жігітке келеді. Ол жігіттің кәрі әкесі бар еді. Сол әкесін жардан лақтырып, көзін құртайын деп жатқанда әкесі күледі. Күлуінің себебін сұрағанда былай дейді: «Кезінде мен де әкемді сен сияқты жардан құлатқан едім. Енді міне басыма келді».

         Әлгі жігіт өзінің басына осындай заман келерін біліп, әкесін патша нөкерлерінен жасырып, сандыққа салып бағады. Бір күні ол елге үлкен қуаңшылық келеді. Сол апаттан құтыла алмай елдің мазасы кетіп, патша үнсіз қалады. Сонда әлгі жігіттің әкесі оның жолын айтады. Бір топ сиырды айдап апарып олар тоқтаған жерден үлкен құдық қазуын бұйырады. Сонда ел қуаңшылықтан құтылады деген ақылын жайып салады. Соның бәрін жүзеге асырғанда ел расында да бәледен құтылады. Жігіт сонда бұл ақыл-кеңесті өзінің тығып асыраған әкесінің айтқанын білдіреді. Содан кейін патша қарияларды сыйлап, оларға өле-өлгенше қызмет етуін, сонда қандай ел болмасын қарт кісілердің ақыл-кеңесі арқылы түзелетінін жар салады.

Бір жігіттің әбден қартайған қарт әкесі бар екен. Ол тамағын ішкенде қолдары дірілдеп, алдына төгіп-шашып алатын көрінеді. Қайталана беретін болған соң әлгі жігіт әкесімен ақылдасып, үлкен кісіні (атасын) дастарқаннан аластатып, тамақты пештің қуысына апарып беретін болған. Алдына шағын итаяқ астау қойған да тамақты соған құя салады екен. Бір күні үй иесінің 10 жасар баласы қолындағы пышақпен әлдебір ағаш жонып жатады. Жігіт таңданып: «Балам, мына істеп жатқаның не?» — деп сұрайды.

— Бұл -итаяқ! дейді бала.

— Оны не істейсің?

— Әке, сіз қартайғанда ана қуысқа апарып тығамын да, осы итаяқпен тамақ беремін, — депті баласы. Сол кезде үй иесі өз ісінен қатты ұялып, әкесін пештің қуысынан шығарып, дастарқан басына қайта отырғызыпты.

Бұл әңгіме тағы бір нұсқасында келінге де байланысты айтылады. Келіні қартайған атасына итаяққа құйып тамақ беріп жүреді. Бір күні ұлы ағашты жонып бірдеңе жасап отырады. Сол кезде анасы: Балам, не жасап отырсың?-деп сұрапты.

Итаяқ жасап отырмын, сен қартайғанда тамақты осы ыдысқа құйып беретін боламын депті  баласы. Сол күннен бастап әлгі келін атасына жақсы қарапты деседі.

«Бірде сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) жолда кетіп бара жатып Әбу Ғассанда (р.а.) жолықтырады. Әбу Ғассанның соңынан бір кісі еріп келеді екен. Әбу Һұрайра арт жақта келе жатқан адамның кім екенін сұрайды. Әбу Ғассан ол кісінің өз әкесі екенін білдіргенде, Әбу Һұрайра оған дереу. – Бұл ісің жөн емес, Пайғамбарымыздың сүннетін ескермеген екенсің. Әкеңнің алдында жүру – ерсі қылық. Әкеңнің не артынан жүр, не оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына тарт. Тамаққа әкең алдымен қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап, оның көңліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып, сен отырушы болма. Әкең ұйықтамай жатып, сен жастыққа бас қойма! – деп асыл дінімізді ата-ананы құрметтеу шарттарын баян етті» (Әбу Һұрайра «Әкеңді сыйла»).

Қасиетті Құран Кәрімде ата-ананы сыйлау жайлы өсиет Лұқпан Хакімнің аузымен оның өз  ұлына айтылады:

-              «14. ...Маған және ата-анаңа шүкір ет (алғыс, ризалық білдір). Қайтуларың маған (Маған қайтасыңдар)»;

-              Маған серік қосушылардың қатарына қосылма, оларға бағынба (14 аят);

-              Намаздың барлық шарттарын сақтап, толық орындау (17 аят);

-              Басқа түскенге сабыр ету (17 аят);

-              «18.Адамдардан бетіңді (менменси) қисайтып бұрма әрі жер бетінде кердеңдеп жүрме. Ақиқатында, Аллаһ әрбір өркөкіректі әрі мақтаншақтықты жақсы көрмейді»; Тәпсір: Адамдармен қатынаста түзу бол, менменсіп, көрсету (көріну) үшін кердеңдеме. Аса ұлы Аллаһ өзіне сүйсініп мәз болушы мақтаншақты жек көреді. Ибн Касир.

-              «19.Әрі жүрісіңде орташа, бірқалыпты бол және дауысыңды бәсеңдет. Өйткені дауыстардың ең жағымсызы – есектің дауысы;» (Лұқман сүресі). Тәпсір: Жүріс тұрысыңда қарапайым, әдепті бол. А.Саъди.

© Азаттық радиосы

       «-Бақыт қайдан келесің?

       -Мақтанып көңілін өсірген,

       Білгішпен деп есірген,

       Есірік ұлдан келемін.

            -Бақыт қайдан келесің?

            -Сүйектен сөзін өткізген,

            Миына шашақ еккізген,

            Кесапат қыздан келемін.

       -Бақыт қайдан келесің?

       -Ата-анаға жақпаған,

       Өтірік, бәле жаттаған,

Келіннен қашып келемін» (Қабан (Қаблиса)  жырау Асанұлы «Бақыт қайдан келесің?). 

Ел аузынан бүгінгі күнге жеткен ежелгі әңгімелердің бірінде: Ертеде бір жас жігіт, еліндегі  дана қариядан «Ата мен ең бірінші құрметімді кімге білдіріп, кімді сыйлауға тиіспін? – деп сұрапты. Анаңды. – деп жауап беріпті қария ойланбастан. Екінші кімді? -  деп сұрапты саналы жігіт. Анаңды. – деп жауап беріпті, қария. Үшіншіге де Анаңды, – деген жауап алған жас жігіт, Ата енді төртіншісін айтшы? - дегенде барып әкеңді деп жауап қайтарыпты.

Күні бүгінге дейін,  шала қазақ емес, шын қазақтың баласы жеті атасының атын сайрап, дұғасын жолдап, аруағын тербетіп отырады. Себебі, ата – баба аруағын сыйлау, оған жүгіну – ежелгі салтымыз. Солардан қолдау тілеп жатамыз. «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген мақалды да жиі айтамыз. Олар Еуропалықтар сияқты ата – аналарын  картайған шағында, қарттар үйіне тапсырып, өзгеге жәутеңдеткен емес.

Бұл қасиет біздің бүкіл әлемге үлгі болған және бәрі мойындаған ең ұлы ұлттық ерекшелігіміз.       

Мәселен, БАҚ мәліметтерінің хабарлауынша бір тамырдан тараған ағайындас түрік елінде де (Европаға еліктеудің салдары), үйленіп, үй болған ұлдары әке-шешелерімен өте сирек қатысады, ағалы-інілер ілуде біреуі болмаса бір-бірін іздей қоймайды. Соңғы жылдары сиректе болса, бұл жағдай бізде де байқалып жүр. Қазақи облыс болып саналатын бір ғана Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы (2008 жылғы дерек бойынша)  қарттар үйіндегі 160 қарттың 65% қазақтар, 70% пайызының балалары бар. Одан 10-15 жыл бұрын мұндағы қазақтардың үлес салмағы 0,1-0,5% болған. Бұдан көрініп тұрғаны, бұрын қарттар үйіне қазақтың қариялары бірлі – екілі түссе, енді жылдан-жылға көбейіп келеді. Былтыр, яғни 2014 жылы Қазақстандағы қарттар үйінің саны 85-ке жеткені, ондағы қариялардың саны 7 000-нан асқаны жарияланды. Олардың 80 пайызының балалары бар көрінеді. Салыстыру үшін айтар болсақ, Маңғыстауда бір ғана қарттар үйі бар, онда 112 қария (басым көпшілігі өзге ұлттардың өкілі) тұрақтаған. Ал қалған 84 қарттар үйі мен ондағы 6888 қария өзге 13 облысқа тиесілі екен. Олардың басым көпшілігі Қазақстанның орысы көп солтүстік аймақтарға тиесілі көрінеді.  Бұрын базарлар мен вокзалдарда, аураханалар мен мешіттердің жанында қазақ қарияларының қайыр сұрап отырғанын көрмесек, бүгінде оларды жиі көретін болып жүрміз. Оның негізгі себептері, кейбір азаматтарымыздың маскүнемдікке, нашақорлыққа салынып азғындауы және «келіндеріміздің» Еуропаға еліктеп, қара бастарының қамын ойлауы болып табылады. Cоңғы кездері олардың іштерінде лауазымды қызметте  жасайтын «азамат» атанып жүргендер де кездесуде. Нағыз «азғындық»  деп осыны айтса болмас па?! Демек, бүгінгі өзге тілді қазақстан билігінің жастарға көрсетіп жүрген үлгі-тәрбиесінің сиқы осы.

       «Онша тар емес еді-ау пәтерің де,

       Осында тастап кеттің әкелдің де,

       Сынаптай сыртын берсе туған балаң,

Тірідей өлгені ғой әкенің де» деген «Қара шалдың» монологінде айтылғандай, «әкесін тірі өлтіргендердің» өздерінің де басына күні ертең «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген мақалдың кері келетінін естерінде ұстағаны жөн.

Тарих тағлымы: Егер кімде-кім ата-аналарын қарттар үйіне тапсырса, ол үйде  қазақ азаматы (қазақтың ұлы мен қызы) емес, ол үйде Адамзаттың атасы маймыл деген Дарвиннің сандырақ ілімін басшылыққа алып, маймыл болуға жақындап жүрген адам бар деген сөз. Қазақ мақалы: «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ».     

Атам Қазақтың Ата салтында  балаларына басқаның бәрімен ойнаса да атасының сақалымен ойнауға, адамды айналуға, адамның үстінен аттауға,  дастарханды басуға, дастарханды айналуға қатаң тыйым салынған. Кез-келген дастархан басынан келген ізіңмен қайта шығуға тиіссің. Себебі, дастарханның сөз түбірі Ас (Аз), бұл ең ұлы түпкі атаңның есімі, яғни бұлардың бәрі қазақтың Ұлы Жаратушы - Алладан кейінгі ең ұлы құрметті ұғымы Атаға байланысты. Қазақтың Ата салты бойынша Ата-Анаңның көзі тірісінде де, Ата-анаң ана дүниелік болғанда да оған деген құрметің мен сезімің ешқашан өзгермеуге тиіс. Егер де кімде-кім өз жүрегінде осындай сезімді сезіне алмаса, онда сенің Алланың қарғысына ұшырап маймыл мен шошқаға айналып бара жатқаның.

Қазақ та «айналатын» дүниелерде бар.  Олар: ай мен жер және жерде әйелі мен ері. Аспанда ай жерді айналса, жерде әйел ерін айналады. Қазақтың үлкендерінің өздерінен кішілерге айналайын дейтіндері тағы бар.

Жер – Ер азамат. Жердің сөз түбірі Ер болатыны осы. Себебі, Ұлы Жаратушы – Алла Адам Атаны осы жердің қара топырағынан алып жаратқан болатын. Ал, Азаматтың түбірі Аз. Бүгінгі күнге қазақ деген атпен жеткен ұлы елдің түп атасы  Әз әулие атамыздың есімі.

Ай (Әй) – Әйел. Аспандағы Ай жердің серігі, жерде әйел ердің серігі.

Осы жағдайларды саралай келе, егер біз осы дәстүрімізді жоғалтып алмасақ, шын мәнінде бүкіл жер бетінде қазақтың қарияларынан бақытты адамның жоқ екендігіне көзіміз толықтай жетеді. Әр азамат «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген ата – бабаларымыздан қалған даналық өсиетті әрдайым  естерінде ұстауға міндетті.

Демек, ата-анасын және жасы үлкенді сыйлай білмеген жанның, өзін қазақпын деп атауға да, жер басып, ел билігіне араласуға да ешқандай  құқығы жоқ.

Қазақтың әлемге әйгілі ұлы қағаны Шыңғысханның мына сөзі осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ.

«Данышпанды жылатқанды кебісін көрсетіп он сүйгіздім!

Анасын жылатқанды мойынына құрым кигіздім,

Отқа жақтым, күлін қарғаның ұясына салдым!» (Шыңғыс қаған).

Демек, қазақ деген қасиетті есімнен айрылып қалмау үшін Шыңғыс қаған атамыздың жолын Түсініктеме:  Сөз түсінетін ақыл-есі түзу жандарды бірден мойындататын жағдай, Шыңғысхан қағанаты ақшасының теңге деп аталуы және онда «Қазақ» және «Алаш» деген жазбалардың болуы.

Баршамызға белгілі бүкіл әлем елдерінің (қытай, арап, ағылшын, француз, парсы, моңғол, орыс т.т.) тілді елдердің (мемлекеттердің) бәрінің ұлттық валюталары (ақшалары) бар. Сол ақшалардың бәрі сол елдің тілдерінде жазылған, бәрінде сол елдің тарихына қатысты атаулары және онда сол мемлекеттердің аттары жазылған. Бұл бүткіл әлем елдеріне ортақ қағида. Біздің де ақшамыз күні бүгінде де сол Шыңғысхан заманындағыдай «теңге» деп аталады, жазбалары қазақ тілінде, дәл солардың ақшалары сияқты «қазақ (қазақстан)» деген жазбасы бар. Сенбегендерге қалталарыңдағы теңгелеріңді алып қарауға кеңес беремін.  

Шыңғысхан қағанатының мемлекеттік тілі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, рулық құрамы бәрі-бәрі бүгінгі қазақ мемлекетімен толықтай сәйкес келеді.                                                   

 Тарих тағлымы: Ата-бабаларымыз Ата-Аналары мен өзінен жасы үлкендерді сыйлай білмейтіндерді  азғын, немесе «шіріген жұмыртқа» деп атап, елден аластаған. Қазіргі таңда ондайларды, елден аластау қолымыздан келмегенімен, биліктен аластау қолымыздан әбден келеді.

Кез-келген елдің де (мемлекеттің де), кез-келген отбасының да ішкі адами қасиеті мен мәдениетін олардың ұрпақтарының болмысынан айқын аңғаруға болады. Дана елдің ұланы (ұлы мен қызы) өз отбасын да, елін де даналыққа жетелейді. Егер де, кез-келген жас азамат өзінен жасы үлкенді сыйлай білмесе,  мейірімсіз, қайырымсыз, айтатындары кілең лас (боқтық) сөздер болса, өзінен үлкендерге Ата, Аға, Әже, Апа демей, Шал, Алжыған шал, Кемпір, Әй кемпір дейтін болса,  олардың үйлерінде ата-аналарының мәдениеті тура сондай болғаны. Қысқасы, балаларымыз біздің үй-ішілік мәдениетіміздің айнасы. Біздің бала кезімізде қариялар (жасы үлкендер) ондайлардан «Кімнің баласысың?» деп сұрайтын. Біздің елде (Маңғыстауда) бұл қағида қазірде де қолданыста бар.

Бір өкініштісі бүгінгі таңда мемлекеттік тілде екі сөздің басын құрап дұрыс сөйлей алмау,  екі сөзінің бірін де жалған уәде беріп өтірік айту, өзгені менсінбеу, екі сөзінің біріне орыс ша, қазақ ша лас (балағат) сөздерді қосып сөйлеу, пара алу, үлкенді сыйламау орыс тілді билік өкілдерінің арасында өте көп кездеседі. Ал, бұл өз кезегін де мемлекеттік (ұлттық)  мәдениетіміздің айнасы.

Азғын – Аз (Әз), ын (ін), ғын (қын) деген біріккен сөздерден тұрады. Аз (Әз атаның ұрпағы, яғни ер адам), Қын – сөз түбірі ын (ін),  Ғын (Қын, қынап) әйел адам дегенді білдіреді. «Н» - баласы, ұрпағы деген мағына береді. Демек, бұл сөздің тікелей мағынасы екі сөйлемейтін, бір ауыз сөзге тоқтайтын, ары мен намысын қорғай білетін, бір сөзді ержүрек азаматтың ер адамға тән адами қасиетінің өзгеруі, яғни үнемі «анасы жібермей қалып, уәделі жерге келмей» екі сөйлейтін әйел адамға айналуы. Қазақ ұғымында екі сөйлеу (уәдені орындамау), тек қана әйел баласына тән делінеді.   

Ал, осы салтымызды мәдениет тұрғысынан сараласақ, бұл салтымыз көңілге  қонып, әрбір қазақ баласының  кеудесіне мақтаныш сезімін оятып, көңіліне қуаныш нұрын  себеді деп ойлаймын. Өркениетті аталып жүрген батыс елдерінің (ішінде көрші орыс елі де бар) бір қатарының салт-дәстүрлерімен танысқанымда, көбінің ер жеткен ұл-қыздары, тек қана қара бастарының қамын ойлап, картайған ата – аналарын  қарттар үйіне өткізеді де, өздері ешбір ұялып, қысылмай «дәл бір олар ауруханада жатқандай) немерелерін ертіп артынан барып тұрады. Олардың  қай қаласына барсаң да қаптаған қарттар үйін көресің. Оған дәлелді алыстан іздемей-ақ, өзімізден де табуға болады. Мысалы, қазақи облыс болып табылатын Маңғыстауда бір ғана  қарттар үйі болса, қазағы аз Солтүстік Қазақстан облысында  ондай үйлердің  жетеуі бар көрінеді. Үйдегілерінің де оңып тұрғаны шамалы, жалғыздықтан жанын қоятын жер таппай ит – мысық асырайды және олары өздерімен бірге  бір бөлмеде тұрып, бір дастарханнан ас ішеді.

«Солтүстік Қазақстан облысында жеті қарттар интернат-үйі бар, онда қазір 1700 адам тұрып жатыр». (Светлана Боярская. 30 қырқүйек 2012 жыл. http://bnews.kz/kk/news/post/103301/). Кейбір деректер осы облыста 13 қарттар үйі бар деп жазып жүр.

Қазақи елді мекендерде бәрі де басқаша, қазақтың қай үйіне барсаң да қариялардың немере, шөберелерінің арасында, қуаныш пен бақыттан бал – бұл жанған жүздерін көресің. Қазақ дастарханынан ит – мысық, таза қазақи қалалардан қарттар үйінде көрмейсің.

 Қазақ та балабақша, батыста қарттар үйі жетіспейді. Мәдениеттіліктің, ізгіліктің, адами қасиеттің ең биік шыңы осы емес пе?!  Демек, біздің Ұлы Аталарымыз да, күні бүгінгі біздер де әлемдегі ең ізгі және ең ұлы сайыстан бәйге алғандар болып табыламыз.  

 Сөзімнің соңында қазіргі Европаға еліктегіш жастарға мынадай кеңес берер едім. Күн сайын бір мезгіл өз жүректеріңнен сұрап отырыңдар, Ата-аналарыңа және жасы үлкендерге деген жүректеріңдегі мейірім деген сезімнің деңгейі қандай? Егер сендер өз Ата мен Аналарыңа құрмет пен мейірім деген сезімді сезіне алмасаңдар, онда сендерді Құдайдың атқаны. Онда сендер Ұлы Аталарымыздың «Ата-Анаң жынды болса, байлап бақ» деген мақалына сай бола алмағандарың. Сендердің Ата-Аналарыңды және өздеріңнен жасы үлкенді сыйлай алмағандарың, келешек те қазақ халқының ең үлкен қасіреті болмақ.

Тарих тағлымы: Өз Атаң мен Анаңды және барлық жасы үлкендерді сыйлай алмағаның, сенің Дарвиннің ілімін басшылыққа алып «маймылға» бала болуға жақындап жүргенің. Мұның соңы құрдым. Яғни, ұлы Аталарымыздың ескертіп кеткен «Атамзаманының» ақыры «Ақырзаманымыз» сол болмақ. Ұлы Жаратушы — Алла бәріңе сана (ақыл мен білім) беріп шариғат, тарихат және ақиқат деген сатылардан өтіп, мағрипатқа жетуге жазғай.

«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» (Қазақ мақалы).

 

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Маңғыстау

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379