ҚТҚЖБ МЕН Schwäbisch Hall меморандумы - ЖАҢА МҮМКІНДІК
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ауыл халқының жаппай қалаға көшуі мен баспана мәселесі қатар туындады. Совет өкіметі кезінде ауыл мен аудан шекарасынан ұзап шықпаған халық қалаларға көшу үрдісі басталғанда тұрғын үй мәселесімен бетпе-бет келіп, қатты қиындық көрді. Алғашқы он жылдықта ауыр да, машақатты күндерді өткерген халықтың жағдайында үлкен демографиялық өзгеріс болды. Соғыс пен тың игеру жылдарында Қазақ даласына келген өзге ұлт өкілдерінің бір шама бөлігі туған еліне бет алып, көшіп жатты. Елімізде 1989 жылғы халық санағында 16,464464 адам тіркелген болса, 1999 жылы бұл көрсеткіш 1 миллион 246,1 адамға кеміді. Осыдан соңғы жылдарда ел экономикасы қайта көтеріліп, шеттен келген қандастарымыздың, әрі ішкі өсімнің нәтижесінде, халық саны көбейе түсті. Осы тұстағы баспана мәселесін шешудегі маңызды қадамдардың бірі - «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның құрылуы еді.
Аталған банк 2003 жылы құрылды. 2005 жылы ҚТҚЖБ бірінші мәрте аралық тұрғын заемын берді. Осы жылдан бастап «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мемлекеттік және салалық бағдарламаларға қатыса бастады. 2012 жылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» және «Жас отбасыға арналған тұрғын үй бағыттары бойынша оператор болып танылды. 2015 жылдың басынан бастап ҚТҚЖБ «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» және «Жас отбасыға арналған тұрғын үй» бағыттарын жүзеге асырып келеді.
Банк жұмыс жасай бастағаннан 2015 жылдың 1 шілдесіне дейін жалпы көлемі 1 658, 9 млрд. теңге болатын 766 398 шарт жасаған. 401 млрд. теңгеге 92 366 заем берілген.
Халықаралық рейтинг агенттіктері тарапынан ҚТҚЖБ-ның қаржы тұрақтылығы расталған. 2014 жылы Moody’s және Fitch Ratings бағасы бойынша, еліміздегі екінші деңгейлі банктер арасында ең жоғарғы рейтинг көрсеткішіне ие болды.
Жинақтау мерзімі бойынша, Банктің депозиттік бағдарламасы – 3 жылдан 15 жылға дейін, ал тұрғын үй заемын беру мерзімі – 6 жылдан 25 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұрғын үй заемдары бойынша мөлшерлемелері – ең төменгі мөлшерлемелер, 3,5%-дан 5%-ға дейін.
Қызметтерін жақсарту мақсатында, «Бәйтерек» Ұлттық Басқарушы Холдингінің еншілес ұйымы, еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын жалғыз қаржы институты – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, кеше, 28 шілде күні Алматыда, немістің Швебишь Халль (Schwäbisch Hall) банкімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Аталған шара барысында банк өкілдері баспасөз-конференциясын өткізіп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі үшін Баушпаркассе Швебишь Халльдің тәжірибесі аса маңызды екенін айтты.
«Бәйтерек» Холдингі Төрағасының орынбасары Алина Алдамберген неміс әріптестерімен кездесуінде: «Мемлекет басшысы ұдайы жетілдіріп отырудың, ең жақсы халықаралық тәжірибені алып, Қазақстанға енгізудің, тәжірибесі мол менеджерлермен ынтымақтастық жасаудың қажеттілігі жайында бірнеше мәрте қадап айтты. Стратегиялық және әлеуметтік міндеттерді шешу үшін, біз осы жолды таңдап алдық»,– деп түсіндірді меморандумның маңызын.
Екінші тарап – 1931 жылы құрылған, ипотекалық баспанадан мол тәжірибелі Баушпаркассе Швебишь Халльдің Германиядағы кредит беру нарығындағы үлесі 30%-ға жеткен. Құрылыс жинақ кассасының шарттық сомасы 274 миллиард евро болатын алмандық банктің 7,4 миллион салымшысы бар. Жыл сайын 13 миллиард евроға тұрғын үй сатып алуды қаржыландырады. Бұл касса Германия азаматтарына бүгінгі күнге дейін 300 млрд. еуроға жуық қарыз берген. Бұл қомақты қаражат 8,6 млн. пәтер мен үйді сатып алуға, жөндеуге және құрылыс салуға жұмсалған.
2014 жылы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ екі бірдей халықаралық ұйымның мүшесі болды. Атап айтсақ, олар - Еуропалық құрылыс жинақ кассасының федерациясы және халықаралық тұрғын үй қаржыландыру одағы.
Баспасөз-конференциясы аясында, Abai.kz тілшісі ҚТҚЖБ өкілдеріне қарата: «Соңғы уақытта Қазақстанда ұлттық валютамыз теңгенің кезекті құнсыздану қаупі көрініс берді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне, нақтырақ айтқанда осы банк салымшыларына кері әсерін тигізбей ме?» деп сауал тастады. Өз кезегінде «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов: «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз клиенттерімен операцияларды ұлттық валюта - теңгемен жүргізеді. Теңге бағамы өзгерген жағдайларда да банк өз тарифтері мен тұтынушыларына ұсынған қызметтерін қымбаттатқан жоқ. Сондықтан да теңгенің құнсыздануынан банк салымшылары алаңдамауы тиіс. Бұндай ауытқулардың себебінен банкте де макро өзгерістердің болуы мүмкін емес», - деп жауап қатты портал тілшісіне. Сондай-ақ Жұмағұлов Қазақ және неміс әріптестері арасындағы меморандум тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін әрі қарай жетілдіре түсуге жаңа мүмкіндік беретінін айтты.
Халықтың баспаналы болуы үшін үкімет тарапынан қабылданып жатқан түрлі бағдарламалармен қатар ҚТҚЖБ банкінің осы меморандум секілді шетелмен әріптестігі халыққа қызмет етсе екен дейміз. Немістің көлігін көп мінетін халқымыз немістер сияқты ғұмыр кешер күн де алыс емес шығар. Ең бастысы - ҚТҚЖБ халыққа ұсынып отырған қызметтері мен мүмкіндіктерін одан әрі жандандырып, Қазақстанның кез-келген тұрғынына қол жетімді жасаса болғаны.
Нұрғали Нұртай
Abai.kz