Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6082 0 пікір 10 Шілде, 2015 сағат 12:21

ЖАМАҒАТ ПЕН МӘЗҺӘБ – ДІН ЕМЕС, ДІННІҢ КӨРІНІСІ

Әр ғасырдың өзіне тән кеселі бар. XXI ғасырдың кеселін ешқандай медициналық ауруға баламай, «экстремизм мен терроризм» деп айтсақ артық кете қоймаспыз. Өйткені, айналдырған 5-10 жылдың ішінде дәл осы лаңкестердің қолынан миллиондаған адам қаза тапты. Ал, онымен жүргізіліп жатқан күрес еш нәтижесіз. Нәтиже былай тұрсын, өздерін «Ислам мемлекеті» деп атайтын Таяу Шығыстағы лаңкестік ұйымның күннен күнге күшейіп бара жатқанын көзбен көріп отырмыз. Тура жолдан адасқан содырлардан құралған осынау топ ертең расымен де ресми мемлекет құрып жүрмейді ме деген күдік те басым. Өйткені, «жиһадшылар» өте үлкен жерді жаулап алып, өзінің астанасын белгілеп алды. Тіпті, төл валютасын да шығарып жатыр.

 

Сол «Ислам мемлекетінің» сапында қазақтың қаракөздері де жүр. Бейресми деректерге сүйенер болсақ, лаңкестік ұйымның қатарында 400-ден астам қазақ бар екен. Өкініштісі, Сирияға кетіп жатқан қандастарымыздың саны уақыт санап өсіп келеді.

Заманауи теолог-ғалымдардың айтуынша, бүгінгі қазақ қоғамында дінді ақылмен, ғылыми таныммен емес, еліктеушілікпен қабылдайтындар өте көп. Салдарынан жат ағымдардың етегінен ұстап, адасып жатқандардың да қатары артып барады. Осы және өзге де мәселелердің жайы мен кілтипанын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетайдан сұрап көрдік.

- Досай аға, күні кеше елімізде дін лидерлерінің кезекті съезі аяқталды. Талқыланған негізгі тақырып – «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының әлемге қаупі. Осынау ұйымның күн сайын ауқымын кеңейтіп бара жатқанын көріп отырмыз. Ертең Қазақстанға келеді деген қауіп жоқ па?
- Бұл үлкен жоба бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұр. Оларды «ислам мемлекеті» деп айтпаймыз, айта алмаймыз. Өйткені, ол қоғамдық санаға қауіпті ұғым. Бұлардың істеген әрекеті, танымы, жолы ислам рухына сәйкес келмейді шындығында. Бұл – батыстық жоба, Ислам әлеміндегі бүлік. 
Аталған лаңкестік ұйымның негізі бүгін немесе кеше қаланған жоқ. Бұл сонау КСРО мен Батыс елдерінің арасында болған қырғи-қабақ соғыстың бір жалғасы десе де болады. Бұрынғы ғалымдар ислам ұстанушылары мен христиандар арасында түбінде соғыс болады деп болжап кеткен. Өкінішке қарай, мынау соның бір көрінісі. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінен Таяу Шығыске келіп, қолына қару алып соғысып жүргендер саны он мыңдап есептеледі. Бірақ, олар өзінің кіммен, не үшін соғысып жүргенін біле ме екен?
Олардың арасында өзіміздің қаракөздер де жетіп артылады. Бейресми деректерге сүйенсек, Сирияға соғысқа кеткен қазақтар саны мыңнан асады екен. Бұл расымен де өте қауіпті, тек Қазақстанға ғана емес Орта Азия елдеріне де. 
Мен «Ислам мемлекетінің» құрылуын кезінде Сталиннің Шығыс Еуропаға социализмді орнатуымен теңер едім. Ондағы елдер мен халық КСРО жолын қабылдағысы келмесе де Сталин күшпен орнатқандай болды. Салдарынан, даму деңгейі Батыс Еуропа елдерінен қаншама жылға кейін қалып қойғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. 
Дәл сол шаблон Таяу Шығыс елдеріне де қолданылған болатын. Ал, Кеңес үкіметі құлаған соң оның инерциясы бұл елдерде енді ғана бәсеңдеп келеді. Лаңкестік ұйымдардың құрылуы осының салдарынан болды деп түсінемін
Ал, енді Қазақстанға келер болсам, мемлекеттің ең бірінші фунциясы ол – бақылау. Өзінің азаматтарының мүддесін қорғау тетіктерін өте дұрыс ұйымдастыра алса, бізге ешқандай содыр қауіпті емес. Қауіп өзімізден. Себебі, жастарымызға ие бола алмай отырмыз. Оларға тиісті нормативтік құжаттарды, білімді, танымды беріп, талап ете алмай отырмыз. Қықсасы, біз жауапкершілікті өз мойнымызға алғымыз келмейді. Сирияда соғысып жүрген қазақтардың ешқайсысы өздігімен, қараптан-қарап кетіп жатқан жоқ, бұл жерде үлкен топтар жұмыс істеп жатыр, Қазақстанның ішінде.
- Биыл Түркістанда өткен конференциялардың бірінде сіз діннің білімсіздікке ұрынуынан радикализм туындайды деген сыңайдағы пікір айттыңыз. Қазақстандағы діни ахуалға қандай баға бересіз?
- Дәл қазір өте қиын жағдайда өмір сүріп жатырмыз, себебі дін деген сөз шаблон, жол деген сөз. Алла мен адам арасындағы қатынаста белгілі бір шаблондар, принциптер және сол арқылы байланыс жасайтын институттарды дін деп атаймыз. Ал, оның негізінде, өзегінде адам тұрғанын бүгінгі күні мүлдем ұмытып кеттік. Адамгершілік құндылықтар төмендеп, надандық пайда бола бастағандықтан діни білімсіздік де өрши бастады. Бұл жоғарыдан төмен қарай әрекет ету принципі адамның ақыл-ойының таразасы емес, адамға кигізіліп жатқан шаблондар ғана. Ол шаблондардың барлығы ислам бояуымен беріліп жатыр. Қарасаң қап-қара киінген қазақтың қыздарын көресің, қазақтың мәдениетінде қара киім киюдің өзінің символикалық мәні бар еді. Біреудің туысы өлгенде ғана киілетін қара жамылу дәстүрі трансформацияға ұшырап, араб мәдениеті қолданысындағы үрдістер кең тарап жатыр. Бұл біздің дінді қабылдаудағы басты шаблон ғылыми таным емес, еліктеу, көшірме мәселесі екендігін көрсетеді. 
Дінді ақылменен, ғылыми таныммен қабылдау керек. Діндегі ең басты құндылық – адам. Исламды қарап отыратын болсаңыз, Құранның өзінде Алла Тағала дінді де, 18 мың ғаламды да адам үшін жаратқан. Бірақ біз бүгін осы дінді қабылдау процесінде адамды ұмытып кеткенбіз, барлығын дін атына, Алла атына теліп, сол бағытта әрекет етіп жатырмыз. Дін Алла үшін емес, адамға қызмет ететін институт. Егер дін Аллаға қызмет етеді дейтін болсақ, бұл уаһабилік тенденция болған болар еді. Оның ар жағында фанатизм, экстремистік топтар пайда болады. Оның ар жағында надандық туады, оның ар жағында мүлдем адам деген ұғым атымен жоғалады.
- Демек, әрбір құбылыс белгілі себептен туындайды дейтін детерминизмнің белең алып тұрғаны десе болады ғой? Яғни, қандай да бір адам тарапынан болған қателік пен бұрыстықты Аллаға жаба салу. Осы тұрғыда исламдағы адамның парасаттылығы, ой еркіндігі, ақыл таразысы, сезім деген құндылықтарының алар орны қандай?
- Алла Тағаланың 99 сипатының бірі – Әділ. Құдай адамды жаратып, оған еркіндік, қалау еркіндігі мен таңдау еркіндігін, салыстыру, ең бастысы ақыл мен ойды беріп отыр. Бірақ, жақсы мен жаманды, халал мен харамды көрсетемін дейді. Өзің таңдайсың, сынақ алаңындасың, ертеңгі өміріңнің баяндылығын қалайтын болсаң көрсетілген жолдармен жүру керек дейді. Сөйтіп көрсете отырып, сынақ жасай отырып бір адамға, «жоқ сен былай жасау керексің» деген мәжбүрлеуі қалай болады? Олай болатын болса әл-Адль сипатынан сипат қалмайды. Нұқсан бір болмысқа айналады. Яссауи айтады, «әзиз жаның аманат, жүрме бейғам» деп. Сонда басты берілген жауапкершілік пен ақылың, еркіндігің өзіңнен сұралады. Сирияға барғандағы жауапкершілікті Алла сенің атыңнан жүргізбейді ғой. 
Бірақ исламда хадария-тағдыршылдар деген тәрізді мұндай ағымдар болған. Бәрін тағдырға байлап қояды. 
Жүрегім сол лаңкестер жамағатына кіріп кеткен қаракөз қыздарымызды еске алғанда ауырады, оларға ерекше обал болды. Дін деген бұл қыздарымыз үшін бір қора жамағат сияқты, оған кіріп, араласу дінге кіру сияқты болып есептеледі. Сөйтеді де жамағаттың тапсырмасын орындауды дін деп ойлайды. Жамағат деген, мәзһаб деген – дін емес, діннің көрінісі ғана. Дінді іздейтін болсаң өзіңнен іздеу керексің, өзіңді тану керексің. Алламен тікелей байланысуға әркімнің құқы бар. Сен қандай деңгейде Алла Тағаламен байланысқың келсе сондай деңгейде қабыл етеді. Жалпы исламның мәнінде ар тазылығы жатыр.
- Жалпы Ислам соңғы дін екендігі барлығымызға аян. Қалай болған күнде де әлемге даналық пен жаңашылдықтың үлгісі болып көріне алмай отыр қазіргі сәтте. Әлде дінге  реформа керек пе? Сонымен бірге ел арасында исламның кей шарттарына да өзгеріс екерек екендігін, мысалы оразада ыстық күнде су ішпей жүру денсаулыққа зиян, қазір бұрыңғы заман емес деген сыңайда пікір айтылып қалып жатады. Бұл қаншалықты қисынды?
- Исламда кемшілік жоқ, бар нұқсандық дінді өзінің ыңғайына бұрғысы келетін адамдардың өзінде. Құранда Алла тарапынан қабыл болатын бір-ақ дін бар, ол – ислам деп айтылған. Кез-келген жаратылыс, кез-келген адам исламның табиғатында туады. Содан кейін барып ата-аналары өзге дін ықпалымен тәрбиелейді. Бұл социологиялық, мәдени ақиқат ретінде тамаша принцип. 
Құрандағы аяттардың барлығы адам қабілетін шыңдауға, ой еркіндігіне бағытталған. Әйел мен ердің арасындағы тепе-теңдік мәселелері де тек исламда қамтылған. Басқа мәтіндерде бұл мәселеге өзгеше көзқараспен қарайды.
Мұсылмандар XVI ғасырдан кейін өзінің ақли, ғылыми танымдық, технологиялық-прогрессивтік ойлау еркіндігінен айрылып қалды. Бұл адамның тану қабілеті, танымның бастауы, формалары, әдістері туралы, ақиқат және оған жетудің жолдары болатын эпистемологиялық және гносеологиялық мәселелердің тұңғиыққа тірелуінде жатыр. Білім-таным теориялары осы ғасырда тоқтады, оның негізгі себебі – ислам әлемі мәзһабшылдық дертіне шалдықты. Сонда кейбір ойшылдар «ойлану бітті, ижтихад жабылды, үкім белгілі» деп барлық ақиқатты діни танымдық шеңберде ғана қарастыратын болды. 
Діни танымнан басқа мифологиялық, филосософиялық, мәдени, өнер, акульттік танымдардың барлығын діни шеңбермен ғана түсіндірумен кетіп, нақли шариғат ғылымдары ақылды тұншықтырып тастады. Батыс әлеміндегі бу, мотор, машина дәуірі жүріп жатқанда, біз ұйықтап жаттық. Бұл олардың өркениеттік-технологиялық жағынан алға шығуына әсер етті де, ислам әлемі саяси тұрғыдан да, экономикалық жағынан да өз еркіндігінен айырыла бастады. Осы жағдайда олар еуроцентристік тенденцияларын еріксіз енгізе бастады. Бұл бара-бара идеологиялық орталыққа айналып, Батыс, христиан өркениеті ретінде таратылды. Шын мәнінде бүгінгі Батыс өркениетіндегі Аристотель мен Плантонның принциптерін XII ғасырдан кейін барып оқи бастады. 
«Әлсіз адам өткен тарихымен мақтанады» дейді. Біз неліктен осындай күйге түстік дейтін болсақ, бірден-бір себебі ғылыми танымның діни танымнан төмен түсіп қалуынан. Грек философиясында ауру бар – тауық пен жұмыртқаның пайда болуы деген, яғни болмыс пен сананың ара қатынасы туралы. Бірақ бұл мәселе өмірі шешілмейтін мәселе бізде әлі күнге дейін өзгермей келе жатыр. Бұл ғылыми танымның әлсіздігінен, ғалымға деген құрметтің жоқтығынан, діни фанатизм орын алғаннан келіп шығып отыр. Мұндайда мұсылманның өзі қолжаулық, құралға айналып кетіп отыр. Ал енді ораза шартына өзгеріс деген сұрағыңызға келетін болсақ, жалпы исламның негізгі канондарына, дін шаблонына ешкім өзгеріс енгізе алмайды. Ал, діни таным туралы реформалар ғасырлар бойы жалғасып келеді. Ешкім мысалы исламның бес парызын өзгерте алмайды. Ол діннің өзгермейтін қырлары ...Ал өзгеретін қырлары уақыт өткен сайын өздігінен бейімделіп, танымдық қырынан көрінісі беріп жатады.
-Телеарналардағы ток-шоуларда болсын, ағартушылық бағыттағы кез-келген танымдық бағдарламаларда болсын, дін туралы айтылса болды қалай киіну керек, намаздың шарты, дұрыс па, бұрыс па, жуыну тәртібі деген сияқты шарттармен шектеліп жатады. Діни ілім дегеннің ауқымы бұл шекте емес қой. Ендеше біздің діндарларымыздың деңгейі сақал мен хиджаб төңірегінде ғана әңгіме өрбітуге жеткені ме?
- Бұл бір жағынан рас. Негізгі себеп біз дін деп нені түсінетінімізге, нені анықтайтындығымызға байланысты болып отыр. Шариғат дегеніміз діннің, құлышылықтың ғана талаптары. Дін дегеніміз адамның бүкіл өмір, тіршілік қабаттарын қамтиды. Қазіргі күні имам, молдаларымыз осы төңіректе ғана жауап береді, өйткені халық талабы осы болып отыр. Егерде халық, теориялық әлдебір мәселені құраннан іздеп, дәлелін сұрап жатса имамның да сөзі түзелер еді. Алайда халық дінді бес уақыт намаз, исламның шарттарын қалай жүзеге асыру керек деген шеңберде қарап келеді. Бірақ дін дегеніміз адамның танымы, тыныс-тіршілігі, ойлау ерекшеліктері, өнер, ғылымды реттейтін алып институт. Егер керісінше болса дін партиялық деңгейдегі құрал болып қана қалады. Демек біздің имамдарымыз дінді мешіттің ішінен шығаруы керек, мешіттің сыртында да қазақ әлемі, дүниетанымы, философиясы, өркениеті жатыр. Соған исламды өріп берсе, иншалла халықтың көзі ашылып, деңгейі көтеріліп, бүгінгі заманауи шарттарға да толық жауап бере алатын қабілетте , сипатта болар еді.


- Енді осы айтылған мәселелерге соңғы кездері жиі ауызға алынып жүрген «дәстүрлі ислам» деген түсінік тұрғысынан көз салсақ. Жалпы өткен ғасырлардағы исламды ұстану мен бүгінгі күнгі дінді ұстану арасында қандай да бір үндестік, тұтастық бар ма?
- Ғалым ретінде мен «дәстүрлі ислам» деген тіркесті қолданбаймын. Біз дәстүрлі ислам емес мұсылмандық, дәстүрлі мұсылмандық түсінік деп айту керекпіз. Себебі ислам біреу, дәстүрлі, дәстүрлі еместігі, классикалығы, классикалық еместігі, гетерадокстық ислам, артодокстық ислам деген анықтамалардың барлығы кешегі бізді сырттан зерттеп жүргендердің тіркестері. Ислам деген құндылыққа, категорияға жасалған қиянат. Сондықтан «дәстүрлі ислам» ұғымы менің ойыма, ғылыми танымыма сәйкес келмейді. Бірақ «сақау қыздың тілін шешесі ғана түсінеді» дегендей «дәстүрлі ислам», «дәстүрлі қазақ мұсылмандығы» деген ұғымдардың негізсіз еместігіне дәлел бола алатын екі сала қайнар көз бар. Біріншісі – ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген, қазақы мұсылмандыққа негіз болған бірегей ілімдер қалыптастырған ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының еңбектері; екіншісі – халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтары мен ұстанымдарын танытатын шығармашылық мұралары (ауызша шежірелер, мақал-мәтел, жыр-аңыз, салт-дәстүр, ырым-тыйымдары). Оның ішінде Имам Ағзам Әбу Ханифаның мектебі, Матруди мектебі, Яассауи ілімін тұтас қарастыра отырып, қазақтың дәстүрлі мұсылмандық түсінігі деп айтамыз.
Бүгінде бізде ҚМДБ-да көптеген оң өзгерістер бар екенін айтуымыз керек. Көптеген имамдардың құрылтайын ұйымдастырып, ашық алаңқайларды құрып жатуы кешегі кеңестік тұстағы дін адамына деген көзқарастың буыны 180 градусқа өзгергендігін байқаймыз. Имамдардың қоғамдағы статусын, рөлін бағалауға деген қажеттіліктің туындап жатқандығын көруге болады. 
Әбу-Ханифа ілімінің жалғасы Матуриди ақидасындағы қағидаларды, ұстанымдарды, түсініктерді, тағдыр туралы түсініктерді алып бүгінгі қоғамға әкелу керек, беру керек. Білім беру үздіксіз процесс, соның ішінде діни білімнің басты компоненті – дін таным. Жаңағы Имам Ағзам, Матуриди, Яассауи принциптерінің негізінде өрілген діни танымды абстрактілі түрде емес, тарихи сүзгіден өткізе отырып қолдану. Діни танымның ар жағында діни сана жатыр. Егер біз өз дәстүрлі танымымыздан ажырап басқа діни танымның етегінен ұстар болсақ қазақтың мәдениеті де трансформациясы да өзгеріске ұшырап кетеді. Ал осы Яссауи ілімін, принципін мемлекет те, қоғамдық институттар да әлі толыққанды пайдасына жарата алған жоқ. Яссауи ілімі тек тарихи рөл атқарып қана қойған жоқ. Бұл ілімде қазіргі қоғамға қажетті иделогиялық ұстанымдардың барлығының негізі қаланған. Қазіргі зайырлы, өркениетті Қазақстан қоғамына зәру парасатты идеология мен қастерлі қағидалар Яссауи ілімінде көрініс тапқан. Рухани тәжірибесі аса бай қазақ халқы өзінің ұлттық бастауларындағы осындай табиғи, тұнық ілімдерді жаңғырту арқылы жаһандану жағдайында да өзінің бірегей болмысын сақтап қала алады. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде ұлтты ұйыстыра білген Яссауи ілімі қазіргі қазақ қоғамына да рухани бағдар болмақ.
Қазіргі діни танымымыз Кеңестік кезеңге дейінгі, кейінгі шақтардан әлде қайда артық деп айта аламын. Себебі Имам Ағзам Әбу Ханифаның мәтінін ғалыми айналысқа енгізіліп жатыр. Жалпы білу және сезіну деген дүние бар. Кей адамдар біледі сезінбейді, тағы біреулер білмейді сезінеді. Уақыт ағынымен, танымдық деңгейменен өзімізді өзіміз сараптау арқылы дұрыс жолға бағытталамыз деп ойлаймын.
- Бір сөзіңізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының беделін арттыру үшін оның атауынан гөрі мазмұнын өзгерту қажет деген едіңіз. Яғни, діни сауаттылыққа жету тетіктерін зайырлылық шеңберінде пікір айтқанда діни істерге жаңаша дем беріледі дегенді айтасыз. Осындағы зайырлылық мехнаизмін дамыту дегенге нақты тоқталып өтсеңіз.
- Зайырлылық деген ашық қоғамда, республикалық жүйеде бүгінгі егемен еліміздің өмір сүрудегі негізгі шарты деп қабылдауымыз керек. Республикалық жүйедегі, әсіресе демократиялық ұстанымдағы мемлекет пен діннің және адаммен ара-қатынасындағы өзара келісім мен уағдаластықты жасайтын бірден-бір платформа. Бірақ мұны принцип болса да, Елбасымыз Н.Назарбаев құндылық ретінде қарастыру керек деп отыр. Бұл тұрғыда мемлекет баяндылығы үшін әлі құндылықтық бағытын бүкіл елге психологиялық тұрғыда, антологиялық тұрғыда жария ете алмай тұрған біз сияқты дамушы мемлекетке бұл ұстаным шартты сипат. 
Қазір біз айтып жүрген «Мәңгілік ел» ұғымы сокральды, киелі ұғым. Ал, кез-келген мұндай ұғым артында Аллаға деген сенім, таным жатады. Ислам дінінің табиғатында зайырлылық ұстанымы бар және ол екіге бөлінеді: діни және дүниауи. Жалпы, бұл ұғымның шыққан тарихына қарайтын болсақ, діни билік пен саяси билікке келіп тірелеміз. Бұрын християндық әлемде дін басылары құдайдың өкілі ретінде сөйлеп, тіпті кей жерлерде шіркеу құдайдың тарапынан деп басқарылатын еді. Бұл соған қарама-қарсы пайда болған ұстаным деп айтуға болады. Оның анықтамалары мен принциптерін қарайтын болсақ, исламның тарихында, пайғамбарлық үлгісінде жатыр. 
Осы ұстанымды қалай жалғастырамыз? Әрине, біз мұның тәжірибесін өзге елдерден көшіріп алмаймыз, өзіміздің тарихи санаға, тәжірибеге сүйенеміз. Қанша дегенмен, ислам діні – таухид діні. Дінде «осы дүниедегі істердің нәтижесін о дүниеде салыстырылып жауап береді» деген сабақтастық пен тұтастық бар. Енді бұл тұтастықтар діннің ахида, сенім негізіне қатысты. 
Ал, діннің өзгермейтін жағына біз тиіспейміз, себебі зайырлылық ұстанымы да қайшы келмейді. Расында зайырлылық адамдар арасындағы қатынастар, құқықтық, өзара саяси құқықтық егемендігі, еріктілігі, адамдардың барлығының Алла тарапынан жаратылғандығы туралы, оның дініне, тіліне, танынмына қарамастан адам басты құндылық екендігі туралы жайттар дүниауи ұстаным аясында қарастырылады. Сондықтан, зайырлылық ұстанымы исламмен астасып жатыр. Бұған ислам дінінің мәтіні еш қарсылық танытпайды. 
Бірақ қазіргі күні бір кедергі бар, яғни дін мен мемлекет арақатынасындағы өзара келісім платформаларын жасайтын мамандар, мемлекеттік, қоғамдық институттар арасындағы ғылыми танымға негізделген анықтамалар мен уәждер, зерттеулер жоқтың қасы. Кей ұшқындары енді-енді қалыптасып келе жатыр деп айтуға болады. Астанада соңғы сегіз ай бойы мемлекеттік және қоғамдық институт, ғалымдар, ҚМДБ қосылып өзара сұхбаттасу алаңын қалыптастыруда. Бұл сұхбат шындығында үлкен жетістік. Мемлекет болғаннан кейін мемлекеттің басты институты құқықтық жүйе болып табылады. Құқықтық жүйе біздің конституцияға негізделеді. Сол конституцияның қағаз жүзінде қалмай біздің егемендігімізге, азаматтар арасындағы қатынастарға қызмет жасауы үшін жанды құбылысқа айналуы керек. Ол деген сөз, принцип ретінде қалмай өмірде өз көрінісін көрсетуі тиіс дегенді білдіреді. 
Алайда, бүгінгі күнге дейін айтылып келе жатқан бұл принцип өз мәнін көрсете алмай келеді. Себебі мемлекеттік институттар мен қоғамдық институттар арасындағы талап, тілек тепе-теңдігі, өзара байланысу тетіктері жұмыс істемей тұр. Оны тәжірибеде қай жерде көрінеді дейтін болсаңыз, оның бірнеше себептерін ұсынуға болады. Мысалы, ҚМДБ имамы зайырлылық туралы, шариғат туралы, хиджаб туралы, мектептегі баланың жамылып-жамылмауы туралы басқаша жауап береді. Ал, мемлкеттік мекемелер, білім беру, өзге денсаулық сақтау мекемелері олар мүлдем басқаша анықтама жасайды. Бір мемлекетте екі қабат институт бар және олардың арасындағы байланыста ортақ платформа жоқ. Осыны қамтамасыз ететін зайырлылық ұстанымын екеуі де қолдана алмайды. Бұл нені білдіреді? Бұл өзара сұқбатқа, бірлікке, тұтастыққа ниет бар, бірақ жасалып жатқан амалдың жоқтығын көрсетеді. Яғни, мұның жолы қалай деген сауалға бір шешім табылмаған. Шешімді біздің социологтар, философтар, құқықшылар мен ғалымдар талқылап, осы ұстанымға қатысты, дін және мемлекет қатынасының теориялық негізін анықтауы тиіс. Жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті шамалы.
- Сонда Қазақстан үшін зайырлылықтың жаңаша моделін ойлап табудың қажеті жоқ дейсіз ғой.
- Иә, алайда, сыртқы тәжірибеге сүйену керек, бірақ, ешқашан көшірмейміз. Өзіміздің қоғамының мемлекеттілігіміздің фундаменттері бар, оларға қатысты мәтіндер мен ғұламаларымыз бар, тарихи тәжірибелер болды. Солардың барлығын жинақтап, өткен мен бүгін, келешекті түземіз. Соны істейтін белсенділік төмен болып тұр. Иншалла, осыған қатысты кезінде мен екі ұсыныс жолдаған болатынмын. Сонда біздегі ҚМДБ қызметкерінің ауызымен, тұлғасымен, танымымен біз зайырлылық ұстанымының құрал екендігін, шарты екендігін жүзеге асыра аламыз.
Адам мен дүние арасындағы қатынасты Имам ағзам Әбу Ханифа жолымен, ал адам мен Алла арасындағы қатынасты Матруди ақидасымен шешеміз. Адамдар менен дін аралық, мәдениет аралық қатынастарды шешетін институт бар, ол Яассауи ілімі. Осылардың барлығын қосқан кезде, Құдайға шүкір, барлық материал бар болып шығады, тек қана қолдану тетіктерін жүзеге асыра алмау бізді ақсатып тұр. Ал зайырлылықты мемлекет дамуындағы баяндылығының басты шарты деп қабылдайық. Бүгінгі күні терроризм, исламофобия, Таяу Шығыс елдеріндегі мәселелер, өзара бәсекелестіктер орын алып жатқан барлығының платформасына жауап беретін менің тарихи тәжірибемде барлығына дәлелдер бар. Бірақ соны алып бүгінгі күнге қайтадан комментарий жасайтын мемлекет пен қоғам арасына белгілі бір буын керек. Сонда бұл мәселе де, иншалла, шешіледі. Сондықтан зайырлылық бізге жат емес, аталған мәселелерді шеше білсек мемлекеттік тұрғыда зайырлылық мәселсі өз орынын алады деп ойлаймыз.
-Әңгімеңізге рахмет!


Ая ӨМІРТАЙ

Baq.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408