АСТАНА, АЛМАТЫ, ШЫМКЕНТТЕН МЕККЕГЕ ТІКЕ РЕЙС АШЫЛДЫ
Кеше ҚМДБ Қажылық Миссиясының өкілдері Сауд Арабия Қажылық министрлігінің лауазымды қызметкерлерімен кездесу өткізіп, қажылық сапарына қатысты туындаған кейбір мәселелер төңірегінде келіссөздер жүргізді.
Қазақстандық делегация бұған дейін қажылыққа байланысты (ұшу кестесінің қолайсыздығы, қажылық сапарының 30 күнге созылуы, тікелей рейстің болмау себебінен халықаралық әуежайларда 16 сағатқа дейін күту, билет бағасының көтерілуі, т.б.) төңірегінде туындаған мәселелерді отандастарымыздың пайдасына шешуге қол жеткізді.
Биыл қажылық сапары 2015 жылдың 11 қыркүйегінен басталады. 2015 жылғы қажылық маусымының басты жаңалығы – тұңғыш рет Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан Жидда (яғни, Мекке қаласына) бағыты бойынша тікелей рейстің ашылуы. Бұл – Қазақстан қажылары үшін мол мүмкіндік, үлкен жеңілдік.
Жидда қаласына тікелей рейстің болмауына байланысты Қазақстан қажылары Түркияның, Біріккен Араб Әмірліктері әуежайларының қонақ үйлерінде немесе күту залында 16 сағатқа дейін өз рейстерін күтетін. Орта жолда ихрамды (ер кісілердің қажылық кезінде киетін тігісі жоқ екі ақ мата) киюде де қолайсыз жағдайларға тап болатын. Саудия билігінің қажылық ережелеріне өзгерістер енгізу нәтижесінде Қазақстан қажылары үшін тікелей рейстердің кестесі бекітілді. Қажыларды тасымалдау жұмысын Сауд Арабия Корольдігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті арасында қабылданған меморандум бойынша белгіленген арнайы әуе компаниялары жүзеге асырады.
Бұған дейін жерлестеріміз транзиттік рейстермен бір күнге жуық уақытын, дәлірек айтқанда, 14-16 сағатын жолға шығындаса, енді 6 сағаттың көлемінде қасиетті қалаға баруға мүмкіндік алды. Игі бастама ең әуелі уақыт пен қаржыны үнемдеуге оң ықпал етеді. Енді бесінші парызын өтеуші азаматтар Қазақстаннан ихрам киімін киіп, тікелей Мекке қаласына бағыт алады.
Жуырда ақпарат құралдарында талқыланған қажылық сапарының 30 күнге дейін ұзақ мерзімге созылу мәселесі де Сауд Арабиясында өткен келіссөздер нәтижесінде 17-22 күнге қысқарды. Осыған орай, қажылық шығындары да азаймақ.
Бүгінгі таңда қажылыққа баратын азаматтардың таңдауы бойынша, материалдық мүмкіндіктеріне орай оларға әртүрлі деңгейдегі стандарт пакеттер ұсынылған. Қажылық фирмалардың ұсынған стандарт пакеттегі бір адамға жұмсалатын шығын 3200-3900 долларды құрайды. Тіпті, 2900 доллар көлеміндегі эконом пакеттер де қарастырылған.
ҚМДБ қажылық фирмалардан бағаны себепсіз көтермеуді ескертеді әрі бұл мәселені қадағалайды. ҚМДБ осы ескертулерді орындамаған фирмаларды қажылық квота беру құқығынан айырып, оларға қатысты шаралар қабылдайтынын да мәлімдейді. Діни басқарма қажыларға қолайлы жағдай жасауға әрқашан мүдделі.
Қажылық – құлшылық ету деген сөз. Қажылық сапарын туризммен немесе табыс табу көзімен байланыстыруға болмайды. Алайда қажылық талаптары мен ережелерін қатаң сақтауды да ұмытпауымыз тиіс.
Көптеген мұсылман елдерінде қажылық сапарын сол мемлекеттің ресми мүфтияты, яғни Діни басқармасы ұйымдастырады. Мұндай жүйе Түркияда бұрыннан қалыптасқан. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі орта және кіші кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосу мақсатында қажылық сапарының ұйымдастыру жұмыстарын 20 қажылық фирмалардың құқығына берген.
Діни басқарманың ұстанымы – ашық нарық жүйесін одан әрі дамыту, қажылықтың ұйымдастыру жұмыстарын белгілі бір құрылымның жекеменшігіне айналдырмау, қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын жоғары деңгейге жеткізу, қажылық маусымында әділ әрі ашық жұмыс жүргізу жүйесін қалыптастыру. Мүфтият осы мүдделер тұрғысынан талап қояды және оның жүзеге асуын бақылайды.
ҚМДБ Қажылық Миссиясының негізгі міндеті – қажылық маусымында атқарылатын діни рәсімдерді, құлшылық ету тәртіптерін түсіндіру, діни сауаттандыру жұмыстарын жүргізу, қажыларға қолайлы жағдай жасау шараларын үйлестіру.
Қажылық сапарын ұйымдастыруда ТМД мемлекеттерімен салыстырғанда, ҚМДБ Қажылық Мисияссының мүмкіндігі мол. Діни басқарма осынау мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, еліміздің игілігі, бірлігі мен ынтымағы жолында жан-жақты қызмет ете береді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қажылық Миссиясының МӘЛІМДЕМЕСІ
Abai.kz