ЖАЛПИЫП...
Елбасы: "Қазақтар, үйде жалпиып отыра беремеңдер!"
Білмеймін бөтенді -
Санаулы әр киік!
Қырып сап бөкенді,
Отырмын жалпиып!
Қиын күн туды анық,
Алдымда сан тұйық.
Гептилге уланып,
Отырмын жалпиып!
Жанбады талап-шоқ,
Шырқалды ән-күйік.
Мектепте тамақ жоқ -
Отырмын жалпиып!
Табысы – толағай,
Пайыз бен санды үйіп,
Билік тұр қорадай
Аңқиып-саңқиып!
Өтірік - пырағы,
Төгеді ант үйіп,
Сол сөздің тұрады
Құлағы қалтиып!
Тыңдаймын құс әнін,
Көңілге сан құйып.
Дайын тұр ұшағым -
Отырмын жалпиып!
Байларға таңым бар
Асырған айласын.
Қазақты жарылқар
Wall Street қайдасың?!
Қарамай бопсаға
Шалқиық! Шалқиық!
Ұрса да, соқса да,
Отырмын жалбиып!
Күнәсіз жүре алман,
Нәпсіні сан тыйып.
Алдымда – мың арман,
Жүремін маңқиып!
Әлімді көрем деп
Шақырар әр биік.
Құдайым берер деп
Отырмын жалпиып!
Батырлар тұрар бек
Шүберекке жан түйіп.
Басқалар шығар деп
Отырмын жалпиып!
Кереңмін! Соқырмын!
Енжармын, арты – ұйық!
Жалпиып отырмын -
Өлермін жалпиып!
Әміржан Қосанов