АЛМАТЫДА ЖАҢА ӘКІМ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІН АШТЫ
Алматының Наурызбай ауданында химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі есігін айқара ашты. Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына қаланың жаңа әкімі Бауыржан Байбек қатысты, деп хабарлайды ВNews.kz. Бұл - көлемі жағынан еліміз бойынша ең үлкен мектеп.
Мектеп ғимараты 960 орынға шақталған. Білім ошағының 9 блогында 70 оқу сыныбы мен заманауи жабдықпен жарақтандырылған 25 зертхана бар. Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушыларға конкурстық іріктеуден өткен еліміздің 140-тан астам үздік оқытушысы сабақ береді.
«Жаңа мектепте барлық жағдай жасалған. Сіздерге тілерім, сабақтарыңды жақсы оқып, ештеңеден қорықпаңдар. Адамның қолынан келмейтін іс жоқ, ең бастысы шын ниетпен қалау керек. Білім алған жақсы, алайда тәрбиесіз берілген білімнің берер пайдасы жоқ. Бір жағынан, сіздер бір-біріңмен бәсекелессіңдер, екінші жағынан – доссыздар», - дейді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.
Бұл білім ордасының өзге Зияткерлік мектептерден айырмашылығы, мұнда түрлі бағыттағы техникалық үйірмелер жұмыс істейтін зертхана-технотория бар. Қалқаман-2 шағын ауданының оқушылары осы үйірмелерге қатысып, білімін шыңдай алды.
Абай-ақпарат