Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 10779 0 пікір 13 Шілде, 2015 сағат 16:07

Құлагер ескерткішіне қазақша тақтайша ілінді

“Қазақ үні” газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталында   9 маусым күнгі №23(680) санында жарияланған Қазыбек Исаның  “АҚАН СЕРІ ШЕТЕЛШЕ СӨЙЛЕГЕН БЕ?  Құлагер ескерткішіне неге шет тілінде жазылған?!.”  http://www.qazaquni.kz/?p=36732   атты мақала оқырмандардың назарын қатты аударып,  өткір талқының өзегіне   айналған еді.   Аталған мақаланы күні бүгінге дейін портал оқырмандары 5171 рет қарап үлгеріпті. Газетіміз бен порталымыздың тұрақты оқырмандары болып табылатын тіл, ұлт жанашырлары да осы мақалаға толассыз пікірлерін білдіріпті.

Аталмыш мақалада автор Астанаға 30 шақырымдай жердегі Бозайғыр ауылынан өте бере бой көтерген Құлагер ескерткішіндегі жазудың қазақ тілінде емес, орыс тілінде жазылғандығын мәселе етіп көтерген болатын.

Қазақ тілі шын мәнінде азаттық алмайынша, тіл мәселесі біздің елімізде өзекті боп қала бермек. Автор Қазыбек Иса қазақ тіліне қатысты мәселелерді өткір де, ашық қозғап жүрген қайраткер  ретінде аталған мақаланы: «Біздің айтарымыз, Құлагер ескерткіші күре жолдың бойында болғандықтан Бурабайға барып келе жатқан кез-келген адам, шетелдіктер де көп болады, көреді. Мынадай әр адам көрген сайын масқара бола бермеу үшін, ескерткіш иелері әділ сыннан қорытынды шығарып, ескерткіштегі шетел тіліндегі жазу жазылған тақтаны мемлекеттік һәм ана тілімізге, яғни Ақан серінің тіліне ауыстыруы тиіс!» деп түйіндеп қана қоймай, ескерткіш иелеріне өткір талап та қойған болатын.

Енді міне, орынды сынның нәтижесі – кемшілік түзетіліп, Құлагер ескерткішіне қазақ тіліндегі жазу жазылған тақтайша орналастырылғаны туралы хабар келді.

“Ассалаумағалейкум Қазыбек аға!  Құлагер ескерткішіне жазған мақалаңызды оқып өзіңіздің Ұлтқа деген жанашырлығыңызды байқап отырмын. Дұрыс сын айтылмай – мін түзелмейді дейді дана халқымыз. Сіздің осындай ескертпеңізден кейін барып, қазақша нұсқасын апарып іліп қойдық. “Ер қанаты – ат” дегендей Ақан серіміз де  Құлагерін жырлап өткен еді ғой.  Сізге көптен көп рахметімді айтамын.  Еліміздің, ұлтымыздың көркеюіне қосып жатқан еңбегіңізге  талмас қанат, Құлагердің шабысындай шабыс тілеймін.   Айдын Егеубаев” – деп жазылған редакцияға келген хатта.

Біздің ұлттық рухтың ұпайын түгендеу мақсатындағы сынымыздан нәтиже шығара білген, кемшілікті бірден түзеп, Астана – Көкшетау жолындағы Бозайғыр ауылындағы Құлагер ескерткішіне  қазақ тілінде жазылған тақтайша орналастырған  азаматтарға, белгілі жазушы, Құлагерге ескерткіш салу идеясының авторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәдібек Түгелге және осы істің басы-қасында жүрген Айдын Егеубаев мырзаларға қалың оқырманның атынан алғыс айтамыз.

Елдің бәрі осылай орынды сыннан қорытынды шығара білсе, келешегіміз де жарқын бола бермек деген ойдамыз.

Алдағы уақытта да биыл жарық көргеніне 15 жыл толып отырған «Қазақ үні» басылымы қазақтың ұлттық мүддесіне қатысты өзекті мәселелерді тұрақты түрде көтере бермек. Халықтың ойын, арман-мұңын жазатын газетіміз бен порталымыз әр қашан да халықпен бірге болмақ.

“Қазақ үні” газеті редакциясы

QAZAQUNI.KZ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475