АБАЙДЫҢ ҰРПАҚТАРЫ
Абай 1860 жылы 15 жасында әкесінің құдаласуымен Ділдәға (1843-1924) қосылады. Ділдә Жүсіпқызының төркіні Әйбике-Шаншар елінің ақсүйегі Алшынбай Тіленшіұлының ұрпағы. Әкесі Ақшоқыдан жер бөліп беріп, онда Абай сегіз бөлмелі қыстау салдырады. Ділдәдан Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан туған. Екінші әйелі Әйгерім. (шын есімі – Шүкіман) Әнін естіп, ұнатып алған. (1856-1919) Абай Әйгерімге 1875 жылы үйленген. Әйгерімнен Турағұл, Мекайіл, Ізкәйіл, Кенже туған. Абайдың он баласы болған. Тұңғыш баласы
Ақылбай Абайұлы (1861-1904) - Ділдәдан туған Абайдың тұңғыш баласы. Ол Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның қолында өседі. Он жасқа толған кезінде Ақылбайды Ғабитхан деген татар молдаға оқуға береді, онда 4-5 жыл оқу оқиды.
Ақылбай талантты домбырашы болады, ән айтуды, өлең шығаруды машық етеді. Ол жастық, махаббат тақырыбына көптеген өлеңдер жазған.
Ақылбай 1895 жылғы Әбдірахман өліміне жазған, кейін 1904 жылы інісі Мағауияның қайтыс болуына шығарған жоқтауы да сақталған.
Ақылбайды талантты ақын етіп танытқан оның белгілі поэмалары: «Зұлыс» «Дағыстан» («Қисса-Жүсіп»), «Жаррах батыр».
Бұл шығармалардың ішінен бізге толық жеткені тек «Дағыстан» ғана, «Зұлыс» поэмасынның басы сақталса, «Жаррах батыр» түгелдей жоғалып кеткен.
Ақылбай 1904 жылы Семей қаласында қайтыс болады, оның бейіті бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, өз қыстауы – Тышқан бұлағының басында.
Күлбадан Абайқызы (1862-1932) – Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған қызы. Оны Абай жас кезінде Семей орыс мектебінде оқытқан. Күлбадан Дүтбай Уандықұлының інісі Дүйсекеге тұрмысқа шыққан. Дүйсеке өлген соң Күлбадан әмеңгерлік жолмен Дүтбай алған. Дүтбайдан – Мүкен, Мұхтар, Муштар, Мәкен, Қадиша деген балалар тараған. 1932 жылы қайтыс болған.
Әкімбай (Хәкімбай) Абайұлы (1866-73) – Абайдың Ділдәдан туған баласы. 1873 жылы 7 жасында қайтыс болған.
Әбдірахман (Әбіш) Өскенбаев (1869-1895) – Абайдың Ділдәдан туған баласы. Абай Әбдірахманды Семей қаласындағы уездік мектепке (1882) береді. Әбдірахман 1886-1889 жылы Тумен қаласындағы Александр реалдық училищенің 5,6,7-кластарын оқып бітіреді.1889-1892 жылдары С. - Петербургте Михайлов артиллерия училищесінде 3 жыл оқып білім алады. Училищеге әуелі қатардағы юнкер дәрежесіндегі түскен Әбдірахманға 1890 жылы унтер-офицер, 1892 жылы портупей-юнкер, сол жылы тамызда подпоручик деген әскери атақ беріледі. Ол училищені өте жақсы бағамен бітірген. Әбдірахман 1892 жылы Ташкенттегі бекініс гарнизонының артиллериясына қызметке жіберіледі. 1892 жылы елге демалысқа келгенде Мағрипаға үйленеді. Мағыштан Рахила деген қыз туады. Абайдың зор үміт артқан баласы 1895 жылы 15 қарашада Ташкентте қайтыс болады да, сүйегі елге әкелініп, Ақшоқыға жерленеді.
Мағауия Абайұлы (1870-1904) – Абайдың Ділдәдан туған кенже ұлы. Ол тоғыз жасынан бастап, төрт жылдай Мұхамедкәрім деген татар молдасынан хат таниды. Мұнан кейін Мағауияны Абай Семей қаласындағы орыс мектебіне оқуға береді. Мағауия орыс мектебінде екі жарым жылдай оқып, науқасқа шалдыққан соң, дәрігердің кеңесі бойынша оқуын тоқтатып, ауылға қайтады.
1885 жылдан бастап Мағауия әкесінің тәрбиесінде болады. Ол үнемі Абайдың өсиет, насихатын зер салып тыңдап, өз бетімен оқып, білімін көтереді. Орыс ғалымдары мен көрнекті жазушыларының еңбектерімен танысып, көп білім алады.
Мағауия 15 жасынан бастап жастық, махаббат жайынан лирикалы өлеңдер жазады. Ағасы Әбдірахманның сырқаты мен өліміне арналған толғау жырларымен «Еңлік-Кебек», «Абылай», «Медғат-Қасым» поэмаларын жазған.
Мағауия 1904 жылы 12 мамырда қайтыс болады. Зираты Ақшоқы қыстауында.
Райхан Абайқызы (1871-1896) – Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған қызы. Найман еліндегі Серікбай байдың ұлы Құдайбергенге тұрмысқа шыққан. 1896 жылы қайтыс болған.
Турағұл (Тұраш) Абайұлы (1876-1934) – Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған баласы. Ол жас шағынан әкесі Абайдың қолында болып, тәлім-тәрбиесін көп көріп өседі. Турағұл бала жасынан зерек, ұғымтал, зерделі болған. Ол Абайдың ең сүйікті баласының бірі және ұлы ұстаз ақынның әдебиеттегі дәстүрін берік ұстанған саналы, мәдениетті шәкірті болған.
Турағұлдың жастық, махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінен сақталып, бізге жеткені екі-үш өлеңі. Ағасы Әбдірахман науқастанып жатқанда 1895 жылы жазған екі өлеңі бар.
Турағұл 1904-1909 жылдары немере ағасы Кәкітай Ысқақұлымен бірге Абайдың әдеби мұрасын жедел жинап, баспаға әзірлеп, Абай өлеңдерінің алғашқы жинағын 1909 жылы Санкт-Петербургта шығартты. Ол 1917-20 жылдары Семейдегі Алаш қозғалысына белсене араласып, әртүрлі жауапты қызметтер атқарды. Турағұл Семей облыстық комитетінің мүшесі болған. 1922 жылы ол тұтқынға түсіп, төрт айдай түрмеде отырып шықты. Содан кейін Ақшоқыға барып аударма жұмысымен айналысады. М.Горькийдің «Челкаш» атты әңгімесін қазақ тілінде аударады. Аудармасы 1925 жылы «Таң» журналында жарияланған. А.Неверовтің «Я хочу жить» деген шығармасын аударып бастырған. Өмірінің соңғы жылдарында жазған ең басты еңбегі Абай туралы естелігі еді.
1927-1928 жылдары Турағұл тағы да тұтқынға алынады. Түрмеден шыққан соң конфискеленіп, Шымкентке жер аударылады. Сол жақта 1934 жылы 6 наурыз күні қызы Мәкеннің қолында 59 жасында қайтыс болады. Сүйегі Шымкенттегі қорғасын заводының астында қалды.
Мекайыл (Мекеш) Абайұлы(1884-1931) – Абайдың Әйгерімнен туған баласы. Арабша, орысша сауатты болған. Абай өлеңдерін түгелдей жатқа білген. Домбыра тартып ән салып, әкесі жайлы білгендерін ел ішінде әңгіме етіп, халыққа таратқан. Ағасы Турағұл ауылымен бірге Ақшоқы маңайын, Тышқан деген жерді мекендеген. 1931 жылы бай баласы ретінде ұсталған. Оның Құзайыр, Әлішер деген балалары Ұлы Отан соғысына қатысып қаза тапты.
Ізкәйіл (Зікеш) (1895-1929) – Абайдың Әйгерімнен туған баласы. Домбыра мен скрипка тартып, ән салған өнері болған. Арапша оқып, білім алған. 1917 жылы Ойқұдықта тұңғыш рет қойылған М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасында Абыздың ролін ойнады.
Кенже Абайқызы (1901-1932) – Абайдың Әйгерімнен туған кенже қызы. Алтыбақан, ойын-сауық кештерінде Абай әндерін орындап, оны халық арасына таратуға көп үлес қосқан. Кенже 1914 жылы Мұсабайдың інісі Әубәкірге ұзатылады. Әубәкір қайтыс болғанан кейін, Ғабитхан молданың шөбересі – Сіләмғазыға тұрмысқа шығады. Кейін тұрмыстары нашарлап, 1932 жылы Турағұлдың қолына көшіп келіп, сонда қайтыс болады.
Абай балаларынан тараған ұрпақтары:
Ақылбай балалары:
Әлімқұл Ақылбайұлы (1879-1914) – Абайдың немересі. Әлімқұлдан Шәбеп, Бағфур, Зәбила, Қауаш туады. Әлімқұлдың балалары атасының дүние-мүліктері мен фотосуреттерін Абай мұражайына тапсырған.
Әубәкір Ақылбайұлы (1881-1934) – ақын, әнші-композитор. Абайдың немересі, әрі шәкірті. Абайдың інісі Оспанның қолында тәрбиеленген.
Немересінің ақындыққа бой ұрғанын байқаған Абай Әубәкірді ерекше жақсы көріп, бағыт-бағдар, ақыл кеңесін беріп отырған. Абайдың тапсырмасымен әзіл, мысқыл, әжуа, сықақ өлең шығарып, 19 ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі сатираға өзіндік үлес қосқан. Оның сықақ өлеңдерінде Абай ізі, Абай үлгісі сайрап жатыр. Әубәкір сатиралық өлеңдерімен бірге тарихи шығармаларға бет бұрып, «Мамай батыр», «Әнет баба», «Шыңғыстау» т.б. дастандар жазған.
1928-1929 жылдары конфискация кезінде Әубәкір қудалауға ұшырап, түрмеге қамалады. Шымкент жаққа жер аударылады. Сол жақта 1934 жылы қайтыс болады.
Сағадат Ақылбайқызы (1884-1908 ) – Абайдың немересі. Жастай 1908 жылы қайтыс болған.
Бәкизат Ақылбайқызы (1885-1924) – Абайдың немересі. Ақынның баласы Ақылбайдың қызы. Ағасы Әубәкір екеуі Оспанның бауырында, Еркежанның қолында тәрбиеленген. Оспан өлген соң, Абай Еркежанға үйленеді де, Бәкизат Абайдың да тәрбиесін алады. Бәкизат 1902 жылы Шаған болысының адамы Сыпатай Молдабайұлына ұзатылған. Өзіне жасау ретінде берілген Абай үйінің, Ұлжан, Еркежанның біраз дүние-мүлкі қызы Бәзилаға мұраға қалып, оларды 1948 жылы Абайдың Жидебайдағы музей-үйіне табыс еткен.
Исрайыл Ақылбайұлы (1895-1959 ) – Абайдың немересі, педагог, күйші. Ол домбырада ойнап, ән салған. Талай рет көркемөнерпаздар байқауының жүлдегері атанған. Исрайыл Жидебайдағы Абай музейінде қызмет істеп, онда домбыра оркестрін құрып, көптеген шәкірттер тәрбиелеген. Ол бізге Абайдың «Май түні» деген күйін жеткізді. 1940 жылы «Жаңа ауыл» газетінде «Абай және ән-күй» деген мақаласы жарияланды. Исрайылдың фотосуреттері, грамоталары музей қорында сақталған.
Рухия Ақылбайқызы (1897-1920) – Абайдың немересі. Жастай 1920 жылы қайтыс болған.
Әлімқұл балалары:
Шәбеп Әлімқұлұлы (1903-1959) – Абайдың шөбересі, Ақылбайдың немересі. Шыңғыс болысының 10-аулында соттың көмекші хатшысы, Абайдың Жидебайдағы мұражайының меңгерушісі болып қызмет атқарған.
Зәбилә Әлімқұлқызы (1907-1984) – Абайдың Ақылбайдан өрбіткен шөбересі. Абай ұрпақтары қудалауға ұшыраған жылдары ағасы Бағфур екеуі Алматы облысының Жамбыл ауданының К.Мыңбаев селосына қоныс аударған Зәбила сонда қайтыс болады.
Қауаш Әлімқұлқызы (1910-1988) – Абайдың шөбересі, Ақылбайдың Әлімқұлының қызы. Ертекші Баймағамбеттің баласы Салықтың Мұқлесіне тұрмысқа шыққан. Ол Абайдың, Ақылбайдың, Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа білген. Қауаш апаның балалары Эдуард (1936-2007), Теля 1943, Роза 1947, Ләйлә 1950 жылы туған Астана қаласындав тұрады.
Бағфур Әлімқұлұлы (1910-1981) – Абайдың шөбересі
Әубәкірден туған балалар:
Әлихан Әубәкірұлы (1918 - ө.ж.б.) Абайдың шөбересі. Отан соғысына қатысып, хабарсыз кеткен.
Қапсәләм Әубәкірұлы (1918-1943) – Абайдың шөбересі. Ұлы Отан соғысында 1943 жылы қайтыс болған.
Исрайыл балалары:
Исрайылдың кіндігінен тараған 6 бала болған
Оның Күләш, Майра деген 2 қызы, Сарыжан деген ұлы кішкентай кезінде шетінеп кеткен. (Күлзипа, Нәзипа, Кәсира қыздары қалған)
Нәзипа Исрайылқызы (1922-1996) – Абайдың шөбересі, Ақылбайдың немересі Нәзипа Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында тұрған. Жоғары білімді ұстаз. Абай және оның айналасындағылар, ақынның туған-туыстары жөнінде әке-шешесінен естігендерін жазып Абай мұражайының қорына тапсырған.
Күлзипа Исрайылқызы (1925 – 2014)
- Абайдың шөбересі. педагог, ақын. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласында тұрады. Оның өлеңдері Абай мұражайында сақталған. 2014 жылы 6 шілдеде қайтыс болды. Күлзипа апамыздың сүйегі Зайсанда жерленді.
Кәсира Исрайылқызы 1944 жылы туған.
Исрайылдың кенже қызы Кәсирада апалары сияқты балалық бұла шағын Абайдың қыстауы – Жидебайда өткізген. Он жылдықты Қарауылдан тәмамдап, арман қуып, Алматы қыздар педагогикалық институтына қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Институтты ойдағыдай бітірген Кәсира геолог Аманжол есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Қазір апамыз құрметті демалыста. Алматыда тұрады.
Бағфурдың балалары:
Эрнест Бағфурұлы Ақылбаев (1935-1983) – Абайдың шөбересі Абайдың баласы Ақылбайдан Әлімқұл, Әлімқұлдан Бағфұр, Бағфурдан Эрнест туған. Алматыда тұрған.
Бауэр Бағфурұлы Ақылбаев (1937-1979) жылы ғана белгілі.
Айдар Бағфурұлы 1949 жылы туған. Абайдың шөбересі. Абайдың баласы Ақылбайдан – Әлімқұл, Әлімқұлдан – Бағфур, Бағыфурдан Айдар туған.
Алматыда Политехникалық институтты бітірген соң, Айдар жолдамамен Ақтауға қызметке барады. Сол жақта жары Светлананы (ұлты қазақ ) кездестіріп шаңырақ көтереді, жалғыз ұлы Данияр 1971 жылы дүниеге келген. Алматыда тұрады.
Эрнестің баласы:
Айдос Ақылбаев – 1967 жылы туған. Абайдың шөпшегі. Айдос бірінші некеден (Тамара) бір қызы бар. Қазір Алматыда тұрады. Қазіргі жұбайы қазақ. Ұрпақ жоқ.
Айдардың баласы:
Айдардың баласы Данияр Ақылбаев 1971 жылы туған. Абайдың шөпшегі бесінші ұрпағы.
Данияр мұхиттану ғылымы қазақ үшін сирек кәсіп десек, осы мамандықты таңдаған. Ленинград гидрометерологиялық институты мұхиттану факультетін, мухиттану мамандығы бойынша тәмәдайды. Жоғары оқу орынын жақсы аяқтаған ақын ұрпағына әрі қарай білімін аспирантурада жалғастыру жайлы ұсыныс та түседі. 1996 жылдары Даниярдың ақылы аспирантурада оқуын жалғастыруға қаржылық мүмкіндігі болмай, өзімен бірге оқитын Наталия атты орыс қызымен қол ұстасып елге қайтады. Қазір Даниярдың Дана, Кәмила, Меруерт деген балалары бар. Алматыда тұрады
Әбдірахманның балалары:
Рахила Әбдірахманқызы (1894-1924) – Абайдың немересі. Бәстами Мұсабайұлына тұрмысқа шыққан. Әке-шешесі қайтыс болған кезде ол әжесі Ділдә мен Мағауияның бәйбішесі Дәмөгейдің тәрбиесінде өседі. Тұрмысқа шыққан ол ақын атасының өлеңдері жазылған қолжазба дәптерді өзімен бірге ала кеткен. Рахила Абай әндерін ел арасына таратуға елеулі үлес қосты.
Мағауияның балалары:
Уәсила Мағауияқызы (1890-1954) – Абайдың өз қолында өскен немересі. Уәсиладан Шаймардан туған. Уәсила жастайынан алғыр болып, Абай өлеңдерін бір естігеннен кейін қайталауды қажет етпей жатқа айтқан. Абай Уәсиланың осы қасиетін қатты ұнатып, қолжазбаларының бірін сыйлаған. Ол қолжазба кейіннен М.Әуезовке табыс етілген. Уәсила аздап өлең шығарған, он саусағынан өнер тамған ісмер болған. Оның Абай туралы жоқтау жыры «Боздағым» (1990) атты жинаққа енгізілді. Ол Алматыдағы опера және балет театрында ұзақ жылдар бойы тігінші болып, Абай қойылымдарының ұлттық киім үлгілерін тігіп, театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Абайдың мінез машықтары туралы Уәсиланың естеліктері мұражай қорында сақтаулы.
Құтайба Мағауияұлы (1895-1919) – Абайдың немересі. Ақшоқыдағы зиратқа жерленген.
Жағыпар Мағауияұлы (1898-1934) – Абайдың немересі. Мағауияның Дәмөгей деген бәйбішесінен туған. Ол Ғабитқан молданың ізбасары Махмұт молдадан сауат ашып, білім алады. Семейде мұғалімдер даярлайтын курсты бітіріп, мектеп-интернат ашып, қазақ балаларын оқытты. Жағыпар 1930 жылы өз отбасын Шемонаихаға, Уба-Форпостқа көшіріп әкетеді. Сонда жаңадан мектеп-интернат ашып, оның директоры болды. Жағыпар 1934 жылы қайтыс болды. 1974 жылы Жағыппардың сүйегі Уба-Форпосттан алынып, Ақшоқыға жерленген.
Кәмила Мағауияқызы (1900-1932) – Абайдың немересі Кәмила молдадан ескіше сауат ашқан. Шыныбай дегенге тұрмысқа шығып, көп кешікпей ажырасады. Ағасы Жағыпар Мағауияұлының қолында тұрған кезінде М.Әуезовке тұрмысқа шығады. М.Әуезовтен Зере, Мағрипа деген балалары болған, бірақ жастайынан қайтыс болған. Конфискелеу зұлматы кезінде ерлі-зайыптылар ажырасуға мәжбүр болады. Кәмила Убо-Форпост деген жерде ағасы Жағыпардың қолында қайтыс болған. Сүйегі Шульба СЭС-інің астында қалатын болғандықтан 1974 жылы қазып алынып, Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің зиратына қойылды.
Құтайбаның баласы:
Берекехан Құтайбаұлы (1919-1942) – Абайдың шөбересі, Мағауияның немересі, Семейде 7-класты орысша оқып бітірген.
Шығыс Қазақстан облысы Новошульба ауданында Уба-Форпост ауылдық кеңесінен әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Жағыпар балалары:
Рәпила Жағыпарқызы (1919-1938) – Абайдың шөбересі, Мағауияның немересі. 1936 жылы Алматыдағы педагогикалық училищені бітірген.
Ишағы Жағыпарқызы (1922-2014) – Абайдың шөбересі. Мағауияның Жағыпарынан туған. Әкесі қайтыс болған соң (1934), Семей қаласындағы мектеп-интернатта тәрбие алады. Ұлы Отан соғысы жылдарында авиация технигі болып Харбин маңында майданға қатысты. Ишағының Абай әулеті жайындағы естелік әңгімелері Абай музейінде сақтаулы.
Жошыхан Жағыпарұлы Мағауин (1924-1943) – Абайдың шөбересі. Абайдың баласы Мағауияның немересі. Жошыхан 1934 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін апасы Ишағы, қарындасы Ғазел үшеуі Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Ол осындағы №12 мектеп-итернатты бітіріп, 1942 жылы майданға кеткен. 1943 жылдың тамыз айында Харьковті азат ету үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапты. Оның майданнан жазған хаттары Абай музейінде сақтаулы.
Ғазел Жағыпарқызы (1927-2011) – Абайдың шөбересі. Мағауияның баласы Жағыпардан туған. Семей, Шымкент, Арыс, Алматы қалаларында мектеп-интернатта оқыған. Кино саласына мамандар даярлайтын училищені бітіргеннен кейін Қазақ мемлекеттік университетіне қабылданып, қоғамдық ғылымдар факультетін бітірген. Ол алғашқыда мұғалім, кейіннен «Қазақфильм» киностудиясында қазақ киносы тарихы мұражайының бөлім меңгерушісі болды. Абай мұрасын зерттеушілерге көптеген мағлұматтар берген.
Ләйлә Жағыпарқызы (1930-1932) – Абайдың шөбересі, Мағауияның немересі. Сүйегі Шығыс Қазақстан облысы Новошульба ауданы, Уба-Форпост аулында жерленген.
Турағұл балалар:
Ақылия (Ақыш) Турағұлұлы (1901-1990) - Турағұлдың қызы, Абайдың өз қолында өскен немересі. Абайдың өсиеті бойынша Ақылия бойжеткен соң, Оразбайдың Медеу деген баласынан туған Санияз есімді немересіне тұрмысқа шыққан. Жастардың 1917 жылы шілденің 7-сі күні Ойқұдықта өткен некелесу тойында М.Әуезовтің «Еңлік –Кебек» пьесасы қойылды. Ақылия Алматыдағы Қазақстан Республикасының опера және балет театрында ұзақ жылдар бойы апалы-сіңілі Уәсила екеуі Абай ауылы, Абай заманы, Тобықты елі киім үлгілерін тігетін бірден-бір шебер болды. Ақылияның естеліктері Абай музейінде сақтаулы.
Жебрәйіл Турағұлұлы (1903-1930) – Абайдың немересі. Жебірәйілден – Алпаш (Алпарыстан) туады. Домбыра тартып, ән салған. Ол Семей және Түмен қалаларында орыс мектебінде оқып, орысша-қазақша сауатты болған.
1917 жылы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы бірінші рет қойылғанда Жебрәйіл Жапал болып ойнаған. Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген әнін домбырамен айтып, ел арасына танытқан.
Қалиман Турағұлқызы (1904-1989) – Абайдың немересі. Ахмет Әуезовке тұрмысқа шыққан. Абайдың 125 жылдық мерейтойына арнайы шақырылып, сонда сөйлеген сөздері, естеліктері магнитофон таспаларына жазылып алынған. Абай музейінде сақтаулы.
Зүбайыр Турағұл (1907-1933) – Абайдың немересі. Зүбайырдың әйелі Қанағат (Кәкен) Жуантаяқ Тобықты Азубайдың қызы. Одан Кенесары (1928-1933) туған. Зубайырдың балалық жастық шағын Абайды көзі көрген ет жақын адамдар арасында өткізген. 1928 жылы бай-феодалдың тұқымы, әкесі алашордаға қатысы бар деген айып тағылып, әулетімен бірге жер аударылған. Ол 4-5 жылдай қырғыз елінде, Мерке (Жамбыл) маңында, Шымкент, Ташкентте тұрған. 1933 жылы күзде Бішкекте қайтыс болған.
Мәкен Турағұлқызы (1912-2000) – Турағұлдың кенже қызы. Мәкен жастайынан өнерге жақын болған, әкесі Турағұлдан ақын атасы туралы естелік-әңгімелерді көп естіп, Абай әндерін үйренген. Абайдың немересі Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ радиосында қызмет атқарған.
Мәкеннің орындауындағы Абай әндерін 1930 жылы А.Жұбанов нотаға түсірген. «Өнер» баспасынан 1986 жылы жарық көрген «Айттым сәлем қаламқас» жинағына Абайдың Мәкен орындап жаздырған 19 әні енді.
Құзайыр Мекайылұлы (1912-1945) – Абайдың немересі. Шешесі – Дәмежан. Құзайыр бай тұқымы ретінде жер аударылып, елден қуылған. Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласына барып паналап, қара жұмыс істеген. Сол жерден әскерге алынып, 1945 жылы майданда қаза болған.
Қалышер Мекайылұлы (1921-1942) – Абайдың немересі. Шешесі Дәмежан. Қалышер ге бай тұқымы деген айып тағылып, жер аударылған. Фрунзе (Бішкек ) қаласынан әскерге аттанып, Отан соғысында 1942 жылы қайтыс болған.
Жебрәйіл баласы:
Алпаш Жебрәйіл (1922-1990) – Абайдың баласы Турағұлдың немересі. Өз әкесі Жебрәйіл, Абайдың інісі Оспанның атына жазылған. Ұлы Отан соғысына қатысып, мүгедек болып оралған. Алматы қаласында тұрып, 1990 жылы дүние салған.
Ізкәйіл баласы:
Тоқташ Ізкәйілұлы (1924-1943) – Абайдың немересі. Ол домбырада, гармоньда ойнап, Абай әндерін айтқан. 1934 жылы маусымда Бүкілқазақстан халық өнерпаздарының І-ші слетіне қатысқан. Тоқташ Отан соғысына қатысып, 1943 жылы қаза болған.
Әрхәм өзі де жас шағынан Абайды көріп, ақынның немере балаларының біріндей болып өскен адам. Абай дүниеден қайтқан жылы Әрхәм 19 жастағы жігіт болатын. Сондықтан ұлы ақын атасын өзі көрген-білгені бар, кейін әкесі Кәкітайдан естіп құлағына құйғаны, көңіліне тоқығаны бар. Әрхәм Абай туралы тарихи құнды мағлұмат, мол дерек қалдырып кетті, Әрхәм әкесі қайтыс болған жылы (1915) 30 жаста еді. 1963 жылы 78 жасынан дүниеден өтті. Қ.Мұхамедханов 2-том, 325 бет.
Мұражай қорында сақталған құнды жәдігерлердің бірі болып табылатын ұлы ақынның өз заманында түскен суреттері. Оның біреуі 1896 жылы Семей қаласында балалары Ақылбай және Турағұлмен түскен суреті. Ал екіншісі - 1903 жылы түскен Абайдың отбасымен сурет.
Қазақ даласындағы ақыл-ойдың шамшырағы атанған Абайдың артында қалған ұрпақтары да осал емес. Олар әке ісін одан әрі жалғастырды, соның жолын ұстады. Патша тұсында да, кеңес өкіметі кезінде де ұлттың зиялыларын жаппай жазалау, бас еркін шектеу, атып, жер аудару саясаты мемлекеттік басты шараға айналды. Сондай ауыр да қасіретті Абай ұрпақтары да көрді.
Ұлы ақынның ұрпақтары патшалық, содан кейін кеңестік жазалау саясатының құрбаны болды. Қуғындау мен жер аударылудың нәтижесінде олар тағдырдың тәлкегінен сан-саққа бытырап, әр жердегі балалар үйі мен жатақтарда өмір сүрген Абай шөберелері бірін-бірі жақын танымастан Ұлы Отан соғысына аттанады. (10 ұл, 1 қыз) майданға қатысып, екеуі аман келді. Олар Алпаш Жебірайұлы мен Ишағы Жағыпар қызы аман келген.
Жыл өткен сайын ұлы ақынның ұрпағының қатары сиреді, қазіргі таңда Абайдың екі әйелінен тараған 10 баласынан қалғаны бесінші ұрпағы Айдар, одан Данияр оның балалары Дана, Камила, Меруерт. Эрнестің ұлы Айдос.
Абай ұрпақтары ұлы ақынның ұрпағы болғанын мақтанышпен айтады. Абай мұражайы ұйымдастырған ақын мерейтойына ақын ұрпақтары арнайы келіп, Абайдың мұралары туралы есте қалғандарын насихаттауда еңбектері орасан зор.
Ұлт рухының жебеушісі атанған Ұлы ақын Абайдың өмірде бар ұрпақтары аман болып ел тәуелсіздігін нықтауға қызмет ете берсін демекпін.
Абай - халқымыздың мақтанышы ғана емес, ұлттық идеологиямыз. Ұлы ақынның өлмес мұрасын, ұрпақтарын таныту ғұмырлық парызымыз.
Өмірбекова Н.С.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.«Абай» энциклопедиясы. –Алматы. «Атамұра», 1995
2. Мұхамедханов Қ. Абай мұрагерлері .- Алматы, 1996
3. Ысқақов Ә. «Абайдың үрім-бұтақтары. Мұражай қоры
КП-31/1, КП-31/2
4. Бейсенбаев М. Абай және оның заманы. – Алматы: «Жазушы», 1988
5. Құнанбаев Т. Әкем Абай туралы. – Алматы, «Ана тілі», 1993
6. Жұртбай Т. «Күйесің, жүрек сүйесің...» - Алматы «Қайнар» 2009
8. Абай туралы естеліктер. Абай мұражайының кітапханасынан. –Семей, 2010
9. Ысқақова М. «Ұлы Абайға адалдық» - Семей печат, 2010
10. Байғалиев Б. Абай өмірбаяны архив деректерінде. – Алматы: «Арыс», 2001
Abai.kz