Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 29411 1 пікір 3 Тамыз, 2015 сағат 14:07

ШЫҢҒЫС ҚАҒАН - ҚАЗАҚТЫҢ АДАЙЫ

Шыңғыс қағанды қазақ емес деп дауласып жүргендер, қазақтың өткен тарихынан ешқандай хабары жоқ жандар. Себебі, Қазақтың ұлы қағандары Қазақ, Алаш, Ата ұлы (Ад ұлы, Еділ), Түрік, Түтік, Елше, Күйік, Алынша, Мұңал, Қарахан, Оғызхандар құрған алып империя ХІІ ғасырда «Іштен шыққан жау жаман» делінетін қазақ мақалында айтылғандай, парсылық Хорезм патшасының қазақ даласын жаулап алуына байланысты және солар қоздырған бақталас, тақталас деген пәлелердің кесірінен ыдырап, бірін-бірі қынадай қырып, жауласып жатқан жүздеген ұлыстар мен елдерге «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай» тыныштық орнатып, сан ғасырлар бойы бүкіл әлемге билігін жүргізген Шыңғыс хан мен оның төл жұртын әлем тарихшылары қаншама зерттеп, зерделесе де күні бүгінге дейін Шыңғыс хан туралы жазба тарихта келтірілген тұжырымдардың даулы, күмәнді жақтарының жеткілікті екені тарих сүйер қауымға ежелден белгілі. Себебі, бүкіл әлемдік тарих ғылымы төмендегідей сұрақтарға тұшымды жауап бере алмай келеді:

         1.Шыңғыс ханның шыққан тегі кім, яғни қай рудың (тайпаның), қай ұлттың ұрпағы?

         2.Шыңғыс ханның және ол шыққан ұлттың бүгінгі ұрпақтары қайда?

         3.Империя астанасы Қарақорым қаласы атауының мағынасы не?

         4.Шыңғыс ханның тақ мұрагері кім, ата жұрты қайда?

         5.Шыңғыс хан империясы қай тілде сөйледі, яғни оның мемлекеттік тілі, қай тіл?

Бұл сұрақтардың дәл жауабын бере алатын жалғыз ақ ел бар. Ол Шыңғыс хан шыққан елдің бүгінгі ұрпақтары. Ал, өзге елдің өкілдері қаншама «аузымен құс тістеген» тарихшы – ғалым болса да бұл сұрақтардың ақиқат – шын жауабын бере алмайды. Себебі, әр бір азамат, әр бір ел өз тарихын өзі жазғанда ғана, сол азаматтың, сол елдің шын тарихы жазылып, бір де бір сұрақ жауапсыз қалмай, «жүйелі сөз жүйесін» табады. Шыңғыс қағандай әлемнің ең ұлы қолбасшысын дүниеге әкелген ұлы елдің тікелей ұрпағы ретінде, өткен тарихымызды осы «жүйеге салып» саралайтын болсақ, біздің ата-бабаларымыз, яғни қазақ халқы Шыңғысты өз баламыз деп білген. Себебі, күні кеше 300 жылға жуық бір тудың астында отырған орыс өкілі Колбинді елімізге басшы етіп жібергенде бүкіл халық болып қарсы шықтық. Ал, Шыңғыс ұрпағын ата-бабаларымыз өздері іздеп тауып, солардың ішіндегі көсем болуға лайықтарын шақырып алып хан сайлап отырған. Шыңғыс ханның өзінде Қазақ даласының қақ төрінде, Қазтаудың үстіне cол кездегі Қазақтың әйгілі он екі тайпасының он екі биі ақ киізге көтеріп алып шығып, хан көтеріп, ханның да, таудың да аттарын өзгертіп Шыңғыс қойып, қаған деп жариялаған. Сонда қалай, біздің ұлы ата-бабаларымыз бізден ақылсыз болғаны ма? Ақылға сыймайды. Ешқандай айтқанға көніп, күні бүгінге дейін қолға үйретіліп көрмеген көк бөріні (қасқырды) киелі санап, туына салып, ұрпақтарына ешкімге тәуелсіз, дербес елдікті аманаттап, осы жолда «қасық қандары қалғанша» шайқасқан солар емес пе еді. Егер Шыңғыстың тегі қазақ болмаса, «Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз аңғарында жатқан елге Шыңғыс кіндігінен тараған хандар дұшпаннан теңдік алу үшін қайта келер деймісің?» деп, ХҮ ғасырда өмір сүрген Қазтуған жыраудың атынан Мұрат ақын іздемеген, «Шыңғыс, Бату хандық құрған, ерегескен дұшпан жауын қуған ел едің, ынтымақтарың қашатындай сендерге не болды?!…деп ХХ ғасырдың бас кезінде Құмар Қараш қайғырмаған болар еді (Мұхтар Мағауин «Шыңғысханның шарапаты», «Жұлдыз» №3-2002 ж.). Демек Мұңал да, Шыңғыс ханда Қазақтың өз баласы. Себебі, Шыңғысхан империясының тақ билігі мұрагерлік жолмен ұрпағына берілгендігі бүкіл әлемге әйгілі. Осы үрдіске ең адал болғандары да қазақ елі болды. Күні кешегі, яғни XIX ғасырдың аяғына дейін хандық ел басқару жүйесі сақталып, Шыңғыс ұрпақтары хан сайланып келді. Ал Маңғыстауда тіпті 1930 жылғы көтерілісте де Адай хандығы құрылып, хан сайланып, кеңес үкіметімен мемлекеттік деңгейде ұйымдасқан соғыс жүргізілді. Бұл жағдайды да тек қана қазақты, оның ішінде Адайды Шыңғысханның төл жұрты екендігімен түсіндіруге болады. Себебі Шыңғысханның «төл жұрты» делініп келген Моңғолияда, Құбылай билік еткен Қытайда және Шағатай билік еткен Мәуеренахрда Шыңғыс ханның мұрагерлік билігінің алды XIҮ, арты XV11 ғасырдың басында ақ үзіліп қалды.

Қазақ еліндегі биліктің Шыңғыс хан ұрпақтарына мұрагерлік және қазіргіше айтқанда демократиялық сайлау жолымен берілгендігіне дәлел ретінде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, Қырғыз, Қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде былайша баяндалады: «Абылай атанғаны, жоғарыда айтқандай, Абылайлап шапқаны болды. Абылайдың хан болғаны 1735 жылдың маңайы болар. Сонан соң, біздің орта жүздің жақсылары «бұрын үлкен хандар ұлы жүзде болушы еді. Бұл ханды өзіміз сақтаймыз. Қалмақпен көп ұрысатын біз» деп Төле биге сый алып барып, Әбілмансүр-Абылай ханды алып келіпті» (М.Тынышбайұлы. Қазақ шежіресі. 47 бет). Ал, Абылай хан баяғы жоңғардың 50 000 әскеріне бар-жоғы 500 сарбазымен тойтарыс беріп, жеңіске жеткен, ұлы Шыңғыс бабамыздың тікелей ұрпағы Салқам Жәңгірдің шөбересі болып табылады. Салқам Жәңгірден -Уәлибақы, Уәлибақыдан -Абылай (осы Абылай бек мықты болып, жекпе-жекке шыққан батырларды өлтіре берген соң, «Қанішер Абылай» атанған), Абылайдан-Көркем Уәли, Көркем Уәлиден-Әбілмансұр. Қазақтың хан Абылай дегені осы Әбілмансұр.

          Кейіннен «…Ұлы жүз Үйсіннің ел ағалары Абылайға өтініш айтып, оның үлкен ұлы Әділді өздерін басқаруға сұрап алады. Сонымен қатар Абылай хан өзге ұлдарына қазақ руларын еншілеп бөліп береді. Сондықтан болу керек, Бұқар жырау:

«Хан Абылай атандың,

Дүниеден шықпай мініңіз.

Алтын тақтың үстінде

Үш жүздің басын құрадың.

Жетім менен жесірге,

Еш жамандық қылмадың.

Әділдікпен жүргіздің,

Әдепті іске кіргіздің» (48),-деп толғаған екен. (Н.Мұқаметханұлы. «Абылай ханның атқарған қоғамдық қызметі». Алаш. №6, (27), 2009 ж.).

Сол сияқты Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы Әбілғазы хан (1603-1664) 1640-1641 жылдары бастауын қазіргі Ақтөбе облысы жеріндегі Мұңал-Жары тауынан алып, кезінде Каспий теңізіне құйып жатқан Жем (Ембі) өзенінің бойын жайлаған қалмақ ханы Хо-Орлектің арасында тұрғанда Арал қазақтары көп сыйлық беріп Әбілғазыны қалмақ ханынан сұрап алып өздеріне хан көтереді. Міне осылайша, жоғарыда көрсеткенімдей қазіргі қазақ халқы Колбинді басшы тағайындағанда неге бізді жат-жұрттың өкілі билейді деп бүкіл халық қарсы шықты, ал Шыңғыс хан атамыздың ұрпақтарын «бізге хан бола көр» деп өздері сұрап, тіпті сол кездегі Әбілғазы атамыз тұрған елдің билеушісіне мол сыйлық беріп жалынып, шақырып әкеліп хан сайлаған. Тура осындай жағдай Башқұрт (естек) халқында да болған. 1707-1709 жылдары олар Қазақтың кіші жүзінің ханы Әбілқайырдан өздеріне хан болуды жалынып сұраған. Мұндай мысалдарды түрік әлемі тарихынан көптеп келтіруге болады.

Осы жерде ойланған адамды таңдандырып, тәнті ететін жағдай сонау ескі, көне, бағзы, ықылым, тіпті сонау құсілім замандарынан бері Қазақ елінде ел басқаратын хандар дайындайтын рулардың болғаны. (Бұндай руларды тек қана қазіргі заманның жоғаргы оқу орны және ғылым академиясымен ғана салыстыруға болады). Соның соңғы мыңжылдықтағы бізге белгілісі Қазақ, Бекарыс, Байұлы, Адайдың Мұңалы болып табылады. Бұл адайлар тілінде «Мұңал ошақ» деп аталады. Ал, Моңголияда оны «алтын отбасы» деп атайтын көрінеді. Шын мәнінде екеуінің де мағынасы бірдей. Барлық хандар мен қағандар осы рудан шыққандар арасынан ғана сайланған. Назар аударайық, тағайындалмаған, дәл қазіргі «демократия» талабына сәйкес көпшілік дауыспен сайланып, ақ киізге салып көтеріліп хандық билікті иемденген. Сол рудың балаларына сәби кезінен бастап адам баласының меңгеруіне мүмкіншілігі бар барлық адами жақсы қасиеттер (білім, ақыл, әділеттілік, бауырмалдық, досқа адал, дұшпанға қаталдық, өз қарабасының мүддесінен гөрі ел мүддесін жоғары қоюшылық т.б.) үйретіліп, бойларына сіңірілген және ол балалардың басым көпшілігі ел билеген хандар отбасында тәлім – тәрбие алған. Оларға елдегі аса білімді жандардан «Аталықтар» тағайындалған. Осындай ортадан тәрбие алып, бірнеше үміткерлердің арасынан сайланған хандар ешқашан өз мүддесін халық мүддесінен жоғары қоймаған. «Халық қаласа, астындағы жалғыз атын сойған». Бұл жерде ата-бабаларымыз ғылымда соңғы ғасырда ғана мойындалып жүрген «тектіден текті туу» қағидасында басшылыққа алған. Осы жерде Адай атамыз өзінің кенже немересі Мұңалға айтыпты делінетін мына бір әңгімені қаперлеріңізге берейін. «Баяғыда екі жылан дүниеге келіпті. Біреуінің мың басы, бір құйрығы, екіншісінің мың құйрығы, бір басы болыпты. Бір күні ғаламат боран соғып, арты үскірік аязға айналыпты. Мың басты жыланның бір басы інге кірейін десе екінші басы оған қарсы шығыпты, ал үшінші басы басқа жаққа тартыпты. Ең соңында мың бас бір біріне көнбей, суыққа шалдығып, жылан үсіп өліпті. Ал мың құйрығы, бір басы бар жыланның, мың құйрығы бір басқа бағынып, терең інге кіріп, жылан суықтан өлмей аман қалыпты». Америка мен батыстың бүткіл жер жүзі мемлекеттеріне тықпалап жүрген «демократиясы» бізден үйренгендері. Біздің баба тарихымыздағы түріктердің билігі әскери-азаматтық демократиялық жүйеге құрылған болатын. Біздің қазіргі күндері ұлардай шулап жүрген демократия ұғымы қазақта атам заманда болған. Түркілік деректердің ең елеулі ерекшелігі – қандай да бір елдік мәселені дуалы ауыз абыздар мен билік басындағылар ортаға алып, бірлесе шешетін болған. Бұл нағыз азаматтық, демократиялық қоғамның көрінісі емес пе?! Олардың «ревизия» жасаған жерлері, ханды (билеуші деген мағынада) біздегідей арнайы дайындықтан өткен, халқына қалтқысыз қызметімен танымал батырларының ішінен емес, жасы заңда белгіленген жасқа толған кез-келген азаматтың ішінен сайлауы. Ал, шындығында ондай билеушіні де, оның артынан ерген елді де бір шыбықпен айдап, қалаған жағыңа жүргізу оңайдың – оңайы. Бұл түбінде бүкіл жер жүзі елдерін бір ғана «ұлы патшаның» қол жаулығына айналдыратынын болжау анау айтқандай қиын болмаса керек. Себебі, бұл жүйе бүкіл дүние жүзі елдерін екіге, яғни билік және оппозицияға бөліп қойған, баяғы еврейлік большевизмнің (Ленин) бүкіл әлем елдерін бай менен кедейлерге бөлгені сияқты. Бұл адамгершіліктен жұрдай, бөліп алда билей бер деген ежелгі сұрқия саясаттың жалғасы. Айтқанына көніп, дегеніне жүрмеген елдің билігіне, оппозицияны әртүрлі жолдармен айдап салып (жалған уәде, ақшаға сатып алу т. б.) қалайда айтқандарына көндіреді. Көнбесең оппозицияның қолына қаруда беруі ғажап емес. Қазіргі заманда билік ауыстырудың бұндай үрдісі үйреншікті жағдайға айналған. Сонымен, қазіргі демократия деп жүргендеріміздің «мың басы, бір құйрығы бар» жыланнан айырмасы шамалы.

          Қазақтың барлық хандары мен қағандарының бәрі Шыңғысханның арғы аталары және оның тікелей ұрпақтары болып табылады. Олар:

– Керей хан – Болат сұлтанның баласы. Қазақ хандығын құрушы және көшбасшысы (1456-1473).

– Әз Жәнібек хан – Барақ ханның баласы. Қазақ хандығын құрушы және көшбасшысы (1456 — 1480).

– Бұрындық хан – Керей ханның баласы (1480-1511 ж.ж. билік құрған).

– Қасым хан (1445-1518) – Әз Жәнібектің ұлы (1511-1518).

– Мамаш хан – Қасымханның баласы (1518-1523).

– Тайыр хан – Қасымханның немере інісі (1523—1533).

– Бұйдаш хан – Тайыр ханның інісі (1533-1534).

– Қожа Мақмұт (1534-1535).

– Хан атағы болған сұлтандар: Тоғым хан, Ахмет хан, Хақназар, Наурыз-Ахмет хан (1535-1537).

– Хақназар хан – Қасым ханның баласы (1538-1580).

– Шығай хан – Әз Жәнібектің немере інісі (1580—1582ж.ж.) 80 жасында хан сайланған.

– Тәуекел хан – Шығай ханның баласы (1582-1598 ж.ж. әкесі өлгеннен кейін хан тағына отырған).

– Есім хан – Шығай ханның баласы, Тәуекел ханның інісі. Хандық құрғаны 1598 — 1628 ж.ж.

– Тұрсын хан 1613-1627 жылдары қазақ даласында билік құрды.

– Жәңгір хан (Салқам Жәңгір) – Есім ханның баласы (1628-1652).

– Батыр хан (1652-1680 билеген).

– Жәнібек хан – Есімханның ұлы (1628 -1643).

– Әз Тәуке хан – Салқам Жәңгірдің баласы (1680-1715).

– Қайып хан (1715—1718 жылдары билік құрған).

– Батырдың билігі (1718-1726).

– Болат хан -Тәуке ханның бел баласы (1726-1730).

– Жолбарыс хан – 1720-1740 жылдары Ұлы жүздің ханы болды.

– Әбілхайыр Қазы Бахадұр хан (1693-12.08.1748) Кіші жүздің ханы және Аңырақай шайқасында бүкіл қазақ қолының бас қолбасшысы болды. 1718-1748 жылдар аралығында хандық құрған.

– Нұралы хан – Әбілқайыр Қазы Баһадұр ханның баласы 1748-1786ж.ж. Кіші жүзге хан болды.

– Ералы хан – Әбілқайыр Қазы Баһадұр ханның баласы 1791-1794ж.ж. Кіші жүз ханы болды.

– Есім хан – Әбілхайыр баласы 1795-1797 ж.ж. Кіші жүз ханы.

– Айшуақ хан – Әбілқайыр баласы 1797-1805 ж.ж. Кіші жүзге хан болды.

– Шерғазы хан – Әбілқайыр баласы 1805-1824 жылдары Кіші жүздің соңғы ханы болды.

– Қайып хан – Орта жүздің ханы (1716-1719).

– Сәмеке хан – Орта жүз ханы (1719-1734).

– Әбілмәмбет хан (1690-1771) – Орта жүз ханы (1730-1771).

– Абылай хан (1711-1781) – Орта жүз және бүкіл қазақтың он сегізінші ханы (1733-1737).

– Уәли хан – Орта жүз ханы (1781-1819).

         – Бөкей хан – Орта жүздің соңғы ханы (1815-1817). 1781 жылы Абылай қайтыс болғаннан кейін Орта жүздің ханы болып оның баласы Уәли сайланды. ХҮІІІ ғасырдың аяғы — XIX ғасырдың басында өзінің отарлау саясаты барысында патша өкіметі ең әуелі Қазақстан жеріндегі хандық билікті жоюға кірісті. Хан билігі орыс шенеунігі басқарған уақытша кеңестің қолына көшті. Осындай кеңес құру арқылы Кіші жүз бен Орта жүз хандықтарының саяси дербестігін түпкілікті жою мақсатын көздеді. Патша өкіметі бұл мақсатты іске асыруды Орта жүз хандығынан бастады. Мұнда 1815 жылы Орта жүз ішіндегі Уәлидің билігін әлсіретуге тырысып, екінші хан етіп Бөкейді тағайындады. Орта жүздің хандары Бөкей 1817 жылы, Уәлихан 1819 жылы қайтыс болған соң, патша өкіметі жаңа хан сайлатпай, Орта жүзді бірнеше әкімшілікке бөліп, оларды басқарып-бақылауға патша өкілдерін қойды.

         – Кенесары хан (1802-1847) – Абылай ханның немересі, Қасым төренің баласы (1841-1847ж). Қазақтың соңғы ханы.

         – Ішкі Қазақ Ордасы (Бөкей Ордасы) — Ресей империясының құрамында Еділ мен Жайық аралығында 1801 ж. құрылған. Бөкей Ордасы — қазақтардың және әлемдегі ең соңғы Шыңғысхан ұрпақтарымен құрылған мемлекеттік құрылым. Хандықты құрған Бөкей Нұралы ұлы, Әбілқайыр қазы Баһадұр ханның немересі.

1812 жылы Александр 11 патшаның арнайы жарлығымен Бөкей сұлтан Ішкі Қазақ ордасының ханы болып тағайындалады. Бөкейді ақ киізге көтеріп хан сайлау Орал қаласының маңындағы тоғайда өтеді, кейін ол жер «Хан тоғайы» деп аталады.

1815 жылдың мамырдың 21-і Бөкей хан қайтыс болады. Тақ мұрагері Жәңгір жас болғандықтан, хан тағына уақытша сұлтан Шығай Нұралыұлы отырады.

1823 жылы Жәңгір Бөкейұлы хан тағының мұрагері болып танылып, 1824 ж. маусымның 22-сі күні «Хан тоғайында» ақ киізге көтеріліп, хан сайланады.

1845 жылы тамыздың 11-інде Бөкей ордасының саяси, мәдени, экономикалық жағынан дамуына жол бастап, бұл өлкенің басқару ісіне көптеген өзгерістер енгізген ұлы реформатор, қазақ даласының ұлы жаңартушысы Хан Жәңгір Бөкейұлы қайтыс болады.

 Хан Жәңгір дүние салғаннан кейін хан тағы Паждар корпусында оқыған Жәңгірдің баласы Сайып-Керейге көшті. Хан дәрежесі берілгенде басқа Жәңгір Бөкейұлының балалары сияқты оның да тегі Шыңғысхан деп өзгертілді.

 Міне осылайша, 639 жыл бойы, яғни 1206 жылдан 1845 жылға дейін Қазақ мемлекеті билігінің басында тек қана Шыңғыс ханның өзі және оның үлкен ұлы (тақ мұрагері) Жошыдан тараған ұрпақтары болды. Демек, Шыңғыс қаған қазақ болмаса, бізде өздерімізді қазақпыз деп атауға ешқандай құқығымыз жоқ. Шыңғыс хан да, оның ұрпақтары да тек қана қазақ елінің тәуелсіздігі үшін хорезм, жоңғар, орыс басқыншыларына қарсы жан аямай күресті, олар осы жолда ештеңеден де аянған жоқ. Талайлары өмір бойы аттан түспей, мына дүниенің қызығын көрмей кетті. Әңгіменің ашығын айтқанда мынау жарық дүниеде қазақтың тәуелсіздігі үшін дәл солардай күрескен әулет жоқ. Бұл кімде-кім «мың жерден басын тасқа ұрса да» солай. Мұны ешкімде жоққа шығара алмайды. Себебі, ол қазақ қағанатының (Қағанға бүкіл әлем бағынған) қарашаңырағының иесі Кіші Жүз (Алшын-Бекарыстың), оның қарашаңырағы Он екі Ата Байұлының, оның қарашаңырағы Адайдың – Мұңалынан шыққан. Шыңғысхан қағанатының астанасының Қарақұрым аталып жүргені, олда оның арғы аталарының аты болатын.

 Шыңғысханды қазақ деп айтуымыз үшін, міндетті түрде атамызды 105 таңбалы (105 рулы)

қазақтың бір руынан шыққандығын дәлелдеуге тиіспіз. Егер біз мұны істей алмасақ, атамызды қазақ деп атауымызға ешқандай құқығымыз болмайды.

Адайдың шежіре дерегі бойынша Шыңғыс қағанның рулық тегі былайша таратылады: 

-  Атамыздың тегі Қазақ, Кіші жүз, Алшын, Байұлы, Адай екені даусыз. Аспандағы ай менен күн қандай ақиқат болса, Шыңғыс қаған атамыздың тегі қазақ, Кіші жүз, Алшын, Байұлы, Адай екені де сондай шындық.

 -  Қазақ (Қазақ қаған, бүкіл әлемді билеген ұлы патша). Қазақтан Ақарыс (ұлы жүз), Жанарыс (орта жүз), Бекарыс (кіші жүз).

Түсініктеме: Ақарыс – Аға арыс (ағасы), Бекарыс – Кіші жүз, деп аты айтып тұрғандай қазақтың ең кішісі, кенжесі, яғни қарашаңырағының иесі болып табылады.

 Бекарыстан алты ата Әлім, Жетіру және Он екі ата Байұлы қосылып 25 тақта (25 таңбалы) кіші жүзді құрайды.

 Байұлынан - Алаша, Байбақты, Қызылқұрт, Масқар, Есентемір, Шеркеш, Таз, Тана, Жаппас, Ысық, Беріш, кенжесі Адай.

 Адайдан екі бала – Құдайке (Ад-гу), кішісі Келінберді (Ад-лу).

  Құдайкеден екі бала – Тәзіке, кішісі Қосай.

 Келінбердіден алты бала – Құнанорыс (Рысқұл), Ақпан, Балықшы (Шыбынтай), Бұзау (Жеменей), Тобыш, кенжесі Мұңал.

 Мұңалдан - Әли, Бәйімбет, Жаулы, Шоғы, Алақұнан.

 Сонда Шыңғысханның шыққан Қиян (Қият) руы былайша өрбиді.

Адайдан – Келімберді – Мұңал - Жаулы - Жары - Мұрат (Кеще) - Шортық - Бұхар - Құрым - Сүйіндік - Тұрнияз - Айытқұл – Қиян болып таратылады. Бұл дерек Адайдың әйгілі биі Алшын Меңдалыұлы шежіресінен алынды (Алшын Меңдалыұлы «Адай шежіресі» Алматы-2002. 67 бет).

Қазақ та «Үлкен ұл тақ мұрагері, кенже ұл қарашаңырақ иесі» делінеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, Адай атауы сөз түбірінде Ада (Ата) деген атты иемденген және сонымен қатар Шежіренің де ең соңында тұр.

Осы шежіре деректерінің төмендегідей бұлтартпас топономикалық айғақтары бар:

-   Адайдан - Қап (Кавказ) тауының ең биік шыңдарының бірі Адай шыңы (Адай кох), Мұңалияда (қазіргі Моңғолия) Адай атты көл, Адай атты өзен;

-   Мұңал мен Жарыдан - Арал мен Қас би (Каспий) теңізі ортасында Мұңалжары (Мұғаджар) тауы;

-   Мұңалдан - Шыңғыстаудың ең биік шыңы Мұңал шыңы; (Көңіл аударайық, Шыңғыстаудың ең биік шыңына Мұңал атасының аты қойылған).

-   Мұңалдан – Алтайдағы Мұңал (Моңғол) даласы;

-   Мұңалдан - қазіргі Монғолия мемлекеті;

-   Шыңғыстан - Сарыарқа да Шыңғыстау деген тау;

  -   Жарыдан -  тіпті сонау Америка құрылығының Амапа жерінде де Жары атты өзен, Жары атты көл бар. Өзіміздің елде де Жаркент (Жары кент қаласы), Жарбұлақ (Жары бұлақ), Жартас, Жарқұм, Жармыш, Жарма, Жарысу, Жарқұдық (Жары құдық), Жарты, Жаршеке (тау), Жарауыл, Жарын, Жарбөгет, Жарас атты топонимдер толып жатыр. Осы атаулардың барлығы дерлік Маңғыстауда орналасқан.

Мұңал-Жары руы Манқыстауда Адай халқының үлкен бөлігін құрайды. Себебі, Манқыстауда  «Жарының мал іздегендері де бір үй толтырады», «Жары көп пе, тары көп пе», «Таяқ лақтырсаң Жеменейге тиеді, егер Жеменей бұғып қалса Жарыға тиеді» деген сөздер ежелден айтылып келеді;

-   Бұхардан - Бұхара қаласы (қазіргі Өзбекістан жерінде);

-   Шыңғыс қағанның арғы аталары Қаралардан (Түпқараған (Қарағантүп, Қараған түбек), Қараман Ата (бейіт, қорым, алқап), Қарақия (ойпат), Қарамандыбас (ежелгі шумерлер (маялар) өздерін Қарабастар деп атаған – Қарақұрым (Шыңғысхан қағанатының астанасы);

Құрымнан – Қарақұрым (Шыңғысхан қағанатының астанасы);

-   Мұңалдан –  Қияннан (Қият) – Қарақия (Қара Қия); Қият деген көптеген рулар мен қалалар;

-   Қияннан – Қиян (алқап), Қиянды (шатқал), Қияқты (тау) (Маңғыстауда).

-   Шортықтан – Шорым атты жер атауы (Маңғыстауда).

Осы рулардан қалған топономикалық атаулар әлем картасында өте көп. Оның бәрін жазатын болсақ, оған арнайы кітап арнау қажет болатыны сөзсіз. 

Қазақ та «Үлкен ұл тақ мұрагері, кенже ұл қарашаңырақ иесі» делінеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, Адай атауы сөз түбірінде Ада (Ата) деген атты иемденген және сонымен қатар Шежіренің де ең соңында тұр.

Маңғыстауда Шыңғысханның арғы аталары Қиян (Қият), Қараман,  Құрым (Қарақұрым), Бөржігін атты топономикалық атаулар күні бүгінде де бар.  Ал, Адайды қазақ емессің  деуге ешкімнің де құқы жоқ. Сол сияқты оның ұрпақтарын да. Себебі, күні кеше патшалық Ресей Адайды (Маңғыстауды) қазақтан бөліп тастау үшін біресе Кавказға, біресе Түрікменістанға зорлықпен қосқан кезде, біз қазақтың қарашаңырақ иесіміз, ағаларымыздан ешқашан ажырамаймыз, - деп ұлы қырғын-қантөгіспен өз қазағына (Қаз ағасына) қайта қосылған және сонымен қатар бүкіл қазақ көптеген Ата қоныстарынан айрылып жатқан да атамекен Маңғыстау мен Үстіртті Қазаққа қайта қосқан біздің аталарымыз болатын.

Қысқасы, Шыңғыс қағанды қазақ деп мойындай алмасақ, бізде өзімізді Қазақпыз деп атауға құқығымыз жоқ. 

 

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5382