Жұма, 22 Қараша 2024
Не дейді?! 9240 0 пікір 30 Шілде, 2015 сағат 10:40

БИЛІК КІМДІ АҢДИДЫ? КІМНЕН ҚОРҚАДЫ?

Осыдан он күн бұрын «Қазақстан Республикасы қашықтықтан бақылау аппаратына $1 млн жұмсады» деген ақпарат шықты. Өкінішке орай бұл ақпарат БАҚ тарапынан еш ескерілмей, архивке көміліп кете берді.

Онда: «Privacy International ece6i бойынша, американдық Vеrint Systems және израильдық NICE Systems Орталық Азия мемлекеттеріне өз азаматтарын, оппозицияны және диссиденттерді алыстан бақылап отыруға арналған бағдарламасын сатады.  Бізде осы мекемелер өздерінің өнімдерін Орта Азия мемлекет үкіметтеріне қалай беретіндігі және қалай ақша алатындығы  туралы да мәліметтер бар. Осы айдың басында хакерлер командасы (Hacking Теат) бақылайтын бағдарламасын қамтамасыз ететін өндірушілердің ішінде жасалғандарға жүргізілген ауқымды бұзу салмағы  400 гигабайт болатын қызық мәліметтер берді. Оның ішінде,  Wired басылымының мәліметтерінше, «аудиожазба, e-mail және код деректері бар папкалар бар», - деп жазды The Diplomat.

Олар сондай-ақ, Citizen Lab белсенді ұйымының тарапынан анықталған ең танымал дерек «компания өздерінің алыстан  бақылап отыратын жүйесін Өзбекстан мен Қазақстанға сатқаны» туралы ақпарат екенін жазады. Тhе Diplomat мәліметтерінше, Қазақстан оған шамамен $1 млн жаратып, хакерлер командасынан бақылап отыру жүйесін сатып алған.

$1 млн қаражат бір мемлекет үшін, бір шетінен, көп те емес шығар. Егер шынымен Мемлекеттің қауіпсіздігі үшін жұмсалса, тіпті, өте аздық етуі мүмкін. Алайда, мемлекеттік органдардың осы аппаратты дұрыс пайдалана алып отырғанына күмән көп. Себебі, Қазақстанды іштен ыдыратқысы келетін түрлі дін атын жамылған экстремистер; әлеуметтік желіде арандатушылар; қойдан қоңыр, қозыдан жуас қазақты басынып, ұлтаралық мәселеге итермелейтін өзге ұлт өкілдері; өзге елдің туын қоғамдық орындарда әшкере көтеріп жүретін, қазақтың жерін жырмыштағысы келетіндер... Қазақстан Конституциясында арнайы жазылып, аса жоғары мемлекеттік құндылықтар болып табылатын қасиетті баптарға мүлде қайшы әрекет етіп жүрген ел «азаматтары» қоғамда көп. Соларды бәрінен бұрын Қазақстанның баянды, мызғымас тәуелсіздігін тілейтін қазақтар әшкерелеп, БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде жазып жатыр. Тіпті, құзырлы орындарға жекелей хат тапсырып жатқан сергек азаматтар да жетерлік.

Бірқатар мысалдар берейік:




Биылғы мамырда, Ақтау қаласы, 7  ықшамауданы, Каспий теңізінің жағажайындағы концертте екі әйел Ресей туын желбіретті. Видеодан көрінгендей «Қазақстан — менің жерім» деп ән салып тұрған адамның жанында екі әйел Ресей туын желбіретіп тұр.

Тағы да биылдың мамыры. Қостанай қаласындағы «Геолог» саяжайында Ресейдің Туы желбіреп тұрды. Елшіліктерде ғана ілінетін  Ту саяжайдағы үйдің ауласына тігілген.

Оқырманның есінде болса, биылғы жылдың мамырында(II Дүниежүзілік соғыста СССР-дің Фашистік Германияны жеңгенін тойлайтын күнде) Уральскде (Орал қаласы ғой) Жеңіс күніне арналған авто шеру өтті. Қандай авто шеру дейсіз ғой? Ол шеру тартқыштардың "Спасибо деду за победу", "На Берлин", "Помним и гордимся!", "За Сталина!", "Спасибо бабуле за меткие пули" деген жазулармен безендірілген көлігін жұрттың алдында әбден көлбеңдеткенін бұған дейін жазғанбыз.

Ал, мына сурет 2014 жылға тән. Бұл жылы да, Оралда тәуелсіз Қазақстан тұрғындары «Сталин үшін!» деп ұрандатты. Оралдағы автошерудің жалғасы іспеттес көрініс Петропавлда да айна-қатесіз қайталанған.

«Я - русский империалист» деп қоғамға ашық жар салып, Ресей үшін «Отқа да жанам, суға да батам» деп құрбандық шалып жүрген Ермек Тайчибековті қайда қоямыз? Ірісі бар, ұсағы бар (бір елдің тәуелсіздігіне қол сұғу қылмысының үлкен-кішісі болмайды да) осындай мың мысал табылады. Тачибеков әлі тайраңдап жүр. Әлеуметтік желідегі парақшасында империялистік үгіт-насихатын емін-еркін жалғастырып келеді.

Жоғарыдағы жәйіттерге мүлде көз жұма қараған құзырлы органдар (осылардың құзыры неге жететінін түсінбей-ақ қойдым) Жандос Құрманбаевті қалай көре қалған?! Туған жерінде өзінің мемлекетінің туын желбіреткен азаматқа ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 458-бабы бойынша мемлекеттік туды заңсыз пайдаланды деген айып тағылды. Сомасы 396 400 теңге болатын айыппұл да салмақ болды.

Көп қаражат жұмсалған қырағы аппарат, білуімзше, оппозицияны және диссиденттерді бақылауға алу үшін керек екен. Бізде оппозиция қалды ма өзі? Диссиденттердің бәрі түрмеде және шетелдерде емес пе? Сонда билік жоғарыдағыдай елді бөлшектеуші «идеялогиясы науқас» адамдарды көрмесе, кімді аңдымақ? Кімнен қорқады ол?

 

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282