Дархан Әбдік, журналист: Билік қазақ журналистерінен қорықпайды
- «Астана» телеарнасындағы «Бас тақырып» және «Тема дня» бағдарламасын жүргізіп келесіз. Бірақ соңғы кезде көрінбей жүрсіз.
- Бағдарламаны жауып тастады.
- Қалайша?..
- Оны білмедім. Ешкім мардымды түсініктеме берген жоқ. Неге екенін ішім сезеді. Бірақ нақты жауабын білмеген соң, дөп басып бірдеңе айту қиын.
- Бағдарламаңызға келмей, ат-тонын ала қашқан министрлер, өзге де лауазымды қызметтегі тұлғалар болды ма?
- Болды, әрине. Әсіресе, атқарушы биліктің адамдары, Парламент депутаттары да хабарға келуге қашқақтайтын. Келсе де, «сұрақтарымызды алдын ала келісіп алайық» дейтіндері көп еді. Жалпы, билікте жүргендердің арасынан келіп, шындықты айта алатындар аз, өкінішке қарай. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Пенделік. Қызмет... Мүмкін, шын мәнінде «басы» кететін шығар. Қуғын-сүргінге ұшырайтын болар. Оны нақты айта алмаймын. Турасына көшсек, бізде бағдарламаға қатысып, ашық пікірін білдіріп, сын айта алатын азаматтар өте сирек.
- Ал бағдарлама аяқталған соң, қойылған сұрақтарға ренішін танытып, уәж айтқан азаматтар кездесті ме?
- Талай «қонақтың» ренжігенін көрдік қой.
- Өзіңіздің батылыңыз бармай, көңіліңізде іркіп қалған сұрақтар болды ма?
- «Астана» телеарнасындағы «Бас тақырып» және «Тема дня» бағдарламасын жүргізіп келесіз. Бірақ соңғы кезде көрінбей жүрсіз.
- Бағдарламаны жауып тастады.
- Қалайша?..
- Оны білмедім. Ешкім мардымды түсініктеме берген жоқ. Неге екенін ішім сезеді. Бірақ нақты жауабын білмеген соң, дөп басып бірдеңе айту қиын.
- Бағдарламаңызға келмей, ат-тонын ала қашқан министрлер, өзге де лауазымды қызметтегі тұлғалар болды ма?
- Болды, әрине. Әсіресе, атқарушы биліктің адамдары, Парламент депутаттары да хабарға келуге қашқақтайтын. Келсе де, «сұрақтарымызды алдын ала келісіп алайық» дейтіндері көп еді. Жалпы, билікте жүргендердің арасынан келіп, шындықты айта алатындар аз, өкінішке қарай. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Пенделік. Қызмет... Мүмкін, шын мәнінде «басы» кететін шығар. Қуғын-сүргінге ұшырайтын болар. Оны нақты айта алмаймын. Турасына көшсек, бізде бағдарламаға қатысып, ашық пікірін білдіріп, сын айта алатын азаматтар өте сирек.
- Ал бағдарлама аяқталған соң, қойылған сұрақтарға ренішін танытып, уәж айтқан азаматтар кездесті ме?
- Талай «қонақтың» ренжігенін көрдік қой.
- Өзіңіздің батылыңыз бармай, көңіліңізде іркіп қалған сұрақтар болды ма?
- Әрине, ондай да болады. Өйткені біздің қалыптасқан ортамыз солай. Бәрі салыстырмалы түрде. Көкейдегі көп нәрсені айта алған жоқпыз. Менің де қоя алмаған сұрақтарым жетеді. Бір жағынан, ондай кезде өзіңнің жалғыз емес, үлкен командамен бірге жұмыс жасайтыныңды түсінесің. Олардың жауапкершілігі сенің мойныңда. Өзің қорықпағанмен, жаныңдағы адамдардың тағдырын ойлайсың. Кейде талай дүние айтылмай, талай мәселе көтерілмей, сырт қалып жатты.
- Бағдарламаңыз эфирде 1 жылдай жүрді ғой...
- 1 жыл 1 ай шамасы.
- Осы уақыт аралығында «Тема дня» және «Бас тақырыптың» рейтингін бақылай алдыңыз ба?
- Рейтинг бақылау менің шаруам емес. Бағдарламаны жұрттың көргенін білемін. Ал «рейтингі бар ма, жоқ па» ол жағынан хабарым шамалы. Оның үстіне біздің қоғамда шын рейтингті анықтайтын мониторинг жүргізіле ме, жоқ па, ол да күмәнді. Бір білерім, әр бағдарламаның өз көрермені бар. Бастысы, сол көрерменнің ойынан шығу. Өйткені кейде мың адамның пікірінен өзің сыйлайтын бір адамның пікірі артық болады.
- Өткір сұрақтарыңыз үшін өкінген сәттеріңіз бар ма?
- Жоқ. Менің ұстанатын принципім бар. Ағылшындар айтады екен: «ақымақ сұрақ болмайды, тек ақылсыз жауап болады». Сондықтан сұрағы қате-дұрыс болса да, сұрау, білу - журналистің қоғам алдындағы парызы. Бұл жерде мәселе сұрақта емес, жауапта.
- Бағдарламаңыздың бірі қазақша, бірі орысша шықты. Екі тілде қатар жүргізу қиынға түскен болар...
- Әрине, қиындығы болды. Менің орысшам керемет емес. Қазақша жазуға, қазақша оқуға, қазақша ойлауға үйренгенмін. Бірақ Қазақстанда өмір сүргеннен кейін орыс тілін білмеу мүмкін емес. Ал орысша жазуға, орыс журналистикасына араласуға батылым бармайды. Өйткені өзімді қазақтілді журналиспін деп санаймын. Қазақтілді қоғамда орысша сөйлеген емес, көтерген мәселең маңызды.
- Қазақша бағдарламалардың көрермені аз дегенге келісесіз бе?
- Оған көбі журналистерді кінәлап, сынап жатады. Алайда қазақтілді журналистерге Үкімет, билік ойын ашық айтуға мұрсат берсе, қазақша бағдарламалардың көрермені көп болар еді. Барлық журналистер қыспақта. Бірақ қазақтілді журналистер орыстілділерге қарағанда қыспаққа екі есе көп түседі. Оған қоса, қазақ журналистерінің әлеуметтік мәселесі шешілмеген. Үйсіз-күйсіз, пәтер жалдап тұрады. Ал пәтер жалдап жүрген адамға жұмыстан шығып қалу, өлгенмен бірдей. Тәуелсіз бола алмайтынымыздың себебі де сол. Егер бізге сөз бостандығын, ой еркіндігін берсе, қазақ журналистикасының сапасы ешкімнен кем түспесі анық.
- Сонда бүгінгі қазақ журналистерінің бағын байлаған осындай себептер ме?
- Иә, еркіндік. Сөз бостандығы, ой бостандығы! Егер айтылған шарттар орындалса, журналистика өзінен-өзі дами береді. Сондықтан журналистерді сынаудан бұрын, ең алдымен осы саланың «кухнясын» зерттеуге кеңес берер едім. Кез келген ТВ, басылым тілшісі әр сюжетті, әр мақаланы шығару үшін қалай күресетінін ешкім білмейді. Әр сөзінің қысқартылмауын, ойының орынды шығу үшін қалай жанталасып, қалай еңбектенетінінен де бейхабар. Тіпті кейде қазақтілді журналистер таяқ жейтінін біле тұрып, жанпидалыққа барып, көп дүниелерді айтып қалады. Ендеше, журналистика тек қана кәсіп емес, парыз. Себебі әрқайсымыздың (журналистердің - ред.) оқырман, көрермен алдындағы өз парызымыз бар.
- Алдағы уақытта жаңа бағдарлама ашу жоспарыңызда бар ма?
- Журналистикаға мойынсынғаннан кейін осы салада бірдеңе бітіргім келеді. Бағдарламаны жалғыз мен ашпаймын ғой. Арнаның келісімі керек. Егер менің ойлағанымдай болмаса, дұрыс пәтуаға келе алмасақ, онда не үшін жасаймын?! Өзгелердей қатарда жүріп, құр ақша табу үшін бағдарламаның шашбауын көтергім келмейді. Жақсы-жаман болсын, азғантай абыройым бар. Ал біреу үшін ол абыройдан айырылып қайтемін?!
- Қазіргі қазақ қоғамында құнсызға айналған не нәрсе?
- Көп қой. Азаматтардың құқы. Сөз бостандығы...
- Ал қазақтың тілі ше?
- Тіл мәселесі биліктің еркіне байланысты. Егер қазақ тілін мемлекеттік деңгейге көтеруге билік ықпал етсе, бұл мәселені оп-оңай шешуге болады. Қолдан қиындатып отырған өзіміз.
- Теледидарда көршілес елдерден көшірілген «калька» хабарлар қаптап кетті. Ұлттық мүддеге үндейтін төл бағдарламалар неге аз?
- Арнайы ұлттық мүддені көтеру үшін бағдарлама жасау мүмкін емес. Ондай болмайды да. Калька деген - калька. Бүкіл әлемде телевидениенің өзіндік қалыптасқан заңдылықтары бар. Балаларға, спортқа арналған бағдарламалар керек. Олардың көбі калькадан көшіріледі. Мәселе оны сапалы жасай білуде. Отырып алып, ұлттық мүддені көтерейік деп зарлай бергеннен түк шықпайды. Қазір қазақ тілін дамыту керек деп шулайды. Бізге тілді дамытудың керегі жоқ. Ол әбден дамыған, кемеліне жеткен тіл. Тек оның қолданыс аясын кеңейту керек. Содан соң, тағы бір мәселе бар. Ұлт - этникалық ұғым емес. Ұлт дегеніміз - мәдени орта. Қазақ тілі арқылы қазақтың мәдениетін қабылдаған адам әрқашан «қазақ» болып қалады. Мәселен, мен үшін Е.Брусиловский - қазақ. Әлемнің қай еліне барсақ та, мақтанышпен осы Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын көрсетеміз. Ал қазақтың өнерінен басқа ол кімге еңбек сіңірді? Айтыңызшы, орыс ұлты үшін не істеді?! Ештеңе. Ал Олжас Сүлейменовті тегі қазақ болғанымен, орыс ақыны деп санаймын. Себебі орыс әдебиетінің өкілі. Меніңше, ұлт деген ұғымды осылай қабылдау керек.
Шынын айтқанда, телевидение тек ақпарат таратушы емес, оның ағартушылық функциясы да бар. Біз әлі күнге әлемдегі оқиғаларға қазақтың көзімен қарауды үйренген жоқпыз. Шетелдерде қазақ тілшілерін «ұстамаймыз». Мысалы, іргеміздегі Қырғызстандағы оқиғаларды Ресейдің ақпарат құралдарынан аударып беріп отырмыз. Бізде ұлттық пайым жоқ. Ал ұлттық пайым болмаған жерде ұлттық саясат қалыптастыру мүмкін емес.
- Қазақтілді журналистер тереңнен толғап, ұлтқа қатысты үлкен мәселелерді көтеріп келеді. Бірақ үні әлсіз, сөзі өтімді емес. Бұл неге байланысты?
- Еркіндікке байланысты. Қорықпағанын ешкім сыйламайды. Әлемде солай қалыптасқан. Біздің билік қазақ журналистерінен қорықпайды. Қорықпаған соң, сыйламайды. «Ананы олай, мынаны былай жаз» деп тапсырма береді. Бары сол. Ал журналистиканың тапсырмамен дамуы мүмкін емес.
- Соңғы сұрақ, теледидардан көрінген журналистер әп-сәтте «жұлдыз» болып шыға келеді. Неге?
- Оны білмедім. Өзім «жұлдыз» ауруынан аулақпын.
- Әңгімеңізге рахмет.
Әңгілемескен Құралай Рахымбай
Сұхбат «Нұр Астана» газетінде (№19, 20.05.2010) жарияланған